Ұлы даланың ұлтаралық тілі

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті. Аталмыш шара ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жалғастырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегін айшықтауға бағытталған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді. Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты. Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды. Жиын барысында Жамалайл Элимханов, Анель Пимичина, Арзу Гурбанова, Ругая Вердиева, Ильяр Муталипов, Зулфия Таипова секілді этнос өкілдері сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді қолдау бойынша ойларымен бөлісті. Онлайн конференцияны журналист және белгілі блогер Максим Рожин жүргізді.   Жансейіт Түймебаев, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі: Мемлекеттік тілге қатысты істі талмай жалғастырамыз – Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл ел тұрғындарының мүддесін көздейтіндіктен, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына, әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайға қатысты мәселелердің барлығын назарда ұстап, мемлекет дамуына ықпал ететін бастамаларды талқылап, өз ұстанымымызды білдіріп отыратынымыз өздеріңізге белгілі. Бүгінгі дөңгелек үстелдің күн тәртібі де сондай мәселеге арналған. Ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас» деп, адамның, қоғамның болмысына бір-ақ ауыз сөзбен сипаттама берген. Өзі Төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!» деп үнемі айтып отырғанына да осы жиынға қатысып отырған көбіміз куәміз. Биыл Ассамблеяның құрылғанына жиырма бес жыл болды. Ширек ғасырда Елбасымыздың бірлік пен ынтымақты сақтау жолында сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлының елімізді қалыптастыру мен дамыту жолындағы қажырлы еңбегін көрсетуге арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» жобасын бастадық. Бұл жоба елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Елбасы өмірге келіп, азамат атанған Алматы облысының Үшқоңыр баурайында және еңбек жолын бастап, қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау қалаларында жалғасын тапты. Жалпыхалықтық экспедицияның еліміздің әрбір азаматы үшін тағылымы мол. Әсіресе, өмірлік ұстанымы қалыптасқан, қоғамдық белсенділік танытқан, мәдениет пен әдебиетті, тіл мен ғылымды басты бағдар етіп алған жастарымыз үшін Елбасының жүрген жолы – тәжірибесі де, тәлімі де мол өмір мектебі. Қанша айтылса да көптік етпейтін, қай кезде де құндылығын жоғалтпайтын Тіл мәселесі бүгін де сөз болмақ. Басқосуымыздың мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатындағы мәселелер туралы ой бөлісу, болашақ қызметімізде басшылыққа алу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы республиканың өркендеуіне әсер ететін саяси-экономикалық даму мәселелерімен қатар, қазіргі ең өзекті болып отырған пандемия кезеңіндегі халықтың жағдайы, демографиялық өсу, тіл, халықты әлеуметтік қолдау сияқты мәселелерге басым мән береді. Өз пікірін білдіре отырып, көпке ой салады. Президентіміз өз Жолдауында «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз» дей келіп, ойын «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп тұжырымдағанын баршаңыз білесіздер. Мемлекет басшысының бұл бастамасына Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдау көрсетіп, былтыр «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізді. Бұл жиынға бүгін бізбен байланысып отырған көпшілігіңіз қатыстыңыздар. Біз әдеттегі жиындардан өзгеше форматта өткізілген бұл форумды Жолдауда айтылғандай, «даңғаза жасамай, жұмыла жүргізіп жатқан жұмысымыздың» көрнекі мысалы дей аламыз. Республиканың түкпір-түкпірінде тұратын, қазақ тілін ана тіліндей меңгерген түрлі этнос өкілдері өздерінің тіл үйрену жолдарын ғана емес, өзге елдердегі мемлекеттік тіл мәртебесін мысал ете отырып баяндауы Мемлекет басшысының мәселені дер кезінде көтеріп отырғанына көз жеткізді. Бұрын басқа ұлттың ұл-қызы ана тілімізде сөйлесе қилы заманда бауырға басқан қазақ халқына деген құрметі деп қабылдайтын болсақ, Ассамблея форумы Жолдауда жасалған «ұлтаралық тіл» туралы тұжырымның өміршең екендігін танытты. «Ана тіліндегі» сұхбаттың әлем тіршілігіне, дамуына кері әсер етіп отырған пандемиядан басталуы заңды. Соңғы көрсеткіштерден үрейленіп қалған халқына бар жағдайды ашып айтып, кеңес беріп, «Біз біргеміз!», «Кемедегілердің жаны бір» деп басу айтылуы көңілдерде сенім ұялатады. Мемлекет басшысы айтып отырғандай, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Оны мына сіз бен біз жақсы білеміз. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы тіл мәселесіне байыппен қарап, оны үйренудің өзіндік қағидаттарын қалыптастырған. Алғаш қолға алған кезде «Бір жылда 1000 бала үйренсе» деген арманнан туындаған «Мың бала» жобасы қанатын кеңге жайып, мемлекеттік тілді үйретудің заманауи мектебіне айналды. Басқа да қызықты жобалар бар. Міне, сондықтан да біз Президент сұхбатындағы айтылған «мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет» деген тұжырымды орындап отырмыз деуге болады. Президенттің сұхбатында адамзат басынан өткен тарихи сәттер, заманауи фактілер мысалға келтіріліп, халық санасын қозғайтын ойлар айтылған. Оларды елге жеткізуде, іске асыруда бізге үлкен міндеттер жүктеледі. Мемлекеттік тілдің елді біріктіріп, ұйыстырушы фактор ретіндегі рөлін арттыру жұмысы жедел қолға алынуы керек. Бұл ретте бізге әр этнос ішіндегі ақылгөй, парасатты, идеялы азаматтарымыз ең үлкен көмекші болады деп сенемін. Осы тұста Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі» деген сөзін жүзеге асыру мақсатында қазақ тілін насихаттауға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары және бүгінгі жиынға қатысып, өз пікірін білдірген барлық азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» медалімен марапатталады. Марапаттарыңыз құтты болсын! Іске сәт, құрметті отандастар! Бүгінгі басқосуымызда тың ойлар мен идеялар ортаға салынады деп күтемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін! *** Сөз соңында Жансейіт Түймебаев Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Исаға алғыс білдіріп, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты Ассамблея жастары айтқан өзекті тақырыптарды үлкен деңгейде көтеруін сұрады. – Қазақстан халқы Ассамблеясы, соның ішінде жастардың Мемлекеттік тілде сөйлеп, Мемлекеттік тілге қатысты ұсыныстарын айтып отырғанын көріп отырсыз. Сондықтан, Ұлттық кеңесте де осы жастардың ойын-тілегін сіз астын сызып тұрып жеткізеді деп сенемін, – деді Ж.Түймебаев. Арзу ГУРБАНОВА, Шымкент қаласы әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:  ҚАЗАҚША БІЛМЕЙТІНДЕР ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТСІН    – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында ана-тілімізді сақтап, өз тарихымызды терең дәріптеу жөнінде кеңірек айтып өтті. Олай болса, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жолында әрқайсымыз өзіміздің азаматтық міндетімізді атқаруымыз керек. Демек, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктетіп, оның қай салада болсын кеңірек етек жаюына әрбіріміздің қосар үлесіміз бар. Ол үшін мемлекет басшысы айтқан барлық игі іс – шараларды қос қолдап қолдаған жөн. Осы тұрғыда мен бір ұсыныс жасағым келіп тұр. Қазір тіл үйрену үшін жаһандық пандемияға айналған індет кезіндегі карантин уақытын үнемді пайдалануға болады. Бұрын қазақ тілін үйренуге уақыт таппайтын болсақ, қазіргі таңда уақытымыз жеткілікті. Сол уақытымызды үнемді қолданып, қазақ тілін үйренуге шақырамын. Бұл тек өзге ұлттарға ғана емес, барша қазақстандықтарға тиісті деп ойлаймын. Телеарналардан қазақ тілін үйренуге арналған бағдарламалар мен мультфильмдер, он минуттық шағын фильмдер мен роликтер де жиі көрсетілгені жөн. Күніне бірнеше мәрте қайталап көрсетсе де артық етпейді. Бұдан бөлек, қазақ тілінде сөйлеу мақтанышқа айналуы үшін, қоғамда қажеттілікті арттыру қажет. Парламент жиындары,  баспасөз мәслихаттары мемлекеттік тілде өтіп, халыққа қазақша ақпарат бере алмайтын шенділер қызметімен хош айтысуы тиіс.   амалайл Элимханов, Ақтау қаласындағы «Емир-Ойл» ЖШС директоры, чешен этносының өкілі: Өзге этнос өкілдерімен де қазақша сөйлесейік!   – Баршаңыз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде жарияланған мазмұнды сұхбатын оқып үлгердіңіздер деп ойлаймын. Өз сұхбатында Президент елімізде қазақ тілі мәселесін қалай шешкен жөн екені туралы ойларымен бөліскен. Әрине, біз Президенттің идеяларымен толықтай келісеміз және оларды жүзеге асыруға атсалысуымыз керек. Осы орайда туған елімізде қазақ тілінің құлаш жаюына көмектеседі-ау деген ой-пікіріммен бөлісе кетсем деймін. Әрине, шынтуайтында, Қазақ елінің әр азаматы мемлекеттік тілді, ең алдымен, өз Отанына деген шынайы сезім мен сыйластық үшін үйренуі керек. Десе де, егер бір ғана патриоттық сезім жеткіліксіз болса, біз мұндай адамдардың қазақ тілін үйренуіне талпыныстар тудырып отыруымыз керек. Қазақстанның ірі қалаларында мен осындай мәселемен бетпе-бет келдім. Барлығымыз қазақ халқының қонақжай екендігін жақсы білеміз. