Ислам Әбішев: САРДОБАҢЫЗ АПАТҚА АЙНАЛДЫ! ШАРДАРАМЫЗ ДА ҚАУІПТІ!
2020 ж. 05 мамыр
17158
0
Кезінде Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының қауіптілігін, түбі апатқа соқтыруы мүмкін екенін Үкіметке жазған Ислам Әбішев енді Шардара су қоймасының да қауіпті жағдайда екенін айтып, түрмеде дабыл қағуда!
Өткенде 3 мамыр күні "Қазақ үні" газеті мен сайтында жарияланған
"МАҚТАРАЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚИЫН, ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА!" атты мақаламызда: "Енді бүгінгі біздің елдегі осындай нақты мәліметтерге қарағанда, 350 мыңдай халқы бар қасиетті Мырзашөл халқының басына төнген ауыр апатқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласып, Үкіметтік комиссия құрылып, жәрдем бермесе, жағдай сәт сайын қиындап бара жатыр… "-деп жазған болатынбыз.
Мемлекет басшысына рахмет, кеше Үкіметтік комиссия құрылып, іске кірісіп кетті.
Сол кезде Сардоба су қоймасының сапасыз салынғанын және біздің елмен келіспей тұрғызылғанына тоқталған едік.
"Сардоба су қоймасының апаты әлеуметтік желідегі өзбек жұртының наразылығын тудырды. ИА REGNUM сайтының хабарлауынша фейсбук желісіндегі «Уят.уз» тобына жазған өзбекстандықтардың пікіріне қарағанда, 2017 жылы пайдалануға берілген су қоймасының үш жылға толмай сыр беруі өзбек билігінің жемқорлығы мен біліксіздігі себеп болған.
«Сардоба апатынан соң халық кінәлі шенеуніктерді жауапқа тартсын деп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттің маңызды салаларында азаматтық бақылау болсын дейді" деп жаздық.
Енді міне, Қазақстанның Өзбекстанға нота жолдағалы жатқаны белгілі болды.
Сол мақаламызда: "Орта Азиядағы су тартысы өте күрделі екенін, мұның соңы зор шығындарға апаратынын кезінде Су ресурстары комитетін басқарып, ел қаржысынан триллион теңге қорғап қалғаны үшін бүгінде бір жылдан астам жазықсыз түрмеде жатқан Ислам Әбішев талай көтерген еді. Кезінде Сардоба су қоймасының сапасыз және халықаралық келісімсіз салынғанын да ескерткен болатын. Анау жылы өзіміздің елде бір ауылды шайып кеткен Қызылағаш су қоймасы қырғынын одан 173 есе үлкен Шардара су қоймасы мен 100 есе үлкен Көксарай су қоймаларымен салыстыра отырып, көктемде техногендік апат тудырар қаупі зор болғандықтан, қауіпсіздік шараларына баса мән беруге назар аударып, Үкіметке ұсыныстар жіберген болатын.
Енді міне, 2009 жылы Арыстағы екінші жарылыстың зардаптарын жойып, қалпына келтірген (былтырғы төртінші жарылыс – атышулы Арыс апатынан он жыл бұрын), бұның адам айтқысыз апатқа ұшыратуы мүмкін екенін де ескерткен дарынды іскер, қарымды қайраткер бұл су апаты кезінде де қалпына келтіру жұмыстарының ортасында емес, темір торда арыстандай арпалысып жатыр…" деп жазып едік.
Біз коронавирус карантиніне байланысты Исекеңе сәлемдеме беруге де тыйым болып, екі айдан бері ешқандай хабарсыз қалған едік. Бірақ түйсігіміз алдамапты, айтқанымыз айдай келді! Қазір ғана скайп арлылы сөйлескен адвокат Абзал Құспан бір жылдан аса тастүрмеде жатқан Ислам Әбішевтің өз басын ұмытып, ел басына түсіп жатқан жағдайға байланысты жанайқайын жеткізіп, видео жариялады. Онда Ислам Әбішев Шардарадағы су қоймасын да шұғыл күрделі жөндеуден өткізбесе, жағдай өте қауіпті екенін нақты дәлелдермен айтады. Өйткені, Шардара су қоймасына кезінде жасалған кейінгі жөндеу жұмыстары сапасыз жасалғаны туралы Үкіметке баяндаған екен.
Ал енд Ислам Әбішевтің не дегенін адвокаты сілтемеге өтіп, Абзал Құспанның аузынан естіңіздер.
Қазыбек ИСА
"Қазақ үні"