ШҚО-да жауын соңы тасқынға ұласты
2019 ж. 12 маусым
1983
0
Шығыс Қазақстанның Глубокое ауданына қарасты Черногорка ауылына су жайылып кетті, деп хабарлайды baq.kz.
Синоптиктердің айтуынша, кешегі бір күннің өзінде Шығыс Қазақстанға бір айлық жауын-шашынның 23%-ы түскен. Жылдың бұл мезгілінде айлық мөлшер 43 мм екенін ескерсек, кей жерлерде бір күн ішіне жауын көлемі 10 миллиметрге жеткен. Толассыз жаңбырдан Глубочанка өзені арнасына сыймай, салдарынан жағалауға жақын 10 аула мен 4 үйге су кірген.
«Өзен арнасының тарлығы тасқынға себеп болды. Жылдар бойы су жолы ағаш пен бұтаға толып, арнаның табаны таяздап кеткен. Төтенше жағдай қызметі жергілікті әкімдікке өзен арнасын аршу керектігін талай рет ескерткен болатын», - делінген төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда су деңгейі түскен. Ал төтенше жағдай қызметі су алған аула мен үйлерді сорғытып жатыр. Дегенмен, синоптиткер өңірде жауын-шашын әлі сақталатынын ескертіп отыр. Кей жерлерде толассыз нөсер өзге де өзендерді арнасынан шығарып, сел туындатуы мүмкін.
Еске салсақ, 2018 жылдың көктемінде осы Глубочанка өзені тасып, бойында жатқан бірнеше елді мекенде ондаған үйге су кірген болатын.