Нұргүл Рамазанқызы: Қазақ медицинасының болашағы зор екеніне сенемін

Нұргүл Рамазанқызы: Қазақ медицинасының болашағы зор екеніне сенемін

Нұргүл Рамазанқызы, «Шипа клиник» медицина орталығың құрылтайшысы, сынықшы, медицина ғылымдарының докторы:

Қазақ медицинасының болашағы зор екеніне сенемін

Нұргүл ханым, әуел әңгімені өзіңіздің өмірдерегіңізден бастасақ, атамекенге қай жылы оралдыңыз?

– Мен 2010 жылдың қыркүйек айында елге оралдым. ҚХР ШҰАР Іле қазақ автономиялы облысының Құлжа ауданында дүниеге келдім. Қарапайым отбасында өстім. Әкем шаруа қожалығында, анам әкімшілікте жұмыс істейтін. Біз үйде төрт ағайындымыз, мен үйдің үлкенімін. Балалық шағымда еш қиындық көрмей, ата-әжемнің қолында еркелеп өстім. Атам мешіттің имамы еді, қажылыққа барған кісі. Әкем ұлдан жалғыз болған соң үйдің үлкен немересі деп мені ата-әжемнің бауырына салған. Атамды жанымдай жақсы көрдім, марқұм менің 15 жасымда дүниеден өтті. Маған өмірде көп нәрсені үйретіп, қазақы тәрбие-танымның нәрін сіңіріп кетті.

Қытайда мектепті аяқтаған соң Шанхай қаласындағы белді жоғары оқу орнында медицина мамандығы бойынша 10 жыл білім алдым. Атамекенге оралған соң Асфандияров атындағы Медицина университетінде магистратурада оқыдым. Түркия мемлекетінде өз мамандығым бойынша докторантураны аяқтадым. Қытайда және Қазақстанда бес рет қатарынан «тамыр ұстау арқылы диагноз қою» сайысында жеңімпаз атандым. Былтыр Президент жарлығымен «Құрмет орденінің» иегері атандым.

- Қазақ емшілігіне қалай келдіңіз?

   – 18 жасымда жайлауда әкемнің аяғы сынып, оны өзім салдым. Яғни, мен тамыр ұстаудан бұрын, сынықшы болдым. Кейін дәрігерге барып тексерілгеннен кейін «аяғыңызды жақсы салған екен» депті. Мен сол кезден бастап өзіме сенімді болып, сынық сала бастадым. Осы қасиетімді сезіндім. Бастың жігін салып, жатырды көтеру, бел омыртқаның тайғанын салу, қолдың шыққанын салу–сынықшылық өнерімнің негізі.

Біздің ауылда медбике болмай,17 жасымда анамның тамырын тауып, система салдым. Кейін келе ауыл аралап, системасы салынбай қалғандарға көмектесіп кісі қарап кеттім. Сол кезде ауылдағылар мені “кішкентай Нұргүл дәрігер” деп атайтын.

   Жалпы, медицина мамандығы атадан балаға жалғасады, тұқым қуады,- деп жатады. Бұл-шындық. Себебі, тамыр ұстау - ата-бабадан, тектен келетін қасиет. Бірақ менің өз жұртымда да, нағашы жұртымызда да дәрігерлер жоқ еді. Жаңа туыла салғанда тым әлсіз болыппын (2 кг 300 грамм), анам сол туытта реанимацияға түсіпті. Сол кезде мені медбике болып қызмет істейтін Нұргүл деген апай үш күн бойы өзі баққан екен. Анам есін жиғанда әкем менің есімімді сол медбикенің құрметіне Нұргүл деп қойыпты. Сол сәттегі болашақта дәрігер болсын деген әкемнің тілегі қабыл болған сыңайлы.