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында таксиге отырып, жүргізушімен диалогты қазақ тілінде бастасам, ол кісі менің өзге этнос өкілі екендігімді көріп, толеранттылығына (сыйластығына) байланысты әңгімені орыс тілінде жалғап кетеді. Мұндай әрекет адамның қазақ тілін үйренуге деген талпынысын төмендетеді деп ойлаймын. Қазақша үйренем деп жүрген адам «онда орыс тілін білгенім жеткілікті ғой» деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Адамның ынтасы төмендеп, жалқауланып кетеді. Осы ретте Маңғыстау облысының тәжірибесін пайдалануды ұсынамын. Маңғыстауда орыс тілін жетік меңгерген қазақ, басқа этнос өкілін көрген бетте әңгімені алдымен қазақ тілінде бастайды. Өзге ұлт өкілі орысша жауап бергеннің өзінде де, қазақ тілін түсінеді деген сөз. Сол себепті менің жерлестерім әңгімені әрі қарай қазақша жалғастырады. Осылайша, ол өзге этнос өкілін қазақ тілін үйренуге шабыттандырады. Біз, қазақ халқы және өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандарға осылай көмектесуіміз керек. Олармен қазақша сөйлесейік! Бұл оларды тіл үйренуге жетелейтін зор ынта тудырады деп сенемін. Егер  бәріміз де тек қазақша сөйлейтін болсақ, бізді естіп, үйренгісі келмейтін адамдар  да, өздерін ыңғайсыз сезініп, тілге деген қызығушылықтары, құрметі оянып,  үйренгісі келетін болады.   Зульфия ТАИПОВА, Каспий университетінің лекторы, ұйғыр этносының өкілі: ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР ҰЛТТЫҚ ИДЕЯҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ҚАЖЕТ – Президентіміз Қ.К.Тоқаев «Ана тіл» газетіне берген сұхбатында «Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деп айтқан болатын. Менің ойымша ақпарат өнімдеріне әлеуметтік желілерді де қосуға болады. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да, қоғам әлеуметтік желілерге байланды десек артық емес. Дүние күйіп бара жатса да желілерге көз қырын салып, виртуалды өмірден алшақтамайтындар саны күн өткен сайын артып келеді. Енді бізге осы құбылысты мәдениетті, сапалы, ұлт пен мемлекетке, мемлекеттік тілге пайдалы жағынан қолдану керек. Әркім өз оқырмандары алдындағы жауапкершілікті барынша сезініп, әлеуметтік желілерді мемлекеттік тілді насихаттайтын ортаға айналдыру орынды болмақ. Осы ретте әлеуметтік желідегі «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» парақшаларының жұмыс істей бастауын қуана құп көремін.   Ругайя ВЕРДИЕВА, Жамбыл облыстық «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі: Көше атаулары тек қазақ тілінде жазылуы керек   – Мемлекеттік тіл – ел тұтастығының да ең басты кепілі. Ол еліміздің халқын біріктіретін, ортақ іске жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп сезіне де алмайды. Себебі, бір-бірінің тілін түсінбеген халықтың бір-бірінің ой-ниеттерін, мақсат- мүдделерін түсінуі екі талай. Сондықтан  ұлтты ұлт ретінде ұйытатын – тіл, түрлі халықтарды өзара топтастыратын  – тіл десек, ендеше Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын тіл – ол сөзсіз мемлекеттік тіл болуы тиіс. Менің ойымша, қоғамдық орындарда қазақ тілін көбірек қолдану керек, мысалы көлікте аялдамаларды тек қазақ тілінде хабарласа, көшелер екі тілде емес, қазақ тілінде жазылса адамның көзі, құлағы орысшаға алаңдамай қазақ тілін қабылдайтын еді. Мен өз қазақ елімді, туып-өскен Жамбыл өңірін мақтан тұтамын. Мемлекеттік тілге деген құрметім өзімнің ықыласым, таза ниетім арқылы оянды. Бұл отбасымыз үшін де аса маңызды. Себебі, Отан отбасынан құралады. Ал, әр  отбасында елге, жерге деген сүйіспеншілік  пен құрмет міндетті түрде болуы тиіс. Сонда ғана отбасылардың ынтымақ-бірлігі артып, бақытты, берекелі шаңыраққа айналады деп ойлаймын. Біз қаншама жылдан бері қазақ жерін мекен етіп келеміз. Қазақ тілі біздің ана тіліміз болмаса да ана тіліндей қабылдап кеттік. Атам үйде бәріміздің дерлік отбасымызда қазақша білуімізді, еркін сөйлеуімізді шегелеп тапсырған болатын. Ұлты әзірбайжан болса да, атам өзі де әлі мемлекеттік тілді оқу, жазу, зерделеу үстінде. Бұл жоғарыда айтып өткен  Отанға деген сүйіспеншіліктен деп ойлаймын, – деді ол. qazaquni.kz