Қазыбек Иса. ЖАҚАШЫ БАР ЕЛГЕ ЖАУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ
2020 ж. 13 мамыр
3274
0
Тоқтар Жақаш тілге қарсы "толғауында" неге елді алдайды?
2017 жылы алды әлемге әйгілі Ұлт зиялыларының Конституциядан 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Ашық хаты биылғы 9 сәуірден бастап қайта қатты қарқын алды! Тәуелсіздік алған отыз жыл бойы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбағанына наразы ел он бес күнде 100 мыңнан аса қол қойды! Қазір 115 мыңнан асып кетіп, қол қою әлі жалғасуда!
Қазақ тілін қолдап, қол қою қайта басталғанда қарсы шығушылардың қарқыны да қайта күшейіп, қаралаған мақалалар жазып, сайтымызға да шабуылдауы күшейіп тұр. Өткенде бір жазып едім: "КОРОНАВИРУСТЕН ҚҰЛДЫҚ ВИРУС ҚАУІПТІ" деп. Өкінішке орай сол сөзім күннен күнге расқа айналуда.
Кеше Фейсбук желісінде Тоқтар Жақаш дегеннің "Қазақ тілі туралы көпәріп" деген қазақ тілінің дамуына қарсы жазылған жазбасы шықты. Ол не дейді дейсіз ғой? Оқиық:
"Айтпайын-ақ деп едім. Ішіме сыймай кетті. Ұлттық сенім кеңесінің мүщесі Қазыбек Иса "Конституциядағы 7-бапты алып тастап, қазақ тілін ғана қалдырайық" деп шулатып жүр ғой. Тіпті, петиция да жазып, пәленбай мың адам қол қойып тастады. Ал, солай болды делік. Сосын? Сосын не болады? Мемлекеттік тілдің дамуы, одан әрі өркендеуі үшін қандай тезистер ұсынады? Жарайды. Батыстағы Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, одан бергі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары үшін ол ұсынысты орындаудың қиындығы жоқ. Ал тұрғындарының 55-60-70 пайызы славян тектес өзге ұлттан тұратын ШҚО, Павлодар, Қостанай, СҚО, Көкше өңірі мен Қарағанды аумағы не істеуі керек? Бір түнде шекарадан бәрін айдап шығамыз ба?"-деп сайрайды Тоқтар мырза!
Журналист деп естуші едік, дәл бұлай отыз жылғы ескі бос үрейдің құшағында ешқандай негізсіз, "екі қос уыс - бір кілә" деп жорамалдап соға береді деп ойламаппын... Соған қарағанда "Біреудің үстінен жазатын арызы таусылса өзгенің арызын сатып алатын арызқой" деген сөз рас болды-ау деймін... Мейлі ғой, пенде болғасын біреу-біреумен айтысу бола береді. Бірақ енді Қазақ Елі Тәуелсіздік алғалы отыз жыл бойы армандап келе жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға қарсы шығу деген ешқандай ұғымға сыймайды. Мұндай Жақашы бар елге жаудың керегі жоқ қой!
Ал енді Жақаштың жарапазанына жауап берейік.
1.Оның "тұрғындарының 55-60-70 пайызы славян тектес өзге ұлттан тұратын ШҚО, Павлодар, Қостанай, СҚО, Көкше өңірі мен Қарағанды аумағы" дегені ешқандай дәлелсіз баяғы замандағы ескі көрсеткіш пайыздар!
Бұндай, Жақаш жар салғандай 6 облыста емес, қазір 1 облыста ғана қазақтар орыстардан 14 % ғана аз: Солтүстік Қазақстанда 35,3 (49, 4 орыстар, ). Қостанай облысында қазақтар жалпы халықтың 50 пайызынан аз болғанмен орыстардан аз емес, қайта артып келеді -41,1 (40,7 орыстар). Ал Көкше өңірінде, яғни Ақмола облысында 51,8 (32,5 орыстар). Ал астанамызда орыстар емес, керісінше қазақтар 80 пайыз -79,7, орыстар бар болғаны 12,2 пайыз (өзгелер 8,1).Шығыс Қазақстанда қазақтар 61,1 (орыстар 35,5, өзгелер 3,4); Қарағанды облысында қазақтар -53,8, (орыстар 35,8); Павлодар облысында қазақтар 53,1 (орыстар 34,9) болады.
Қалған аздаған пайыз тұрғындар Тоқтар айтқандай оншалықты көп емес және олардың бәрі тек славяндар ғана емес, түркі тектестер де көп.
Ал енді осындай жалған көрсеткіштер жазып, елді алдау Жақашқа не үшін керек болды?
