"Ақ жол" партиясы атынан президент сайлауына қатысатын үміткердің есімі белгілі болды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында "Ақ жол" партиясының кезектен тыс XV құрылтайы өтіп, онда алдағы президент сайлауына партия атынан қатысатын үміткердің есімі анықталды, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Құрылтайдың ашылу рәсімінде партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сөз сөйлеп, "Ақ жол" атынан сайлауға түсетін үміткердің сайлау алдындағы бағдарламасының жобасын таныстырды.

Жеті бағыттан тұратын бағдарлама жобасында кәсіпкерлікті қолдау, "Алаш" ұлттық идеясын насихаттау, білім саласын дамыту, жұмыссыздықты қысқарту, тұрғын үй мәселесі, демократия мен парламентаризм және жемқорлықпен күрес секілді өзекті бағыттар айқындалған.

- Болашаққа арналған бұл бағдарламада біздің азаматтарымыз жаңа кезеңде жағдайларының одан әрі жақсартып, қарыштап дамуы үшін қандай кедергілер мен асулардан өту керек екенін анықтап, бағалауға тырысамыз... Біз, еліміздің алдында үлкен болашақтың күтіп тұрғанына сенімді болғандықтан сайлауға барамыз. Біз, ұлттық дәстүрлер мен демократиялық құндылықтарды біріктіру үшін сайлауға барамыз, - деді өз сөзінде Азат Перуашев.

Одан кейін партия атынан сайлауға түсуге ниет білдірген 6 үміткер өздерінің бейнебаяндарын көрсетіп, сайлауалды ұстанымдарын жариялады. Сондай-ақ, делегаттардың сұрақтарына жауап берді.

Олардың қатарында: Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Қуат Рахымбердин, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Асан Қошмамбетов, Атырау облыстық филиалының өкілі Серік Ерубаев және СКО филиалының төрағасы Евгений Кинцель, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева мен Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев болды.

Делегаттардың дауыс беруі нәтижесінде алдағы президент сайлауына "Ақ жол" партиясы атынан тұңғыш әйел кандидат Дәния Еспаева қатысатыны белгілі болды.

Еспаева Дәния Мадиқызы 1961 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Тұрмыс құрған, екі баласы бар.

Алматы есеп-кредит техникумын (1982), Қазақ мемлекеттік Басқару академиясын бітірген, Алматы қ-сы, (1993) (мамандығы "Экономист").

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесі (08.2008, 2012-2016 қайта сайланды), "Ақ Жол" партиясы атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат (05.02.2016), "Ақ Жол" партиясынан VI шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшесі (24.03.2016 бастап).

"Құрмет" ордені (2011); Медальдары: ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы, "Үздік қаржыгер".