ӘРУАҚТЫ ҰМЫТУ - ТАРИХТЫ ҰМЫТУ! ..

pageid5_bekbolat_tleukhan11

Аллаға серік қосу мен

тарихты қорғаудың

арасы жер мен көктей екенін білесізбе,

БЕКБОЛАТ АҒА?!.

Ассаламағалейкум, аға! Сізді Арқаның алтын сақасына балайтын қазақтың қара домалақ баласымын. Сіздің күңіренген қобызыңыздың сазды үнімен ержеттік. Адуынды жырларыңыздан рух алып, азаматтық ойыңызбен намысымды жаныдық. Қа­зақ сахнасына Бекболат көтерілгенде үй-ішімізбен мәре-сәре болып, бір жасап қалатынбыз. «Алланың бары ақиқат, Мұхаммед (с.ғ.с) оның елшісі».

Біздің бар бағдарымыз қазақтықпен, мұсылмандықпен ас­та­сып жатқандай көрінетін. Тәуелсіздіктің арбасы сықырлай жылжыған тұста, сананың түк­пірінде жасырулы тұрған мұ­сыл­ман­дығымыз бой көтерді. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді». Оралхан көкем айтқан «іздегенімізді тапқандай» бол­дық. Соңғы кезде ауыр ойдың астында тырбаңдап қалатын болып жүрмін. Қазақ даласында «біз сенетін ислам мен сіз сенетін ислам» деген ұғым пайда болыпты. Әркім өзінше отау тігіп, ошағын бықсытып жатыр. Бықсыған оттың ысы танауымызды алып қалды. Бұл шаланың жалындап жанбасына кім кепіл? Қазақтың сан ғасырлық ақтаңдақ тарихы мен бүгіні өрттің астында қалса, оның шырпысы, я отыны біз, яғни жастар болмасына кім кепіл? Жастарын нақақтан-нақақ күйдірген елдің тәуелсіздік туының құламасына кім кепіл? «Ақша» құдай

«Иманы күшті елдің — өзі де күшті». Қазір қазақты (бүгінгі тілмен айтқанда тілін кәлимаға келтірген мұсылман бауырды) не қорқытады? Имансыздық па, жоқ әлде?.. Әрине, мұндай ой ойлағым келмейді, аға! Сонда да ой деген шіркініңіз жағамнан алып, қос қолдап буындырып барады. Олар имансыздықтан емес, қазақы танымнан қорқып жүр. Қазақы түсініктен, қазақы ойлаудан, қазақы жүруден, қазақы күлуден, қысқасы қазақы өмір сүруден… Неге? Себебі, қазір жоқтан өзгеге «Аллаға серік қоспа» дейтін дүмшелер көбейіп кетті. Қай қазақ Аллаға серік қосып, аспан мен күнге табынып еді? Қай қазақ пұтты құдай етіп еді? Қазақ үшін бір Алла бар. Абай айтатын «Өзгесі Хаққа жол емес». Жарайды делік. Бұл үлкен күнә. Сол үлкен күнәнің күнә екенін дәлелдеу үшін, неліктен бір ұлтты жұдырықтың астына ала береміз. Бекболат аға, түсініктілеу болсын. Өткен жылы Алматыдағы Сауд-Арабия елшілігіне дін үйретеді деген соң, барып едім. Бәлкім, жоғалтқанымды табармын деп ойладым. Шындығын айтайын, дін емес қазақ ұлтына деген өшпенділікті үйрендім. Бәрін сағызша созып қайтейін. Бірақ, мысал. Сол жердегі шейхтердің бірі: «Қазақ немере қарындасты әйелдікке алуды, астафыралла Аллаға серік қосудан да үлкен күнә деп біледі» — деп сол жиынға келген қара домалақтарымызды күлкіге кенелтіп отыр. Төрелігін өзіңіз айтыңызшы… «Шариғат қосады екен немерені». Мейлі, солай-ақ болсын. Енді осы ұғымға қиынан қиыстырып, Аллаға серік қосу ұғымын кіріктірудің қажеті қанша? Қазақтың жерінде отырып, қазақты, қазақтың кереметтей салтын келемеждеу кімге керек?. Осы ма, біз сүйетін «ислам» (тырнақшаның ішіндегі, әрине)? Шынайы исламды, яғни ізгілікті үйрететін болса, екеуін екі бөліп түсіндірмей ме? Екеуінің арасында кереметтей байланыс та жоқ қой. Екі түйені сүйкендіріп, ортасында шыбын жанды шырқыратып отыр. Анығында, қазір ғибадатымыз ақша табу… Бәріміз «көк доллардың құлы» болып жүрміз. Ақиқатты айтқыш болса, неге осыны сөз етпейді. Неге біз осы қазақты қаралай береміз?

