Ерлан Рысқали: Эстрадамызда ұлттың иісі аңқып тұрған шедевр ән жоқ

"Хит қазақстан" бағдарламасы ұлт арнасын "ит қазақстан" қылды ғой! Әлде сол мардымсыз "эстраданы" көрсететін басқа арналар биліктің қаһарына ұшырап жабылып қалды ма? Немес ұлт арнасы көңіл бөлетін өзге дүниелер құрып қалды ма?! Ұлттық арнаның эфир уақытынан күніне екі сағат алатындай бұл бағдарлама ұлтты рухани жаңғыртып жатыр ма?! Жоқ! Керісінше "рухани қаңғыртып" жатыр! Және деңгейі "тобыққа" да жетпейтін "эстраданы" ӨНЕР деп ұлттық арна төрінде тайраңдататындай не күн туды басымызға?! Біздегі эстрада керемет деп ойлайсыз ба? Жоқ! Жоқ! Мен олай айта алмаймын. Неге десеңіз біздің эстрадалық өнерпаздар әнді той деңгейінде түсініп сол деңгейден аса алмай келеді. Олардың көпшілігі қазақ өнеріне үлес қосу үшін емес мал табу үшін келген! Олар үшін өнер емес ақша маңызды! Сапалы өнер емес ақша керек оларға, ақша!

Тап қазіргі уақытта бойынан ұлттың иісі аңқып тұратын ШЕДЕВР ән жоқ біздің эстрадамызда! Бар болса "I'm a singer" жобасында Димаш бауырымыз француз Григорий Лемаршел мен орыс Витастың әнін айтып танылмас еді. Бүгінгі таңдағы кезкелген "хит" (бәтшағар, әннен садаға кетсін) деген әнсымақты алайық. Соны талдайық. Әуен бар ма? Ұлттық менталитетімізге сай ма? Ұлттың қолтаңбасы бар ма? Әрине жоқ! Әуелі жүректен шыққан ба өзі? Жоқ!!! Есеппен шыққан, есеппен! "Ақша табу, танымал болу" деген математика.

Сөзі қалай? Сөзі, сөз етуге тұрарлық дүние емес! Екі адамның арасында ғана болатын "махаббат" дейтін бір ғажап сезім бар еді. Ғашықтық пен құмарлықты шатастырған ақындарымыздың кесірінен шың басындағы таза сезім аяқ астына бірақ түсті. Сіз, "жоқ, аяқ асты емес" деуіңіз мүмкін. Бірақ, кіндіктен аспақ түгілі, кіндікке жете алмай жатыр!!! "Көріп қалу, сүйіп қалу, бірге болу".

Жарайды әрі қарай жүрейік. Орындаушының дауысы мен шеберлігі қандай? Шеберлікті қоя тұрайық. Дауыс бар ма екен, өзі?!... "Аражировкасы" (өңдеуі немесе әрлеуі) қалай? Ол да сол той деңгейінде, жұпыны! Ырғаққа ғана негізделген. Ең керемет деген хиттың аранжировкасында 2 неме 3 аспап қана болады. Оның біреуі ұрмалы аспап. Ал, екеуі енді ол талғамға қарай...

Аранжировкадағы ең құнды дүние ол - ырғақ. Оның өзі қазақтыкі емес, ӨЗБЕКТІКІ! Міне, бар болғаны осы. Осындай жұпыны дүниені қарапайым халықты былай қойғанда түйсігі бар-ау, ойы терең-ау деген зиялыларымыздың өзі "шедевр" санап жүр.

Бұл нені білдіреді? Әрине біздің қазақтың талғамының тоз-тоз болғанын білдіреді! Ал бұның артында кім немесе не тұр? Бұның артында әлемдегі алпауыт мемлекеттердің аз ұлтты "Ұлтсыздандырып, талғамын тоздырып көзін құрту" деген жымысқы әрекеті тұр! Және ол асқан ыждаһаттықпен жүзеге асып жатыр. Ал, қолында тізгіні бар аға - апайларымыздың осындай жымысқы саясатқа қарсы әрекет етпей жол бергеніне қалай ғана жаның ауырмайды?! Баяғы қазақ әнді билеп, ерігіп көңіл көтеру үшін тыңдамаған! Олар, жанын сергітіп ойын тереңдетіп рухани жаңғырып кемелдену үшін тыңдаған!

П-сы: Ұлт боламын десең АРНАҢДЫ түзе!

Ерлан Рысқали,

Дәстүрлі әнші