Ағаға базына немесе төл телевидениеміз туралы өзгеше ой
2020 ж. 30 мамыр
1224
0
Қазақстанның халық әртісі Т. Теменовке
Құрметті, Талғат Досымғалиұлы!
Сізді қазақ киносында өз қолтаңбасы бар режиссер, көрерменнің көзайымы болған бірқатар дүниелердің авторы, өнерде өзіндік орны бар көрнекті тұлға ретінде құрметтейміз. Оған қоса, көп жылдан бері ағалы-інілі болып, пікірі мен ой-мүддесі ортақ жандар ретінде араласып келеміз. «Фейсбукте» жариялаған қазақ руханиятындағы телевидение рөлі туралы жазбаңызбен танысып шықтым. Күнделікті қарбаластан уақытында қол тимей, кеше ғана оқуға мүмкіндік туды. Содан соң, соңғы төрт жылда ақпарат министрі ретінде де, қазіргі қызметімде де осы мәселемен тікелей айналысқандықтан пікіріңізге ой қосып, кей тұстарға түсініктеме беруді өзіме міндет санадым. Ең алдымен, осылай ортақ іске алаңдаушылық танытып, өзіңіз байқаған кемшіліктер турасында ойыңызды айтып жатқаныңызға алғыс айтамын. Десе де, төл телевидениеміздің 60 жылдан астам тарихында оның шын түлеп, дамыған тұсы егемендік алғаннан кейінгі кезең екеніне ешкімнің дауы жоқ. Мұны мойындау керек. Өзіңізге мәлім, Кеңес уақытында тұтас қазақ тілінде хабар тарататын телеарна түгілі, ана тіліміздегі қарапайым бағдарламаның өзі саусақпен санарлық еді. Ақпарат алудың балама көздері болмаған соң жұртшылық бар-жоғы екі – оның біреуі Мәскеуден тарайтын телеарнаны көруге мәжбүр болатын. Әр қадамды аңдап басатын сол заманда ұлт болашағына алаңдаған зиялылар да аз емес еді. Дегенмен ел ағалары ақылдаса келе, жалғыз телеарнаның жауапкершілігін Шер-ағаңа сеніп тапсырды. Жалғыз ұлы бар ата-ана баласын қалай аяласа, бүкіл зиялы қауым да жалғыз телеарнаны солай үкілеп, мазмұнының мүлтіксіз болуына атсалысты. Оған елдің әр түкпірінен тек кәсіби мамандар таңдап алынды. Ал қазір, шүкір, мемлекеттік телеарналармен бірге жекеменшік арналар да көптеп ашылды. Журналистердің де саны артты. Осы қалың ақпарат нөпірінің ішінде кейде қателік болмай тұрмайтыны да белгілі. Бірақ, осындай көптің арасынан шын жүйріктер міндетті түрде суырылып шығады. Яғни, саннан сапа туады. Бұл – заңдылық. Екінші, өзіңіз айтқан рейтинг мәселесіне байланысты қоғамда екіұдай пікір бар екенін білемін. Бірақ, қазір көрерменнің қолында пульт бар. Бағдарлама, фильм немесе жаңалық тартымды болмаса, әп-сәтте басқа арнаға ауыстыра салады. Кино ма, сериал ма, спорт па, мультфильм бе – көрермен нені қалайды, соны көреді. Барлығы көрерменнің талғамы мен қызығушылығына байланысты. Әзіл-сықақ, музыка, тағы да басқа хабарлардың да өз аудиториясы бар. Елімізде 2017 жылдан бастап цифрлық телевидениеге көшу басталғанын білесіз. Оны 2022 жылға дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде шалғай ауылдардағы ағайын қазіргідей 2-3 емес, ең кемінде 15 телеарна көретін болады. Яғни, нағыз бәсеке сол кезде туындайды. Басқаша айтқанда, қоғам тынысын дөп басып, көпшілікке ұнаған бағдарламалар жалғаса береді, көшке ілесе алмағаны қалады. Оған қоса, бұл мәселенің екінші жағы бар. Журналист – қоғамның айнасы. Оның міндеті – өмірде болып жатқан оқиғаны көрерменге жеткізу. Әрине, кейде әсерлі етем деп әсірелеп жіберетін сәттер болады. Бірақ ешнәрсені ойдан шығармайды. Мысалы, Өзіңіз тоқталған «Қалаулым» немесе «Әйел бақытында» айтылған зорлық-зомбылық пен небір сорақы жайттар қоғамда бар. Керісінше, осындай бағдарламалардан соң біраз ата-ана баласынан «қайда барасың?», «кіммен жүрсің?» деп сұрап, тәрбиесіне жіті мән бере бастады. Осыны ескергеніміз жөн. Әрине, отандық арналар сапалы контент ұсынуы керек. Бұл – даусыз. Бірақ контент әртүрлі болуға тиіс. Жұрттың барлығы Сіздің тамашалағыңыз келетін дүниені көре бермейді ғой. Бұл талғамның шаруасы. Сондықтан, осы әртүрлі контентті өзіміз ұсынбасақ, ақпарат кеңістігін «өзгелер» толтырады. Қазіргідей мәлімет тасқыны кезінде ол аса қиын шаруа емес. Айталық, «Тамаша» тартымды болмаса, көрермен ресейлік «Камеди клабты» көреді. Одан кім ұтады? Кім ұтылады? Үшінші, барлық телеарнада көркемдік кеңестер бар. Олар эфирден берілетін материалды саралап, сұрыптап отырады. Әсіресе, мемлекеттік арналардың көркемдік кеңесінің талабы айрықша қатал. Әрине, жұмыс тәртібінің ерекшелігіне, уақыт тапшылығына байланысты бейнематериалда қателіктер болып тұрады. Кейде бейнетуынды сапасына қатысты сын айтылып жатады. Бірақ бұл – жекелеген жағдайлар. Үнемі қателік кетеді дегенді білдірмесе керек. Өзіңізге мәлім, кино түсіру – жанкешті еңбек пен үлкен қаржы қажет ететін ұзақ процесс. Тәуелсіздік дәуірінде бұл салаға көп көңіл бөлініп, мол қаражат құйылды. Нәтижесінде едәуір дүниелер жасалды. Мысалы ретінде «Орбұлақ шайқасы», «Дулати», «Кейкі Мерген», «Құстар әні», «Келінжан», «Көршілер», «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Құнанбай», «Абай», «Бекзат», «Қаламгер», «Ән аға», «Бөрі», «Арман жолында», «Абзал жан», сияқты көптеген фильмдер мен сериалдарды айтуға болады. Бұл менің дәл қазір есіме түскені ғана, негізі одан да басқа жүздеген медиатуынды жасалды. Үнемі есте болатын тағы бір нәрсе – бұның бәрі шығармашылық дүниелер. Сол үшін де біреуге ұнап, екінші адамға ұнамауы заңдылық. Бірақ, бір анығы – осының барлығы да ӨЗІМІЗДІКІ. Отандық туындылар. Кезінде жылына 1-2 фильм шыққанын жетістік санасақ, қазір ондаған фильм мен сериал шығып жатқанына таң қалмаймыз. Бұған қуану керек деп санаймын. Осы ретте, мәдениет бағытындағы «Абай» телеарнасын ашуды биылға жоспарлап отырғанымызды айтқым келеді. Жазбаңызда айтылған «Сүлеймен Сұлтан» сериалы да тосыннан түсірілген туынды емес. Көп жылдар бойы бәсекенің қазанында қайнап, кәсібиліктің көрігінде қызған дүние. Сол үшін де танымал. Бұйырса, біз де ол деңгейге жетеміз, тіпті асып түсеміз деп сендіргім келеді. Төртінші, телеарна басшыларына кіре алмау туралы айтыпсыз. Тәке, мен министр болғанда қабылдауыма үнемі еш кедергісіз, бір телефон қоңырауымен-ақ кіріп жүрдіңіз емес пе? Әрдайым еркін пікірлесіп, мәселелерді ашық талқыламап па едік? Министрі осылай болғанда, арна басшылары сізді қалай қабылдамағанына және маған неге оны уақытында ескертпегеніңізге таңым бар. Сондай кездесудің бірінде мен Сізге «Ел Арнадан» «Теменов апталығын» жасап, Өзіңіз түсірген киноларды көрсетейік деп ұсыныс жасағанда фильмдеріңіздің авторлық құқығы реттелмегенін айттыңыз. Сол күйі осы шаруаның орайы келмеді. Ал, жазбада көрсетілген «Судағы із» телехикаясына, оның сапасы мен сериалдар санына қатысты телеарнамен араңызда туындаған дау өзіңізге аян. Бұл сериалды «Қазақстан» арнасы 4 рет көрсеткен. Соңғы рет эфирден былтыр қазан айында 65 жасқа толуыңызға орай беріліпті. Бұл жерде мәселе сіздің кәсібилігіңізде емес, сериалдың рейтингіне байланысты болып отыр. Жасыратыны жоқ, рейтинг телеарна мамандарын алаңдатқаны рас. Оның үстіне, көрерменді жалықтырмас үшін телеарна бір сериалды қайта-қайта көрсетпейді. Сіз айтқан «Қасым» телехикаясына қатысты мәселе де осыған ұқсас – ол бір ғана Ұлттық арнада соңғы 6 жылда 8 рет көрсетіліпті. Сондықтан, телеарналарда Жеңіс күніне арнап «Мәншүк туралы дастан», «Мергендер», «Анаға апарар жол», «Бауыржан Момышұлы», «Дала қырандары» сияқты фильмдер мен сериалдар берілді. Бесінші, жазбаңызда «Шерхан Мұртазадан кейін «Қазақ телевидениесы» бір басшыға жарымай-ақ қойды» дегеніңізді эмоциямен айтылған ой деп қабылдадым. Шын мәнінде, Шерхан ағаның алдында, ол кісімен үзеңгілес болған және ізін басқан қаншама білікті басшылар жұмыс істеді. Байқаусызда ұмыт қалдырып, ренжітіп алмайын деген оймен ешкімнің атын атамауды жөн көрдім. Әйтпесе, төл арнамыз кәсіби басшылықтың