«Ешкі сақалды шегірткелер»

Бекболат аға, сырласар жан таппай жүрмін. «Аяз би әлін, құмырсқа жолын біледі». Қазақты жаппай имансыз деп танитындар да жетерлік, білесіз бе?. Ондай құзіретті оларға кім бергенін бір Алла біледі. Оларға сыр айтсаңыз аяғыңды аспаннан келтірері сөзсіз… Алла имансыз елге ұлан-ғайыр атырапты, осындай жеті атасына дейін бір-бірін бауырым деп танитын бауырмалдылықты, кеңдікті, ақжарқындықты, дархандықты берер ме еді? Ешкі сақалды иектері ербеңдеп, шапандарының етегіне шалынып жүргендері қаперлерінде де жоқ, қазақты жамандауда алдына жан салмайды, пақырлар. Тәуелсіз ойлана алмайтындар, тәуменді қалыпта қалады екен. Сырттары мұсылман, іштерін бір Алла біледі. Оған ауыз емес, болмыс жауап беру керек. «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да дінде жоқ». Мұсылманның үндемегенінің өзі дағуат. Нағыз мұсылман қасыңа келсе, «мен де неге осындай болмасқа» деген ой жетегіне еруіміз керек қой. Жоқ, керісінше, қазақтың егінін жайпап өткен «балағын түрген шегірткедей» түрлеріне қарап жиырыла қаламыз. Айтатындары бір нәрсе. «Ұра берсе Құдай да өледі» деуші едік қой (Бұл біреулер ойлағандай тікелей Құдайдың өлуі емес екенін, керісінше Құдайға деген сенімнің көмескіленетінін, оны КСРО кезінде анық байқағанымызды есі бар қазақ түсінеді). Сол айтпақшы, ұра берсе, ұлт та өледі екен. Бекболат аға, олар атасының кегі бардай қазақтың ата бабасының әруақтарымен ойнайтынды шығарды. Неге? Өйткені, ұлттың ең нәзік һәм жанды жері сол. «Тірінің аманы жоқ, өлінің жаманы жоқ». Оны олар ойлағысы да келмейді. Сәл билік берсе, бәрін, бәрінің мазарларын күреп тастамақ. Игілік үшін күресіп, елдің жадында сақталған әруақтарды қабірінен тұрғызып, қылыштаспақ. Сөйтіп, оның «өлік» екенін дәлелдемек. Ау, кешегі Пір Бекеттің, Қожа-Ахмет Яссауидің, Арыстан бабтың, бергі Әлмерек пен Райымбектің не кінәсі бар? Ел құрметіне кенелген тұлғалар осы жерде исламның таралуына, я елінің жат дінділерге кіріптар болмауына қанын төкпеп пе еді? Бұл да біз сүйетін «шынайы исламның» (тырнақшаның ішіндегі) сыпаты ма? Мұсылмандықты түсіндірер болса, басқа ғибратты, абзал істер аз ба еді? Егер елдің бәрі «мола кезіп» кетсе, ол елдің емес, біздің кінәміз. Мешіт пен мұсылман бауырлар рухани ләззат сыйлай алмаса, өмір жайлы, өлім жайлы ғибратты әңгімемен ойландыра алмаса, шынайы ләззатты сезіну үшін ел қайда барады?. «Қабірге зиярат етіңдер. Өйткені, ол өлімді еске түсіреді» деген қадис те бар ғой. Бұлай сөйлесек, «ешкі сақалдар» тағы да «Аллаға серік қосу» деп түрпідей жиырылады. Өзіне дейінгі және өзінен басқаның бәрі ақымақ, бәрі дүмше, топас. Бір қазақтың қағбаны тәрк етіп, моллаға қарап сәжде еткенін көрген адам бар ма? Жоқ. Ендеше, біз неге жауап бермейміз?. Бұл жерде мұсылмандық тұрған жоқ. Қып-қызыл саясат тұр. Осы қарқынмен шарықтай берсек, мола күрейтін кезге де келеміз. Біздің даламыздағы тарихи ескерткіштер мен қалалар Шыңғысхан кезінде жермен-жексен болды дейтінбіз. Кеңестіктер де алатынын алып, қирататынын қиратып кетті. Енді, қалғанын… Жарайды делік. Зираттардың жоғалуы — ұлттың жоғалуы емес пе? Ұлттық жәдігердің, белгінің… Қазақтың басына хан сарайдан мазар салса, онымен де алысамыз. Жетім-жесірдің жағдайын ойлағансыймыз. Жетім мен жесірді ойласақ, неге жесірі мен жетімін жетімсіретпеген, қазақы танымға айналып келмейміз. Әмеңгерліктің басына әңгіртаяқ ойнатып, қарындасымызды қойнымызға салудан арланбайтын заманда бұлай ділмарсу ешкімге де қажеті жоқ. Рас. «Аллаға серік қосудан» биіктеп шынайы мұсылмандыққа жете алмасақ, «қиратқыштардың» айы оңынан туады. Сосын, даламызда үнсіз тіл қатып, желдің уілімен «жер бесіктің жырын» жырлаған мәңгі қобыз үн, қобыз сарын құлаққа ұрған танадай жым болады. Бұл тарих пен қазақы танымды жерлеу деген сөз. Солай емес пе, аға?! Оны сіз түсінерсіз… Бізге кім түсіндіреді? Ұлтын кәпір деп таныған «ешкі сақалды шегірткелер» ме? Неге біз осы, оларды тыңдап, өз ойымызды харам етеміз?

