Дулат Исабек: Қазақ тілі жылын белгілеп, тілімізді дүр сілкіндіруіміз қажет...

Дулат Исабек: Қазақ тілі жылын белгілеп, тілімізді дүр сілкіндіруіміз қажет...

«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Қазыбек Исаның «Ақ жол» фракциясы атынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа Ұлт ұстазы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты жолдаған депутаттық сауалында орынды мәселелер көтерілген. Осы тұста бір нәрсені баса айтқым келіп отыр. Парламентке «Ақ жол» партиясы келмей тұрып, Мәжіліс мінберінен Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алаш арыстарының аттары мүлде аталмайтын. Бүгінде Алаш арыстарына лайықты құрмет көрсетілу мәселесінің қозғалып отырғандығының өзі ұлттық мүддеміздің лайықты қорғалып келе жатқанының көрінісі.

Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Қазыбек Иса айтқандай, ұлттың ұлы мерекелерінің бірі. Осынау атаулы күннің қазақ халқы үшін мән-маңызы жоғары. Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың ұлт болуы жолында жанын аямаған, басынан айрылатынын біліп тұрса да, бас тартпаған тұғырлы тұлға. Яғни, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлылар саналы түрде өзін оққа байлаған азаматтар. Алаш партиясының ұлық көсемдері, қазақ халқының көшбасшылары – зиялы қауым өкілдерінің ішіндегі ең білімді, ең саяси ойы жетілген қазақ ұлтының болашағы үшін жандарын аямаған ұлт қайраткерлері. Осындай Алаштың ардақтыларынан біз нені аяуымыз керек?! Ұлт ұстазының құрметіне Қазақстан бойынша дүбірлетіп үлкен бір той өткізбесек, біздің ұлт ретінде өмір сүруіміздің мәні де жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы көтерген үлкен мәселе –Тәуелсіздік еді. Амал нешік, азаттықтың ақ таңының атқанын көре алмай кетті. Көп күттіріп келген Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, бүгінде оның 30 жылдығын атап өтудеміз.

Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ алфавитінің, қазақ тілінің негізін қалаған өте білімдар лингвист. Сондықтан да келесі жылды Қазақ тілі жылы деп атауымыз өте орынды. Иә, ана тілін осылайша бір дүр сілкіндіріп қоюымыз заңдылық деп есептеймін. Қазақ тілі өркендеп жатыр дейміз, жоқ, керісінше, шегіншектеп бара жатыр. Қарап отырсақ, «Хабар» телеарнасының өзі қазіорыс тіліндегі хабарларын көбейтті. Себебі, негізгі мәселелер бойынша қазақ тілінде пікір білдіретін саясаткерлер, депутаттар жоқтың қасы. Болса да саусақпен санарлық. Сондықтан, амалсыз орыс тілінде шүлдірлейтіндерді тыңдауға мәжбүрміз. Біз бұлардың санасына қазақ тілін қайткен күнде де сіңіруге тиіспіз. Келесі жылды Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты Қазақ тілінің жылы деп атасақ, саналарына бір ұшқын жететін шығар.

Дәл осы сылбыр күйімізбен жүре берсек, қазақ тілін өркендетпек түгілі, одан әрі кейін шегіндіре береміз. Ахмет Байтұрсынұлы шаңырағын көтерген, керегесін керген, уықтарын қадаған қазақ тілінен айырылып қалу қаупі төніп тұр. Келесі жылды қазақ тілінің жылы деп ұялмай, қазақ тілінде де, орыс тілінде де айта алатын күнге жетуге тиіспіз. Осы жағынан мен Қазыбек Исаның бастамасын қолдаймын.

Аталмыш депутаттық сауалда көтерілген, Тіл білімі институты астындағы гей клубтар мен түнгі клубтарды жабу мәселесі де өте өзекті. Қызтекелер ұлтты құртатын, тіпті, түп-тамырымен жоюға апаратындар. Бұлардың елімізде көптігі мені қатты алаңдатады. Әншейінде митингіге бес адам шықса, бәрін тырқыратып қуамыз. Неге қызтекелерге де осындай қатаң шара қолданбаймыз?! Әйтпесе жастардың арасында үлгі болып кететін түрі бар. Бұл өте қауіпті. Ұлтқа зияны тиетін, түптеп келгенде, ұлтты бордай тоздыратын нәрселерге, көзімізді жұмып қарап отырғанымыздың өзі қылмыспен пара-пар әрекетсіздік. Тек, Тіл білімі институты астындағы гей клубтар мен түнгі клубтарды жауып қана қоймай, еліміздің барлық қалаларындағы осындай орындардың көзін құртуымыз керек.

qazaquni.kz