ПОЛИЦИЯ БІЗДІ ҚОРҒАЙ МА, ҚОРЛАЙ МА, МИНИСТР ТҰРҒЫМБАЕВ МЫРЗА?!.
2020 ж. 26 ақпан
6921
0
ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНДЕ ЗАҢ БАР МА ӨЗІ?!.
Кеше, 25 ақпанда қоғам белсендісі Дулат Ақәділ тергеу абақтысында қаза тапты. Ішкі істер министрлігі өкілдері бұл қайғылы оқиғаны "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеді.
Ал Дулат Ақәділді жарты тәуліктей уақыт қана бұрын, яғни 24 ақпанда түнгі сағат 20:30-21:00 шамасында полицейлер үйіне баса-көктеп кіріп, зорлықпен алып кеткенде сап-сау болғанын әлеуметтік желідегі тарап кеткен видеодан айқын көруге болады.
Осы видеоға қарасаңыз, шошисыз... Ішкі істер министрі Тұрғымбаевты қайдам, оларға үйреншікті жағдай шығар, қарапайым ел шошитыны анық. Өйткені, қас қарая жетіп келіп, біреудің жекеменшік үйіне баса-көктеп кіргендердің төсегінде шешініп алаңсыз ұйықтап жатқан Дулатқа апай-топай бас салуына қарасаң, Ақмола облысы Целиноград ауданы Ішкі істер бөлімі полицейлері емес, қаскөй қарақшылар сияқты...
Полицейлер ешқандай формасыз, алдарына медициналық "жедел жәрдем" көлігін салып алып, өздері жеке мәшинемен жетіп келген. "Жедел жәрдемді" Дулаттың денсаулығына жаны ашып алып келмеген, "бала ауырып қалып, "жедел жәрдем" шақырды" деп, үйдің есігін алдап ашу үшін алып келген. Дулаттың ұлы Жанболаттың "Біз "жедел жәрдем" шақырған жоқпыз, көрші үй болуы мүмкін" деп есікті жауып алғанына қарамай, есікті жұлып ашып, бас киімдерін баса киіп, беттерін бүркемелеп алған, қызмет куәлігін көрсетпеген бөтен адамдарды үйге кіргізгісі келмеген жасөспірім Жанболатқа күш көрсетіп, курткасын жыртып, үйге басып кіреді. Төсегінде демалып жатқан Дулатқа күш қолданып, іш киімімен жалаңаш есікке сүйреп алып шығады. "Киім кигізбейсіңдер ме?" деген айқай-шудан соң ғана киімін кигізуге мәжбүр болады...
Дулат Ақәділдің қазасына байланысты елордада Ішкі істер министрлігі ғимаратына жиналған жұртқа түсінік берген Ішкі істер вице-министрі, полиция полковнигі Арыстанғани Запаров "Азаттық" радиосы тілшісінің: "Полиция неге формасыз барған?" деген сұрағына: "Жедел уәкілдер формасыз жүре беруіне болады. Бірақ қызмет көлігін көрсетуі керек және қызмет көлігімен баруы тиіс" деп жауап берді. Ал Целиноград аудандық Ішкі істер бөлімі тергеушісі Сағадиев те формасыз барған және жедел уәкілдер Аббасов пен Ғаппаров та формасыз барғаны былай тұрсын, бұл үшеуі де екіншіден, ешқандай қызметтік куәліктерін көрсетпеген. Үшіншіден, қызмет көлігімен емес, жеке көлікпен барып алып кеткен.
Төртіншіден, бұлар сот қаулысын орындау үшін барған болса да, біреудің үйіне түн жарымда басып кіріп, төсегінде жатқан отағасын отбасының көзінше жалаңаш сүйреп шығуы барып тұрған Адам құқын қорлау ғой! Ертеңіне таңертеңгі жұмыс уақытында заңды формаларымен, қызмет көлігімен барса, Дулат шетелге қашып кетер ме еді?!. Халық алдында жұрттың сөзін сөйлеп, ұлттың мұңын айтып, Ел мен Жер тағдырын қозғап жүрген атпал азаматты жұбайы мен алты баласының көзінше бұлай қорлауға оларға кім құқық берді министр Тұрғымбаев мырза?!. Біздің полиция бізді қорғай ма, қорлай ма?
Бұл масқара көрініске қарап отырып, біздің полицияда, жалпы Ішкі істер саласында заң бар ма өзі деп ойлауға тура келеді...