Онсыз да отыз жылдан бері Ұлттық мүддені қорғай қалсақ, Қазақ тілін қолдай қалсақ, шабаланып бірінші қарсы шығатын өзіміздің орыстілді қазақтар болатын. Иә, олар Канат Тасибеков, Джанибек Сулеев, Мади Алимов және т.б. ежелден сыры мәлім белгілі газет "Караванда", негізгі мақсаты ұлт мүддесі мен мемлекеттік тілге қарсы шығу болып келе жатқан Сentral Asia Monitor, Nomad.su сияқты орыстілді сайттарда біздің Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды қолдаған Ашық хатымызға барынша қарсылық көрсетіп бағуда. Енді бұған қазақтілді Тоқтар Жақаш дегеннің жолдан қосыла кетуі нені білдіреді?!. Бұл біздің биліктегі шешуші жоғары орындарда отырған орыстілді шенеуніктеріміздің Қазақ тіліне қатты қарсылығы енді өз ішімізден жау табу жұмыстарына жалғасып, жақсы жүріп жатқанын көрсетеді. Ал қай кезде де іштен шыққан жау жаман, сатқындардың сайтандай сап ете қалып, табыла кететіні тарихтан мәлім.
Мен жоғарыдағы қатты қарсылықтар туралы босқа айтып отырған жоқпын. 2019 жылы 6 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің бірінші отырысында жасаған баяндамамда "Конституцияның 7-ші бабынан 2-ші тармақты алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін қадап тұрып айтқаным талайдың мазасын қашырғаны анық. Оған ұлттық мүдде, мемлекеттік тіл десе естері шығып кететін "интернационалист" Бахытжан Копбаев та, тіпті сол Ұлттық кеңестің орыстілді "казах" мүшелері де, бірден қарсы шықты. Ал Президент әкімшілігі басшысының бір орынбасары "Мемлекеттік тілді дамыту туралы" 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобадағы "Мемлекеттік тіл" деген атауын "Тілдерді дамыту туралы" деп өзгертіп, "русский язык за бортом остался" деп, шет мемлекеттің - Ресейдің тілі туралы бір пункт қосып жіберді... Үкімет кеңсесі басшысының бір орынбасары да одан қалыспай, Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасауы тиіс Мәдениет министрлігі қызметкерлеріне "Мемлекеттік тіл туралы заңның қазір керегі жоқ" деген "қарсылықтар" жаздырып алды. Бұл масқараны Мәдениет министрлігі Тіл форумын өткізгенде министрлік қызметкерлері маған өздері келіп айтты. Мен бұл туралы былтыр 12 қазанда Ұлттық кеңестегі ұсыныстарды іске асыру туралы Мәдениет министрі Ақбота Райымқұлова өткізген министрлік жиынында да, 16 қазанда сол кездегі вице-премьер Бердібек Сапарбаев бес министрді шақырып өткізген Үкіметтегі жиында да ашық айтқанмын.
Бұл Ұлттық кеңестегі ұсыныс осындай биік мінберден, Президент алдында алғаш рет айтылған, Тәуелсіз Елдің 30 жыл күткен сөзі болғандықтан, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Смағұл Елубай, Асылы Осман секілді белгілі ұлт зиялылары, қазақы қанды Ұлттық кеңес мүшелері де "Ұлттық Кеңестегі Қазыбек Исаның сөзі тарихи сөз болды" деп ризалықтарын білдіріп жазды. Ал әлеуметтік желі қолданушылары бір-бірінен сүйінші сұрап, қуана қолдап жазып жатты.
Қазір "Конституцияның 7-ші бабынан 2-ші тармақты алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, әлемге әйгілі зиялыларымыз бастап қолдаған Ашық хатқа қол қойғандардың ішінде белгілі журналист Максим Рожин бастаған орыс ұлты өкілдері де, украин, неміс, өзбек, тәжік, ұйғыр, дұңған тб өзге ұлт өкілдері де, еліміздің көптеген патриоттары бар. Ал Мемлекеттік тіл туралы заңның қажеті жоқ деп шәуілдеп жатқан өз қазақтарымыз, мысалы Тоқтар Жақаш әрине қол қоймайды? "НЕГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУДЫ ҚОЛДАП ҚОЛ ҚОЙМАДЫҢДАР?"-деп бұлардан сұраудың өзі артық деп ойлаймын....
Ал Тоқтардың тілге қарсы "толғауы" не дейді?
"Ол үшін не істеуі керек? Қазағы аз өңірлерге оңтүстіктің қазағын көшіруді, оларды стимулдандыруды арттыру керек. Қытайдағы қазақтар және оларды тарихи Отанына қайтару мәселесін бір сәт те тоқтатпауы керек. Түрлі бағдарламалар жасап, халықтың талқысына салып, үкіметке ұсына беру керек. Шет елдегі қазақ жастарын Қазақстанда оқытып, Қазақстанда қалдыруға барын салуы керек. Шетелдегі қазақтармен ақпараттық байланысты, қолдауды күшейтуге күш салуы керек. Қажет болған жағдайда "Көші-қон туралы", "Қазақстан азаматтығы туралы" заңдарға көптеген түзетулер мен өзгерістер енгізуге жұмыстану керек. Барлық күш-жігерді шығыс пен солтүстіктегі жерлерді қазақтандыруға, тұрғындарының ең кемінде 60 пайызын қазақ етуге тырысу керек. Қазақ тілінің жетекші тілге айналуына барлық алғышарттарды тудыру керек."
