Шыңғыс ханның кіші әкесі кім еді?

Шыңғыс ханның кіші әкесі кім еді?

Есукей баһадүр он жасар ұлы Темужінді Дей шешеннің қызы Бөртеге атастырып, қайтар жолда шөл қысқан соң, той жасап жатқан татарлардың ауылына бұрылыпты. «Алтын шежіреге» қарайық: «Татарлар Есукейді көре сала, ежелгі жауымыз келді деп, өзара ымыраласып, оны аттан түсіріп алып, асқа шақырады. Ұсынған тамағына у қосып береді».  

         Ия, қатар жатқан мұғулдар мен татарлардың арасындағы ежелден, Қабыл ханның тұсында, одан да бұрындары орын алып келген араздық отының өршуінде Есукейдің де қатысы бар болатын. «Алтын шежіреге» ден қойсақ, тұңғышы дүниеге келерде Есукей баһадүрдің өзі солардың Темүжіні мен Қарабұқасын қолға түсіріп, сол айтулы оқиғаны ұрпақтар жадында сақтау үшін ұлына Темүжіннің атын беріпті. Саналарынан сызы кете қоймаған бұл оқиға үшін татарлардың кек қайтару әрекетінде табиғи сипат бар. Ал, той үстінде қастандық болар-ау деген күдік аңғал батырдың ойына кірмеген.

         «Аңдаусызда қапы қалып, у ішкен Есукей жол бойы ауырып, үш күн жүріп, үйіне зорға жетеді. Келе аттан құлаған Есукей:

          – Менің ішім өртеніп барады, қасыма жақын келіңдер! – деп еді. Қонқотанның Шырқа ақсақалының ұлы Меңлік:

        – Мен бармын, – деп, батырдың қасына таяп келеді.

         – Бауырым Меңлік, менің сөзіме құлақ сал! Ұлым Темүжінді Дей шешеннің үйіндегі қалыңдығына қалдырып кетіп едім. Қайтар жолда той жасап жатқан татарларға жолығып, таңдайым кеуіп, шөл қысқан соң, берген асын ішкен едім. Олар маған у қосып беріпті. Татарларда кегім қалып барады. Жесір қалар жеңгең мен жетім қалар балаларымды саған аманат етемін. Жылдам жетіп, Темүжін ұлымды алып кел! – дейді де, тынысы бітіп, о дүниеге жөнеле береді».

         Дәлел-дәйек қоюлау болуы үшін үзіксөздерді жалғастырайық:

          «Есукей батырдың өлер алдындағы аманатын қадірлеп, Дей шешеннің аулына барған Меңлік оған:

         – Есукей көкем Темүжінді өлердей сағындым деп жатыр. Мені «ұлымды алып кел» деп жұмсады, – дейді.

            Сонда Дей шешен: 

         – Құдамыз ұлын сағынса, жіберейін. Барған соң кешіктірмей қайтарыңдар! – деп рұқсатын береді» (26-бет).

           Осы деректердегі «көке» атаулы сөзіне мән берсек, Меңлік пен Есукейдің туыстығына ешқандай күмән қалмайды. Екеуара туысқандық белгі сондай-ақ батырдың оны: «бауырым Меңлік» деп атауынан да, өлерін білген сәтте бас иесіз қалып бара жатқан жары мен ұл-қыздарын аманаттауынан да анық байқалады. Жетім-жесірін қаңғыртпаған түпкі бабаларымыздың мың жылдардан бері келе жатқан бұл дәстүрі Шыңғыс ханның заманына дейін қаймағы бұзылмай жеткені көрініп тұр. Хұндар дәуірін зерттеу барысында әменгерлік дәстүрдің бекемдігін байқаған орыс ғалымы Н.Я.Бичурин былай деп жазады: «Вдова старшего брата становилась женой младчего, который обязан был о ней заботиться, как о своей любимой жене». (Бичурин, «...в древние времена»,1т., 40-с). Ертеден келе жатқан ғылыми дерекке қарасақ, Есукейдің жесірін алуға оның інісіне басымдық беріледі екен. Есукейдің інілері кімдер, олардың шежірелік сипаты қандай?