арқасында ғана бүгінгі күйге жеткені анық. Тағы бір мәселені баса айтқым келеді. Хатыңызда «Және бір айта кететін мәселе осы телеарнадағы мамандар мәселесін қарасаңыздар екен. Өйткені ондағы операторлардың көпшілігі өздері үйде үйренгендер «самопал» операторлар, режиссерлардың да жетісіп тұрғаны шамалы» деп баға беріпсіз. Әрине, бұл үлкен жанашырлықпен айтылған пікір. Алайда, қазір арналардағы режиссер, оператор, техникалық қызметкерлердің дені кезінде Өзіңіз біраз жыл басқарған Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен бүгінде Өзіңіз білім беріп жүрген Елордадағы «Шабыт» университетінің талантты түлектері, яғни Сіз тәрбиелеген шәкірттер. Барлығы «ұстазымыз Талғат Теменов» деп, Сізден білім алғанын мақтан тұтады. Олар кәсіби болмаса, күндіз-түні жаңалық беріліп, эфир қазіргідей мүлтіксіз жүріп тұрмас еді. Сондықтан олардың шеберлігіне мін тағып, бəріне бірдей күйе жаққан әбестік болады. Алтыншы, ұлттық код туралы алаңдауыңыз өте орынды. Ұлттық код өз алдына жеке-дара өмір сүрмейтіні де белгілі. Ол тілімізде, өнерімізде, салтымыз бен дәстүрімізде. Сонымен бірге, Өзіңіз секілді ұлттық масштабтағы дүниелер жасап жүрген Тұлғалардың бойында. Сондықтан, сол ұлттық кодымызды сақтап, кейінгі ұрпаққа табыстау мақсатында еліміздегі бірегей оқу орындарында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүргеніңізді өте жоғары бағалаймын. Сондай-ақ, жігерлі әрі талапты жастарды іздесеңіз, Сізді «Қазмедиа» орталығына шақырамын. Ол жерден көзінде оты бар, білімді, шынайы отансүйгіш талай қыз-жігіттерді көресіз. Міне, тап солар төл телевидениеміздің ертеңі емес деп кім айта алады? Өмірде қызмет те, лауазым да, барлығы уақытша. Бірақ, өшпейтін бір нәрсе – мәдени мұра, рухани құндылық. Соның бірі – театр мен кино. Осы тұрғыдан алғанда Сіз тұтас қазақтың шоқтығы биік режисерлерінің бірі болып қала бересіз. Айтпақшы, кеше ғана «Фейсбук» парақшаңызда шыққан қазақ әндері туралы жазбаңызды көрдім. Ол жердегі эмоцияңыздың нөпірі мына жазбадағы эмоцияны он орайтындай екен ))) Фольклортанушылар мынадай бір қызық дерек келтіреді. Ән – халық жағдайының айнасы. Әнге қарап, заманын тануға болады. Мысалы, Ақтабан шұбырынды кезінде халық «Елім-айлап» жыласа, кәмпеске, аштық, соғыс сияқты зобалаңның бәрінен өтіп, енді еңсе тіктеген тұста үміт пен сырға, махаббат пен сезімге толы лирикалық әндерді туғызды. Жерімізге қауіп төнген сәтте «Менің Қазақстаным» деп, тұтас ұлттың ниеті бір әнге – бір үнге тоғысты. Сол сияқты, қазір де мағынасы мен әуезі ерекше әндер жеткілікті. Әсіресе, жастар арасында үнінен жаңа леп сезілетін әуездер көп. Кейде дөрекі сөздер пайдаланатын шығар. Бірақ, жастарға бұлқыну тән ғой. Оған ағалық білдіріп, ақылымызды айтып, түсіністік танытайық. Cөз соңында, Тәке, осындай күрделі кезеңде ұлт тағдырына алаңдаушылық танытып, өте өзекті мәселе көтергеніңіз үшін Сізге тағы да ризашылығымды айтамын. Пікір алмасып, талқылап, келісіммен ғана игі нәтижеге жетуге болары анық. Ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын! Құрметпен, Дәурен Абаев P.S. Жазбаңызда ерекше екпін түсіріп, жиырма реттен аса қайталанған «идеология» түсінігі таза күйде қазір тек Солтүстік Кореяда сақталған. Басқа елдердің өзіне тән идеологиясы бар. Біздің халық та түрлі идеологияның куәсі болды. Біреуін ұстанды (коммунизм), екінші біреуіне қарсы күресті (фашизм). Алайда, тарихтан алған тағылым – біздің жалғыз-ақ ұлттық идеологиямыз бар. Ол – Отанды сүю, Тәуелсіздікті сақтау, қоғамды сапалық тұрғыдан дамыту үшін тынымсыз еңбек ету! Сонда ғана мемлекет өркендейді. Әрине, сынсыз, мінсіз қоғам болмайды. Алайда сын да, мін де шын болуға тиіс. Жазбаңызды оқығанда осы қағиданы баса айтар деп күткен едім. Өкінішке қарай, оны көре алмадым. Дәурен Абаев, Қазақ үні