ҚОРҚЫТ ЕСКЕРТКІШІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

ҚОРҚЫТ ЕСКЕРТКІШІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

Тарих пен бүгінгі өмір сабақтастығы болашаққа деген үміт жібін жалғайды. Өткен өміріміздегі тарихи тұлғалар, өнер иелері мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ қатардағы қарапайым адамдар бастан кешкен сан қилы оқиғалардың ішінде көпшілікке беймәлім тұстар да көптеп кездеседі. Автор бір қарағанда, елеусіздеу көрінгенмен, өзіндік мән-маңызы бар жағдайлардан қысқа да нұсқа мағлұмат беруді мақсат етеді.

1980 жылдың қазан айында Қазақстанның мәдени өмiрiнде орны бөлек ерекше оқиға болды. 

Коммунистiк партияның айдарынан жел есiп тұрған шақ. Оның iзбасары – Ленин комсомолы да бар даланы дүбiрлетiп жатқан. Ол кейде тiптi Коммунистiк партияның өзiн шаң қаптырып кетуге бар. 

Жер-көктiң бәрiне шолақ белсендiлер мен үйретiлген аңдай шеңберден шықпай айналатын партократтардың әмiрi жүрiп тұрды. Жазатайым қия бассаң, желкеңдi үзiп жiберуге дайын. Партия салып берген «түзу жолдан» сәл-пәл бұрылдым дегенше, дүниенiң бар рахатын ұмытып, тезек терiп кеттiм дей бер. Iшiнде не барында шаруаң жоқ, көтерген ауыр жүгiңдi межелi жерiне дейiн арқалап апарып тастасаң болды. Ешқайда қарама, ештеңе сұрама. Бәрi де партия үшiн! 

  Дәл осылай бүкiл Кеңес Одағының аспанында Коммунистiк партияның Қызыл туы желбiреп тұрған кезде Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Ұлы көсем Владимир Ильич Лениннiң ескерткiшiн ақ матамен жауып тастап, ұшы-қиыры жоқ ен дала, жапан түзде Қорқытқа арналып ескерткiш қойылды. Ол кезде қыл қобызды Қорқытты бақсылардың басы деп танып, дiн өкiлi ретiнде атын айтуға болмайтын. Әсiресе, партия басшылары одан өлердей қорқатын... 

  Күздегi жиын-терiн науқаны аяқталып қалған кезде Қызылорда облысындағы Қармақшы аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Елеу Көшербаев жалпақ даланың тымырсық төсiн тiлiп өтiп жатқан таспа жолдың бойында бүкiл елдi елең еткiзген үлкен жиын өткiздi. Жиынға сол кездегi астанамыз Алматыдан бастап құлағы шалғанның бәрi жиналған. Бәрi дегенде, ғылым соңында жүрген ғалымдар мен елге белгiлi ақын-жазушылар ғана. Ал әлiптiң артын бағып, бiр сұмдықтың боларын күткен партия басшылары мен кейбiр жауапты жетекшiлер басын бұғып қалды. 

  – Бұл ескерткiштiң ашылуына бiрде-бiр облыстық партия комитетiнiң бюро мүшесi барған жоқ. Мен үгiт-насихат бөлiмiне ендi келiп жатқан едiм, «мен барайын» деп сұрандым. Студент кезiмнен бастап осы Қорқыт тақырыбымен айналысып жүрген болатынмын, барып көргiм келдi. Жаныма облыстық атқару комитетi төрағасының орынбасары Алма Ақдәулетованы, «Ленин жолы» газетiнiң редакторы Қалқабай Әбеновтi, Қызылорда педагогика институтының профессоры Әуелбек Қоңыратбаевтарды ертiп, ескерткiштiң ашылуына келдiк. Үлкен жиын болды. Алматыдан Сұлтан Қожықов, Мардан Байдiлдаев сияқты өнер мен ғылым саласының өкiлдерi келдi. Қорқыттың басына құран оқылып, көптен ойда жүрген армандары орындалғандай болған халық Елеу Көшербаевтың атына рахметiн айтып, ризашылықтарын бiлдiрдi, – дейдi ескерткiштiң ашылуына қатысқан Абылай Айдосов. 

