Қазақ қоғамы қайда бара жатыр?

Қауымдасып өмір сүру – сонау атамзаманнан келе жатқан үрдіс, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру тәсілі. Тіпті, жабайы деп саналатын алғашқы қауымдастық кезеңдерде адамдар жыртқыштарға жем болмас үшін ұжымдасып, бірігіп тіршілік жасағаны белгілі. Соның арқасында адамзат атаулы бүгінгі күнге аман-есен жеткен болар. Одан бері сан ғасырларды артқа тастап, қоғам көптеген жүйелерді басынан өткерді. Білім мен ғылым, техника мен технология дамып, адамзаттың сана-сезімі қарыштап өсті. Бірақ қазіргі орын алып жатқан көптеген келеңсіз көріністерге қарап қоғам кері кетіп, жабайы қалпына қайта бет бұрды ма деп қаласыз... Біздің бұл ойымыз біреу­лерге ерсі көрінуі мүмкін. «Жаһанданудың жоғарғы сатысына аяқ басқан бүгінгі заманда бұл қай сандырақтарың?» – дейтіндер де табылар. Дұрыс, жердің асты-үстін түгелдей игеріп, ғарышқа да ұшып жатырмыз. Оған ешкімнің таласы жоқ. Біздің жетістіктеріміз бір ғана жоғары заманауи жаһанданумен ғана есептелмесе керек. Айтайын дегеніміз, қадірін жоғалтып бара жатқан адами құндылықтар жайында. Заманның шұғыл дамуы сол адамзаттың арқасында болғандықтан, адами құндылықтар қалай болғанда да бірінші орында тұруға міндетті. Оны ешқандай жоғары технология алмастыра алмайды. Қоғам мүшелері бірін-бірі қанап, білегі жуандар әлсіздерге зорлық-зомбылық көрсетіп жатса ондай дамудың кімге керегі бар? Әскери күшіміз басым деп, бір ел екінші елді отқа орап, жазықсыз жандарды қырып жатса, ондай жаһанданудан не пайда? Барлық жетістіктеріміз сол адамдардың өзіне қызмет етуге міндетті емес пе?! Құдайға шүкір, қазақ елі бейбіт өмір сүріп, былайша айтқанда, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда тұрып жатырмыз деуімізге болады. Бірақ, алдында айтқанымыздай кейбір келеңсіз көріністерге қарап, келер күндерімізге деген күдік те мазалайтыны бар. Соғыс та, зорлық-зомбылық та бір күнде пайда бола қалмайды. Қырғын соғыстардың болар-болмас себептерден басталатынындай, қоғамның кейін кетуіне де бүгін бізге байқала бермейтін кішкентай кемшіліктерден бас­тау алуы әбден мүмкін. Ал ондай кемшіліктер біздің қоғамымызда жетіп артылады. Біз айтып отырған қоғам мүшелері болып табылатын қатардағы қарапайым адамдардан бастап – жоғары лауазымдыларға, баладан бастап – еңкейген кәрілерге дейінгілерден қиналмай-ақ, таба аласыз. Оны өздеріңіз күнделікті көріп, естіп те жүрсіздер. Соның бірнешеуіне тоқталып, ой өрбітіп көрелік. «Бала – біздің болашағымыз, мемлекетіміздің ертеңгі тірегі!» – деп жар салып жатамыз. Ол – айдай анық ақиқат. Қанша жасампаз болса да, бүгінгі ұрпақ тарих сахнасынан кетеді. Бұл табиғи заңдылық. Олардың орнын бүгінгі балаларымыз басуы керек. Сондықтан, ізбасарларымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруге міндеттіміз. Жекелеген арнаулы оқу орындары болмаса біздегі білім деңгейін тым жоғары деп айту қиын. Ұстаздары мен шәкірттерінің «миын ашытқан» түкке тұрғысыз сансыз реформаларды тықпалайтын, басшысы екі