Мемлекеттік тілді үшінші кезекке ауыстыру не сұмдық?

Тәуелсіздіктің отыз жылдайын тарих еншісіне бердік. Енді саяси‑әлеуметтік өмірдің жаңа кезеңіне аяқ басайық деп отырмыз. Мен бұл арада өзімнің рухыма жақын екі мәселені айтқым келіп отыр. Ол ел Президентінің мына бағыттағы тапсырмалары. Біріншіден, демократияға тереңдеп баруға қадам, халыққа бет бұруды күшейту. Билік пен халық арасындағы диалогты арттыру. Жұртшылықтың митингі мен демонстрацияға шығуына деген көзқарастар әлемдік өркениетке ұмтылу. Осымен байланысты менің айтпағым – енді жұртшылық мұндай саяси әрекеттерге шығу, ұйымдасу, парасатты келісімге келу мәдениетін де тиісті игерген жөн. Екіншіден, ұлттық құндылығымыздың өзегі қазақ тілінің дамуындағы латын графикасындағы жаңа әліпбидің өмірге енуі – бұл, шын мәнісінде, рухани жаңаруымызға жұмыс істейді. Латын әліпбиін ендірудің қысқаша айтқанда, мынандай маңызы бар. Біріншіден, тіл тазалығы сақталады. Екін­шіден, түркі әлемімен байланыс нығайтылады. Үшіншіден, ағыл­шын тілін меңгеру оңтай­лана түседі. Төртіншіден, тілі­міздің ха­лықаралық дәрежеге шығуына жол ашылады Бүгінгі ана тілдік кеңістіктегі жағдайды тереңірек білу үшін кішкене өткен тарихымызға зер салайық. Кешегі патшалық Ресейдің саяси жалғасын­дай болған кеңес заманында да тіліміздің айдарынан жел ескен жоқ. 1937 және 1978 жылдарғы Республика­ның Конституцияларының бірде‑бірінде ана тіліміз туралы бір ауыз сөз болмады. Сондықтан Одақ конституциясына сәйкес орыс тілін мемлекеттік тіл деп қабылдауға мәжбүр болдық. Мәскеу орыс тілін күшейте түсуге байланысты нақты әрекетке барып, 1938 жылғы ­13 нау­рызда БКП(б) ОК мен КСРО Халық Комиссариатының «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулы қабылдады. Бұл Республикамыздың ана тілдік кеңістігінде қаншама қайшылықты жағдайларға әкелді. Мұны азсынған Мәскеу КСРО‑ның мемлекеттік тілі орыс тілі туралы заң дайындап еді. Бақытымызға орай Одақ ыдырап, ол жүзеге аспай қалды. Ал ол жүзеге асқанда тіпті қиын болатын еді. Және қиындықты өзіміз күшейте түсетін едік. Бірер мысал келтірейін. Өзіміздің жандайшап саяси саяз белсенділеріміз орыс тілін екінші кластан бастап, ал жаратылыстану пәндерін орыс тілінде оқытуды ұсынды. Міне, өткеннен азын‑аулақ ақпарат. Тәуелсіздіктің елең‑алаңын­да, яғни, 1989 жылғы қыркүйектің 22-күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаны белгілі. Әрине, аса қиындықтармен. Бұл арада халқымыздың ұлтшыл азаматтарының шешуші рөл атқарғанын айта кеткен артық болмас. Мен «ұлтшыл» деген сөзді өзінің халқын шынайы сүюші деген Алаш жетекшілерінің қолданатын мағынасында айтып отырмын. Ал бүгін осы сөзден қорқып, пайдаланып жүрген «ұлтжанды» деген сөз шынайы ұлтшыл дегеннің түфлиін де сүрте алмайды. Бұл біздің жолдан тауып алғанымыз. Мысалы, әйелжанды, қатынжанды дегенді қалай қабылдайсыздар, қалай түсінесіздер. Бір айта кететін мәселе – біздің әлі ұлтшылдық дегенді кеңестік түсінікпен айтып жүрген жағдайымыз да жоқ емес. Шынайы ұлтшылдық­тан қорықпау керек, ал әсіре ұлт­шылдық шовинизмнен басқа ештеңе де емес. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі 1993 және 1995 жылдарғы Конституциялардан тиісті орын алып, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылды. Мұны мен ерекше атағым келіп тұр. Бұл – тәуелсіздіктің арқасы. Мұның қадіріне жете білуіміз керек. Бірақ жете алмай келеміз. Қоғамдағы саяси сананың, ұлттық рухтың жетіспеушілігінен еліміздегі ең жоғары құқықтық күші бар басты құжат – 1995 жылғы Ата Заңның 7-бабындағы бұл құқықтық норма жеткілікті жұмыс істемей қалды. Оның мынандай қағидатты себебі бар. Өткен ғасырдың 90-жылдарғы еліміздегі демографиялық жағдайдан, халық татулы­ғын ойлағандықтан Консти­туциямыздың 7-бабының екінші тармағында «Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін‑өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норма жазылды. Бірақ оның орындалуының қатаң бақылаудың болмауынан және сан жылдар