Абзал Құспан: Ислам Әбішевтің кінәсіз екенін толық дәлелдеп бердік

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы "Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch" қонақ үйінде Ислам Әбішев пен Серік Түкеевтің үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты екі азаматтың қорғаушылары баспасөз мәслихатын өткізді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Жиын барысында белгілі заңгерлер Абзал Құспан, Мәкіш Есқараев, Саян Жүнісбаев, Ерлан Макеновтар атышулы істегі құқық бұзушылықтар туралы айтты.

Мәселен, адвокат Абзал Құспан осы уақытқа дейін өткен барлық сот процестерінде Әбішевке тағылған айыптардың негізсіз екенін дәлелденген сөз етіп, қазіргі уақытты оның отбасы мүшелеріне қысым көрсетіліп жатқанын хабарлады.

Оның айтуынша, Ислам Әбішевтің балалары мен бауырларына қылмыстық іс қозғалған. Адвокаттың пікірінше, бұл Әбішевке ғана емес, сотқа да жасалып жатқан қысым.

- Осы уақытқа дейін Ислам Әбішевке тағылған айыптардың барлығы негізсіз екенін толық дәлелдеп бердік. Енді үкім шығаратын кезде аяқ астынан судья Қ. Мекемтас ауырып қалды. Оған дейін Ислам Әбішевтің қыздары мен інілеріне қысым көрсетіліп, "олар пара беруге оқталып жүр" деген желеумен үстерінен іс қозғалған. Бұл жерде ең алдымен күдікке кім ілінеді? Алдымен, күдікке судья ілігеді. Демек бұл сот барысына жасалып жатқан қысым, - деді А. Құспан.

Бұл істегі тағы бір білікті қорғаушы Мәкіш Есқараев та әріптесінің сөзін толық қолдап ғана қоймай, сот барысындағы біраз құқық бұзушылықтар болғанын алға тартты.

Оның ішінде, соттағы басты куәгер Азамат Шәймерденовтың бұрын қаржы полициясында қызмет еткенін, Әбішевтің үстінен арыз түсіген кезде өзі де істі болғанын, бюджетке 1 млрд теңге шығын келтіргенін, арыз түсірмес бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерімен телефон арқылы бірнеше мәрте сөйлескенін, тіпті, құзырлы органдарға "тыңдау құрылғыларын" жеткізіп беріп отыратын компаниясы барын да ашып айтты.

Есқараевтың сөзінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкері арандатушылық жасап, өрескер заңбұзушылықтар жасап отыр. Қылмыстық кодекске сай, мұндай әрекеттер үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылу көзделген, - деп атап өтті адвокат.