жылға жетпей қайта-қайта ауысатын Ғылым және білім министрлігінің қызметін халық осы күнге дейін түсіне алар емес. Ал, саналы тәрбие беру жағы мүлдем ақсап жатыр десек қателеспейміз. Оған жастар арасындағы әлім­жеттік, қатыгездікпен адам өлтіру оқиғаларын жатқызуға болады. Әскер қатарындағы жастар арасындағы жиі орын алатын қылмыс туралы айтпаған күннің өзінде әлімжеттік деген «түрме заңы» біздің жоғары оқу орындары мен мектептерге дейін еніп кеткен. (Бұл туралы «Қазақ үні» газеті мен осы аттас ұлттық порталда кезінде мәселе көтеріп жазған болатынбыз. «Болашағымызға бей-жай қарауға болмайды». 26.08.2017 ж.) Соның бір үлгісін өткен жылдарда Қазақ аграрлық университеті жатақханаларының бірінде кісі өлімі болған қайғылы оқиға көрсетіп берді. Жәбір көрсетушілердің сондағы мақсаты төменгі курстағылардан небары 5 мың теңге жинап алу екен. Түкке тұрғысыз тиын-тебен үшін өрімдей жап-жас жігіт Дидар Болысбек қыршынынан қиылып, бір әулет аңырап қалды. Саралап қарасақ, мұндай қылмыстар жиілеп бара жатқанына көз жеткізу қиын емес. Мектептердегі бала өліміне байланысты көптеген мысалдар келтіруге болады. Естеріңізде болса, шымкенттік Тағаевтар отбасы небәрі 15 жастағы Нұргелді есімді перзентінен талтүсте айырылып қалды. Шымкенттегі екі мектеп шәкірттері әлденеге шекісіп, арты төбелеске ұласқан. Жұдырықтасу кезінде жасөспірімнің бірі пышақ ала жүгіріп, соңы қайғылы аяқталды. Бұл Қазығұрт ықшамауданында жарты жыл ішінде орын алып отырған екінші қайғылы оқиға. Соның алдында ғана көктемде осы ықшамауданда тағы бір жасөспірім өзара кикілжіңнің, балалар арасындағы әлімжеттіктің құрбаны болған. Павлодар қаласының №17 орта мектебінде 8 «Д» сыныбының оқушысы Александр Лихановты өзімен қатарлас оқитын 8 «Е» сыныбының баласын пышақтап өлтірді. Облыс көлемінде бір жыл ішінде кәмелетке толмағандардың арасында жалпы саны 403 қылмыстық іс қозғалған кездер болған екен. Бұл бір ғана аймаққа қатысты ресми дерек. Ал, рес­публика көлеміндегі көрсеткіш бұдан ондаған есе көп болары сөзсіз. Мамандардың сараптамасына қарасақ, қазіргі жастардың өктемдігі мен қатыгездігі асқынып кеткен. Бір-бірін қорлау, ұрып-соғу, тіпті өлтіруге дейін баруда. Ұлдар ғана емес қыздар қатарынан да қатыгездіктің жиі кездесетініне куә болып жүрміз. Ғаламторда бір-бірін шашынан сүйреп, аяусыз тепкілеген «аруларды» өздеріңіз де көрген боларсыздар. Қарағандыда 9 жастағы қызды ұрланған қуыршаққа таласып, өзі шамалас оқушы қыздар тұншықтырып өлтірген. Сосын барлығы мәйітті судың жанына тастап, өздері ештеңе болмағандай үйлеріне тарасқан. Астана қаласында да №76 орта мектепте сабақ үстінде сыныптастар арасында ұрыс шығып, сол кезде оқушылардың бірі екіншісінің кеуде тұсына қалам сұғып алған. Көкірек тұсына салынған жарақаттың салдарынан 8-сынып оқушысы оқиға орнында қайтыс болды. Тізе берсек мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жақсы оқып, білімділігімен, ерекше өнерімен елімізді әлемге танытып жатқан өрендеріміз бен түрлі қылмыс жасап, тәртіпсіздікке жол берген жастарымыздың санын салыстырып көріңізші. Екіншісі біріншісінен он, жүз есе асып түседі. Бұл нені көрсетеді?