Құдияр Біләл: Ұлы тұлғалардың мінезін түсіну қиын

Осыдан біраз уақыт бұрын М. Мағауин ағамыздың М. Шаxанов шығармашылығын талдаған бір еңбегі әлеуметтік желі бетінде жарық көрді. Енді "шығармашылығын талдаған" дегенді сөз ретіне қарай айттық. Шынтуайтына келгенде талдау емес. Дұрысы - ғылыми сараптау. Басын ашып айтсақ, мақтауға да, даттауға да келмейтін біртүрлілеу дүние. Алайда біз М. Мағауин ағамыздың ол ой-толғанысын, М. Шаxановты мойындау демей-ақ қоялықшы, бірақ бағалауы деп қабылдадық. Сол оймен шәй үстінде Мұxаңнан: "Аттасыңыздың өзіңіз туралы жазған еңбегіне назарыңыз түспеді ме?" деп сұрадық. Мұxаң: "Иә көрдім, бірақ не айтқысы келгенін онша түсіне алмадым" деді. Мен: "Түсінбейтін несі бар, бастан аяқ сізді мақтаған ғой" дедім. Мұxаң: "Солай деп ойлайсың ба?" деді. Мен басымды изедім. Менікі: "Әйтеуір екеуі бір-біріне оң пейіл таныта бастаса екен" деген ой ғой. Алайда ұлы тұлғалар мінезін түсіне қою қиын.

Студенттік кез. М. Мағауин аудиторияға бас сұқты. Алғашқы көруіміз. Таныстықтан соң: "Іштеріңде қожа бар ма?" деп сұрады. Мен бой көрсеттім. Маған бір қарады да: "Жалпы әр ортада бір қожаның болғаны дұрыс" деді. Алайда одан кейін ол тақырыпта сөз өрбіткен емес.

1978-жылы практика жұмысының нәтижесін айту үшін М. Мағауин ағамыздың үйіне бардым. Пәтеріне жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр екен. Солай бола тұра мені кабинетінде қабылдады. Өз орнына барып жайғасты. Арқасы сірескен кітап. Мені баласынбай, оң пейіл танытты. Сол сәттің менің санамда із қалдыратынын білгендей кейіп танытты. Өзін байсалды ұстады. Менің кабинет әсерін сезінуіме мүмкіндік жасады.

Ұзақ жылдардан кейін өзі басқарып отырған "Жұлдыз" журналына өзге бір жазушының беттеліп дайын тұрған шығармасын алып тастап, менің "Кие" деген xикаятымды жариялады. Сол кезде: "Құдиярдың бір дүниесін оқығанмын. Қандай шығарма екені есімде жоқ, бірақ дұрыс болатын" деген. Біз оны мақтау деп қабылдадық. Көңіліміз көкке көтерілген. Ұстазымыздың сол пікірін әлі күнге дейін мақтан тұтамыз.

Кейбіреулер бізді М. Шаxановтың қасында жүргендіктен "өзге жағалаудың" адамы деп ойлайды. Шынтуайтына келгенде осы жағалау...

Бұл өзі қызық құбылыс. Мәселен кім де болсын екі Мұxаңды екі жағалаудың адамы деген ойға ерік береді. Тіпті көп адам оларды бітіспес жау деп те ойлайды. Көп адам емес, жалпы бәріміз солай деп түсінеміз ғой. Алайда бізді сырттай бақылап отыратын "ақылды адамдар" сараптауына қарағанда, осындай ойда қалатындар, жалпы ондай ойда адам баласының 97 пайызы қалады екен, қалған үш пайыздың ұдайы жетегінде жүретін көрінеді. Соған орай әлгі 97 пайыз оларды барлық уақытта билеп-төстеп отыратын 3 пайыздың қалауына орай бір-бірімен айтысып, бір-бірімен пікір таластырып, бір-бірімен жауығып өмір кешеді екен.

2005-жыл. Екі Мұxаңның бір-бірін көрместей болған кезі. Біз, яғни 97 пайыз солай деп ойлаймыз. Бір шараға М. Шаxанов екеуміз бірге бардық. Әлгі шара ашық аспан астында өтіп жатқан болатын. Оңаша жайға қойылған орындыққа өңшең ығай мен сығайлар барып жайғаса бастады. Біздің абырой мен беделіміз есік алдына баруға дейін жетті. Ары қарай М. Шаxановты көзбен ұзатып салдық. Сол кезде арғы жақтан М. Мағауин ағамыз шыға келді. Екеуі құшақтаса кетті. Сүйіскендей де болды. Олар өз орындарына, біз кейін қарай кеттік.

Шәй үстінде Мұxаңа: "Бір-бірлеріңізді сағынып қалыпсыздар ғой" деп қойдым. Жауаптың қалай қайтарылғаны маңызды емес. Жәй, өзіміз куә болған бір жәйт еді.

Құдияр Біләл, Қазақ үні