Қазыбек Иса: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ – ЕЛДЕГІ ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕ!
2020 ж. 26 қыркүйек
3409
0
Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын жүзеге асыру бағытында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті тіл жанашырларының қатысуымен «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» тақырыбында онлайн конференция өткізді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отырған бұл шараның басты мақсаты – қоғамда тіл мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың пікірін тыңдау, қазақ тілін елдегі ұлт аралық қатынас тіліне айналдыру бағытындағы ұсыныстарын талқылау, шешу жолдарын айқындау.
Онлайн конференция барысында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, белгілі ақын Қазыбек Иса Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажеттігілігін сөз етті. Қоғам қайраткерінің жиында сөйлеген сөзін оқырманға ұсынамыз.
***
Бұл – Қазақстан Президентіне жазылған Ашық хатқа қол қойған, артында миллиондаған адам тұрған 124 мыңға жуық халық талабы!
Қазір Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау – еліміздегі ең басты мәселеге айналып тұр. Осы мақсатта «Қазақ үні» ұлттық порталында осыған дейін ҚР Конституциясындағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау туралы сансыз мақала жарияланды. Солардың ішінде ең келелі әрі өзектісі осыдан үш жыл бұрын, 2017 жылы 26 ақпанда жарияланған «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНСІН!» атты Қазақстан Президентіне жазылған Ашық хат. Конституциялық реформа кезінде еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. бастаған 125 ұлт зиялысы қол қойды. Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен бұл Ашық хатқа бүгінде 123 446 адам қол қойып, қолдап, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек смартфон мен интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл біржарым айда ғана 122 мыңға жеткен Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті. Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында 900 мыңдай адам оқып, 2000-нан аса пікір жазылып қолдау білдіруде. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес. Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында ақын Қазыбек Иса көтеріп, қоғамда қатты қолдау тапқаны белгілі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты өндіріске алып, толыққанды, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберді. Енді қоғам Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының Тұжырымдамасы Үкіметтен шықпай қалмаса, немесе Президент Әкімшілігінен аспай қалмаса деп алаңдап, Президентке жетуін талап етіп отыр. (Бұндай қауіпке негіз барлығы тіл жайлы мақалаларда айтылуда). Ел үміті ел тізгінін қолға ала салысымен ұлттық мүдделерімізді қорғауға баса назар аударып, «Ең бастысы – Қазақ тілі», «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп мәлімдеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта! Ел басшысы Ел тілегін орындап, Ұлт аманатын орындайды деп сенеміз!
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК
Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанда «Ең бастысы – Қазақ тілі» деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына жасаған алғашқы жолдауыңызда «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп, атап көрсеткені , отыз жылдай өзінің заңды мемлекеттік тілінің мәртебесін ала алмай келе жатқан ел үмітін оятты. Иә,Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылу аясы біртіндеп кеңіп келе жатыр. Бірақ қазақ халқының демографиялық өсімі мен қоғам талабына сай емес. Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ ұлты 78%-ға жетіп қалды. Қостанай және Солтүстік Қазақстаннан басқа өңірлердің тұрғындарының басым бөлігі қазақтар (бірнеше аймақта 90% құрайды!). Елдің ұлттық құрамының өзгеруі және тіл саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесі балабақшаларда, мектептерде балалардың дені мемлекеттік тілде оқуына, білім гранттарының қазақ топтарына көптеп бөлінуіне алып келіп жатыр. Енді, Қазақстан Президенті атап өткендей қазақ тілін шынайы ұлтаралық қатынас тіліне айналдыратын келесі нақты шараларды қабылдау қажет.
