Олжас Отар. Қазақ тілі креол тілге айналып барады

Баяғыда, Латын Америкасын отарлаған испан мен португал халықтарының тілі мен мәдениеті алдымен жергілікті үндістермен бірге араласып жаңа қойыртпақ тілдер құраған екен. Ондай тілдерге лингвисттер "креол тілдері" деген анықтама берді, яғни мағынасы қоспа - қойыртпақ тілдер. Жартысы португал - испанша, жартысы үндістер диалектеріндегі бұл ботқа тілдердің қолданыс аясы тек көшеде, базарда, кедей кварталдарда ғана болды, яғни ресми деңгейге жетпеген тобырдың тілі боп қалды. Кейін бұл креол тілдерін ақыры әкімшіліктің әсем ғимараттарын мекендеген испан - португал тілдері жұтып алып креол тілдері жойылып кетті, сөйтіп қазіргі өркениет көшіне ілескен үндістер португал - испан тілді халық боп шыға келді. Мен бұрын осы американ халықтарының өркениеті туралы мәлімметтерді сүйіп оқитын едім, бұлардың тарихы әлі жадымда. Біздің қазіргі Қазақстандағы қазақ тілі де орыс тілімен араласқан қойыртпақ сондай креол тілдердің бірі. Қалалық қазақтың тілі қазір тап сондай боп кеткен. Бұған алысқа бармай ақ, сіздің үйіңіздегі "мен магазинге бара жатырмын, если че, бірдеме есіңе түссе званда" деген келіншегіңіздің ескертпесінің немесе үй жанындағы ДТП маңында жиналған қара қазақтардың өзара "анау встречныймен шыққан ет, мынау боковойдан ұрды, анау виноват қой по любому" деген әңгімелерінің неше пайызы орысша, қанша пайызы қазақша екенін санай отырып көз жеткізуге болады. Қазақстандағы қазақ креол тілін, мен Қытай шекарасын аса бергенде бергі бетте қалдырып, арғы бетке өткенде қытай қазағымен сөйлесу үшін қазақтың тұнық әдеби тіліне көшуге мәжбүр болдым. Ол еңбегім ол жақта ақталды да, "апырай" деді қытай қазағы, "сен қазақша керемет сөйлейді екенсің, бірақ шаңырақ та, тіл де сіздерде ғой, ол да заңды, ал біздің тіл шұбарланып барады" деп күрсінді арғы беттегі қазақ. Мен үндемедім, менің ішімде де ит өліп жатқанын олар қайдан білсін. Яғни, бұдан шығар түйін - Қазақстандағы қазақ тілі әлемдегі барша қазаққа түсінікті болатын функциясынан да айырылған тіл боп тұр. Қазақ тілі қазір ғылымда жоқ, техникада жоқ, медицинада жоқ, өндіріс орындарында жоқ, ресми және қаржы - сауда әсем ғимараттарында ол жоқ. Біз "қазақ тілі дамып келеді" деп мәз боламыз, ашығын айтсақ, бізде қазір қазақ тілі емес, базарды, көшені, такси - макси сынды көше кәсіптерін мекен еткен орыс тілінің көлеңкесіндегі қазақ - орыс креол тілі қалыптасты. Ал менің түсінігімше, болашағы жарқын тілдер тек әсем ғимараттарды мекендейді. "Қазақ тілінің өркендеуі әлі алда, отыз жыл деген тым аз уақыт" деп өзімді жұбатайын десем, еврейлер отыз жылда, өлген тіл ивритті тірілтіп, Ататүріктің Түркиясы отыз жылда османлыны жойып, жаңа түрік тілін қалыптастырған екен. Жаһан ғалымдары 2100 жылдан кейін әлем халықтарының 6 мың тілі жаһандану барысында өзіне жақын тілдер аясына сіңіп, жойылып, 600 тіл ғана қалады деп отыр. Бұндайды естісеңіз, "ол қалатын 600 тілдің тізімінде қазақ тілі бар ма екен" деп жаныңды қоярға жер таппай қалады екенсіз. Тілдің жағдайы осындай.

Енді мынаны қараңыз, "сорлыға сойыл бірінші тиеді" демекші, біздің осы креолизация, өзі осындай шалажансар жағдайдағы тілдің ең асыл төлқұжаты - әдебиетке орыс тілінің боқауыз тілімен ене бастапты. Осында бір қулар орыстың боғауыз сөздерін қосып кітап шығарыпты. (Кітап дейді, ұлы Әуезовтың өзі кезінде "Қорғансыздың күні", "Сыбан моласындағы" т.б шедевр әңгімелерін "Қыр суреттері" деп атап жорналдан жорналға сүйреп жүріп тек жинақша ғып шығарыпты, оқыған адам біледі, ал бұлар желідегі шатпақтарын кітап дейді). Қазақ тіліне салалық даму қажет, тілді сақтап қалу үшін бұл жерде қыруар еңбек жасау керек, бірақ тап осындай дамудың қажеті бар ма еді? Ана жазғыш қанша ғұлама болса да тілдің асыл мекені әдебиетті былай былғау - ол тілге жасалған ауыр соққы. Кейін әлбетте оған еліктеушілер де шығады, сөйтіп жанр қалыптасады, бұл құбылыс ары белең алып кетсе біздің креолизация боқтық түрінде еніп әдебиетте де заңдасады. Бұндай сұмдық орысқа бодан кезімізде, орыстандыру белең алғанда да болмаған екен. Совет заманындағы қазақ классиктері өз кезегінде қазақтың тұнық сөздерін тере отырып өлмес шығармаларын жазып әдебиетімізді, яғни тіл төлқұжатын қалыптастырып кеткен еді. Енді қазір осымен ойын білмес балдар артынан шұқып ойнап отырған тәрізді.

Димаш бала қарақытайдың сахнасына шығып тамылжытып өлең айтып "ау жарандар, өнер деген мынау" деп көзімізді шұқығанша біздегі дағдарған бірсыпыра жұрт Сайлаубекті өнер деп шатасып біраз дүрліккен еді. Димаштан кейін бұл сайлаубекшілер жым - жылас, ұшты күйлі жоғалды, өздері онысына кейін ұялды білем... Меніңше, біздің әдебиетте де терең ойлы, көркем тілді дарынды жазушылар қалыптасқанда, бүгінгі шешесінің артын шұқып ойнап жүрген балдар, өз тілдерімен айтсақ боқ жеп қалатын сияқты. Бәлкім сонда оны қазір қолпаштап жүргендер ұялатын болар.

Олжас Отар,

Қазақ үні