Иманғали Тасмағамбетовтың немен айналысып жүргені белгілі болды

Тасмағамбетовтің жақын әрі үзеңгілес досы, Қазақстанның Халық әртісі, актер Досхан Жолжақсынов Azattyq Rýhy тілшісіне саясат сахнасынан кеткен белгілі тұлғаның немен айналысып жүргенін айтып берді.

Актердің айтуына қарағанда, ол Иманғали Тасмағамбетовті соңғы рет 17-мамырда көрген. Бірақ телефонмен жиі сөйлесіп тұратынын айтты. Екі-үш күн Алматыда болып, жақында астанаға кетіпті. Жолжақсыновтың айтуынша, негізінен немерелеріне қарайды. Олар екі қалада тұрады екен.

«Еш айтарлықтай жоспары жоқ. Емделіп, демалып, отбасы қасында, немерелеріне қарайды, бүкіл шаруасы осы. Кітап оқиды. Денсаулығына қарайды. Осындай енді. Таяқ ұстап тұрған кәрі емес. 63 жас деген пайғамбардың жасы дегенімізбен, Шариғат туралы, пәлсапалық тұжырымдар жайлы, жақсы-жақсы тәлімді әңгімелер айтатын жас қой бұл өзі» дейді  досы туралы актер.

Жолжақсынов Тасмағамбетов жоғары жақтың шешімін қиналмай қабылдағанын айтты. Бірақ досы үшін белгілі актердің өзі күйінетін сияқты.

«Айтпаса, сөздің атасы өледі. Қызметке келгенде нағыз тепсе, темір үзетін кезі еді ғой. Біріншіден, өмірлік тәжірибесі де, қызмет, саясат жолында да тәжірибесі жетеді. Енді демалысқа шыққаннан кейінгі тірлігі осы болып қалды. Бірақ оның көңілін, көкірегін ашып көру оңай шаруа емес. Өзі мықты азамат болған соң, білдірмейді. Негізі, іші-сыртының бәрі көзінен көрініп тұратын тазалығы бар. Бәріміздің тірлігіміз осы енді. Зейнетке шыққан соң, 5-6 тиынды күтеміз. Ол немерелеріміздің ойыншығынан аспай қалады.

Ешқандай қоғамдық жұмысы жоқ. Қолдан келген дүниелерді елшілікте жүргенде де істеді. Сол жақтағы қазақтардың басқосуына да, олардың ұлттық құндылықтарды тануына да біраз ықпал жасады. Біраз батырларымыз бен тұлғаларымызға ескерткіш ашуға себепші болды. Қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазір енді (қызметке — AR) шақырса да бармайтын шығар.  Жан-жаққа тартуы мүмкін. Билікке қарсылар да, билікті жақтайтындар да. Қоғам болған соң болады» деп өкінішін білдірді Жолжақсынов.