Ойпырмай, осының бәрін бұрын ешкім айтпай, жазбай жүр еді? Ал үкімет "қашан Тоқтар Жақаш тапсырма береді?" деп күтіп отыр еді... Бұл біз жиырма жылдан бері жазып келе жатқан, біраз жылдан бері атқарылып келе жатқан шаруалар. Мұндай бұрын талай айтылған "пәлсапаға" жазылған жауаптар да толып тұр "Қазақ үні" сайтында. Қайталай берсек, дәмі де, мәні де кетер...
"Қазақ тілінің жетекші тілге айналуына барлық алғышарттарды тудыру керек." дейді ғой сабазың үлкен "жаңалық" ашып... Ал алғышарттың ең біріншісі және негізгісі Қазақ тіліне қажеттілік тудыратын Мемлекеттік тіл туралы заң екеніне Тоқтардың санасы жетпейді немесе саналы түрде өзі қарсы болады... Бұлай өз сөзіне өзі қарсы шығып, шатып-бұтудың көкесін кім көрген? Қайтсін енді, тапсырысты орындау керек қой! Тапсырмаға асығыс алашапқын кіріскені сонша, облыстардағы халық санының ұлттық пайыздық көрсеткішіне көз сала салуға да шамасы келмей, тіпті "Ақ жол" партиясының атын ұмытып қалып, шатасып жазады! Қайта бір қарауға да мұршасы болмаған болуы керек қожайынына тез есеп беремін деп есі кетіп жүріп...
Әлқисса, әрі қарай не дейді десеңізші?!. "Бұдан шығатын қорытынды мынау: біздегі тіл мәселесін радикалды түрде шешуге асығып отырғандар Кремльдің ақырындап, біздегі лоббистері арқылы сыналап тығып жіберген сұрқия саясатын біліп немесе білмей арандауға ұшырайын деп отырған сияқты."-деп сайрайды.
Ойхой дерсің!.. Қандай қырағы сұңғыла саясаттанушы десейші?!. Жасай берсін Жақашымыз! Сақтандырған көбік сөзіңе көп рахмет! Тоқтардың бұл "тоқтамына" салсаң, Путин Қазақстанның солтүстігін басып алу үшін Қазыбек Исаның Қазақ тілі мәселесін көтеруін күтіп, жолға қарап отыр екен...
"Қазақстан мемлекеттік тіл мәселесін қозғаса, Ресей солтүстік облыстарды тартып алады" деген қосүрейлік елді қорқыту үшін қазақ тілінің дамуына қарсы отыз жыл сарнап келе жатқан біздің орысқұл билік пен орысқұл оппозицияның аузынан түспейтін жалған жаттама қазақы Тоқтардың аузына қалай топ етіп түсе қалды?.. Жақаштың жалықпай ойлап тапқан "қағидасы" - Мемлекеттік тіл мәселесі көтерілсе, Ресей "жақсы болды, Қазақстанды шауып алатын болдық" деп, алақанын ысқылап қуанады екен-мыс... Ендеше неге ар жағын айтпағанда, 2011 жылдан бері Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға өзіміздің орыстілді құлсаналарды айтпағанда, Ресейдің атышулы шовинист саясаткерлері, журналистері өлі-тірісі бар барлығы жаппай жандары шығып қарсы болуда?!.
Отыз жыл бұрын да Қазақ тілінің "қазақ" жаулары тура осындай оттаубай жазушы еді, ой, құдайым-ай, әлі түк өзгермепті. Мына түрімізбен 50 жылдан кейін де осылай айтып отырамыз: "көшеге шықпа, көлік басып кетеді" дегендей... көлеңкемізден қорқып. Бұндай "тұншықтыру" тұжырымдарыа Қазақ тілінің "қазақ" жаулары мен Ресейдегі шовинистер одан сайын отқа май құйып, неге қуана оқып, таратып отырады? НЕГЕ? ӨЙТКЕНІ ОЛАРҒА ҰНАЙДЫ! Ал Қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналуы оларға ұнамайды. Қазақ Тілінің жауларына ұнамайтын нәрсе Қазаққа ұнайды! Сонда біз жауларымызға ұнайтын нәрсені істеуіміз керек пе? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да осындай жаулардың "әлі ерте, ананы істеу керек, мынаны істеу керек" деген ертегісіне сеніп тағы 2050-ге дейін отыра беруіміз керек пе? Жоқ, өзіміздің Ұлттық мүддемізді іске асыруымыз керек пе?!. Қарапайым риторикалық формула!