1.Конституцияның 7-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тілі болса да осы баптың 2-тармағында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсетілген. Конституция қабылданған 1995 жылы бұл норманы енгізуге мәжбүр болғанымыз белгілі және ол кеңестік дәуірде тұралап қалған қазақ тілінің ұлтаралық келісімді сақтай отырып қалпына келуіне әсер етті. Атап айтсақ, сол кезде елімізде 16,6 млн адам тұрса, оның 46% (7,6 млн) қазақ, тағы 46% орысша сөйлейтін ұлттар – орыс, неміс, украин, беларус, татар және т.б. болған. Ал енді Атазаңымыз қабылданғалы бері 25 жыл – ширек ғасырда жағдай мүлдем өзгерді. Қазақтардың саны 2020 жылы 78%-ға жуықтаса , славян ұлттарының үлесі 15 %-ға жуық кеміп кетті. Бұған қоса бұлардан өзге елімізде тұратын 6,5 % түркі халықтарының тілі түбі бір түркі тілдеріне жататындықтан, қазақ тіліне жақын, сондықтан түсінісу ешқандай қиындық туғызбайды.
2009 жылғы санақ нәтижелері бойынша орыстардың 25,3 пайызы (959 822 адам), украиндардың 21,5 пайызы (71601 адам), поляктардың 20,9 пайызы (7117 адам), беларусьтердің 19 пайызы (12630 адам), немістердің 24,7 пайызы (14094 адам) қазақ тілін білеміз деп жауап берген, яғни, бүгінде еліміздегі еуропалық ұлттардың 1065264 өкілі қазақ тілін еркін түсінеді деген сөз. Бұл Қазақстан халқының 6,7 пайызын құрайды. Бұған қоса, еліміздегі өзбектердің 95,5 пайызы (436432 адам), ұйғырлардың 93,7 пайызы (210556 адам), қырғыздардың 92,7 пайызы (21574 адам) қазақ тілін түсінеді екен. Ал қазақ мектептеріне баратындар соңғы 2018 жылы 92 пайызға жетті!
Сонымен, ресми дерек, анық көрсеткіштер Заңдық негіз құрайды:
Қазақ халқының 2020 жылғы жоспарлы саны -78% ; Түркі халықтары 6,5%, олардың қазақша түсінетіндерінің саны 63%, бұл Қазақстан халқының -4,0% ; Еуропалық халықтардың қазақша түсінетіндер саны 1065264 , бұл Қазақстан халқының – 6,7%; Славян халықтарының саны -15%-ға жуық, (орыс халқының қазақша түсінетіндері -25,3%).
Қорытындысы: қазақ халқы мен қазақша түсінетіндердің жалпы саны -88,7 пайыз болып тұр.
Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды халық саны да артығымен толық қамтамасыз етіп, күнде қажеттілік тудыруда. Жалпы бұл Конституциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін бұдан 9 жыл бұрын да, 2011 жылы, үш жыл бұрын да, 2017 жылы ұлт зиялылары көтеріп, Президентке ашық хат жазды. Яғни, «ер кезегі үшке дейін» дегендей, бұл үшінші рет Президентке жазылған Ашық хатты бүкіл халық болып қолдап, 124 мыңға жуық қол қойылып, жолдап отыр.
Өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін ұғынып, өздерінің оң пікірлерін білдірді. Ашық хатта Конституциялық Кеңес «орыс тілі ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын қосымша қаулысымен дәлелдеп берсе де, осы норма жұртты әбден шатастырып, орыс тілі бейресми мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатқандығы атап өтілген. Турасын айтқанда, Конституцияның 7-бабының 2-тармағы елімізде соңғы кезде ұлтаралық шиеленістердің орын алуына себеп болып отыр десе де болады. Өйткені «ресми қолданылатын тіл бар кезде, мемлекеттік тілді үйренудің қажеті қанша?»-деген түсінік қалыптасқан.
Сондықтан, біз, ұлт зиялылары: Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастауды және Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды ұсынамыз.
2. Халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі тұрғындардың сапалы қызмет алу құқығына нұқсан келтіріп отыр. Елімізге қоныс аударған қандастарымыз және ауылда тұратын қаракөздеріміз қанша жылдан бері жапа шегумен келеді.. Халықпен етене араласып жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің, әсіресе жоғары шенділердің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауы халықтың наразылығын тудырып, билікке деген ашу-ызасын, сенімсіздігін арттыруда.
