Қазақстанда 25 желтоқсаннан бастап шектеу шаралары күшейтіледі
2020 ж. 21 желтоқсан
3525
0
Қазақстанда 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін шектеу шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған байланысты Ведомствоаралық комиссия бірқатар шешім қабылдады:
- 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.
- Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін «Теңіз» кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі.
- Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылдау.
Сонымен қатар coronavirus2020.kz сайтының хабарлауынша, білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданды:
- оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылсын;
- оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;
- II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын.
Үкімет басшысы әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды. Премьер-Министр әкімдердің назарын қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшаларды сапалы санитарлық өңдеу, сондай-ақ егу пункттерін вакцинациялауға дайындау қажеттігіне аударды.
Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.