Тағы бір көңілге күмән тудыратын түйткілді мәселе - "Дулат Ақәділді алып кеткенде оның орта дәрежелі алкоголь ішкені медициналық сараптамамен анықталды" деген сенімсіз сөз. Ал Дулатты жақсы біліп, тығыз араласатын жақын достары мен таныстары және отбасы мен туған-туыстары оның ішпейтінін, темекі де тартпайтынын айтып, "Бұл оны қаралау" деп видео таратты.
Қазіргі кезде, қоғам қызуы онсыз да көтеріліп тұрғанда, айдың-күннің аманында қоғам белсендісін, арыстай азаматты түнде барып үйінен зорлап алып кетіп, таңертең "ол өлді" деп суық хабар естірту Дулаттың отбасы мен туған-туысы түгілі бүкіл елдің ызасын бұрқ еткізді. Сондықтан да кеше Нұр-Сұлтан қаласында Ішкі істер министрлігіне жиналған ел ешкім жауап беруге дер кезінде шыға қоймағасын, Тәуелсіздік даңғылын жауып, оларды полиция төрт автобуспен алып кетіп, халық наразылығы біразға созылды. Алматы мен Шымкентте және тб қалаларда да ел Ішкі істер департаменті алдына жиналып, қатты наразылық танытты. Бұл онсыз да ел алдында беделден жұрдай (Алматыдағы салафит Күлікбаевтың қанды жорығы, Қордай қантөгісінде полицияның дүнгендерден таяқ жеуі, Ақтөбеде бір қытайдың үш полицейге бағынбай балағаттап кетуі тб) Ішкі істер министрлігіне іші қазандай қайнаған халықтың ашу-ызасын тудыруда.
Енді тек Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура бұл қайғылы қазаның себебін әділ тексеріп, көпшілікте күмән қалмауы үшін комиссияға Дулаттың туыстары мен қоғам белсенділерін қатыстыруы тиіс.
Бұл жерге "Қарға қарғаның көзін шұқымайды" деген қасаң қағида жүрмейді, ол істі одан сайын асқындыратынын ұмытпау керек.
Кінәлілер, Дулат Ақәділді негізсіз тұтқындауға шешім шығарған сот та, үйге қарақшылық шабуылмен басып кірген полицейлер де және осы қайғылы қазаға қатысы барлардың барлығы қатаң жазалануы тиіс.
Иә, әлеуметтік желіде жазып жатқандай, бұл ел наразылығын тудырған қайғылы оқиғаға барлық партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар өз үндерін қосуы керек! Бүгін "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Нұр-Сұлтан қаласы прокуроры Бауыржан Мырзакеровке "Ақ жол" партиясы атынан депутаттық сауал жолдады.
Онда
Кінәлілер, Дулат Ақәділді негізсіз тұтқындауға шешім шығарған сот та, үйге қарақшылық шабуылмен басып кірген полицейлер де және осы қайғылы қазаға қатысы барлардың барлығы қатаң жазалануы тиіс.
Иә, әлеуметтік желіде жазып жатқандай, бұл ел наразылығын тудырған қайғылы оқиғаға барлық партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар өз үндерін қосуы керек! Бүгін "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Нұр-Сұлтан қаласы прокуроры Бауыржан Мырзакеровке "Ақ жол" партиясы атынан депутаттық сауал жолдады.
Онда "Қоғамда әртүрлі нұсқалар, соның ішінде өлімге себептің күш қолдану сипаты және қаза тапқан адамға қатысты азаптауларды қолдану туралы ақпараттар талқылануда. Осыған байланысты Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы: 1) қоғам белсендісі Дулат Ақәділдің қайтыс болуын объективті және әділ тергеуді қамтамасыз етуді; 2) орын алған қайғылы оқиғаға кінәлі лауазымды тұлғаларды анықтау және жауапкершілікке тартуды; 3) аталған мәселелер бойынша қоғамға және БАҚ-қа толық ақпарат беруді сұрайды" деп жазды.йраткері, әлеуметтік әділдік үшін күрескен қайсар қазақ Дулат Ақәділдің алды пейіш, арты кеніш болғай! Отбасына, туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамыз. Ұрпақтарына Алла ұзақ ғұмыр бергей.
Иманы саламат болсын.
Қазыбек ИСА,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары
"Қазақ үні" газеті qazaquni.kz