АЛАШШЫЛАРДЫҢ ИСЛАМДЫҚ КӨЗҚАРАСЫ
2024 ж. 29 қараша
552
0
Қылышынан қан тамған патшалық Ресейдің саясаты жүріп тұрған заманда бүтін бір елді боданына айналдыруды көздеген отаршыл үкімет халқымыздың дәстүрлі діні мен мәдениетіне ауыз сала бастады. Олар негізінен миссионерлік жолды басты қару етіп алдымен Түркістан өлкесін, одан біртіндеп бүкіл Қазақ даласын шоқындыру, орыстандыру әрекеттерін жүзеге асыруды көздеген-ді.
Әр халық мемлекет болып қалыптасқаннан кейін діні мен тілінің жойылмай, ата-дәстүрін сақтау арқылы дамуын ең басты орынға қояды. Осы күнде дінге қатысты біраз шиеленістер мен дау-дамай белең алып бара жатқаны жасырын емес. Оның басты себебі, әлемдік діндердің өзара тармақтарға бөлініп, өзгеше ағымдардың пайда болуы. Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен иман керек. Бұған Абай Құнанбайұлының: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деген сөзі дәлел. Қожа Ахмет Иасауи бабамыз да: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады», – деп, иманды алғашқы орынға қояды. Иманы, ары, адамгершілігі бар адам ешқашан да опасыздық жасамақ емес. Отанды сүю шынайы иманнан көрініс табады. Имансыз адам Отанның қадір-қасиетін де, маңызын да білмей өтеді.
Ислам діні қазақ даласында ең алғаш Қарахан мемлекеті мемлекеттік дін деп жариялағаннан кейін кеңірек тарай бастады. Содан бастап ұлан- байтақ атырапта ислам діні ұстанымға айналды.
Жалпы «Ислам» сөзі «бейбітшілік, мойынсұну» деген мағынаны білдіреді. Қызыл империя салған 70 жылдық зобалаңнан кейін, атеистік көзқарастардан бізді дін мен дәстүрдің сабақтастығы ғана алып шықты. Әсіресе, қазақ елі үшін салт-сана, тіл мен дінді насихаттауда Алаш зиялыларының ықпалы зор болды. Ал сайын сахараға теріс дінді енгізіп, жергілікті халықты қалайда уландырып, өз ырқына бағындыруды діттеген озбыр күштер мұсылмандық мектептерді, медреселерді жауып, орнына аралас қазақ-орыс мектептерін ашуға үлкен күш салды.
Кеңес жиналысы кезінде мемлекеттік думада Б.Қаратаев: «...Кішкентай қырғыз-қазақ ордасындағы қазақтар 1731 жылында Россияға қарауды қабылдады. Еш шүбәсіз ол кездерде олар шын иманды мұсылман еді. Соның үшін олар Россияға қарауларын мұсылман шариғаты бойынша Құранды сүйіп бекітті. Императрица екінші Екатеринаның заманында 1775 жылы Орынборға қараған мұсылмандар үшін мүфтидің қол астындағы Орынбор духовный собраниясы ашылған кезде бұл жақтағы қырғыз-қазақтар да оған қарайтын болды. Бұл мезгілде императрицаның бұйрығыменен Орынбор мен Троицкіде мешіт салынды. Императрица Екатеринаның қазақтарды Орынбор духовный собраниясына қаратудағы басты мақсаты қазақ даласында ислам дінін тарату емес еді. Неге десеңіз, қазақтар онсыз да мұсылман-тын. Алаш зиялыларының басты қорқынышы дінсіздік еді. Кеңес өкіметі билік құрағаннан бастап, мешіттер, медреселер жойылды. Молдалар мен имамдар қуыла бастады. Ол туралы Әлихан Бөкейханов: «Прокламацияға байланысты қазақтың әйгілі игі жақсыларын, молдалары мен жаңаша оқыған мұғалімдерін алғаш рет саяси тұрғыдан тінтіді. Кітаптары, хат-жазбалары тәркіленді. Бірақ, олардың 2-3 жылдан соң азаттық күндерін қайтарып берді. Қазақ даласының небір саңлақтары алдымен ауыл молдаларынан хат танып, сауат ашқаны ақиқат. Одан әрі білімдерін толықтырып, ғылымға ден қойды. Кеңестік саясаттың кең етек алуы қазақ халқының дінді аяқ асты етуіне ықпал етті. Атеистік көзқарасты ұстанған азаматтар кеңестік уақытта көптеп шыға бастады. Сонда да қазақ мұсылмандықты қанша ұстанса да, атеистік көзқараста болса да дәстүрін ұмытпаған. Дәстүр мен діннің біте қайнасып, қатар жүретінін уақыт әлдеқашан дәлелдеп қойған. Алаш зиялыларының да көптеген еңбектері ағартушылыққа бағытталуы сондықтан. Діни бағытта болсын, ғылыми бағытта болсын қазақ азаматтарының сауатты болып шығуы уақыттын өзі талап еткен аса қажет дүние еді. Оған бірден бір себеп, Ресейдің орыстандыру мен христиандандыру саясаты болғанын тілге тиек еттік.