қордаланған қиыншылықтан әлсіз күйге түскен қазақ тілі көлеңкеде қалып, қоғамда, әсіресе мемлекеттік мекемелерде орыс тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып алды. Ал Ата заңымыздың 93-бабында «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген қағидамен байланысты 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасындағы Тіл (шын мәнісінде тілдер туралы еді, бұл заң орыс тілінде «О языках» делінген) туралы Заңда шындығына келгенде тек ұйымдастырушылық және техникалық шаралар ғана қарастырылды. Батыл құқықтың әрекетке бармадық. Ал ғасырлар қордаланған ана тілдік кеңістіктегі мәселелер бұл шаралармен тіпті шешілмейтін еді. Мысалы, Заңның «Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы» деген арнаулы 6-бабында «Қазақстан Рес­публикасы азаматының ана тілін қолданылуына, қарым‑қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар» деумен, «Тілді құқықтық қорғау» атты 23-бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тілдердің қолданылуы мен дамуына қажетті жағдай жасайды» деген жай сөздермен шектелдік. Осындай әлсіз, қуатсыз сөздермен жазылғандықтан 1997 жылы Қазақстан Республи­касындағы «Тiл туралы» Заңдағы «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қаты­настардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүр­гiзу тiлi» деген құқықтық норма жеткілікті жұмыс істемей қалды. Мемлекеттік тілдің басым­дығын қамтамасыз етуді құқықтық қағидалармен шешудің орнына «Тіл туралы» Заңның 23-бабының екінші бөлігінде: «Тілдің дамуы мем­лекеттік тілдің басымдығын және іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең‑кезеңмен көшіруді көздейтін Мемлекеттік бағдарламамен қам­тамасыз етіледі» деп жаздық. Осындағы «мемлекеттік тілдің басым­дығы» деген мәселе көп ұзамай ұмытылды. Сонан соң мен жиырма жылдан астам осы тіл туралы жазып та келемін, оқып та келемін, бірақ ешбір елдің тіл туралы заңдарынан тілді бағдарлама арқылы шешеміз дегенді оқи да алмадым, көре де алмадым. Ол тілдің де құқықтық нормалар арқылы ғана шешілетінін білмей отырған жоқпыз, тек көзге ілмей отырмыз. Конституциямызда құқықтық мемлекет құрамыз деп жазып отырмыз. Сондықтанқоғамдағы, мемлекеттегі қағидатты мәселелер заң арқылы, құқықтық нормалармен шешілуі керек. Сонымен мемлекеттік тілдің мәртебесін шынайы көтеретін не оның қолданыс аясын кеңейтетін құқықтық нормалардың жоқтығынан және «Тіл – мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін‑өзі басқару органдарында» атты Заңның екінші тарауындағы «Тілдің қолданылуы» атты 6-баптағы «Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және жергілікті өзін‑өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады» деп келгеннен кейін ары қарай «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» дегенді қосудан алдыңғы нормалық қағида тұңшықтырылды. Ал осы баптың екінші бөлігіндегі норма былай жазылды: «Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады». Сөйтіп осылай Заңның 27‑бабының он үшінде алдымен – мемлекеттік тілде, сонан соң қажет болған жағдайда басқа тілдерде деген нормалар жазылып, қазақ тілі қолданыста болатын басқа тілдердің деңгейінен төмендеп, көп тілдердің астында қалды. Мен мұндай, кеші­рерсіздер, жалпақшешейлік нормаларды ешбір елдің заңдарынан көре алмадым. Енді күнделікті өмірде орысша жазғанды қа­зақшаға, қазақша жазғанды орысшаға аударып, қос тілділікті шегіне жеткіздік. Сөйтіп біздер де тіл жөнінен көптеген әлжуаз елдердің қатарында қостілді қоғам, қос тілді мемлекетке айналып, мекемелердегі қазақтарды ғана екі тілде жазуға мәжбүр етіп отырмыз. Осындай және басқа да амалдармен, әсіресе іс қағаздарының көбін орыс тілінен аударылғандармен толықтырып, барлық дерлік облыстар мемлекеттік тілге көштік деп осыдан шамамен он шақты жыл бұрын орталыққа тиісті рапорттарын беріп, «социалистік міндеттемелерін» мерзімдерінен бұрын әрі асыра орындап шыққан болатын. Сөйтіп, мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілі екінші кезекке ығысты. Күнделікті өмірде қазақ тілі негізінен аударма тіл болып, соңғы жиырма жылдан астам уақытта негізінен осылай келе жатырмыз. Осы сәтте біз мемлекеттік тілде сөйлемейтін мемлекеттік билік «заңсыз билік» деп есептейтін әлемдік тәжірибені ескере бермейтінімізді де айта кетсем артық көрмеңіздер. Соңғы жылдары да тілдік кеңістікте қайшылықты жайлар аз болған жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыздың ұрпағымыз үш тілді білсін деген ұстанымынан туған «триединствоязыков» деген орыс тіліндегі сөзді «саясатшыл» аудармашылар «үш тілдің бірлігі» деп аудармай, «үш тұғырлы тіл» деп аударып, қоғамды біраз әбігерге түсірді. Елбасының ойында ұрпақтарымыз үш тілді біліп қана қоймай, сол тілдердің иесі халықтардың тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, ғылымы мен ілімін т.б. біліп жатса, біздің қоғам өркениеттің жаңа бір сатына көтерілер еді деген үміт болатын. Ал Білім министрлігінің бұрынғы «көреген» басшылары «үш тұғырлы тілдерді» қашан, қалай оқытуды ойлай қоймай, балабақшаның 4-5 жасар балаларынан бастап, тіпті ондағы қаракөз ұл‑қыздарымыздың көпшілігі өз ана тілін білмей отырғанда, үш тілді үйретуге тапсырма беріп, орындатты. Менің бұл мәселені айтпаған, жазбаған жерім қалған жоқ. Бұл қателік соңғы кезде жөнделе бастады. Бірақ үш тілде білім береміз деген пікірлер жалғасуда. Бұл қате пікір. Үш тілде оқыту деген баланың қазақ, орыс және ағылшын мектептерінде оқытуды айтады. Ал біздегі мақсат – ұрпағымызға үш тілді үйрету. Мен сіздерге ұлттық қасиеті, рухы әлдеқайда басым Литва халқы өздерінің 1995 жылғы 31-ші қаңтарда қабылданған Заңдарының «Білім және мәдениет» деп аталатын төртінші тарауының 11-ші бабында орысша былай деп жазды: «Государствогарантируетнаселение ЛитовскойРеспублики право наприобретениеобщего, профессионального образования, образования верхнего уровня и высшего образования на государственном языке». Ана тіліміздің мәртебесін түсіретін тағы бір жайға тоқтай кетейін. Жоғарыда аталған 1938 жылғы ­13 нау­рызда БКП(б) ОК мен КСРО Халық Комиссариатының «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысынан кейін өзіміздің «белсенділер» елімізде орыс тілін жандандыру үшін жаратылыстану пәндерін орысша оқытуға ұсыныс жасаған болатын. Үш тұғырлы тілге байланысты енді жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытып жатырмыз. Сонда бұл пәндерді ұрпағымыз қазақ тілінде білмеуі керек пе? Мен осыдан кейін мынандай ойға келдім: ана тілі мәселесінде біз сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы түсініктен алысқа кете қоймаған екенбіз. Біздің қоғамда қазақ тілінің тағдырына келгенде ауытқуымыз мықты. Қазір мемлекеттік тілімізді үшінші кезекке ауыстырдық. Құдай қаласа, қытай тілін ендірсек, ана тіліміз үшінші орыннан төртінші орынға «көтерілетін» шығар. Осылай ұлттық құндылығымыздың өзегі – ана тіліміздің тағдырын саудаға салған кездеріміз бұрын да аз болмап еді, қазір де ол жалғасып келеді. Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асса да осындай ана тілдік кеңістіктегі күрделі мәселелер білім маңындағы басшыларымыздың біресе олай, біресе бұлай ауытқулары, ана тіліміздің тағдырына қалай болса, солай қараулары, ана тіліміз ұлттық құндылығымыздың өзегі, ұлттық кодымыз екенін ұғына бермеулерінен, тиісті бағалай алмауларынан туындап отыр. Сөйтіп өз тілімізге өзіміз ие бола алмай келеміз. Осы сәтте назарларыңызды мынандай бір мәселеге аудара кетсем деймін. Ағайындар, тіл – халықтың басты рухани байлығы. Мұны билік жүйесінің монополиялауға құқығы жоқ. Тілдің күрделі мәселелерін оның иесі халықпен ақылдасып шешіп отыру қажет. Билік тіл мәселесін алдымен оның өзінің иесімен, маман ғалымдармен ақылдасып шешкен дұрыс. Бұл әлемдік тәжірибе. Мысалы, кезінде Канадада қос тілділікті енгізгенде, ол қоғамда жас ұрпақтарды қиын жағдайларға әкеліп, балалардың психикасына әсер етіп, тіпті олардың өздеріне қол салуы күшейе