"Қазақ үні" сынынан кейін жұмысшыларға жалақы төленді
2021 ж. 09 наурыз
1398
0
Бұған дейін «Qazaquni.kz» сайтында Баянауыл ауданында торайғырлық бес азаматтың өткен жылдың екі айы үшін (қыркүйек, қазан) жалақы ала алмай жүргенін жазған болатынбыз.
Мәселенің мәнісіне келсек, жұмыс беруші («Логотек. KZ» ЖШС) 2020 жылғы 13 мамырда 3 жұмыскермен және 25 мамырда 2 жұмыскермен еңбек келісімшартын жасасқан. Бірақ жұмыскерлерге қыркүйек және қазан айларына еңбекақы төленбеген. Оның себебін мердігер тарап учаске мастерінің жұмысшылар жалақысына жұмсалуы тиіс ақшаны өндірістік мұқтаждықтарға жұмсап қойғандығымен түсіндіріп отыр.
Біз мақаламызда бес азаматқа облыстық еңбек басқармасына жүгіну кезінде әкімдік көмек бермегенін де тілге тиек еткенбіз. Осыдан соң 1 наурызда жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері азаматтарға портал арқылы шағым беруге қол ұшын созыпты.
Сөйтіп, біздің дабыл қағуымызбен мәселеге жергілікті билік назар аударып, мереке қарсаңында 5 азаматтың әрқайсысына 136 мың теңгеден жалақы төленді.
Жанаргүл Қадырова,
Павлодар облысы