  Аудандық партия комитетiн басқарып отырған Елеу Көшербаев, алдында, түк көрмегендей, түк бiлмегендей болып жүрген. Сырт көзге ен далада жай ғана аялдама салынып жатқандай болды. Мәскеу-Пекин арасын жалғастыратын тура жолдың осы тұсына үлкен бiр аялдама жасаудың ретi келiп тұр еді. Осы орайды пайдаланған Елеу Көшербаев көптен берi мазалап жүрген iшкi ойын жүзеге асырмаққа ниет еттi. 

Аялдама орнын белгiлегенде әдейi Қорқыт ата бейiтi жатқан жердi таңдайды. Алайда, сақтық жасаған жөн-тұғын, бiр қадам кейiн, екi қадам iлгерi басу керек болды. 

  Бiр оқпен екi қоян ату оңай шаруа емес, бүкiл бiр ауданның тiзгiнiн ұстап тұрған адам үшiн ол тiптi қиын. Ел бар, жұрт бар – көредi. Дос бар, дұшпан бар – айтады. Ойындағы iстiң аяғына дейiн мүлтiксiз жүзеге асуы үшiн бiреу-жарымға болмаса, Көшербаев басқа ешкiмге ләм-мим деп тiс жармаған. Әр салаға, әркiмге әртүрлi тапсырма жүктеп қойып, түк болмағандай қарап отырды. Әлгiлердiң бәрi жабылып жүрiп бiр ғана мақсатта жұмыс iстеп жатқанын тiптi сезбеген де болатын. Ал Қорқыт ескерткiшiне тiкелей қатысы бар адамдармен әңгiме бөлек едi. 

  – Қорқытқа ескерткiш қою жұмыстарының бәрi құпия түрде жүргiзiлдi десе болады. Соның өзiнде Көшербаевтың үстiнен Орталық Комитетке арыз келiп түскен. Елеу ағамыз жұмысты тыңғылықты жүргiзгенi соншалық, тiптi тексерушiлердiң өзi ештеңе таба алмағандай, бәрi дұрыс деп кеткен. Сонда да болса, сақтық керек, «мына партбилеттен айырылғым келмейдi» деген едi маған. Менiң жұмыстарыма өзi тiкелей көмектесiп отырды. Менiң қандай жұмыстармен айналысып жатқандығымды ешкiмге айтпауым керек болды, – дейдi Қорқыт ескерткiшiн жасаған сәулетшi Бек Ыбыраев. 

  Ол кезде тәуекелге бел буу екiнiң бiрiнiң қолынан келмейтiн. Ал дiн атаулыға жұлдызы қарсы болған коммунистiк идеология ешкiмдi қисық қадам бастырған емес. Бәрi де алақандағыдай, көз алдында болатын. Оның үстiне ел iшi болған соң, әртүрлi өсек-аяң шыға бастаған. Өсек-аяңның соңы кейде кәдiмгiдей үлкен әңгiмеге апарады. Осының бәрiн елеп-ескерген Елеу Көшербаев жан-жақты жұмыс жүргiзiп, ескерткiш мәселесiн астыртын қозғап қойып отырды. Кез-келген ескерткiштi қою үшiн ол кезде Мәскеудiң, Алматының рұхсаты керек едi, ондай рұхсат болған жоқ. 

***

  ... Қорқыт ата туралы ақиқатқа бергiсiз аңыздар бар. Қорқытты бүкiл әлем бiледi. Әсiресе, түркi жұртының әрбiрi оны өзiмiздiң бабамыз деп таниды. Оның бәрi шындық. Өйткенi, Қорқыт кезiнде барлық түркi халқы шығып тараған Қазақстан жерiнде өмiр сүрген. Қорқыт атаның бейiтi де осы жерде – Қызылорда облысының Қармақшы ауданында. Жарты әлемдi жалғастырып жатқан құла жолдың бойында, Сырдың жағасында жатыр. Жас сәулетшiнiң басына ескерткiш қою туралы ой әлдеқайда ертерек келген болатын. 

  – 1971 жылы Қазақ политехникалық институтында оқып жүрген кезiмiзде сәулет кафедрасы студенттердi Қызылорда облысына тәжiрибе жұмыстарына жiбердi. Сол кезде осы Қорқыт бабамыздың басына барып көрдiк. Жұрт бұрын бұнда ескерткiш болғанын айтты. Алғаш рет маған сонда Қорқыттың басына ескерткiш орнату туралы ой келген едi. Ертеде өткен ата-бабаларымыздың түрiн ешкiм бiлмейдi ғой, сондықтан мен басқа қырынан келгендi жөн көрдiм, әрi сол мақсатта жұмыс iстедiм, – дейдi студент кезiнде Қорқыт атаның басына барған Бек Ыбыраев. 