Қазір мемлекеттік тілді еркін меңгеру туралы талап тек Президентке үміткерлерге ғана қойылған. Сонда 15 миллионға жуық (78%) мемлекет негізін құраушы қазақ ұлты 100 мыңдай ғана (0,5%) мемлекеттік қызметшіге (оның 90% астамы өз ұлтының өкілі!) қызметті не ақпаратты мемлекеттік тілде беруін талап ете алмауы парадокс емес пе?
Яғни, бұл жерде 15 миллионға жуық халық тілдік дискриминацияға ұшырап отыр. 0,5 пайыз мемлекеттік қызметші 78 пайыз қазақ ұлтына 30 жылға жуық заңсыз үстемдік жүргізумен келеді.
Биыл құрылғанына 100 жыл толатын Қазақ Республикасы 1920-1925 жылдар аралығында Ресей құрамында болса да, автономиямыздың орталығы Орынборда болса да, барлық елді мекендерде кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуді енгізген. Тіпті орыстар көп шоғырланған солтүстік өңірлерде де кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуге қаулы қабылдаған. Дұрыс жолға қойылып келе жатқан бұл ұлттық һәм мемлекеттік мүддені қорғаудан туындаған қасиеті іс мемлекет басына қанішер Голощекин келіп тоқтап қалды. Сонда біз, әлемдегі 30 елдің қатарына ұмтылған Тәуелсіз Қазақстан 30 жылда осыдан 100 жыл бұрынғы Ресей құрамындағы, астанасы Орынбор болған Қазақ автономиялы республикасының ашаршылықта, атыс-шабыс, қиын-қыстауда өткізген алғашқы 5 жылында жеткен жетістігіне жете алмау нағыз масқара қорлық емес пе? Тәуелсізбіз деп қалай айта аламыз? Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің дамуы Ресейдің құрамындағы Татарстан Автономиясындағы татар тілінің дамуымен бірдей деңгейде деген нақты дәлелдемені оқығанда бойында намыстан өліп кете жаздап едік…
Бұдан бір ғасыр бұрын Қазақ автономиясында дамып келе жатқан қазақ тіліне өзі қазақша білмейтін жауыз Голощекин қарсы болған екен. Ал Тәуелсіз Қазақ Республикасында Мемлекеттік тілдің дамуына 30 жыл бойы кім қарсы болып келеді?!. Әрине, қазақша білмейтін қазақтар басқарған билік!
Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмейтін бұл масқаралықтың шешімін таппай жатқан бірнеше себептері бар.
Бірінші, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҮМІТКЕРЛЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ ТАЛАБЫ ЖОҚ!
Екінші, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның 23-бабында: «мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi ҚР заңдарымен белгіленедi» – деп көрсетілген. Ал 30 жылда бірде бір тізім қабылданған жоқ және қабылданбайды да.
Үшінші, мемлекеттік органдарда барлық құжаттар орысша дайындалып, кейіннен қазақшаға аударылады. Мемлекеттік тіліміз мемлекеттік органдарда ешкімге қажеті жоқ бейшара халде. Бұған қоса екі тілде құжат жүргізудің қанша тауқыметі бар: екі есе көп уақыт пен қағаз жұмсау, аудармашылар штатын, арнайы лингвистикалық орталық құру. Ал оның барлығы қосымша қаржы және халықтан жиналған салықтың босқа құмға сіңген судай болуы.
