Балалар ҰБТ-ны эшафотқа бара жатқандай қабылдамауы керек - Дәурен Абаев
2019 ж. 21 маусым
1697
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҰБТ-ны өткізу тәртібі туралы Білім және ғылым министрлігі бірнеше рет түсіндірді, есеп берді. Ал оның тапсырмаларын жеңілдетуге шақыру дұрыс емес. Бұл, түлектердің дайындығын әділ тексеру мүмкіндігінен айырады. Балаларды ҰБТ-ға пәндер бойынша ғана дайындамай, психологиялық тұрғыда да пысықтаған жөн. Олар өздерін эшафотқа (дарға асылатын адам көтерілетін тұғыр) бара жатқандай сезінбеуі тиіс. Ата-аналар да қысым жасап, баланы абыржытады. Бала өмірде бұдан да қиын кедергілерге кезігуі мүмкін. Ата-ана үнемі қиындықтан құтқарып жүре алмайды», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Сонымен бірге, министр соңғы жылдары ҰБТ-ға көптеген өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
«ҰБТ жүктемесін азайтып, сәтсіз тапсырғандарға көмектесу үшін ҰБТ-ға көптеген өзгерістер жасалды. Бұл шешімдер жыл сайынғы жағдайды саралау арқылы қабылданды. Мәселен, қазіргі уақытта тестілеуден бір рет емес, жылына 4 рет - қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өтуге болады. Осының өзі балаларға үлкен көмек деп ойлаймын. Ал Қытайда экзамен 2 күн өтеді. Онда тіпті су алып кіруге болмайды. Шпаргалкамен ұсталған бала қатаң жазаланады, оған қайта тапсыруға мүмкіндік бермейді және оқуға түсуіне тыйым салады», - деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда мектеп түлектерінің алғашқы легі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруды бастады. Мемлекеттік білім грантынан үмітті жасөспірімдер 20-30 маусым аралығында бақ сынай алады.