Мәулен Әшімбаев Сенат төрағасы болып сайланды

Мәулен Әшімбаев Сенат төрағасы болып сайланды Мемлекет Басшысының Жарлығымен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ Мемлекет Басшысының Жарлығымен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Мәулен Әшімбаев 1971 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2016 жылы Тафтса университетін, Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебін (АҚШ) аяқтаған. Саяси ғылымдардың кандидаты. Халықаралық қатынастар магистрі. Университетті бітіргеннен соң 1993-1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеді. 1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес депутатының көмекшісі. 1995 жылғы маусым – қараша аралығында – Қауіпсіздік кеңесі аппаратының консультанты. 1995-1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, осы орталық жетекшісінің бірінші орынбасары. 1999-2000 жылдары – Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі. 2000-2002 жылдары – Қауіпсіздік кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2002-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. 2005-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары. 2006-2011 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2012-2018 жылдары – V, VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрғағасы. 2018-2019 жылдары – «Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары. 2019 жылдың шілде-желтоқсан айларында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2019 жылдың 18 желтоқсаннан бері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары болып қызмет атқарған. Қазақ руханиятында үлкен із қалдырған қаламгер- қайраткер, көрнекті сыншы, ұлттық мүддені қорғап өткен Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәулен Сағатханұлына еліміздегі екінші лауазым болып табылатын жоғары қызметінде зор табыс тілейміз.