«Ұзын арқан, кең тұсау»

Студенттік жылдардың дәм тұзын бір татқан бауырларым бар. Біразы, сізбен де сырласып тұратынан білемін. Күрмеулі тіліміз шәһәдәтқа келгеніне қуанамыз ғой. Өткенде сол бауырларымыз «философия харам» деп көкіп отыр. Ау, біздің танымымыз, мақал-мәтеліміз, ән-күйіміз, дастан-жырымыз тұнып тұрған пәлсапа емес пе еді? Мыңдаған қадисіңіз бен аяттарыңыздың түсінігі мәтел сөзге айналып кеткелі қашан? Енді одан не үшін бас тартуымыз керек?. Енді қазақтың аузынан айтылған сөз неге шошқаның етімен теңесіп қалды? Осы ма еді, біз құшақ жая қауышқан «ислам». (тырнақшаның ішіндегі) Осы әңгімені айтсаң, қадис пен аятқа сүйен дейді. Ол не қылған қалып?. Біздің даламызда, біздің оқулықтарымызда тек қазаққа қиғаш келетін қадистер мен сүзгіден өткен аяттар ғана айтылып жүргенін бәріміз де біліп отырмыз ғой. Бізге тек қазақтың салт-санасына оғаш дүниені ғана әкелмеді ме, сырттан келгендер?! Иә, қазақ құран мен аяттың сүрлеуімен ғана жүрген. Жүре береді де. Меніңше, қазір тек қазақылықтан айыру үшін айтыла бастаған әңгімені доғарту керек. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ». Мен қыңыр кісі секілді басқаша ой айтудан аулақпын. Десе де, ішіме сыймайтын дүние көп. Аға, осындай сәтте ұлттығыма қайта оралам. Керей мен Жәнібек қазақтың басын бір шаңырақтың астына біріктіргенде біз мұсылман болатынбыз. Әлі де мұсылманбыз. Қазақ деген ұлт бар болса, оның ұлт болып қалыптасуына Алланың жәрдемі тиген. Қалауы болған. Тек 70 жыл… Осы 70 жыл дегеннен шығады. Қазақтың 70 жыл бойына азан шақырылып аты қойылмады, айшықтап сүндеттелмеді, некесі қиылмады, тілін кәлимаға келтіріп, жан тапсырмады, жаназасы шықпады. Сол бір қастерлі күндерде бүгінгі қазақты жолға салғыштар қайда болып еді? Мен Кеңестік кезеңде елімізге келген миссионерлердің тізімімен танысып шықтым. Бір де бір ислам елінен келген бауырымыз жоқ екен. Өзгелер дінін таратуға келеді, ал мұсылмандар… Кеудеде жүрек бар. Лүпілдеп соғады. Бірақ… (қаралағым келмейді) Сол кезде жаны ашымаған жандардың бүгін неліктен басы ауыра қалды. Біз араб, түрік, ауған, өзбек емеспіз. Сөйте тұра солардың көзқарасымен исламды тек «Аллаға серік қосу һәм қоспау» дегенмен ғана түсініп, «таухит» ұғымына арқандаулы аттай айнала оттап жүрміз. Исламды қазақы таныммен тану… Қызық. Алла