Біздің қоғамдағы тәрбие жұмысының әлі де тым әлсіз екенін байқатады. Қазір әрбір мектептерге полиция қызметкері, психолог мамандар арнайы бекітілген, тұрақты жұмыс істейді, сол үшін айлық алады. Олай болса нәтиже қайда? Балалар арасындағы қылмыс айтарлықтай азайған жоқ, кейбір жылдары шектен шығып та кетті. Біз жатып алып жамандайтын кеңестік кезеңде мектептерде полиция, психолог мамандар болмаған. Бірақ жас­тар арасында тәртіп бұзушылық әлдеқайда аз болатын, өте сирек кездесетін.Қазіргідей балалар арасындағы қылмыс ол кезде үлкен трагедия саналатын. Ата-аналар, ұстаздар, құқық қорғау орындары, бүкіл қоғам болып аяғынан тік тұрып, қылмыстың қайталанбауы үшін күресетін.Бүгін бұған бойымыз үйреніп алғаны соншалық, қылмысқа кезекті көрініс ретінде көз жұмып қарап, айтарлықтай мән бермейтін болдық. Бір-екі күн шулап, сол баяғы қалпымызға қайта түсеміз. Мектеп ата-аналарды, ата-аналар мектепті кінәлаудан басталғанмен, балалар арасындағы қылмысты жоюға бағытталған күрес кейінгі кезде аз да болса нәтиже бере бастағанға ұқсайды. Соңғы жылдарғы деректер осыны көрсетеді. Ол да болса көңілге демеу. Дегенмен, жастарға қылмыс жасауға не түрткі болды, оны қалай түпкілікті жоюға болады деген сұрақ қоғамның үнемі басты назарында болуға тиісті. Баланы тәрбиелеу алдымен ата-ананың міндеті. Енді сол ата-аналардың өзіне келейік. Тәрбиенің бір ерекшелігі бар. Балаға күнделікті сабақ сияқты дәріс оқудың ықпалы аз, нақты нәтиже бермейді. Алдымен іс жүзінде, өзіңнің жүріс-тұрысыңмен, болмысыңмен үлгі болу әлдеқайда әсерлі болады. Оны күнделікті тәжірибеден-ақ байқап жүрміз. Олай болса бүгінгі ата-аналар, яғни, ересектер балаларға қандай үлгі көрсетіп жатыр? Өкінішке орай, бұл жағынан да мақтана алмаймыз. Оған да бірнеше мысал келтірейік. Өгей шешелерінен қорлық көрген жетісайлық кішкентай үш апалы-сіңлілердің жағдайы бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Өгей шешелері қыздарды құл сияқты ұстап, оларды жәбірлеуге қысқыш, оқтау, ине қолданған. Ал шайларына ыдыс жуатын гель қосып берген. «Әкелерің келгенде күліп тұрыңдар» деп қатаң тапсырып, қылмысын жасырып келген. Онымен қоймай, қатыгез өгей шеше балаларды қалай қорлағанын арнайы дәптерге жазып отырған екен. Мұндай қатыгездікті адам баласы ит пен мысыққа да жасамайды. Жақында Жамбыл облысында 8 жастағы қыздың жанып кеткен мәйіті табылды. Туыстарының айтуынша, қанішер күдікті кішкене Аруайды өнер мектебінен шыққанда үйіне алып кеткен. Онда не болғаны әзірге белгісіз. Небәрі 45 минуттан соң өлігін алып шыққан. Қаскөйдің мәйіт арқалаған жүрісі сол маңдағы дүкен камерасына түсіп қалған. Қара жамылған қаратаулықтар Аруайды өлтірген қанішерге ең ауыр жазаға кесілсін деген талап қойып отыр. Өте орынды талап. Ал, мына бір айуандықты айтуға аузың бармайды. Азғындықтың ауыздықсыз кеткені соншалық, әр жылдарда әкелер