              «Алтын шежіре» дерегі бойынша, Шыңғыс ханның жетінші атасы Қашы Көлік десек, одан бермен қарай: Қайду хан- Байсұңқар-Түмбине шешен-Қабыл хан-Бартан батырға тіреледі де, одан Есукей, Некүн тайшы, Меңдітүкті, Мерген Екітей, Дәрітай кенже бесеуі дүниеге келеді. Осы бесеудің қатарында бізді қызықтыратыны үшінші ұлдың атына байланысты болып тұр. Есукей қайтыс боларда оның жанында болып, батырдың жары мен ұл-қыздарының аманатын арқалаған туысы Меңлекенің де, сол шежіреде екінші інісі деп көрсетілген Меңдітүктінің де есімдері «меңнен» шығып тұр. Бұл айтылғанды Рашид ад-Дин «Жамиғ ат-Тауарихта» былай деп толықтырады: «Сол уақытта Бартан баһадүрдің Меңгіду қиян атты үлкен ұлы бар еді. Меңгіду деген «қалдары көп адам» дегенді білдіреді. Өйткені оның мойнында туылғаннан үлкен қалы бар еді және ол ұлы баһадүр болатын. Ендеше, қазіргі уақытта Дешті Қыпшақ уалаятындағы көптеген қиян ұрпақтары оның, әрі оның туыстары мен ағайындарының әулеті болып табылады» (150-бет). «Алтын шежіредегі» Меңдітүкті мен Рашид ад-Дин айтқан Меңгіду қиянның бір кісі екені даусыз, өйткені ол да, бұл да Бардан батырдың баласы ғой. Бұл айтылған деректер «Мұғулдың құпия шежіресінде» де расталады. Онда былай деп жазады: «50. Бартан батырдың ұлдары: Меңгіті қиян, Негуін тәйжі, Есукей батыр, Даридай-отшы төртеуі» (32-бет). Бұл дерек Рашид ад-Динмен толық сәйкеседі екен. Сондай-ақ Есукейдің «бауыры», оны «көкем» деп атаған Меңліктің де бір ата-анадан екені күмәнсіз. Есукейдің аманатын алған осы бауыры Темүжін он үшке келген кезде анасы Ұлынға әменгері ретімен үйленуі осы айтқанымыздың дәлелі. Егер Меңлік бөтен болса, Есукейдің өзге інілері оған жолын бермес еді және ежелгі дәстүрге адал баһадүрдің өзі де әйелі мен ұрпақтарын оған аманаттамас еді. Демек, үш шежіреде де орын тапқан Меңгіду қиян, Меңдітүкті, Меңлікті бір адам және ол Есукейдің бауыры деп, байлам жасауымызға негіз бар екен. «Алтын шежіре» мен Рашид ад-Дин және «Мұғулдың құпия шежіресі» бұған куәлік беріп тұр.  

          Аталмыш үш шежіре Шыңғыс хан дүниеден өткен соң көп ұзамай жазылған деп топшылауға болады. «Құпия шежіре» мен «Алтын шежіре» Құбылай хан заманының туындысы десек, Рашид ад-Дин шығармасы ХIV-ғасырда Шыңғыс ханның төртінші ұрпағы Ғазанғали әл-Рахметтің тапсырысымен иран тілінде жазылыпты. Тілдік айырмашылық пен көшірмешілердің қателіктерінен, кей жағдайларда саяси ұстанымға байланысты ертеден бізге жеткен бұл туынды да бұрмалаулардан ада дей алмасақ та, тот баспаған алтын арқауы сақталған деп санауға болады. Аудармашы Оразбай Зәріпбайдың түпнұсқадағы «мұғул» ел есімін ендіруінің өзі елдің «моңғолдан» арылуын жеңілдеткендей. Ал бұл шығармадан көп кейін, XVII ғасырда дүниеге келген Әбілғазы ханның «Түрік шежіресінде» хандық дәстүрдің түп негіз сақталғанымен, шындықтан ауытқыған тұстары да ұшырайды. Дей тұрғанмен, саяси себептермен елден жырақталған Шыңғыс хан рухын қайтаруға бұл еңбектің де тигізген көмегін жоққа шығара алмаймыз. 

          Оқиға желісіне оралсақ, Меңлеке мен Шыңғыс ханның арасындағы бауырмалдық қатынасы берік орнығып, осы орайдағы өздеріне тиісті кіші әке және балаға тән парыздарын екеуі де адал атқарғанын көре аламыз. «Алтын шежіреге» қарайық: 

         «... – Иә, жалғыз ұлым, Тәңірден қорқып, сенің талабыңды таптамайын. Қауқарларың жетсе, ойға алған істеріңе кірісе беріңдер! Мен рұқсатымды бердім! – дейді Оң хан. Сонда әке сөзіне көңілі толған Сенкім мынандай сыр айтады:

             – Жуықта Шыңғыс ханның өзі ұлы Жошыға біздің Шақыр бегімді сұраған еді. «Енді бауыздау жескен құда болайық!» деп, шақырып алайық та, сол жерде қолға түсірейік!

              Сонымен әкелі-балалы екеуі осы сөзге келісіп, «Шақыр бегімді Жошыға беруге ұйғардық. Құдаласуға келсін», деп Шыңғыс ханға қарай кісі жөнелтеді. 

               Құдалыққа шақырылған Шыңғыс хан қасына он серігін ертіп, жол үстіндегі Меңлік әкейдің үйіне келіп қонады. Сонда Меңлік әкей ойланып отырып:

              – Ия, інілерім, естеріңде шығар, жуықта ғана Шақыр бегімді сұрағанымызда, өзімізді келеке-мазақ қылып бермеп еді ғой. Енді несіне, «бауыздау жескен құда болайық» деп, аяқ астынан шақыра қалды? Өзін өр санап, күнге балап жүргенде, келіп алсын дегені не қылғаны? Бұл қылықтарында «Жөн бе, жоқ, дөң бе» дегендей мән бар. Балам, осыны ойыңа ал! Көктемнің көктырнақ кезі келді. Мінген аттарың да арық екен. «Жылқымыз қоң алан кезде барайық» деп, сылтау айтыңдар! – дейді. Сәлден кейін және былай деп ақыл айтты:

             – Өзің бармай-ақ, Бұқатай мен Қышықұтайды «құйрық-бауыр жесіп, құдаласып кел» деп жіберейік! Ақыры Меңлік әкейдің айтқаны болды. Шыңғыс хан үйіне қайтты».

             Шыңғыс ханның кіші әкесінің үйіне келіп, мәслихат құруы, Меңлік әкейдің өзінің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-парасатына сүйене отырып, кеңес беруі, Шыңғыстың кіші әкесі берген ақылын тыңдап, кері қайтуынан екі арадағы сыйластық пен отбасылық ғажайып үйлесімді көріп отырмыз. Осы орайда Әбілғазы ханның мына сөзі де назар аударарлықтай: «Сөйтіп, Шыңғыс ханды өлімнен құтқарды. Меңлік ечеке Шыңғыс ханның қызметінде болды. Оның анасын алғанда Шыңғыс он үш жаста еді. Сол уақыттан өзі өлгенше – соғыста да, жақсы күндерде де, жаман күндерде де оның қасынан ажырамай, қызметінде болды. Отырғанда да ханның оң жағында басқалардан жоғары отырар еді». 

