Тұрсынғали Еділов: Бас бапкер өз шәкірттерін сүйреуді қоймаса өзбектерден әлі талай таяқ жейміз
2016 ж. 16 тамыз
7781
7
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Риодағы қазақ боксшыларының өнеріне баға беріп, спортшыларды да, басшыларды да қатаң сынға алды.
91 келі салмақтағы бәсекенің финалына қатысты ой білдірген Еділов жекпе-жек барысында Левиттен де, Қазақстан бокс федерациясы басшылығынан да қате кетті деп есептейді.
«Расында, кеше дау тудыратындай кездесу болды. Левит өте лас жұдырықтасты. Асықпай қарайтын болсаңыздар, ол төпелеп ұрғанымен, барлық соққысын дарыта алған жоқ. Яғни, көзге ұрып тұратын салмақты соққылар болмады. Қанша айтқанмен, бұл Олимпиаданың финалы ғой. Мұндай жағдайлардың болуы мүмкін екенін сездік. Біздің басшылық қайда қарап отыр? Ертерек қимылдауы керек еді», - деді бұрынғы бас бапкер.
Тұрсынғали Еділовтің айтуынша, Қазақстан құрамасының бапкерлері мен федерация басшылары Қайрат Ерәлиев әділетсіз жеңілгенде-ақ аппеляциялық шағым беріп, төрешілерді қыспаққа алуы тиіс еді.
«Егер Қайрат Ерәлиевтің жеңілісінен соң дереу қимылдасақ, төрешілер аяқ тартатын еді. Келесі жекпе-жектерде біздің боксшыларды қыспаққа алмайтын еді. Содан соң, Левиттің кездесуі де мұндай дауға айналмас па еді?!», - дейді Еділов.
Тұрсынғали Еділов Олимпиада кезінде өзбек боксшыларының шеберлігі мен жанкештілігіне таңдай қаққанын жасырған жоқ.
«Шыны керек, боксшыларымызға өзбектен жеңілме дейтініміз рас. Бірақ он жерден қарсылас болсақ та, өзбек боксшыларының қазіргі қарқынына сүйсініп отырмын. Көрдіңдер ме, шаршы алаңда жанын беріп жатыр олар. Әр кездесуіне құдды бір соңғы жекпе-жегіне шыққандай жігермен аттанады. Мен өзбек боксшыларын мойындадым. Олардың барлығы жас, 1997-98 жылғы жігіттер. Тек Елшод Расулов қана үлкен шығар. Ал бізде ше? Жүсіпов пен Әлімханұлынан басқалары зейнетке кететін боксшылар. Бізде ұлттық құрама боксшыларының орнын басатын буын бар ма өзі? Жоқ. Қазіргі құрам жігіттерінің көпшілігі бокспен қоштасады, ал бізде ешкім жоқ оларды алмастыратын... Біздің бокшылар алдағы 3-4 Олимпиадада өзбек қарсыластарынан оза алмайды енді. Өзбектерден әлі талай ұтыламыз», - деді Тұрсынғали Еділов.
«Бұл жерде менің де қателігім бар. Жәнібекке телефон соғып, өзбек, кубалық қарсыластары туралы айта бердім. Яғни, Әлімханұлы тек алтын медаль туралы ойлап, оған баратын жолдың оңай болмайтынын ұмытып кетті. Әзірбайжан спортшысынан таза ұтылды ол. Ұйықтап жүрді де, тек үшінші раундта оянды. Ол қарсыласын бағалаған да жоқ. Тек осы салмақтағы мықтыларға ғана дайындала берген. Ал Олимпиадада оңай беріле салатын қарсылас жоқ», - деді бапкер.
Сиднейде құраманы табысқа жетелеген бапкерден үшінші Олимпиадасында жүлдесіз қалған Біржан Жақыпов туралы да сұрадық.
«Осы Біржанды Олимпиадаға неге апарғанын білмеймін. Жақыпов осыған дейінгі Олимпиада ойындарында жүлдеге ілігіп пе еді?! Бұл салмақта басқа спортшы жоқ деп айтады үнемі. Сонда 3 олимпиадалық цикл, 12 жыл ішінде 49 келіде жұдырықтасатын бір жігіт шықпады ма бізден?! Жалпы, ұлттық құрамада бас бапкердің шәкірттері болмауы керек», - деді Тұрсынғали Еділов.
Еске сала кетейік, Тұрсынғали Еділов 2000 жылғы Сидней Олимпиадасындағы қазақ боксшыларының жеңісіне бірден-бір себепкер тұлға. Ол бас бапкерлік еткен жылдары Сидней Олимпиадасына қатысқан 7 қазақ боксшысының төртеуі финалға шыққан болатын. Мұндай табыс қазақ боксында әлі қайталанған жоқ.