ШЕШІНГЕН ӘКІМ... ӘННЕН ТАЙЫНБАС...

Бұл олардың өнерге деген "махро-халатное отношениесін" көрсетпей ме?!.

sauna 2   Сахнада... кешіріңіз, саунада отырып ән тыңдаған әкімдер туралы әңгіме ғаламторда гулеп тұр...  Әкім болғанда да жәй бір әкімқаралар емес, солтүстіктегі дүрілдеп тұрған үш облыстың дүрдей әкімдері.  Фейсбук желісіндегі парақшасында Дәулет Қуанышпаев Көкшетауда облыстық театрда істейтін әпкесінің жылап отырып айтып берген  саунадағы әкімдерге қойылған "концерті" туралы сөзі ел наразылығына ұшырауда. Онда, театр әртісінің айтуынша,  Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов және Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов үшеуінің театр әртістерін саунаға алдырып алып...  түкті  халатпен... түк болмағандай тегін "көрермен" болғанын ашына жазады.  Зерендіге таң атпай дедектеп жеткен 15 әртіс, терлеп отырған тоқ әкімдердің алдында...  ашқұрсақ өнер көрсеткен...  daulet — копия Фейсбук желісіндегі мәліметті қашанда батылдығымен ерекшеленетін "31 арна"  індетіп жатыр. Әрине, театр басшылығы: "Бұл бізге жабылған жала, әртістеріміз ешқайда шыққан жоқ, күні бойы көз алдымызда жүреді"-дегендей, Д.Қуанышпаевты (суретте) сотқа бермек.  Қорланған әпкесінің намысын жыртқан Қуанышпаев та оңай шағыла қоятын жаңғаққа ұқсамайды, "керек болса, мәліметті растайтын  аудиожазба көрсетемін" деп, шарт түйініп отыр... Тіпті, соңғы жаңалықтар бойынша ол отбасына қысым көрсетіліп жатқанына қарсылық ретінде аштық жариялап жатыр екен... Ал әйгілі "ән тыңдағыш" әкімдерден әлі үн шыққан жоқ... Шамасы, саунадан алған  "жеңіл булары" қырсық шалғанда "ауырлап" кеткен болса керек... Бұл әкімдердің бастары қалай қосылып қалғанын да жұрт жақсы біліп отыр.  Осы таяуда ғана Ақмола облысына Елбасы жұмыс сапарымен барды. Сонда осы астықты үш облыстың әкімдеріне қадалып тұрып, ел ырзығын жинап алудың маңыздылығына баса назар аударып, таудай тапсырманы беріп кеткеніне эфир арқылы куә болғанымыз кеше ғана еді... Елбасының ерекше екпін берген астық жинауының алдында әкімдер ерекше бір күш жинап, демалғысы келген болар, онда тұрған не бер деуге де болады... Мейлі ғой, моншада қанша жатса да өздері білсін, бірақ, отбастары, жұмыстары бар  театр  әртістерін, яғни өнер адамдарын сахнаға емес... саунаға шақырып алып несі бар десейші... "Шешінген судан тайынбас" деген мақалға өзгеріс енгізіп, "Шешінген әкім әннен тайынбас" дейтін болсақ, бұл олардың өнерге деген "махро-халатное отношениесін" көрсетеді емес пе?!. Мүмкін, бұл әкімдер елбасының аса маңызды астық науқанына "бел шешіп кірісіңдер" -дегенін... осылай  "шешініп" кірісумен бастайын деген шығар... Қазыбек ИСА, qazaquni.kz