ЖЕРІМІЗ ОРТАҚ БОЛСА, ТІЛІМІЗ ДЕ ОРТАҚ БОЛУ КЕРЕК - Қуаныш Жұмабекұлы
2020 ж. 19 қазан
2996
0
Қазақстан бүгінгі күнге дейін небір тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, әлеуметтік-экономикалық, саяси жаңару, рухани жаңғыру жолында сенімді алға жылжып келеді. Жерімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыздың ерекше жылылықпен қарсы алғаны тарихтан белгілі. Еліміз өзге этникалық топтардың ұлттық тілдері мен әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін дамытуға да қолдау көрсетуін тоқтатқан емес. Осылайша шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып отыр.
Алайда мемлекеттік тілдің мәртебесі әлі де өз деңгейіне келген жоқ. Қазақ тілі – мемлекетіміздің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл», − дейді ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы.
2019 жылғы 31 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 − 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» былай делінген: «Бағдарламада Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру көзделеді. Мемлекет басшысы нақты шаралар негізінде еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау және қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Бағдарламада Қазақстан аумағындағы терең тарихи, мәдени және психологиялық базасы бар мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретінде толыққанды қолданылуы қажетті шаралар көзделген». Бұл – мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі.
Мемлекет құрушы ұлт төңірегіне топтасып, бір тілде сөйлеу арқылы ғана біртұтас халық бола алатынымыз анық. Жеріміз ортақ болса, тіліміз де ортақ болу керек!
Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
ғылыми қызметкері
Қазақ үні