Бір өкініштісі, мұндай "тұжырым" таратушы Жақаш секілді жазғышбайлардың өзі де өздерінің Қазақ тілінің жауларының жұмысын істеп отырғандарына милары жете бермейді. "Мен пайдалы іс жасап отырмын" деп сенеді. Ал оған Қазақ тілін қорғау қауқары әлсіз, "Малиновкиийдегі той" киносындағыдай ақтар келсе, ақ шәпкісін, қызылдар келсе, қызыл шәпкісін қойнынан суырып алып кие салып, суырылып сөйлейтін ермелер ессіз ере кетеді... Әйгілі ақиық ақынымыз, тіл күрескері Мұқтар Шахановтың белгілі жырындағы қыран бүркітке жақсылық жасамақ болып, "тырнағы өсіп кеткен екен" деп, кесіп тастаған алжыған кемпір секілді... Жоғарыда айтқанымыздай, "Коронавирус та кетер, құлдық вирустан құтылу қиын" деп жазғанымыз да сондықтан ғой...
Әйтпесе кімге қарсы шықсаң да, Тілге қарсы шықпауың керек еді Тоқтар Жақаш мырза?!. ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ - ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!
Ары қарай кетейік: "Ал басқадай нәрсенің бәрі болмады дегенде алдағы парламент сайлауында "депутат болам" деген қосановский өлермендік немесе бос утопия"-деп қорытады құрғақ пәлсапасын Тоқаң... "Бақсақ, бақа екен" дегендей, бар мәселе қайда жатыр десейші. Осыдан-ақ, Қазақ тіліне қарсы, Қазыбек Исаға қарсы мақала жазу тапсырысының "тамыры" қайда екенін сезуге болады. Оу, депутат болғысы келетін адам билікке ең жақпайтын, барынша қарсы болатын көзқарасы - Ұлттық мүддені, әсіресе Қазақ тілі мәселесін көтереді ме? Айттым ғой, Жақаштың жарапазанын тыңдасаң бір сөзі бір сөзіне қарсы шығып, мүйіздеп тұр. Мені осы уақытқа дейін депутаттыққа өткізбей келген ең басты себеп - осы ұлтшылдығым екенін Жақаштан басқаның бәрі жақсы біледі. 2016 жылғы парламент сайлауынан соң менің "БИЛІК БӘРІН КЕШІРСЕ ДЕ, ҰЛТШЫЛДЫҒЫҢДЫ КЕШІРМЕЙДІ" деп жазғаным да сондықтан болатын. Бұл сөзімді Алматы телеарнасындағы белгілі тележурналист Нартай Аралбайұлы жүргізген "Өткір тіл" хабарында да қайталағанмын.
Ал "қосановский өлермендіктің" қандай болатынын кезінде 2011 жылы тура осы Мемлекеттік тілді қолдауды талап еткен Ашық хатқа қол қоймаған, кешегі президент сайлауына түскен Қосановтың сол сайлауда шашбауын көтеріп шапқылаған, бүгін өзі де Мемлекеттік тіл туралы заңның қабылдануына қарсы шығып, мақала жазып отырған Тоқтардың (қандай егіз ұқсастық) өзі жақсы білетін шығар...
Ал жоғарыда айтылған "Қазақ тілін көтерсек Ресей шабуыл жасайды" деген негізсіз "қағида"осыған дейін өтіп келген - енді өтпейді! Өйткені қазақтың Ұлттық санасы өсіп кеткен бүгінде! Ондай оттауизмдерге талай жауап тұр "Қазақ үні" сайтында. Тағы да қайталап жазып, алтын уақытты кетірмей, Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауымыз керек! Қазақ тілін қолдаған Ашық хатқа қол қойып, оншақты жылдан бері қолдап келе жатқан ақберен алыптар, алды әлемге әйгілі ұлт зиялылары, салмақты саясаткерлер ақымақ емес кейбір кертартпалар ойлағандай.
ҚАЗАҚ ТІЛІ АЗАТ ТІЛ БОЛУЫ ҮШІН ҚОЛ ҚОЙҒАН ӘР АЗАМАТҚА ЗОР ТАҒЗЫМ!
СІЗ НЕШІНШІ БОЛЫП ҚОЛ ҚОЙДЫҢЫЗ?!..
Қазыбек Иса, Қазақ үніҚОЛ ҚОЮ СІЛТЕМЕСІ:
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ заңды қолдап, ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН "Қазақ үні" сайтының сілтемесіне өтесіздер: https://qazaquni.kz/2018/09/05/65363.html
https://www.facebook.com/100001908576595/posts/3810166285723620/?d=n