Президенттікке үміткерге қойылатын қосымша талаптар енгізіледі - Әділет министрі

Картинки по запросу марат бекетаев

Енді Президент болғысы келетін кандидатқа қосымша талаптар қойылатын болады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде Әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Әділет министрі Марат Бекетаев «ҚР-ның кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын алғаш рет таныстырды. Аталмыш құжат аясында 8 конституциялық заңға өзгеріс енеді.

«Конституциялық заң жобасы Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген. Ол жеке конституциялық заңдарды Конституциядағы түзетулерге сәйкес келтіру үшін бағытталған. Өзгертулер 8 конституциялық заңға енгізіледі», - деді ол.

Кейін министр кейбір заңдарға енгізілетін қосымша өзгертулерді айта келе, Президенттікке үміткерге қосымша талаптар қойылатындығын жеткізді.

«Сайлау туралы» Конституциялық заңында сайлаушылар мен сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түзетулер көзделген. Президенттікке кандидатқа қойылатын қосымша талаптар енгізіледі. Олар: мемлекеттік қызметте немесе сайланатын мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы, міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растау. Ол үшін медициналық куәландырудан өтеді», - деді министр Мәжілісте.

Мәжіліс отырысынан кейін Марат Бекетаев бұл бапты журналистерге түсіндіріп берді.

«Қазіргі таңда бұл норма «Сайлау туралы» заңға енді енгізіліп отыр. Нәтижесінде орталық сайлау комиссиясында заңға тәуелді актілерде бұл норма болады. Медициналық куәландыру мәселесімен Денсаулық сақтау министрлігі және орталық сайлау комиссиясы айналысады. Бұл – міндетті талап. Норма заңда жазылып, мазмұны мен рәсімді өтеу тәртібі түсінікті болады. Нақты талаптар кейін белгілі болмақ. Мемлекеттік маңызы бар жұмыстарды атқару үшін ол осыған дайын болуы керек. Әрине, президент мемлекеттік тілді білуі тиіс. Президентке қойылатын бұрынғы талаптар сақталады. Сондай-ақ, президент мемлекеттік қызметте немесе сайланатын мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы қажет», - деді ол.

Сондай-ақ, министр аталмыш норманың қашан енгізілетіндігін жорамалдап айтты.

«Қазіргі таңда тиісті заңға тәуелді актілер дайындалып жатыр. Оны Орталық сайлау комиссиясы мен Денсаулық сақтау министрлігі дайындауда. 2 айдың ішінде негізгі заң қабылданған соң заңға тәуелді актілер қабылданады. Қайталап айтамын, медициналық кәуаландыру мәселесімен Денсаулық сақтау министрлігі және орталық сайлау комиссиясы айналысады», - деп түйіндеді сөзін Марат Бекетаев.