түскенде халық наразылығын байқаған мемлекеттік билік жедел шара қолданып, қостілділікті жойған. Ал бізде билік тарапынан әртүрлі тықпалау басым. Әсілі ұрпақтарымыздың қай тілді оқитынын халықтың өзі шешуі керек. Билік тілдің қолданыс аясының кеңейе түсуінің, құқықтық қорғалуының заңдық мәселелерімен айналысқаны дұрыс болар елі. Міне, мемлекеттік мәртебеге осыдан 30 жыл бұрын ие болған қазақ тілінің жағдайы осы. Тілдер туралы заңдардың дұрыс жұмыс істемеуіне, мамандар ең алдымен заң нормаларындағы қателіктер кінәлі дегенді де айтып жүр. Сондай‑ақ, қазір мемлекеттік тілдің дәрежесі өз деңгейінде емес деген пікірлерді дәлелдеудің қажеті бола қоймас. Оны тіпті, өз мекемелеріңізден күнделікті көріп жүрсіздер. Меніңше, мұның барлығы бүгінгі мемлекеттік тілдің жағдайы, оның қолданыс аясын кеңейте түсетін тиісті құқықтық нормалардың, тіл саясатын жүзеге асырудың заңдық тетіктері мен нақты шараларының жоқтығынан болып отыр. Шынына келгенде, қабылданғанына жиырма жылдан асқан, яғни 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заң енді қазақ тіліне тұсау болғаннан басқа қызмет етіп отырған жоқ. Осындай жағдайды осыдан он үш жыл бұрын сезген, яғни 2006 жылы 11 мамырда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты сұхбатында бүгінгі қазақ тілінің тағдыры, оның бүгіні мен болашағы туралы айта келіп, «заман талабына сәйкес «Тіл туралы» Заңды қайта қарап, қажет болса, тиісті өзгерістер енгізу керек» деген болатын. Содан бері селт еткен ешкім де, еш мемлекеттік мекеме де болған жоқ.Түсініксіз… Бүгінгі зерттеушілердің айтуына қарағанда Қазақстандағы қазақтардың 60 пайызы орыс тілінде сөйлейді. Өйткені, қоғамда қазақ тілдік орта қалыптаса алмай отыр. Қазақ мектептеріндегі ұл‑қыздарымыздың өзі үзіліс кезінде орыс тілінде сөйлейді. Аралас мектептер республикадағы мектептердің 20 пайызынан азаятын емес. Орыс сыныптарында отырған оқушылардың басым бөлігі – өзіміздің ұл‑қыздарымыз. Ақмолаға көшкенде кейбіреулер бұл қала келешек қазақ тілді болатын болды деп қуанып еді. Елордамыз бұл бағытта өңірдегі орталық қалаларға үлгі көрсете алмай отыр. Оны күнделікті өмір нақты көрсетіп отыр. Тіпті жарнамаға дейін Мәскеуде дайындалып, көшелерімізде сол жақтың кісілерінің бейнелері тұрады. Тәуелсіздік әзір тәуелсіз сананы қалыптастыра алмай отыр. Әзір ояна қоятын түріміз жоқ. Сонау өткен ғасыр басындағы Міржақып Дулатұлының «Оян қазақ» дегенінің күні туып тұр. Тарих қайталанды деген рас екен ғой. Осы жерде Мұстафа Шоқай­дың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуел­сiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi» деген сөзін назарларыңызға сала кеткенді жөн көріп отырмын. Енді бұл жағдайдан шығар жол қайсы? Президентіміз ең бірінші қазақ тіліне көңіл бөліп, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болуы керек деді. Сол себепті, латын әліпбиін ендіру бағытындағы жұмысымыз нәтижелі болуы үшін халқымыздың бетін мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тіліне бұруымыз аса қажет. Бұл – медальдің екі бетіндей үдеріс. Бірінсіз бірі жоқ. Бұл үдерісті Конституцияның 7-бабының екінші тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін‑өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норманың алып тастаудан бастау керек. Шынына келгенде, мұндай конституциялық өзгерістің өзі ғана қоғамда мемлекеттік тілдің қолданыс аясының елеулі кеңеюіне жол ашады. Мұндай қадамға бара алмасақ, мемлекеттік тіл мен латын әліпбиі мәселелері ойлағанымыздай нәтижелі болмайды. Сонан соң, мемлекеттiк тiл туралы заң қабылдауға кірісуіміз қажет. Ол нәтижелірек болуы үшін орыс тілін үшінші, ағылшын тілдерін бесінші сыныптардан бастап оқытуымыз керек. Онсыз қоғамымызда қазірдің өзінде сан түрлі топқа бөлініп отырған қазағымызды тағы да латын әліпбилі, кирилицалы деп бөлуге көшеміз. Құдай, оның бетін аулақ етсін. Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдарының докторы, профессор qazaquni.kz