өз қыздарын өздері зорлаған бірнеше оқиға тіркелген. Шығыс Қазақстан облысында 5 қыз тәрбиелеп отырған әке 16 жасқа келген өз қызын зорлаған. Павлодар облысында өзінің туған қызын зорлап келген педофил әкенің де ісі сотқа жетті. Екібастұз қаласының 38 жастағы тұрғыны өз қызын 2 жыл бойы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп келген. Атырау облысында әке өгей қызын қорқытып, бірнеше мәрте азғындық әрекет жасап 11 жылға сотталды. Сол сияқты Оңтүстік Қазақстанда 12 жасар қызын зорлап, жүкті қылған әкеге қатысты сот үкімі шықты. Бұдан кейін тәрбие туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?.. Тақырыбымызды сабақтап, әрі қарай жылжиық. Ересектердің «ерлігін» көрдік. Олардың өздерін де тәрбиелеу керектігін байқаған боларсыздыр. Үлкендерге кім үлгі көрсету қажет? Ия, билік бағыт сілтеп, үкімет үлгі болғаны жөн. Қарапайым халық соларға қарап сап түзейді. Мінберге шығып алып, бұқараға ақыл айтқанда алдына жан салмайтын лауазымдылардың да жетістіріп жатқаны шамалы. «Балық басынан шіриді» деген рас болса былықтың бәрі дәп сол биліктен басталады. Жемқорлыққа белшесінен батқандардың тізімін түгендеп шығу мүмкін емес. Халықтан тонап алған қаржысын шетел асырып жатқандарды айтпағанда, олардың қатарында бұрынғы премьер-министр, министрлер мен аймақ әкімдерінің есімдерін ел жақсы біледі... «Билікті қайтесің, елімізде қылмыскерлерді түзетіп, заң бойынша жазалайтын құқық қорғау, сот орындары бар емес пе?» – дейтіндер де жоқ емес. Бар, одан келер пайда шамалы. Бәрін қопармай-ақ, атақты әнші Гаухар Әлімбекованың ісін алайықшы. Өзі де алаяқтың құрбанына айналып, алғашқы соттың шешімімен алты жыл арқалап кете жаздады. Қоғамның қолдауымен апелляциялық сот әзер ақтап алды емес пе? Ал, ақшаның күшімен қылмыстылар құтылып, жазықсыздардың қапасқа қамалып жатқандары қаншама. Солақай шешім шығаратын сол судьялар да біздің қоғамның белді мүшелері емес пе? Сонда кімге сенеміз? Бұдан кейін «Қазақ қоғамы қайда бара жатыр?» – деп сұрауға кім де болса құқылы. Жақында ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Қостанай облыстық филармониясының баспасөз хатшысы, молдаван қызы Алла Чечеткинаның: «Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өміріне рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деген тілегім бар. Біздің ауылда қыз баланың кешкі уақытта көше кезіп жүргені ұят, ерсі саналатын. Өзімнен кейін өсіп келе жатқан сіңлілерім де осы тәрбиеден алшақтамаса екен деймін», – деген сөзі көпшіліктің көңілінен шығып, бәрімізге ой салды. Өзіміз емес, өзге ұлт өкілі бізге өмірлік сабақ беріп тұрған жоқ па?.. Ата-бабаларымыз полицейсіз, психологсыз-ақ ұрпақтарын тәрбиелеген. «Біреудің еңбегін қанама, өзгенің ала жібін аттама...» – деген секілді ғасырлар сынынан мүдірмей өткен мыңдаған өмірлік қағиданың ұмытыла бастағаны – біздің басты қасіретіміз. Ұлағат – ұлттық тәрбиеден! Осыны қайтадан ұранымызға айналдыруға міндеттіміз.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz