Әзімбай ҒАЛИ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУІМІЗ ҚАЖЕТ
2016 ж. 28 маусым
2486
2
– Әлемдегі саяси жағдай қазір тұрақсыз. Жер бетіндегі көптеген елдерде жантүршігерлік оқиғалар орын алуда, бір шеті бізге де жеткен секілді. Ақтөбедегі лаңкестік әрекет теракті емес, бандитизм деген пікірлер жиі айтылуда. Жалпы осы оқиғаның орын алуына не түрткі болды, осыған өз көзқарасыңыз қандай?
– Менің ойымша бұл лаңкестік әрекет, ол сөзсіз. Бандитизм ол таза криминалдық нәрсе, белгілі бір меншікті тартып алуға бағытталады. Ал, мұнда саяси, діни астар бар дегенге келеді. Бір жағынан алып қарайтын болсақ идея үшін, сезім үшін, сенім үшін күресетін секілді. Тіпті біздің пәленше әскеріміз бар деп хабар таратқан. Сондықтан бұны террористік қимылға жатқызған жөн. Оған себеп болып отырған әлеуметтік-экономикалық жағдай, діни адасушылық дер едім. Негізгі себеп экономикаға тірелгенін айрықша айта кету керек. Мен тіпті осы көктемде жерге және басқа да мәселелерге байланысты болған бейбіт шерулерді «Қазақ көктемі» деп айтып та жіберген едім. Өйткені халық арасындағы толқулар болғаны рас, оны жоққа шығара алмаймыз. Осы Ақтөбедегі оқиғаға Ресейдің де ықпалы сезіледі. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың соңғы сапарына назар аударсақ, Қазақстанға босқа келмегені анық. Шойгу «біз әскер кіргізіп көмектесейік, бірге болайық» деген ойын ашық айтқан болатын. Бұл сөздің астарында белгілі бір саяси мақсат-мүдде жатқанын аңғару қиын емес.
– Бұл жағдай неге басқа аймақта емес, Батыс Қазақстанда орын алды? Бүгінде саясаттанушылар осы оқиғаның өзге де өңірлерде қайталануы мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Ондай қауіп бар ма?
– Бұл оқиғаның Батыс Қазақстанда болып отырғандығының бірден бір себебі – ол өлкеде қазақтың саны көбірек. Қазақ көп жерде дін көбірек тарайды, дәлірек айтсақ Ислам діні. Ал, бүгінгі күні діннің атын жамылып, түрлі ағымдағылардың әлем бойынша астыртын әрекет етуі етек алып кетті. Әсіресе, әлемдегі ең таза, ең әділ Ислам дінін қор еткісі келетіндердің арам пиғылы айғайлап тұр. Оны адамдардың бәрі бірдей түсіне бермейді. Біріншіден, діни және саяси сауатсыздықтың салдары дер едік. Екіншіден, алдында айтқандай оған әлеуметтік-экономикалық жағдайдың да әсері болды. Тағы бір мәселе – ол Батыс аймақтарға арғы жағындағы кавказдық діншілдердің де әсері бар сияқты. Сол ықпал әлі де болып жатыр деп ойлаймын. Мысалы, шешендердің өздерінің дәстүрлі ұлттық діні бар. Бірақ ол секта іспеттес – Кадрие. Олар Кавказдың салты бойынша сапқа тұрып билеп жүріп, «ЛА ИЛЛАҺА ИЛЛА ЛА МУХАММАД РАСУЛ АЛЛАҺ» деп, немесе тағы басқа жариялы зікір айтады. Бізде де ұлттық дін бар. Біздің ұлттық дін – дәстүрлі сунниттік Абу Ханифа қазақы Ислам діні. Ол өзіміздің қалыптасқан ұлттық салт-дәстүріміз бен атадан балаға мирас болып келе жатқан тәлім-тәрбиені қамтиды.
Әрине, Ақтөбедегіге ұқсас оқиғалар әлде де болуы мүмкін, оған енді қайталанбайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Мысалы, Таяу Шығыс елдерінде, Түркияда тіпті Батыста да лаңкестік әрекеттер дүркін-дүркін қайталануда. Оның көлемі мен тигізер зияны әртүрлі деңгейде болуы да мүмкін. Сондықтан бүгінгідей әлемде орын алған ауыр саяси ахуал кезінде оған аса бір таңданыспен қараудың қажеті жоқ. Бес саусақ бірдей емес, бір ұлттың адамдары да бір қалыптан шыққандай бола бермейді. Әрбір адамның өз ұстанымы, өмірге деген өз көзқарасы болары заңдылық. Бірақ, бір елде, бір қоғамда өмір сүрген соң сол көзқарастар мен мақсаттардың ортақ болғанына не жетсін?! Ортақ мақсат ұстану үшін оны алдымен қалыптастыру қажет. Яғни, дұрыс идеология орнықтыру керек, Батыста ондайды идеология демей құндылықтар дейді: егемен ел, құзырлы мемлекеттік тіл, дәстүрлі ислам демекпіз.Біздің құндылықтар жиынтығы – «жұмсақ» күшіміз.
– Терактінің орын алуына Сирияға соғысқа барып келгендердің қатысы бар деп ойлайсыз ба? Жалпы бұл оқиғаның Сириядан басқарылып отырғандығы туралы мәлімет шындыққа жанаса ма?
–Сирияны отбасы, туған-туыстарымен басқарған Хафез Асад өзі алауид бағытындағы адам, бұл суннизмнің ішінде шиизмге жақынырақ. Халықтың басым көпшілігі суниттер оны жек көреді. Өз әскерімен өз халқына күш көрсетті. Әрине, халық оған қарсы тұрды. Сөйтіп өзге де елдерден Сирия халқының сүнниттерін жақтаушылар шыға бастады. Соның ішінде діни уағызға еріп, саяси қателіктерге ұрынып, көрші қырғыз, өзбектер сияқты біздің Қазақстаннан да барғандар болды. Менің ойымша бұл оқиғаға Сирияда болғандардың да қатысы бар, бірақ пәлендей көп емес. Кейбір нақты деректер әлі де жарияланбай отырған секілді. Оның не себепті екенін тек қана ресми орындар ғана айта алады.
– Бұған дейін Дін істер жөніндегі комитет басшысы Ғалым Шойкин Ақтөбедегі қанды қырғынға елімізде кеңінен тараған салафизм ағымын ұстанушылардың қатысы болуы мүмкін екенін айтты. Осыған байланысты елдегі діни заңнамаларды жетілдіру қажет пе? Мектеп бағдарламасына Исламтану пәнін енгізгенде бәлкім бұлай болмас па еді?
– Әрине, кез келген мемлекетте белгілі бір уақытта саяси немесе экономикалық ахуал өзгеріп тұрады. Соған байланысты заң да сәйкес болуы керек. Қазір кімнің қай заңның, қай бабын дұрыстау керектігін айтып жатқанын айыру қиын боп кетті. Бұл орайда айтылар ойлар мен пікірлер өте көп. Бірақ, менің ойымша сол заң бүгінгі қалыптасқан жағдайды қамтыған, бүгінгі заман талабына жауап беретін ереже болуы керек. Діндарларды кейбір жерлердегідей «сақалыңды қырып таста, шалбарыңның балағын ұзарт» деген сияқты талап қойып, мүлдем қысып та тастауға болмайды. Онда басқан ізімізді аңдып отырған Батыс саясаткерлері жерден жеті қоян тауып алғандай жарапазан айтып шыға келуі бек мүмкін. Екіншіден, әрбір адамның қай дінді қабылдап, ұстанамын десе де еркі бар. Ең бастысы ол қоғамға, жан-жағындағы адамдарға зиянын тигізбеуі керек. Біз зайырлы мемлекет тұрғынымыз. Ұмытпайық. Қолға қару алып, бәрін қырамыз-жоямыз деген Ислам дініне мүлдем жат көзқарас. Сондықтан Ислам діні туралы пәнді мектеп бағдарламасына енгізсек ұтылмаймыз. Бұл міндетті түрде ораза ұстап, бес уақыт намаз оқу керектігін білдірмейді. Шынайы Ислам дінін біліп, тануға септігін тигізеді. Сонда біздің жастарымыз діни сауатты болып, кез келген ағымның жетегінде кетпейді. Ал, қазіргі жағдайда бала емес, алпыстан асқан адамның өзі адасып кетуі ғажап емес. Қазақ ұлтшылдығы, қазақ тілі , қазақ руханияты, қазақ құндылықтары араби ислам дертінен емдейді.