тағала «бір-бірін танысын деп адамдарды тайпа-тайпа, ұлт ұлтқа бөліпті». Бір бірін танудан шығады. Біз өзге ұлттарды танып болдық. Олар неге бізді танығысы келмейді. Неге таныта алмай отырмыз? Жеті шелпектен жеті күнә, қырқынан қырық харам, жылынан жүгенсіздік көретін дүмшелер қазаққа әуес әйтеуір. Олардың ата-бабасының өлігінің үстіне үй, немере қарындасын қойнына салатыны өркениет те, біздің исламға қауіп төндірмейтін игілікті ісіміз қараңғылық, Аллаға серік қосу. Олардың ойы мүмкін болса, арқандап қою. Неге біз осы, сол ұзын арқан кең тұсауға құмармыз, неге?..

«Келсап келіндер»

Бекболат аға, жұма күндері мешітке бас сұғатыным бар. Алматыдағы Орталық мешіттен кей-кездері сізді көріп қалатынмын. Тікелей танымасаңыз да, жүз таныстығымыз бар. Амандасамын. Сіз де сәлемді жылы қабылдайсыз. Сосын… Сосын, сізбен емен-жарқын әңгімелескім келетін. «Киесіз сақалдар» мен «күңгірт хиджаптар» жайлы ойыңызды білгім келетін. Әрине, қыздарымыздың биязы болғанына не жетсін? Әурет жерін жауып, дінге келгені ғанибет қой. Бірақ, Құдай өзі кешірсін! Ханның да, қараның да басын игізіп, үй екеш үйге де еңкейтіп кіргізетін қазақ емес пе едік?. (Киіз үйге еңкеймей кіретін жан бар ма?) Оны сәжде ету деп ұғып, келіндеріміз сәлем салудан, дұрысы амандасудан қалды. Адамның алдында иілмеген бас, Алланың алдында иіле ала ма? Адамға (ғ.с) Ібіліс сәжде етпей, Алланың құзырынан қуылған дейміз. Сол Ібілістің менмендігі келіндерімізге жұқты. Оны исламмен ақтап алғымыз келіп жүр. «Анаңды үш рет Меккеге апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген қазақы танымды, «Жұмақ аналардың табанында» деген қа­дисті жерледік. Амандық-саулық сұрасуды сәжде ету деп ұғатын арабтық таным ұлтты екіге айырды. Осыдан әке-шешеге қарсы сөйлеу етек алды. Төрт көзімізді түгел етер деген дініміз алауыздық туғызды. Одан қалса, жамағат болып жаға жыртысып жатырмыз. Неліктен, аға, неліктен? «Жақсы келін — келін, жаман келін — келсап» дейтінбіз. Келсаптыққа жарамайтын, жүрегінде қазақтығы жоқ, оранған «ағаштан» не пайда бар? Ондай «ағашта» иман болушы ма еді? Барған жеріне, тастай батып, судай сіңетін қыздарымыз «оқтау жұтып алса», «мойындыны идіретін, тізеліні бүктіретін» бабаларымыздың рухы қайда қалады? Мұнан астар іздегендерге біз неге қарсы тұра алмаймыз.