Тілі мен дінінен айырылған халықтың тарих сахнасында аты өшпей қалуы мүмкін емес-ті. Дәл осыған қауіптенген зиялы қауым өкілдері барынша күресіп бақты.Алаш зиялыларының көздеген мақсаттарының ең өзектісі қазақ баласына, еліне жанашырлық таныту, ұлттың еркіндігі мен азаттығын алу, діні, тілі, мәдениетін сақтау.
Алаш қозғалысының өрістеуінде ислам дінінің орнын айрықша атап өткен дұрыс. Оған үш түрлі себеп бар: біріншіден, алаш зиялыларының имандылығы, екіншіден, мұсылманша тәрбие көріп, білім алуы, үшіншіден, ұлтқа деген шынайы жанашырлық. Қозғалыстың қарқынды жүргізілуіне Мұсылман съездерінің, Мұсылман фракциясының, «Шура-И-Ислам» сияқты қоғамдық саяси ұйымдардың ықпалы зор болғандығын да байқаймыз.
Аты аталған ұйымдардың ішінде «Шура-И-Ислам» саяси ұйымы 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен бүкілресейлік мұсылман съезінің шешіміне сәйкес құрылды. Бұл ұйымның негізгі қызметі: біріншіден, мұсылмандардың, екіншіден, олардың қоғамдық ұйымдарының Құрылтай жиналыстарына дейінгі іс әрекеттерін қадағалап отыру. Бұл саяси ұйымның құрамында Ж.Салихов, Ж.Досмұхамедұлы, У.Танашев, Ж.Ақбаев, К.Төгісов, М.Шоқай, Ш.Мұхамедияров және тағы басқа ұлт жанашырлары болды. Белгілі себептермен ұйым өз жұмысын тек Қазан төңкерісіне дейін ғана жүргізді. Көңіл бөлгендіктің айқын мысалы «Алаш» партиясының бағдарламасына да дін ісі жеке тарау ретінде енгізіліп, күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірегейі ретінде қарастырылды. Яғни, партия бағдарламасының IV тарауында «Дін ұстану туралы мәселе» деген тақырыппен беріліп, ол жерде: «біріншіден, шіркеудің мемлекеттен бөлінуі. Заң алдында барлық дін тең, яғни ешқандай діни ілімнің басқа діндерден артықшылығы болмайды. Екіншіден, қандай діни ілімнің болса да таралу бостандығы, діни наным таңдау бостандығы. Қырғызия үшін татарлардан бөлек жеке мүфтият құру. Үшіншіден, неке, ажырасу, туу мен өлуді тіркеу молдалардың (діни адамдар) қарауында қалады, ал қалыңмалға байланысты істер сот органдарында қаралады», – деп ашық көрсетілген.
