Мәмбет Қойгелдиев: Қазақстандағы советтік билік баламасыз билік пе еді?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды» [1] деген ойға табан тіреген бағдарламалық  мақаласы тарихи тұрғыдан Мыржақып Дулатұлының өткен ғасырдың басында жариялаған «Оян, қазақ!» атты манифесін еске салады. Өткен тарихымыз бен осы контексте бүгінгі жағдайымызды тура қорыту ісінде бұл мақала тәуелсіз ойлаудың философиялық әдіс-құралы міндетін атқарып отыр.

    Мәселе  мынада. Ұлттың тарихи тәжірибесін ғылыми тұрғыдан қорыту ісі елімізде өткен ғасырда тікелей советтік идеологияның арнасында және қатал бақылауы бойынша жүрді. Басқаша болуы да мүмкін емес-тін. Өйткені елдің тарихын жазу, оны философиялық тұрғыдан қорыту қызметі империялық ұстанымдағы саяси жүйе қалыптастырған зерттеу институттары арқылы жүргізілді. Тарих, философия және басқа гуманитарлық ғылым салаларында жазылған еңбектер міндетті түрде биліктің идеологиялық талап-тілегі мен талғамына сәйкес келуге тиісті болды. Қоғамдық ойдың көрінісі ретінде елімізде советтік кезеңде қалыптасқан гуманитарлық ғылым салалары белгілі дәрежеде ағартушылық және ұлттық ойлау мәдениетін қалыптастыру міндетін атқарғандығын жоққа шығару, әрине орынды болмас еді. Дегенмен, олар басым түрде отарлаушы мәдениетке тәуелділікті күшейте түсу, тіптен ұлттық мәдениеттің түпнұсқалық болмысын әлсіретіп, оны көшірме мәдениетке айналдыру міндетін де атқарды. Соның бірден-бір айғағы, ұлттық тарих пен қоғамдық ой осы уақытқа дейін елдің жүріп өткен жолы мен шынайы болмысын қорытуда ескі методологиялық әдіс-құралдардан арыла алмай келеді. Басқаша айтқанда, олар осы күйде қала бермек, егер ұлт шындығын танып-білуде жаңа да тәуелсіз ойлау философиясын меңгеруді мақсатты әрі жүйелі түрде іске асырмаса. Рухани жаңғыру бағдарламасы тәуелсіз ойлау философиясы деген ойды біз осы тұрғыдан түсінеміз.

     Мәселен, біздің өткен тарихымызға, әсіресе, оның соңғы екі-үш ғасырлық кезеңін тура қорытуға қатысты қоғам көңіліндегі алаңдаушылық туғызып отырған сауалдар бар. Бұл мәселеде ашықтық қажет-ақ. Қысқаша болса да осы тақырыпқа тоқталайын.

    Бұл алаңдаушылықты туғызып отырған ең кем дегенде мынадай екі себепті бөліп айтуға тура келеді. Мемлекеттік тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асып бара жатса да, біріншіден, «біз қандай қоғамнан шықтық, ол жүйеде біздің тапқанымыз басым ба, жоқ әлде жоғалтқанымыз басым ба?»  деген, екіншіден, «қандай қоғам құру жолында тұрмыз, ертеңгі күніміз жас буын ұрпаққа жайлы тиеді ме, өзгеге кіріптарлықтың жаңа түріне тап болмаймыз ба?» деген сауалдардың қоғам көңілінен әлі де болса сейіле қоймағандығы ешқандай да құпия болмаса керек. Қоғам осы сауалдарға тұщымды жауап алғысы келеді және ондай жауап алуға ол толық құқылы.

    Шынын айту қажет, мемлекет өз тарапынан тарих ғылымы мен тарихшыларға тарихи шындыққа жетуге қажет алғышарттарды қалыптастыру ісінде біраз жұмыстар  атқарды. Елбасының тікелей қолдауымен жүргізілген «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламалар бұл пікірге негіз бола алады. «Рухани жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, — деп көрсетеді мемлекет басшысы – ол адасуға»  бастамақ. Қазақ руханиятына нәр беретін сондай рухани бастау көздерінінң бірі – Алаш мұрасы, ұлттың өзін-өзі сақтау үшін жүргізген арпалысты күресінің тарихы. Тәуелсіздік кезеңде бұл тақырып қандай дәреже және мазмұнда шешімін тапты, енді осы мәселеге тоқталайын.