   Халық арасында тамыр ұстап, сынық салып жүріп, менің шын атым Нұргүл болса, бір атым «Халық» болып танылдым, «Тірі МРТ» деп те атап жатады сыртымнан. Сол үшін де таңдаған мамандығыма ешқандай өкінішім жоқ. Халықтың ортасында адал еңбек етіп жүргеніме, бір адамның болса да алғысын, батасын алып жүрген күндеріме ризамын. Қашанда адам өзінің таңдаған мамандығын сүюі керек, себебі сол арқылы ол болашағына бағдар алады, өмір баспалдағын қалайды, қоғамға пайдасын тигізеді.

- Сізге адамдар көбіне қандай дертіне ем іздеп келеді? Адам емдеп жүріп, әртүрлі әсерлі жағдайларға кездесетін боларсыз?

   – Әйелдердегі бедеулік, ерлердегі белсіздікті көп емдедім. 2000-нан астам әйелдің балаларына кіндік ана болдым. Сондай-ақ жүйке жүйесі, буын ауруларын, асқазан жараларын көп емдедім. Біздің клиникадан онкологиядан 150-ге жуық адам емделіп, жазылды. Бүгінгі күнге дейін Ресей, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінен және өз еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген адамдар ем алуға келеді.

  Ерекше есімде қалған мынадай бір жағдай болды. Осыдан 6 жыл бұрын бір кісінің тамырын ұстап, бедеулік сырқаты бар екенін білдім. 10 жылдан бері бала көтере алмай жүр екен. Білгенімді айтып отырғанымда, ол әйел аяқасты ашулана кетіп, менің адресіме ауыр сөздер айтты. Сасқанымнан, сенбесеңіз дәрігерге барып тексеріліңіз,- дедім. Жаңағы кісінің тосын мінезін көріп, іштей абдырап қалдым. Ол маған расында сенбеген еді. Келесі күні ұялып келіп, кешірім сұрады. Әрі жалғасты емін алып, дертінен құлан-таза айығып, кейіннен сәбилі болды. Осыдан кейін кейбір адамдарға дәлелдеу қажет екенін түсіндім. Сол үшін де қазір науқастың тамырын ұстаған соң, бірінші кезекте анализге жіберетін болдым. Намыр ұстап қойған диагнозымның айна қатесіз екеніне көзі жеткендері таңғалыстарын жасыра алмай жатады. Ал мен үшін бастысы алдыма келген адамның диагнозын дұрыс қойып, дертінен айықтыру.

    Тағы бір оқиға: сап-сау жүріп аяқ астынан есінен ауытқып, «бұқпа» ауруына душар болған бір пациентім болды. Ол кісі ұстаз болған екен. 1-ақ күнде тамағынан ас өтпей, тілден қалып, психологиялық тұрғыда ауытқуға ұшыраған. Отбасындағылар ол адамнан уақыт өте келе үмсіттерін үзіп, шаршаған соң маған емдетуге алып келеді. Алайда кейінен өздері біраз уақытқа жоқ болып кетті. Мен сол кісіге ине қойып, дәрі-уколын егіп, психологиялық тұрғыдан да, шөп дәрілермен емдеп, бар-жоғы 3 айда дертінен құлан-таза айықтырдым. Өмірі арнаға түсті, мұғалімдік қызметіне қайта оралды. Ауруынан түбегейлі сауығып, қалыпты жағдайға оралды. Әлі күнге алғысын жаудырып, хабарласып тұрады. Бір емделушім дерітнен айықса мен үшін ол зор қуаныш, зор бақыт.

 - Қазақ емшілігінің дамуына аса мән берілмей келеді. «Қазақта медицина болмаған...» дейтіндер көп. Осы жайында пікіріңіз қандай?

   –Иә, кейбіреулер қазақтар тек жайлауда мал бағып жүрген, ғылымнан, медицинадан хабары болмаған деп ойлайды. Қазақ медицинасын мойындамайтын қаншама адамның бүгінде ойлары өзгерген. Қытайдағы қандастардың қазақ медицинасын дамытуға қосқан үлестері зор. Қытайдың ШҰАР Алтай аймағында Қазақ емшілігінің арнайы жоғары оқу орны бар. Қазақ емшілгін Қазақстанға алып келген ақ халаттылардың қатарында өзім де бармын.