– Терроризм деген бәлекеттің түп тамыры қайдан шықты? Негізі осы әрекеттің ислам дінінің беделін түсіру мақсатында Батыстан басталғаны рас па?
– Терроризмің түп тамыры Азия мен Африкадан бастау алып отыр. Яғни, аянбай күресу, елдің, халықтың жауларына деген ымырасыздық, жанкештілікті білдірген-ді. Кейін түрлі ағымдар пайда болды. Оны басқалар саяси ойынында пайдаланып, айрандай ұйып отырған елге от тастаушылар да жоқ емес. Бір ұлтты, туысқан қандастардың өзін бір-біріне жау етіп қою Ислам дініне жат құбылыс. Мұндай арандатушылар болған, бола да беретін сияқты. Ол өз алдына жеке тақырып және нақты дәлелсіз біреулерге күйе жағуға болмайды. Араб, ағылшын, қазақ тілдерінде еркін сөйлемей, он сүре жатқа білмейтін ислам дінінің сыншылары көбейді.Мен арабтар туралы кітабымды Германиядан шығаруға мәжбүр болдым, бірақ басылым құқығын соларға бердім.Бізден мүмкіндік болмады. Ақша сұрай ма ...түсінбедім.
– Өзіміздің қазақи діни ұстанымымыз бар дедіңіз, осыған орай бізде қазаққа тән салт-дәстүр, мәдениет, тәлім-тәрбиеге баулу мәселесі дұрыс шешілген деп айта аласыз ба? Айналып келгенде мұның бәрі ұлттық идеологияның дұрыс жолға қойылмағандығынан емес пе? Жалпы бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін нақты қандай істен бастаған дұрыс?
– Анығырақ айтқанда, біздің қазаққа керегі де сол қазақ тілінің кең қолданысы мен қазақтың өзінің ұлттық менталитетіне сай дін. Қазақ халқында ұлттық идеология бар дегенімізбен оның өзі орындалуы жағынан қажетті деңгейге жете алмай жатыр. Дәлірек айтсақ, бұрынғы бар құндылықтарымыздың өзін жоғалтып алдық. Ұлттық идеологияны жетілдіру үшін ең алдымен өсіріп отырған ұрпаққа ұлттық тұрғыдағы тәрбие беру аса маңызды. Ол үшін әлбетте өскелең ұрпақ өзінің туған тілінің уызына жарып өсуі керек. Осы жағын әрбір отбасындағы ата-ана естерінде сақтағаны ләзім. Сондай-ақ, бұл тұрғыда Ислам дінін де өзіміздің қазақы салт-дәстүрімізге сай етіп ұстансақ құба-құп болады. Ол жағынан біз ешкімнен ақыл-кеңес сұрамаймыз. Өйткені біздің ата-бабаларымыз жүздеген жылдар ұстанып келген дін ешкімді адастырып көрген емес. Ендеше неге біз соны жандандырып, берік бағыт етпейміз. Бір сөзбен айтқанда біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды қайта қалыптастырып, бағалай білуіміз керек. Бізге жетіспей жатқаны да осы. Шындап келгенде сол салт-дәстүр, мәдениет, өнер, білім, қазақы тәлім-тәрбие, тіпті дініміз де айтып отырған ұлттық құндылықтарымызға жатады, соның құрамдас бөліктері. Оларды бір-бірінен ажыратып, жеке-дара қараудың қажеті жоқ, ол ала қойды бөле қырқумен бірдей.
–Бүгінгі күні ең бір жанды мәселеміз – жер екені белгілі. Ата-бабамыз қасық қаны қалғанша қорғап, бізге аманаттап кеткен ұлан-ғайыр жерімізді өзге мемлекеттерге сатуға немесе жалға беруге қақымыз бар ма?
– Жер біздің ата-бабаларымыздан қалған ең басты байлығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтау әрбір қазақтың міндеті. Өкінішке орай, біз оны жете түсінбей отырмыз. Алдында айтқан ұлттық құндылықтарымыздай қасиетті жеріміздің де қадіріне жете алмай қойдық. Қаншама жерлеріміз Ресейдің әскери сынақ полигонына берілді. Шетелдерге өте ұзақ мерзімге тиын үшін жалға беріп, жазықсыз жерімізді жұлмалап жатырмыз. Иесіз жер жетім, оны жетім етіп отырған тағы да өзіміз. Міне осыны кеш те болса түсініп, көпшілік қисынсыз қабылданған, құйтұрқы тұстары көп Жер кодексіне қарсы шығып жатыр. Онысы негізсіз емес. Біз фермерлерге жерді жеке меншікке беруге қарсылық білдірдік. Фермерлердің 80%-ы – қазақ. Олар жерді 100 теңгеге жеке меншікке алсын. Жалға алса, шенеуніктерге қазақ фермері тәуелді болады және сол жерді пайдалануда еріксіз болады. Ірі жер меншігі- латифундиялар-феодализм белгісі жойылуы керек. Тәркіленген жерлер фермерлерге жүз теңгеге таратылуы керек. Жер мұрагерлік құқықпен әкеден ұл мен қызға қалдырылады.Қала түбіне қоныстанам деушілер – үй салуға жер алады. Барлық фермерлер мен қала түбінен жер алғандар банкіге жерлерін тігіп несие алып, есесіне алған ақшаға құрылыс материалын алады. Елімізде фермерлер есебінен тракторларға, автоға, тыңайтқыштарға, үй жиһазына сұраныс пайда болады. Қазір Жер реформасына қатысты комиссия жұмыс істеп жатыр. Егер де фермерлер жерді жеке меншікке алып, несиеге қол жеткізіп, шаруашылыққа кіріссе, қала түбіндегі қазақ алған жеріне үй салса, ол революцияшыл емес консервативтік күшке айналады. Ал, көпшілік өз ұсынысын өткізуге тырысуда. Менің ұстанымым – жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға да беруге болмайды. Әсіресе жақын жатқан Өзбекстан, Ресей, Қытай сынды мемлекеттерден аса сақ боған жөн. Инвестиция әкеліп салған күннің өзінде де олардан күні-түні көз алмай қадағалап отыру қажет. Олар бүгін келеді, ертең кетеді. Ал туған жеріміз қазақтың тұрақты мекені.Сол жердің иесі болғандықтан біз оған аса қамқорлықпен қарауға міндеттіміз.
– Басқа елдер секілді, еліміздің ішкі сыртқы қауіпсіздігі үшін бізге де шетел азаматтарына азаматтық беру мәселесін қатайту керек дегенге келісесіз бе?
– Толықтай келісіп, қолдаймын. Біріншіден, біздің елге келген шетелдік азамат ең алдымен мемлекеттік тілді білу керек. Мемлекеттік тілде сөйлеп қана қоймай еркін жаза да білуі тиіс. Мысалы, көрші Ресейдің тәжірибесі солай. Ресейде олардың Конституциясын, тарихын , тілін білмесең азаматтық ала алмайсың. Францияда егер мигрант Франция азаматымен ажырасса азаматтығынан айрылып, депортацияға ұшырайды.Осы тәжірбиені бізге де кеңінен енгізу қажет. Бұл тұрғыдағы заңдарымызды барынша қатайтып, өз қауіпсіздігімізге толық жауап беретіндей болғаны жөн. Көлденең көк аттыны құшағымызға алуды тоқтату керек.
Ысқақ САДЫҚ, Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 3 курс студенті
qazaquni.kz