Жақында ғана Алматыда болып өткен «Большевики в Казахстане: зло или благо?»деген дөңгелек үстелдің матеиалдары интернет арқылы жарық көрді [2]Міне осы материалдарда Ч.Лаумулин және Б.Султанов сияқты әріптестеріміз «Қазан революциясы болмаса Қазақстан бүгінде шамамен Ауғанстан қатарындағы қоғам деңгейінде болар еді», —  деген пікір білдірді.

       Мұндай көзқарасты аталған азаматтарға ғана тиесілі көзқарас ретінде қабылдау, әрине, жаңылғандық болар еді. Біздің қоғамда мұндай көзқарастағылар аз емес. Шындық солай. Бұл жетпіс жылдан астам уақыт бойы үстемдік құрған советтік идеологияның артында қалдырған мұрасы. Советтік идеология қоғамдық өмірде үстемдік құрып отырған жоқ, бірақ оның қоғамдық санаға тастаған дәндері әлі де жемістерін беруде. Соның бірден-бір көрнісі жоғарыда келтірілген пікір. Ал ол пікірдің астарында «1917 жылы қазақ қоғамы үшін советтік билікке балама билік болған емес» деген большевиктік тұжырымның жатқандығын айтқан жөн.

Советтік кезеңде мұндай көзқарастағылар Кенесары Қасымұлы қозғалысын — феодалдық-монархиялық, ал Алаш қозғалысын — тар ұлттық-сепаратистік қозғалыс ретінде бағалады. Яғни, қазақ қоғамын өз бетінше дербес өмір сүре алмайтын қоғам ретінде көрсетуге тырысты.

        Ал шынайы өмірде Совет өкіметіне балама билік болды ма? Әрине, болды. Ол 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында өткен 2-нші Жалпықазақ съезі сайлаған Алашорда үкіметі болатын. Алашорда үкіметі он бес адамнан тұрды. Бұдан тыс он орын қазақ жеріндегі басқа ұлт өкілдеріне қалдырылды. Сапалық тұрғыдан алғанда үкіметке мүшелікке сайланған он бес адамның он төрті жоғары білімді, тек біреуінің ғана (Отыншы Әлжанов) арнайы орта білімі бар-тын. Үкіметтің қолында Алаш партиясы даярлаған  бағдарлама болды. Қазақ қоғамына байланысты ондай бағдарлама  большевиктер партиясында болған емес. Тарихи құжаттармен мұқият танысқан адам бұл пікірдің дұрыстығына жеңіл көз жеткізе алады.

Алаш қозғалысы – бұл ешқандай да ретроградтық қозғалыс емес, ол азаттыққа, еркін дамуға ұмтылған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы болатын. Яғни, кемел ақыл-ой тұрғысынан Алаш тақырыбы даулы тақырыпқа айналуға тиіс емес-тін. Өйткені, біріншіден, өз бағдарламаларына сәйкес алаштықтар поляктар немесе финдер сияқты Ресейден бөлініп, дербес мемлекет құратынын мәлімдеген жоқ. Олар егер Ресей Демократиялық Федерациялық мемлекеттік құрылымға көшсе, қазақ қоғамы оның құрамында автономия түрінде болатындығын жобалады.  Екіншіден, алаштықтар қоғамдық дамуда еуропалық жолды, яғни демократиялық және рыноктық құндылықтарды ұстанатындықтарын өз бағдарламаларында ашық жария етті. Басқаша айтқанда, ұлт тарихындағы бұл буын ұлт өмірін бейбіт эволюциялық жолмен реформалау ұстанымында тұрған буын болатын. Үшіншіден, Ә.Бөкейханов пен оның серіктері өздерін ұлы орыс мәдениетіне жақын тұрғандықтарын, тіптен осы жолда өздерін шәкірт санайтындықтарын ылғи да ескертіп отырды. Қазақ қоғамында орыс әдебиеті мен мәдениетінің озық үлгілерін насихаттау жолында тұрды. Ә.Бөкейханов, мәселен, Л.Н. Толстойды соңғы пайғамбар санады.

Басқаша айтқанда, советтік идеология көрсетуге тырысқандай, алаштықтар тар ауқымдағы ұлтшылдар емес-тін. Олар берік жалпыадамзаттық құндылықтар ұстанымында тұрған буын еді.

Алаш қозғалысының табиғатын тура түсіну үшін қозғалыстың неден басталғандығына көңіл аударған жөн. Қазақ азаттық қозғалысы ағартушылық қызметтен басталды. Сондай-ақ, ағартушылық толыққанды қоғамдық құбылыс ретінде көрінуі ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне, яғни алаш зиялыларының қызметіне тұс келді. Жалпыұлттық «Айқап» журналының (1911-1915), «Қазақ» газетінің (1913-1918), екі миллионға жуық тиражбен басылған (революциялық өзгерістерге дейін) қазақ кітаптарының жарық көруі және басқа атқарылған істер осы тұжырымға негіз бола алады.

Қазақ ағартушылығының хронологиялық ауқымы жөнінде. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда, мәселен, еуропалық ағартушылық ешқандай да сыртқы араласусыз барлық қалыптасу және даму сатыларынан емін-еркін жүріп өтті. Ал оның өкілдері ешқандай да репрессия құрбаны болған емес.

Ал қазақ ағартушылығы барлық белгілерімен толыққанды тұтас қоғамдық процесс ретінде ХХ ғасырдың басында қарқынды өріс алғанымен, билік тарапынан қойылған үлкен кедергілерге кезікті. Ол бар болғаны  20  жылға жетер-жетпес мерзімге созылды. Ал оны бастап, бағыт-бағдарын анықтаған тұлғалар түгелдей дерлік репрессия құрбаны болды. Ал мұндай трагедияны еуропалық бірде-бір ұлт басынан кешірген жоқ. Соған қарамастан қазақ зиялыларының 20-30 жылда жүріп өткен жолы кез-келген зерделі адамды таңғалдырмай қоймайды.

ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының алдына қойған міндеті қазақ деген «халқын ұлт деңгейіне көтеру», өз елін «жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру» (М.Шоқай) болды және осы мұратқа жету жолында халық бұқарасымен арада ортақ сана қалыптастыруға күш салды.

Осы ретте қазақ ағартушылығы мен ұлтшылдығына тиесілі мынадай бір жағдайға назар аударуға тура келеді. Қалыпты да бейбіт даму жағдайында  ағартушылық қызмет ұлттық тілдің, білім жүйесінің , жаңа сатыдағы ұлттық мәдениеттің, ұлттық бірегейлік пен сананың қалыптасуымен аяқталмақ. Қорыта айтқанда, ағартушылық ұлт үшін ұйытқы элемент қызметін атқарады. Сол сияқты ұлтшылдық та бұл кезеңде прогресшіл күш орнында жүріп, қоғамды ұлттық тәуелсіздік пен еркіндікке бастап, мемлекетшілдік ұстанымның қалыптасуына игі әсері болмақ.

Қазақ ағартушылығы мен ұлтшылдығының тағдыры қайғылы қалыптасты. Олар көздеген мақсатына жете алмай, бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес уақытта белсенді қызметтен ығыстырылды.

1933 жылы 16 ақпанда Архангельск түрмесінде жатқан Ахмет Байтұрсынұлы Екатерина Павловна Пешковаға: «Я педагог, связавший с работой просветительной общественно-культурную, публистическую, литературную,  и как сын порабощенной нации, проводивший в своей работе определенную политическую идею – идею освобождения казахского народа через борьбу против существовавшего режима, через культурное развитие и через углубление сознания народа; за что приходилась сидеть в тюрьме, побывать в ссылке при царском режиме. Я как сын отсталой нации работал с самоотверженным энтузиазмом, отдавая все свои силы и способности, даже и здоровье свое, на дело просвещения казахского народа. И вот волею судеб, в благодарность за все это от казахского народа пришлось мне при старости лет (62 года) побывать 20 месяцев в тюрьме, 22 месяцев в концлагере и очутиться наконец, в таком положение, где старость атакует меня с трех сторон».

Ә.Бөкейханов 1933 жылы 29 сәуірде абақтыда жатқан А.Байтұрсынов жөнінде Е.П. Пешковаға мынадай мәлімет береді: «Он просветитель казахского народа. Байтурсынов Кирилл и Мефодий, Новиков и Радищев своего народа, он создал азбуку, которая по мнению профессора Малова, лучшая из азбук… Байтурсынов А. автор грамматики, синтаксиса, букваря, хрестоматий на казахском языке. Он Наркомпросс Казахской АССР… первоклассный поэт, сатирик. Он патриот, националист… бесстрашный пророк своих убеждении…» [3].

       Бұл арада қазақ ағартушылығының бастау көзінде тұрған Ахмет Байтұрсынұлына Әлекеңнен асып мінездеме беру мүмкін емес. Сондай-ақ, бұл берілген үзінділер арқылы қазақ ағартушылығының талайы мен тағдырынан толық мәлімет алуға болады. Ал осы жоғарыда аты аталған орыс тілді тарихшы азаматтар қазақ ағартушылығынан хабары бар ма екен? Әй, қайдам, жоқ-ау! Қазақ ағартушылығын түсіну үшін олардың еңбектерін қазақ тілінде оқу қажет. Өкінішке орай, советтік кезеңде біздің қоғамда қазақ тілін меңгермей-ақ қазақ тарихынан диссертациялық зерттеулер жазып, ғылыми дәрежелер алу кең етек алды. Сол қарқын әлі де бәсеңсімей келеді. Мәселен, көркем әдебиет ұлттың жаны дейміз. Бұл даусыз ақиқат. Ә.Бөкейхановтың көркем аудармаларынсыз, публицистикасынсыз, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының,  М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытұлының, М.Әуезовтың көркем шығармаларынсыз қазақ азаттық қозғалысының мақсат-мұратын дәл де терең түсіну мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес!

Сонымен Алаш қайраткерлері түгелдей дерлік репрессияға алынып, ал қозғалыс тарихы идеологиялық аппарат тарапынан неге бұрмалауға ұшырады? Осы сауалға қысқа жауап іздеп көрейін.

Бұл сауалға жауапты империяның геосаяси жағдайынан іздеген жөн.

Ә.Бөкейханов бастаған антиимпериалистік, отарлық тәуелділікке қарсы саяси топ ұлт өміріне қатысты бір мәселені дәл де тура түсінді. Яғни ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртып, қалпына келтірмей – ұлттың тұтастығы мен бірегейлігін, болашағын сақтау мүмкін емес екендігін. Олардың бұл әрекетін байқаған патшалық билік ұлт зиялыларын сепаратистер ретінде қудалауға алды. Өкінішке орай, патшалық биліктің бұл әрекетін советтік билік те жалғастырып, ұлт-азаттық қозғалысты біржола тұншықтырды.

Басқаша айтқанда, 1917 жылғы Ресейдегі революциялық өзгерістерді пайдаланып ұлттық мемлекеттілігін құру жолына түскен қазақ және оған туыс халықтарға советтік билік ұлттық негіздегі автономия беруден үзілді-кесілді бас тартты. Отарлық тәуелділіктегі ұлттардың бұл әрекетіне большевиктер үкіметі алып еуразиялық империяны әлсірететін фактор есебінде қарады.

       Белгілі геосаясаткер Хэлфорд Маккиндердің айтқан сөзі бар: «география – кез-келген теориялық мәселеге берілген жинақы жауап»  [4], — деген.

Большевиктер географияға байланысты стратегиялық мақсатын, әрине терең жасырып ұстады. Алға шығарған емес. Ал социализм идеясы, тап күресі және басқа теориялық ұстанымдар, белгілі дәрежеде, бұл стратегиялық мақсатқа жамылғы рөл атқарды.

А.Байтұрсынов В.И. Ленинге  жазған  хатында (1920 ж): «қазақ халқын алдауға құрылған кез-келген құйтырқы саясат сырты жылтыр болғанымен, ешқандай да мардымды нәтиже бермек емес. Патшалықтың көпғасырлық езгісіне іштей тынып, жеккөрушілікпен үнсіз шыдап келген халық, тағы да үнсіз шыдауы мүмкін, бірақ оның бұл шыдамы сәті түскен бір күні бұрқ етіп сыртқа шығуы әбден мүмкін» [5], — деп жазды.

Алаш қозғалысының табиғи мазмұны мен талап тілегін мойындауға кедергі болған келесі жағдайға тоқталайын. 1917 жылғы Октябрь революциясы нәтижесінде билікке келген Совет үкіметі сол уақытқа дейін отарлық тәуелділікте азап шеккен қазақ халқына өзін-өзі билеу мүмкіндігін беру міндетін күн тәртібінен алып тастап, оның орнына тек советтік, яғни таптық негіздегі билік жүйесін енгізетінін мәлімдеді.

Қазақ қоғамына байланысты (тек қазақ қоғамына байланысты емес) мәселенің осы мазмұнда қойылуы қаншалықты негізді еді?

Тарихи тәжірибе көрсетіп бергеніндей, большевизм тарапынан ұлт өміріндегі кезекті де міндетті кезең – өзін-өзі басқарудың орнына таптық жіктелуді енгізу теориялық тұрғыдан қателік, ал өмірлік тәжірибе тұрғысынан ұлт өміріне жасалған қиянат еді.

Жалпы бұл мәселені сол тарихи кезеңде теориялық тұрғыдан алаштық зиялылар тура түсіндірген еді. Мәселен, Елдес Омарұлы 1927 жылы тергеушіге берген жауабында мынандай ойды білдіреді: «Менің ұлтшылдық сенімім мынандай жағдайға байланысты: мен барлық басқа ұлтшыл отандастарым сияқты қазақ елім жақсы өмір сүрсе екен деген ойдамын. Қазақ халқы экономикасы мен мәдениетін еркін дамытқанын қалаймын…».

«Менің ол кездегі…… қалыптасқан көзқарасым бойынша, — деп көрсетті Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Х. Ғаббасов, 1929 жылы 25 қаңтарда берген көрсетуінде, — халық бүтін және бөлінбейтін құбылыс еді, соған байланысты мен саяси қызметімде (басқалармен бірге) тек қана жалпы-ұлттық мүддені басшылыққа алдым».

Алаштықтардың мұндай мазмұндағы ұстанымы осы мезгілде Азия және басқа континенттерде жүріп жатқан ұлт-азаттық қозғалыстардың бағдарламалық ұстанымымен толық үйлесімді болатын.

Ресей коммунистік партиясы қазақ азаттық қозғалысын табиғи мазмұнынан айырып, оны ұлттық бостандық үшін күрес арнасынан шығарып, таптық негізде жіктелу, бөлініп-жарылу жолына салды. Бұл, әрине, қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жасалған қиянат еді.

Алашорда үкіметіне қатысты мынандай мәселеге назар аудармау қисынсыз болар еді. Советтік тарихнама 1917 жылы 2-ші жалпықазақ сьезінің Алаш автономиясы мен оның Алашорда аталатын үкіметін құру туралы қаулы-қарарларын негізсіз контрреволюциялық әрекет есебінде бағалады [6].

Осы ретте мынадай жағдайды ескерген жөн.

         Біріншіден, екінші жалпықазақ съезінің шақырылуы бұл қажеттіліктен туындаған шара болатын. Бүкіл империя көлемін жайлаған берекесіздік жағдайында Ә.Бөкейханов бастаған топтың бұл съезді ұйымдастырып, өткізу әрекеті аса зор тарихи жауапкершілікті мойындарына алған нағыз отаншылдық ұстанымның үлгісі болатын, олардың бұл әрекеті отан тарихында осы тұрғыдан бағалануға тиіс.

Екіншіден, съезд қазақ қоғамында ерте замандардан қабылданған салт-дәстүр бойынша шақырылды. Ұйымдастырушы топ арнайы шақыруды ел ішіндегі беделді және белгілі деген адамдарға жолдады. 1917 жылғы қазақ қоғамы жағдайында жалпыұлттық жиынға өкілдер шақырудың басқа тиімді жолын ойлап табудың өзі де мүмкін емес-тін. Жалпы, мұндай бүкіл ұлттық құрылтайға барлық өңірлердегі елге танымал тұлғаларға хабар салып шақыру қазақ қоғамындағы ескі замандардан үзілмей келе жатқан дәстүр болатын.

Үшіншіден, ұлттық құрылтай Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, оның Алашорда аталатын үкіметін және төрағасын сайлады. Алашорда үкіметінің негізгі міндеті мемелекеттегі берекесіздік, анархия жайлаған жағдайда елді бүліншіліктен сақтау әрекеті еді.

Қорыта айтқанда, елдегі аласапыран жағдайда қазақ қоғамының барлық өңірлерінен жиналған өкілдердің дауыс беруі арқылы сайланған Алашорда үкіметі бұл толық легитимді билік түрі болатын. Тарих ақиқаты Алашорда үкіметін осы тұрғыдан қабылдауды талап етеді. Алашорда үкіметін құру арқылы оны ұйымдастырған ұлт зиялылары қазақ жерінде ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту ісін қолға алды. Сол бір күрделі тарихи кезеңде қазақ елі үшін бұдан маңызды нәрсе жоқ та еді.

Мәмбет Қойгелидиев, академик, тарих ғылымдарының докторы профессор

"Жас Алаш"

 

Ескертулер:

1.Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы . 12 сәуір, 2017    //  www.akorda.kz

2.Большевики в Казахстане – зло или благо? – Султанов  htts://365 info.kz

3.Кеңестік идеология жасырған ақиқат. // Жас Алаш (№78), 29 қыркүйек, 2016 ж.

4.Каплан Роберт.  Месть географии. М., 2016 – С. 84.

5.Алаш қозғалысы/Движение Алаш. Құжаттар мен материалдар жинағы. -Алматы, 2017. 3-том, 1-кітап. 60 бет.

6.Очерки истории Коммунистической партии Казахстана.  Алматы, 1987.  — С.71.