  - Қазақ медицинасының болашағына көзқарасыңыз қандай? Деңгейі көрші қырғыз елінен төмен деп жатады. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасымен шет елде оқып келіп жатқандар қаншама?! Олардың біздің медицинамызды әлемдік деңгейге көтеруге үлестері бола ма?

 - Медицина саласының үздіктері тізе біріктіріп, Қазақ медицинасын, қазақ емшілігін пән ретінде ашуды жолға қойып, насихаттаса деймін. Қазақ медицинасының болашағына деген менің сенімім мол. Қазақ медицинасын бәріміз бірге қолға алсақ нұр үстіне нұр. Ұлтымыздың дәлелденген, керемет дамыған емшілігі бар, тек соны жүйелеу қажет, «Қазақ медицинасы» деген бренд қалыптастыруымыз қажет. Бізде мамандар да жеткілікті, тек әдістеме дайындалса, орталық ашылса болғаны, қазақ медицинасының дамып кетері сөзсіз. Қазақстан табиғатында 200-ден астам дәрілік-шөпті өзіміз пайдаланып, түрлі дәрілер жасап отырмыз. Қазақ медицинасын әлемдік деңгейге көтеруге әбден болады. Бізде соны көтеруге дайын мамандарымыз да бар. Арасында шетелден келген қандастар да жетерлік. Болмағанда бір мектеп ашып, мамандардың басын қоссақ, жүйелесек, маман дайындасақ деп ойлаймын.

  - Егер сондай орталық ашылып, сізге ұсыныс келіп жатса, сіз дайынсыз ба?

 - Бір мектеп ашылып, «сіздің біліміңіз халыққа қажет», «халық сізді таниды» деп жатса, әрине мен дайынмын. Бұл іске қуана-қуана үлес қосар едім, білгеніммен бөлісер едім.

- Қазақтарда қандай ауру түрлері жиі кездеседі?

- Қазақтарға ортақ ауру – суық тию, не көз тию. Тағы бір ортақ ауру- қан қоюлығы. «Ауру астан дегендей», кешке қарай етке тыңқия тойып, жатып қаламыз, соның салдарынан ас қорыту баяулайды, бауырды май басады, содан қан тамырдың тараюуы келіп шығады да, ұйқы безі үлкейіп, қан қоюлығына алып келеді. Еркектерде де, әйелдер де жиі кездесетін қарнының қампаюы, салақтауы осы бір аурудың салдарынан. Екіншісі - бүйрек ауруы. Қазір әйелдерде бедеулік, ерлерде белсіздік дерті артып кетті. Бүйрек қызметін жақсарту үшін адамда артық салмақ болмауы, табаннан суық өтпеуі қажет. Көптеген адамдарда ас қорыту жүйесінде өспе бар. Мұның бәрі бір ауыз сөзбен айтқанда қимыл-әрекеттің аздығынан, жалқаулық, дұрыс тамақтанбау, дұрыс ұйқының болмауы, суық тигізудің әсерінен болады.

 - Көпшілік қауымға мәлім, пандемия кезінде вирус жұқтырғандар санының артуынан ауруханалардан орын табылмай жатты. Сол кезде жұрттің көбі қытайдан келген қазақтардың жеке клиникаларынан ем іздеп кетті. Коронавирус жұқтырғандардың біразы шығыс-тибет медицинасына жүгініп жзатты емес пе?

 - Шығыс-Тибет медицинасының негізі бойынша, коронавирус алдымен орталық жүйке жүйесіндегі нервтерді өлтіреді. Сол себепті иіс, дәм сезбеу, қан қоюлану белгілері пайда болады. Қытайдан келген дәрігерлер осы белгілермен күресе отырып, емдеу жолын дұрыс көрсете білді. Барлығы тек иммунитетке байланысты. Дегенмен, сақтық керек, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, әрқашан қимыл-қозғалыста болған жөн. Коронавирус бүкіл халықты алып кететіндей күрделі әрі айықпас ауру деп айтуға келмейді, оның дамуы организмге тіклей баланысты.

 - Жалпы Шығыс медицинасы мен Батыс медицинасының ерекшелігі мен айырмашылығы неде?

 - Шығыс медицинасында нүктелі емдеу әдісі жақсы дамыған. Системалары ауыр емес, көбіне шөптерден жасалады. Ал Тибет медицинасын негізінен «Шөп медицинасы» деп айтуға да болады. Шөп дәрілер және психологиялық әдістер қолданылады, сенімге кіру арқылы емделушімен жұмыс жасайды. Батыс медицинасында гармондық, синтетикалық дәрілерді көп пайдаланады. Химиялық жолмен әзірленген, кері әсері бар дәрі-дәрмек ауырған органды жазып береді. Есесіне басқа бір орган ауруын (жоқ «дүниені») бар қылып, өзіңізге қайта жаңа сырқат тауып береді. Осылайша, бір ауру екінші аурумен алмастырылды. Сонымен бірге, заманауи медицинада бір жерің шіріп бара жатса, кесіп тастай салуды тиімді жол санайды. Кесіп тастаған жердің қызметін ештеңе алмастыра алмайды. Кейде адамдардың қарсылық қуатымен ешқандай ойласпайтын медицина түрі деп ойлаймын. Батыс медицинасына қарағанда шығыс медицинасының, қазақ емшілігінің емдеу процесі ұзақтау болғанымен өнімді әрі шипалырақ.

- Онкологияның қай сатысын емдейсіздер?

 - Онкологияның бірінші, екінші сатысын нәтижелі емдеп жатырмыз. Үшінші, төртінші сатысында химияға жіберіледі, содан кейін келіп бізден емді жалғастырас болады.

- Қытай халқы өзінің шығыс медицинасына қаншалықты жүгінеді?

 - Қытайлардың 90%-ы шығыс медицинасына жүгінеді. Жалпы адамның организмінде иммунитетті ұстап тұратын ішектерге су өте қажет. Қытайлар үздіксіз жылы суын ішеді, кешке аяқтарын жылы суға булайды. Жандарын жақсы күтеді. Соңғы жылдары Қытайда жасы 90-100-ден асқан қарттардың қатары артып келеді. Қытай халқының өз медицинасына деген сенімділігі мен табынушылығы өте жоғары деп сеніммен айта аламын.

 - Біздің елде алтын ине, хиджамаға адамдар жиі жүгініп жатады, осы дұрыс па?

 - Ине қою – Шығыс медицинасында дамыған сала. Бұл нүктелі емдеу түріне жатады. Инені тек бір рет қана пайдалану керек. Ине емін алған адам жылы киініп, дұрыс тамақтанып, үнемі қимыл-қозғалыста болуды ескеруі керек. Хиджама мен инені нағыз білікті маманға қойдыру керек. Ем дұрыс қолданылса әрине шипасы болары сөзсіз.

 - Сіздің шеттен келіп жатқан жеке медицина орталықтарына көзқарасыңыз қандай?

 - Қытайдан келген медицина саласында жүрген мықты мамандарымыз бар. Көбі негізінен жеке клиника ашып алған немесе жеке клиникаларда жұмыс жасайды. Мемлекет сол кісілерге назар аударса, олардың білгендерін халық игілігіне көрсетуге жағдай жасаса екен деймін. Қызмет күтіп отырғандары да қаншама?! Олардың білім деңгейі Қазақстанда оқыған дәрігерлерден артық болмаса кем емес. Өйткені Қытайдың медицинасы әлемде жетекші орында. Онда білім алған қандастардың медициналық білім әлде қайда жоғары. Көп кісілердің жұмыссыз отырғанына қарным ашады. Олардың арасында медицина ғылымдарының докторы, профессорлары да бар. Білгенімізді үйретсек дейді, дегенмен «бармақ басты, көз қыстыменен» қалып кетіп жатады. Осы күрмеуі шешілмеген мәселе алаңдатады.