         Әбілғазы сондай-ақ Меңлекені барша мұғулдың пірі деп біледі. Рашид ад-Диннен Бардан батырдың үлкен ұлы Меңгіду қиянның ұлы баһадүр болғанын, оның ұрпақтары Дешті Қыпшақта кең тарағаны туралы деректі жоғарыда келтірдік. Олай болса, Меңлеке туралы аңыз деректері қазақ арасында сақталса керек еді. Осындай бір қисынды ойды Үйсін шежіресінен көзіміз шалған. «Есукейдің әйелі Өлең Қоңырат ішінде Көктің ұлы дейтін атаның қызы еді. Темірдің (Шыңғыстың) әкесі ерте өліп, оның шешесі Өлең Қоңыраттың белгілі биі Меңлекеге тиген-ді», дейді.(«Түп-тұқиян...»,95-б).

         Сондай-ақ бірқатар Көктің ұлы аталарының шежірелерін білуші едім. Соларда Жезбике әжеміз Жығалы мырзаның екінші ханымы болған екен дейді. (Ұлын да Ескейдің екінші ханымы). Жығалы ел сыртында жүргенде, бұған дейін құрсақ көтермеген бәйбішесі ішітарлықпен екіқабат Жезбикені жұртта қалдырып, ағайындарымен көшіп кетеді. (Ұлынды балдарымен жұртта қалдыру оқиғасы бұл). Жас босанған Жезбике жаялық таба алмай, шақалағын көкке орап, содан «Көктің ұлы» атаныппыз. (Бұл, әрине, аңыз ғой). Кейін Жығалының бәйбішесі де құрсақтанып, ұлды болыпты. (Ауызекі аңыздағы бұл дерек те шежіремен сәйкеседі). Жығалы сусамыр кеселіне шалдығып (Есукей уланады), дүниеден өтерде: «Әменгерің Мелде би, сонымен қосылғайсың», деп дайындайды. (Әменгерлік туралы бұл дерек те сәйкес келіп тұр). Бірнеше жыл өткенде, Жезбике Мелде бимен қосылған екен. (Бұл дерек те ұқсап тұр). Осы сәйкестіктердің негізінде Жығалы мырзаны Есукейге, Жезбикені Шыңғыс ханның анасы Ұлбикеге, Мелде биді Меңлекеге шендестіре аламыз. Шыңғыс хан өмірінде ерекше орын алған бұл тұлғаның есімі замана ағымына сай, исламшыл молда-қожалардың ықпалымен Мелде би болып өзгеріске ұшырағанын жоққа шығара алмаймыз.

           Ел аузындағы деректерді осымен іркіп, зерттеуіміздің нысаны – хандар әулетінің тегін қысқаша қайырайық. Рашид ад-Дин хандық жүйені Қиан ханзададан бастайды да, Қоңырат атамен жалғастырады. «Айтып жеткізілуінше, олардың шығу тегі келесідей: үш ұл алтын көзеден дүниеге келеді. Бұл ұлдарды дүниеге келтірген адам табиғи болмысынан ақылды, кемел, жақсы әдебімен, әрі мәдениетті кісі болған. Оны алтын көзеге ұқсатқанының арнайы себебі бар. Алтын – тот баспайтын, өте таза, пәк зат», деп жазады. Шежіреші Жұрлық мерген, Құбай шері, Тұс Бұдауыт атты үш ұлдың кенжесінің Күнлеуіт-Мисар ұлық атты ұрпақтарынан Шыңғыс хан аталары шыққан Қоралас руын дүниеге келтіреді. Осы дерек арқылы Есукей де, бауыры Меңлеке де Құнқыраттан (тайпа атауының түпкі этимологиясы Құн-қырат) екені белгілі болып тұр. 

           Шыңғыс ханды жалпы қазаққа ортақ ұлы тұлға десек те, дана Шәкәрім қажы көне деректерді зерттей келе, құнқыраттың түпкі атасы деп таныған Оғыз хан дәуірінен бермен қарай елдік үшін талай мәрте қан төккен тайпаның тарихтағы орны құрметке лайық. Хұндар елі ішіне іріткі түсіп, тайпа үшке бөлінгеннен кейін Қалқада ордасы тігілген шығыстағы Елханның мемлекеті Сәнби-Қытай шабуылынан толық қырғынға ұшырайды. Осы қантөгіс орын алған 93 жылы Елханның ұлы Қиан ханзада бастаған бірнеше отбасы Гоби Алтайындағы Ергене Қон тау аңғарына кеткені, сол жерде 450 жыл оңаша ғұмыр кешіп, хан ұрпақтары қайтадан өсіп-өнгені мәлім. 545 жылы етекке түскен тайпа туған жері – Қалқаны қайтарып алып, Түрік қағанатын құрғаны тарихи дереккөздерде жазылған. Бұл бірінші үлкен үзілістен кейінгі жағдай. Екінші үзіліс Көк түріктер қағанаты құлаған 745 жылдан Шыңғыс хан империясы құрылған 1195 жылға дейін орын алды. (Хандық дәстүрдегі бұл екінші үзіліс те 450 жылға созылуы керемет құбылыс екен)! 

        Осы оқиғаларды ой елегінен өткізген тарихшы Л.Н.Гумилев төмендегідей ғылыми қорытынды жасаған: «Егер біз Хунну мен Түрік қағанаты арасындағы, Қағанат пен Шыңғыс хан империясы арасындағы дәстүрлердің екі рет үзілгенін ескермесек, онда Орталық Азия тарихы бізге түсінікті бола алмайды. Бұл үзілістерде ғылымға, ағарту ісіне қарсы тұрушылық кезеңдері жатыр» («Көне түріктер», 340-бет). Зат біреу болса ғана үзіледі деген қисынға салсақ, ғалымның ғылыми қорытындысы елдің мың жылдарға созылған тұтас тарихын қамтитынын көреміз. Айтқандай, құндар мемлекеті мен Түрік, оның жалғасы Көк түріктер қағанаттарының да ордалары Қалқада тігілуі, Шыңғыс ханның сол өңірде дүниеге келуі және ордасын Қалқа өзені бойында тігуі ғалымның жоғарыдағы сөздерін толықтыра түседі екен. «Алтын шежіреге» қарайық: «Шыңғыс хан Жетпіс Неміргіден Қалқа өзеніне бет алған жолда, барлық әскерін санап көрсе, екі мың алты жүз адам екен. Осыдан бір мың үш жүз адам Шыңғыс ханға ілесіп, Қалқа өзенінің батыс шетіне қарай көшті. Ал, қалған бір мың үш жүзі орғұттар мен маңғыттарға ілесіп, Қалқа өзенінің шығыс шетіне қарай ойысты» (83-бет). Ордасын тігу үшін ата дәстүрге сай, Қалқа өзенін таңдаған Шыңғыс хан осы жерде әскербасыларын тағайындап, орда күзеті туралы ережені бекітеді. Бұл ұлы империяның түп негізі болатын. Шыңғыс ханды «Халха моңғолы» деген тарихшылардың үстірт байламы осыдан шыққан. Ал, «Алтын шежіреде»: «Қалқа өзенінің Бұйра көліне құятын сағасында көп малды Қоңырат деген ел бар» (84-бет) екені жазылған. Бір халық – бір қоныс!

             Осы айтылғандарды ескере келе, ұлы қолбасшы Шыңғыс ханды аталар дәстүрін жалғастырушы қайраткер деп тануға болады. Ол – Оғыз хан мен Түрік қағандарының туыстас тайпалар негізінде бірегей, ғұмыры ұзақ ел құру жөніндегі арманын жүзеге асырған ұлы тұлға. Ол – бүгінгі Қазақ елінің атасы! Сонысымен де Шыңғыс хан – «Мың жылдық адамы» атанып, тарихтан мәңгі орын алды.

Оңғар НАҚЫП, 

Қазақ үні