Ашық хат
ҚР Мемлекеттік хатшысы М. Құл-Мұхаммедтің,
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбайдың,
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А. Мырзахметовтің
НАЗАРЫНА
Серік СЕЙІТМАН, ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-дәрежелі лауреаты:
Тәуелсіздік – ел болып, етек-жеңімізді жинауға, зұлмат замандарда жоғалтып алған ұлттық құндылықтарымызды қайта тауып, оны игілігімізге жаратуға, соның арқасында сан ғасыр бойы ата-бабаларымыз аңсаған Қағанат – Ұлттық Мемлекет құруымызға тамаша мүмкіндік сыйлады десек, осы жолда табанды түрде қажырлылық пен қайраткерлік танытып, халқымызды төл тарихи санасымен, қазақы қалпымен табыстырып, оны келер ұрпақтың мызғымас мұрасына айналдыру – бүгінгі біздің міндет.
Сіздерден Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласының қақ төріндегі А.Пушкин атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін беруге ықпал етулеріңізді сұраймын.
Себебі:
1. Тұлғалық тұрғыдан алып қарағанда, ғаламдық өркениет пен руханиятта Пушкин – көп ақынның бірі болса, ал Фараби – Тәңір-Тағала бойына, ақындықпен қатар, талант біткенді үйіп-төгіп бере салған әлемнің екінші ұстазы;
2. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, Пушкиннің, аты тұрмақ, затының өзі кеше ғана өмірге енсе, Фарабидің дүмпуі көне дәуірлерден бері дүниежүзін дүр сілкіндіріп, асқақ қалпымен бүгінге жетіп отыр.
3. Ең бастысы, Фараби бабамыз – қазақ топырағында, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында туып, жер шарын мойындатқан тұлға болғандықтан, оның есімі, басқа-басқа, осы облыстың бас кітапханасына берілсе – Мемлекет алдындағы заңды, тарих алдындағы әділетті, болашақ алдындағы тағылымды іс болар еді.