Яғни, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңы Қазақстандағы тіл саясатын реттеушілік маңызға ие бола алмаған формальды құжат қана. Себебі, Заңда белгіленген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жөніндегі қағида шын мәнінде қоғамда орындалмады. Мемлекеттік тілдің еліміздегі қандай тілден болса да ерекшелігі, басымдығы іс жүзінде орындалмаған, орыс тілінің алдындағы дәрменсіздігі күнде дау тудырып жатқан мұндай заң қоғамда қауқарсыздық танытып келеді. Әсіресе, оның 4, 23 баптарының мүлдем орындалмауы бұл құжатқа деген қоғамның сенімсіздігін әбден қалыптастырып, өзекті мәселеге айналып келе жатқанына талай жыл болды. Яғни, Қазақстандағы тіл кеңістігін реттейтін заңның әлсіздігі мен пәрменсіздігі еліміздегі тіл саясатын да дәрменсіз етті.
Мемлекеттік тіл мәселесін Мәңгілік елдің Мәңгілік дауына айналдыруды тоқтату үшін:
1).Мемлекеттік тілді меңгеруге негіз қалану үшін еліміздегі балабақшалар мемлекеттік тілде болуы тиіс!
2).Мемлекеттік мектептер түгел тек мемлекеттік тілде болуы тиіс. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, шет тілдері тек бастауыш сыныптардан кейін ғана оқытылуы тиіс. Бұл шет тіліне Мемлекеттік тілімізден өзге ағылшын, орыс тб тілдер кіреді.
3).Мектеп бітіргенде, жоғары оқу орнына түсу үшін Қазақстанның барлық оқушылары ҰБТ-да Қазақ тілінен емтихан тапсыруы міндетті болуы тиіс.
4).Жоғары оқу орындары мемлекеттік тілде болуы керек.
5).Мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді жетік білетіндер ғана алынуы тиіс!
Яғни Мем тіл туралы заң қабылдануы керек
5. Ұлттық кеңестегі ұсыныстан туған Мәдениет министрлігіндегі Мемлекеттік тіл туралы заң Тұжырымдамасы - Үкімет пен Президент әкімшілігінен өтіп, Президентке жетуі керек!
Сондықтан Конституцияның аталмыш нормасын өзгертумен қатар келесі шараларды да қабылдауды талап етеміз:
1) «ҚР мемлекеттік қызметі туралы», «ҚР Білім туралы заңға», «ҚР Ғылым туралы заңға», «Құқық қорғау қызметі туралы», «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» және басқа да заңдарға мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, сотқа үміткерлер мемлекеттік тілді білуі тиіс деген норма енгізілсін;
2) «Құқықтық актілер туралы» Заңда және басқа да тиісті заңнамаларда мемлекеттік органдардағы құжаттар және құқықтық актілер мемлекеттік тілде дайындалған жағдайда оның орыс тіліндегі мәтіні қажет емес деп нақты көрсетілсін. Бұл ұсынысты жүзеге асыру мемлекет қаржысын үнемдейді. Әділет министрлігі жанынан құрылған, барлық аумақта филиалы бар,құжаттардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндеріне лингвистикалық сараптама жүргізетін мекеменің жұмысы оңтайланады.
Жоғарыдағы ұсыныстар қыруар қаржысыз мемлекеттік тілді тез дамытуға, оған деген қажеттілік пен сұранысты арттырып, мәртебесін көтеруге септігін тигізері сөзсіз.
Бұл Ашық хат басқа тілдерді төмендетейік деген пиғылда әзірленген жоқ. Әрі Конституциядағы еліміз Қазақстан халқының тілдерін үйрену үшін жағдай туғызады деген нормаларына қарсы емеспіз.
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңаруды бастап жатқанда, демократиялық талап бойынша (азшылық көпшілікке бағынады) мемлекеттік тілге Конституцияда жекедара мәртебе беріп, бекітіп алу қазіргі қоғамдағы күн тәртібіндегі ең басты мәселе болып тұр.
Мемлекет басшысы Ұлт аманатын орындауды өзіне парыз деп санағанда, ел де өзін елміз деп санайды!
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Ашық хатқа қол қою мүмкіндігі болмаған миллиондаған халықтың үнін білдіріп, заңды қол қойған 123 446 адамның тізімі «Қазақ үні» сайтында тұр. Қол қою жалғасуда.
Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары
25 қыркүйек 2020 жыл