 - Өзіңіздің шипагерлік орталығыңыз туралы айта отырсаңыз.

   –Қазақстанда ең алғаш «ҚазақМед» медицина орталығын аштым. Ауырып ем іздеген талай жанға араша болдық. Ал қазір «Шипа клиниктің» жұмысын жандандыруға үлес қосып жүрміз. «Шипа клиник» Батыс пен шығыс емі теңдей қолданылады. Шетелде білім алған тәжірибелі, білікті дәрігерлеріміз бар. Біздің емханада массажбен біріктірілген ем түрлері бар. Одан бөлек шөп дәрі беру, система салу, ине салу, массаж жасау т,б көпетеген емдік шараларды қолданамыз.

 - Қазақстанға келгелі жеткен жетістіктеріңіз жайында айта отырсаңыз. Өз салаңызда алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?

- Еліме оралғалы шөп дәрілерді зерттеу, дәрі жасауды қолға алдым. Өспе ауруларына ем болатын шөп дәрілерді жасаумен айналысып келемін. Асқазан жарасын емдеуге арналған жеке рецептегі, авторлық дәрілерм бар. Атамекенге қоныс аударғалы тамыр ұстап, диагноз қоюдан түрлі шипагерлік жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атандым. Түркиядан, Өзбекстаннан, Қытайдан, Қазақстаннан бірнеше рет алған жүлдем бар. Былтыр, еңбегім бағаланып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденін алдым. Мұнымен тоқтап қалмай, ары қарай халқымның денсаулығын сақтау жолында қызмет ете берсем деймін.

  Шәкірт тәрбиелегім келеді. Алайда қазіргі таңда жастардың басым бөлігі жалқау, яғни, ізденімпаз, еңбекқор емес. Өз мамандығын сүйетін адам болмаса, үйреткеніңді қабылдайтын, әрі қарай алып кетенідер некен-саяқ. Шәкірт тәрбиелеу ойымда бар әрине. Білгенімнің 50,60% сіңірсем, ары қарай менімен бірге селбесіп, «ұстазымның үйреткені еді» деп еңбегінің жемісін көріп, халыққа пайдасы тисе деймін. Бәрін уақыт көрсетеді.

 - Халық денсаулығы хақында берер кеңесіңіз қандай? Аурудан қалай сақтану керек?

- Бір ұлт ретінде ұрпақ алдына жауапкершілік арқалаймыз. Ұрпағымыздың қаны, жаны таза болсын десек, жалқаулық, ішімдікке салыну, дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы мен телефон лазерінің ағзаға әсерінінің алдын алу қажет. Қазіргі таңда орталық жүйке жүйесінің шаршауы, бұзылуы сынды ауру түрлері жиі байқалады. Шаршау, енжарлық, ұйқысыздық немесе ұйқының көбеюі, сергек болмау, ұмытшақтық өте зиянды... Мұның бәрі жүйке ауруының алғы шарты. Сондықтан «аурып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, денсаулықты күтуді дағдыға айналдыруымыз қажет. «Пандемия», «Қаңтар оқиғасы» кезінде қаншама отандастарымызды жоғалттық? Дені сау, рухы мықты қазақ қана – Мәңгілік елдің тірегі. Елімізде денсаулық мәдениетін қалыптастыруға атсалысайық. Денсаулықтың, амандықтың зор құндылық екенін естен шығармайықшы.

Нұрсәуле МАМЫТХАН, 

Қазақ үні