ҚАЗАҚ ЖЕРІН ҚОРҒАҒАН АНА немесе арандатушыға жазылған бір хаттың тарихы

ҚАЗАҚ ЖЕРІН ҚОРҒАҒАН АНА немесе арандатушыға жазылған бір хаттың тарихы

Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков­тің «күн көсем» Владимир Ленин­мен сағаттап пікір таластыруының арқасында қазақ шекарасы 1920 жылы ресми түрде бекітіл­ді. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін шекарамыз шегенделді. Бірақ кейінгі жылдары Эдуард Лимонов, Вячеслав Никонов, Евгений Федоров секілді Ре­сей саясаткерлері «Қазақта әлімсақтан жер болмаған. Қа­зақстанның жері – орыстың байырғы жері» деген еш негізі жоқ әңгімелерді қайта өршітті. Владимир Жириновскийдің де «баяғы әніне» басатыны бар. Қарапайым халық мұндай сөз­дерге әлеуметтік желі арқылы тойтарыс беруге тырысып жа­тады. Әрине, ресми органдар да тиісті әрекеттер жасайды. Интернет болмаған заманда да қазақ әртүрлі арандатушылық әңгімелерге құр қарап жатпады. Бұған таяуда қолымызға түскен хат пен оның тарихы жазылған естелік мақала дәлел.

Қарапайым қазақ әйелі Күл­шетай Баешева 1994 жылдың 25 шілдесінде орыс жазушысы Александр Солженицынге хат жазды. Оған содан бір күн бұрын Ресей қаламгері мен Владимир Жириновский өткізген телесұх­бат себеп болды. Онда Қазақстан туралы сөз болғанда Солже­ницын: «Қазақтың малының тұяғы басқан жердің бәрі неге қазақтікі болмақ?» деп бұрынғы шовинистік сөздерін қайталап, буыны қатпаған тәуелсіз елдің намысына тиді.

1990 жылғы 18 қыркүйекте «Литературная газета» және «Комсомольская правда» га­зеттерінде бір мезетте жиырма жеті миллиондық тиражбен жазушының шовинистік және империялық ойларға толы «Біз Ресейдің көсегесін қалай көгер­теміз?» деген мақаласы шықты. Александр Солженицын сол мақаласында Қазақстанның солтүстігіндегі төрт облысты Ресейге қосу керек деген ұсыныс жасаған. Арада төрт жыл өткен­де телесұхбатта сол ұсынысын қайталады. Сауда саласында отыз екі жыл еңбектеніп, зей­нетке шыққан Күлшетай Жәм­кенқызы сұхбатты тыңдап, орыс қаламгерінің сөздері намысына тигендіктен оған хат жазды.

Бұл хат пен оның тарихы тарқатылған естелікті редакция­мызға Күлшетай Баешеваның ұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов әкелді. Ардақты ана, абзал әже Күлшетай Жәмкенқы­зының өзі осыдан қырық күн бұрын өмірден озып кетті. Бұл кісі Абылай хан заманындағы Сазанбай батырдың ұрпағы, Алаш қайраткері Мұқтизар Титақовтың немере қарында­сы еді. Аталарынан бойына дарыған ұлы рух оның қолына қалам алғызды.

Көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің әнұранымызға айналған «Менің Қазақста­ным» өлеңі ақын Қарағанды шахтасында жұмыс істегенде жазылғаны жайлы жұмекен­танушы Марат Азбанбаевтың мақаласынан ілгеріде оқыған едік. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қарағандыда студент болған Күлшетай Баешеваның естелігі соны растайды.«Қазақстанды бөлшектеуге қарсылық ретінде 1956 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстаным» өлеңін шығарады. Сол кезде ақын аға­мыз Қарағанды шахтасында істеп жүрген кезі. Тың игеру советтік ұранымен Ресейдің түкпір­-түкпірінен қазақ жеріне ­ Сарыарқаға Столыпин заманындай қара шекпендер сияқты келімсектер ағылды. 1956 жылы Қарағанды сауда техникумның студентімін. Біздің білетініміз, әннің екі шумағы Қарағандыда жазылыпты.

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой! – деп келетін сөздері сай­сүйе­гіңді сырқыратып, жігер отын жандырады. Қарағандылықтар Жұмекен Нәжімеденовтің отты өлеңдерін жігерленіп айтып жүрді. Кейін Шәмші Қалдаяқов өлеңге ән жазды. 1959 жылы Жамал Омарованың орындауын­да шықты. Қазақ радиосынан күніне 3­4 рет беріліп, рухқа рух еселеп, еңсесі түскен халықтың қайта аяқтан нық тұруына се­бепші болды» деп жазады онда Күлшетай Жәмкенқызы.

Автор Никита Хрущевке қарсы шығып, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған Жұ­мабек Тәшеневтің ерлігін, 1979 жылы Ақмолада неміс автоно­миясын құруға жол бермеген жастардың батырлығын, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін де атап өткен.

Ал Александр Солженицынге екі тілде хат жазды. Сол уақытта қаламгер АҚШ­-тың Вермонт штатында тұрып жатқан. Хат ұзақ болған соң, қысқартып бере кетейік.

«А.И. Солженицын мырза! Сіздің 24 шілдедегі теледидардан сөз сөйлеуіңіз, халқымыздың атына айтылған санасыз сөздеріңіз қазақ елін қатты қынжылтты.ХХ ғасырдағы 20-ші жыл-дары шолақ белсенділер елдің малын тартып алды, адамдарды жәбірлеп отырған жерлерінен аударып репрессияға ұшыратты. Мыңдаған адам жол үстінде қаза болған. 1930-1933 жылдары біздің халық аштықтан жаппай қырылды. Соған қарамастан Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ халқы Москва, Ленинград, Укра-ина, Белоруссияны және Еуропа елдерін фашистерден босатуға жандарын беріскен…Айтарым, Қазақстан жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүрудеміз. Олармен қуанышымызды да, қайғымызды да бөлісіп, бір-бірімізге қолдау көрсетудеміз.Республикамыз тәуелсіздік алғалы басқа мемлекеттерде тарыдай шашыраған отандастарымызды жинауда, себебі олар туған, қаны тамған жер-леріне оралғылары келеді. Бұны ешкім сөгіп немесе шектеу қоя алмайды. Біздің басшымыздың саясатын кінәлайсыз, алайда ол қазақстандықтарды әрдайым тату және бейбіт өмір сүруге шақырады, барлық ұлттар мен ұлыс өкілдеріне бақыт пен жақсылық тілейді.Біз, қазақтар, жетпіс жылдам астам уақыт екінші сұрыпты адамдар қатарында болып келдік, Семей және басқа да полигондардың ядролық жа-рылыстардан жапа шектік. Бүгінгі таңда ядролық сынақтар тоқтатылды, Қазақстан әлемдік аренаға шықты.Сіз көптеген үлкен қалаларға және Ресейдің өңірлерінде боласыз, халықпен кездесесіз. Қазақстанның тағдырына қатысты Жириновскийдің көзқарасы туралы Сізге белгілі. Ол да өзінің тәсілін бізге мәжбүрлейді, әйтсе де ол өзі Қазақстанда оқып, осы жердің нанын жеп, суын ішкен. Мен өз халқыммен мақтанамын. Қазақ ешқашан намысын бермеген, бермейді де. Ер болып, еркіндіктің туын жықпаспыз. Себебі, біздің жалғыз ғана бағымыз бар. Ол – Тәуелсіздік. Қазақ елі Ресей колониясында болған кезінде, совет империясында – өлсе де, қырылса да туған жерінің бір пұшпағын да жат жұртқа бермеген. Менің айтарым – қазақ жерлері ешкімге берілмейді, бөлінбейді, сатылмайды!

Баешева Күлшетай Жәмкенқызы

1994 жыл, 25 шілде

Автор бұл хаттың орыс тіліндегі көшірмесін «Индус­триальная Караганда» газетіне жіберді. Хат қысқартылып, редакциялық өңдеумен шықты (К.Баянова. Надеюсь на бла­горазумие. //Индустриальная Караганда, No 121, 23 августа 1994 года). Бірақ авторы К. Баянова деп қате берілді. Газет­тің келесі нөмірінде редакция алқасы кешірім сұрап, хаттың авторы К.Баешева деп дұрыс көрсетті.

Марат Әбсеметовтың айтуын­ша, Александр Солженицын Күлшетай Жәмкенқызының хатына жауап берген. Алай­да қаламгердің жауабы ба­сылған газет нөмірі жоғалған. Қарапайым қазақ әйелінің жазушыға жазған хатының тарихы осындай.

Аманғали Қалжанов,

Дереккөз: Астана ақшамы