Өзгенің қаңсығы

Өткенде бір досым «сауабын санап отыр». Тауықтың миындай миы жоқ, сөйте тұра Алламен есептеседі. Маған «тозақтықсың» дейтіні де бар. Тозақ пен жұмақтың кілтін қолына алып, кімнің «кәпір» кімнің «мүмін» екенін екшейтін таразысы да қолында… Неге біз осы, оларға сондай құзірет беріп қойдық… Иә, біздің мұсылмандығымыздың сыйқы осы. Әруақты ұмыту — тарихты ұмыту. Аллаға серік қосу мен тарихты табандап тұрып қорғаудың арасы жер мен көктей. Ендеше, араби һәм басқа танымның аузын жабатын уақыт болды ғой, аға! Біз тарихи құндылықтан айрылсақ, өзгенің дегені болмай ма? Торғай екеш, торғай да өзінің ұясын қориды. Әкем сопы, шешем нұршы, әпкем араб, ағам дағуатшы, қарындасым кұранит, мен салафи… Не ұттық бұдан? Сонда анық мұсылман кім болады? Сан ғасырдан бері діні мен тінін қорғаған шейіт бабаларымыз ширк… Ұстарасыз өскен сақалды кім басады? Қызылкеңірдектіктен тұтанған шоқты кім сөндіреді? Жоқ, әлде өртеніп кетуіміз керек пе? Қыздарымыздың хиджап киюі мәселесі жиі сөз болып жүр. Бұл әлі бастамасы ғана. Өйткені, біз бәрін тығырыққа тіреп тастадық. Ертең олар үйленеді. Кімге? Діни сенім — аса нәзік дүние. Басқа жамағатқа. Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Сол себепті де, шариғаттың немерені қосатынын сөз ете бастадық. Өзіміздің қыздарымыз үшін… Оларды алысқа емес, өз туысымызға үйлендіруден басқа амал қалмады. Ал, ұлт ше? Сан ғасыр қалыптастырған игі дәстүр мен қан тазалығы ше? Аға, тек сұрақ… Неге біз осы, өзгенің қаңсығын, таңсық көреміз, неге?.

«Іздегеніңізді таптыңыз ба»?

Алла мен Пайғамбарға тіл тигізуден сақтасын. Десе де, әлімізге қарамай пікір білдірген болдық. Бекболат аға, мұны маған неге айтып отыр деп ойлайтын шығарсыз. Әйтеуір бір жоқты іздеген сіз де қазақтың баласысыз, мен де қазақтың баласымын. «Бір ел қарғаға сенсе, сенсін. Олардың көзінше қарғаны өлтіріп, өз Құдайларың жайлы айтсаңдар, ол сөзсіз сендердің Құдайларыңа иман келтіреді. Бірақ, өз Жаратушысы өлген жұрт ешқашан өзге Құдайдан қорықпайды» — деген екен бір пәлсапашы. Қазақтың Құдайы танымы өлді. Енді, Алладан да қорқатыны күмәнді. Біздің дүмшелер де осының кебін киіп жүрген жоқ па, Бекболат аға?! Бәлкім, Арқаның алтын сақасы алшысынан тұрып, біздің іздегенімізді тапқан болар.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР