«АБАЙ АРМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ» мүшәйрасының жүлдегерлері марапатталды

«Ақ жол» партиясы қазақтың ұлы ақыны, данышпан ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және Қазақ Республикасының 100 жылдығына арнап ұйымдастырған «АБАЙ АРМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ» атты халықаралық мүшәйраның қорытындысы шығып, жүлдегерлер марапатталды. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ақ жол» партиясының бас ғимаратында өткен шараға пандемияға байланысты келе алмаған ақындар ЗУМ арқылы онлайн форматта қатысты. Мүшәйраның салтанатты марапаттау рәсімін Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қазыбек Иса ашып, жүргізіп отырды. - Ұлы Абайдың 175 жылдығы мен Қазақ Республикасының 100 жылдығына арналған халықаралық мүшәйра былтыр қыркүйек айында жарияланған. қорытындысын желтоқсан айында жасар кезде сайлау басталып кетті де, сайлау ережесіне сай сайлау кезінде марапаттау шарасына тыйым салынғасын, енді өткізіп отырмыз. Қазақ Республикасы 100 жылдығына билік мойын бұрмағанмен, "Ақ жол" партиясы атап өтіп, үш рет ғылыми конференция мен жиындар ұйымдастырды. Бұл халықаралық мүшәйра осы іс-шаралардың қорытындысы деуге болады. 153 ақын кемінде 3 өлеңнен жібергенде 500-ге жуық жыр бәйгеге түсті. Солардың ішінен жүзден жүйрік шыққан 20 ақынға жүлде беріп отырмыз. Мүшәйрада бәйге алған жырлар мен іріктелген өлеңдер алдағы уақытта "Тұран" баспасынан кітап болып шығып, "Қазақ үні" газеті мен сайтында жарияланады"-деді Қазыбек Иса. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстанға Еңбегі сіңген қайраткер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, мүшелері – белгілі ақын, Қазақстанға Еңбегі сіңген қайраткер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Сарбалаұлы, ақын, журналист, зерттеуші Нұрлан Әбдібек. Барша ақынды Абайдың мерейлі мерекесімен, Қазақ Республикасының 100 жылдығымен құттықтаған ақын Ғалым Жайлыбай осы жыр бәйгесіне барлығы 150-ден астам өлең келіп түскенін, іріктеуге барынша әділ қарауға тырысқандарын айтты. Мүшәйраны қорытындылау барысында сөз алған «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, жүлдегерлер мен қазылар алқасы мүшелеріне партия тапсырысы бойынша Еуропада жасалған «Қазақ Республикасына 100 жыл» мерекелік медалімен марапаттады..

Мүшәйраның қорытындысы:

Абай атындағы Бас жүлде - Азамат Тасқараұлы;

Әлихан Бөкейхан атындағы 1 орын - Исрайыл Сапарбай;

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы 2 орын - Абзал Бөкен;

Мұстафа Шоқай атындағы 2 орын - Әлібек Шегебай;

Міржақып Дулатұлы атындағы 3 орын - Әубәкір Қайран;

Сұлтанбек Қожанұлы атындағы 3 орын - Аманғазы Кәріпжан;

Әлімхан Ермеков атындағы 3 орын - Ақылбек Шаяхмет;

Арнаулы жүлделер:

1.Батырхан Сәрсенхан - Мағжан Жұмабаев атындағы;

2.Мирас Асан - Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы;

3.Бауыржан Қарабек, - Шәкәрім атындағы;

4.Жәлел Шалқар - Жалау Мыңбаев атындағы;

5.Ерғали Бақаш - Нәзір Төреқұлов атындағы;

6.Мағиза Құнапия - Жүсіпбек Аймауытов атындағы;

7.Роза Сейілхан -Мұхамеджан Тынышбаев атындағы;

8.Наурызбай Жарбосынұлы (Өзбекстан) - Ілияс Жансүгіров атындағы;

9.Дәулет Телманов - Садық Аманжолов атындағы;

10.Мақсат Ережеп - Райымбек Мәрсеков атындағы;

11.Әсел Оспан - Нұртас Оңдасынов атындағы;

12.Ұлмекен Лесбек - Жұбан Молдағалиев атындағы;

13.Майра Қуанышқызы - Жұмабек Тәшенов атындағы "Қазақ үні" газетінің арнайы жүлдесі.