***

  Аудан көлемiндегi қыбырлаған-жыбырлағанның бәрiне аудандық партия комитетi жауап беретiн уақыт едi. Осындай жауапкершiлiктiң бәрiн өз мойнына ала отырып, Елеу Көшербаев жұмысты өте ұтымды ұйымдастырды. Басы артық қаржы жоқ, бәрi есептеулi. Сондықтан оны жол құрылысына аударып пайдалануға тура келдi. Ал ескерткiштi сәулетшi Бек Ыбыраевтың жобасы бойынша Байқоңырдағы әскери құрылысшыларға жасатты. 

Бұл кезде аудандағы Лениннiң ескерткiшi қолға алынбай, бетi матамен жабулы тұрған едi. Басқан iзiн аңдып жүрген адамдар Көшербаевтың үстiнен Орталық Комитетке домалақ арыз жазып жiбередi. 

  – Сондағы бiреулер Алматыға, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне Елеу Көшербаевтың үстiнен «Аудандағы Ленин ескерткiшiнiң жұмыстарын тоқтатып тастап, айдалаға ескерткiш қойып жатыр» деген мағынада шағым түсіріпті. Содан тексерушiлер келмесi бар ма. Шынын айтқанда, бәрi рас едi. Тексерушiлер бәрiн көрiп-бiлiп кеттi. Көшербаев сонда да ыққан жоқ, не де болса болары болды, ендi тезiрек ескерткiштiң ашылуын ұйымдастыру керек, қалғанын көрермiз деп, белдi бекем буды, – дейдi сол уақытта облыстық партия комитетiнiң үгiт-насихат бөлiмiнде iстеген Абылай Айдосов. 

  Өнер мен ғылымға қашанда ерекше мән берген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Қонаев бұл мәселенiң ақ-қарасын ашып қараған. Оның үстiне, Елеу Көшербаев арнайы сөйлесiп, алдын-ала айтып қойған Алматыдағы ақын-жазушылар мен ғалымдар қолдау бiлдiрiп жатқан соң, сырт көзге сыр алдырмағанмен, Қонаев оның бұл iсiне риза болып қалады. 

Ал Мәскеу-Пекин тас жолындағы дәл осы бiр тұс Дiнмұхамед Ахметұлының бұрыннан ойында жүрген едi. Бюроға шақырылған Көшербаевтың iсiн тоқтатып тастайды. Көшербаев болса, Қорқыт пен дiншiл ақын деп танылған Тұрмағамбет Iзтiлеуов ескерткiштерiнiң ашылуын бiрге жасаған. 

  – Сол кездегi қалыптасқан пiкiр бойынша бұл екеуi де дiн өкiлдерi, дiндi уағыздаған адамдар едi. Сондықтан, өте сауатты адам ғой, Елеу Көшербаев аздап қулыққа да барды. Қулық деп отырғаным – бұл жолғы жиын ескерткiштiң ашылуы деп аталмай, Алматыдан келетiн қонақтарды шақыру үшiн облыста қазақ әдебиетiнiң күндерiн ұйымдастырды. Әбдiлда Тәжiбаев, Рахманқұл Бердiбаев, Тұманбай Молдағалиев сияқты көптеген белгiлi ақын-жазушылар мен ғалымдар келдi, – дейдi сол уақытта аудандық партия комитетiнде нұсқаушы болып қызмет етiп жүрген Жаңаберген Сәденов. 

 ***

 Әр заманның да жақсы-жаман жағы болады. Кеңес Одағы кезiнде жазылған арыз-шағымдар қаралмай қалмайтын. Қаралып қана қоймай, арнайы тексеру жүргiзiлiп, тиiсiнше шара қолданылады. Ленин ескерткiшiн қолға алмай, қаратып қойып, айдаладағы алып құрылысқа кiрiскен Елеу Көшербаев та одан айналып өте алмады. Оны арызқойлардан аулағырақ алып кетуге тура келдi. 

Ескерткiш салынып бiткен соң, ол Қазалы ауданына ауыстырылды.    

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,

Қазақстанның Құрметті журналисі