Алаш зиялыларының еңбектерінен олардың дүние молдасымақтармен күресіп келгенін анық байқаймыз. «Құран ұстап оңдырмас жалған ғалым» (Қожа Ахмет Иасауи) демекші, дін жалғандықты кешірмейді. Алаш зиялылары ой өрісі, идеялық мақсат-мұраттары жағынан демократтық-халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытты соңына дейін құптап өтті. Ислам дініне аса мән берген қайраткердің бірі – алашшыл абыз Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ол өз шығармаларында Алланың берген адал жолын, Құран сөздерін және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін мысалға ала отырып, ұлтымыздың ата дінімізден алшақтамауын уағыздады. Дінінен безіп, дін бұзғандарды қатты сынға алды. «Мұсылмандық шарты» адамның жақсы, жаман мінездері, күнә, тәубә, тағы басқа істер жөніндегі шариғат үкімдерін жіктеп талдап жазады. Ислам дініндегі парыз, уәжіп, сүннет, мүстакрах, мүбах, харам, мәкрүһ, мәфсад сияқты істерге түсінік береді.
Күнделікті тұрмыста кезігетін мал сою, неке қию, қарыз беру, жерге, суға иелік жасау, аманат, ақы алу, тагы басқа жағдайларға байланысты шариғат үкімдерінің әрқайсысын жеке-жеке таратып түсіндіреді. Бес уақыт намазын қаза етпеген қазақ атамыз даналықтың озық үлгісін көрсете білген. Ешқандай өзге діннің жетегінде кетпей-ақ қазақтың дәстүрлі дініне берік болған. Адам баласы шыр етіп дүниеге есігін ашқан күннен бастап нәсілге, дінге, елге бөлінеді. Ата-бабасының мирас етіп қалдырган сара жолын өзінен кейінгі ұрпаққа аманаттайды. Алаш қайраткерлері қандай бастама көтерсе де ең алдымен келер ұрпақтың кемел болашағы үшін көтерді. Адалдықты, имандылықты, адамдықты, жақсылықты үндеді. Онсыз да надандық билеп тұрған заманда адамдардың ғылым мен білімге ден қойып, тіпті болмағанда мұсылманша сауат ашуын құптады.
Мұсылманша мектептерден білім алған көзіқарақты азаматтардың ел ішінде бала оқыту ісіне белсене араласуының арқасында надандыкқа, қараңғылыққа тұсау салынды. Мұсылманша сауат ашудан бөлек орысша оқуға, салалық пәндерді меңгеруге қызығушылық арта түскен-ді. Қазақтың мұң-мұқтажын арқалаған, көп болмаса да, санаулы басылымдардың жарық көруінің өзі Алаштың айбарына айналды. Қазақ даласындағы санаулы басылымның саны едәуір дамып кеткен Европа басылымдарынан аз болса да, сапа жағынан еш кем түскен емес. «Қазақ» газетінде жарияланған Ахмет Байтұрсыновтың «Бастауыш мектеп» мақаласында: «...Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталуы. Солай болған соң, бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деген құр әурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Араб әрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған.
Ендеше, ең асыл дәстүрлі дініміздің ата-баба мұрат етіп калдырған жолымен жүріп, келешек ұрпақтың тағдырын ойлағанымыз абзал. Алаш қайраткерлерінің дін жолын насихаттаудағы ойларынан бірнеше тұжырым жасауға болады: біріншіден,Олар ата дінінің жойылып кетпеуін ойлады, екіншіден, салт-дәстүрді құрметтеді, үшіншіден, білім алып, ғылым жолында жүруді құптады. Осы тұжырымдарды басшылыққа ала отырып, Алаш мұрасын құрметтеу басты парызымыз. Бүгінгі таңда ақиқатты іздеу жолында адасудан жастарымызды сақтасын. Бүгін «Алаш» ақтангерлерінің, Елім деп өткен ерлеріміздің еңбектеріде кәміл айғақ дүние бола алады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Нұрпейісұлы К. Ғасыр басындағы ұлттық интеллигенция. // Егемен Қазақстан. 1997 ж. 5 желтоқсан.
2. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – Алматы: «Атамұра», 2002.
3. Нұрпейісов. К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы «Ататек» 1995.
Күнсұлу ӘСЕТОВА,
ғылыми қызметкер