ҚАЗАҚИЯДАҒЫ ҚИЛЫ-ҚИЛЫ ПАРАДОКС (жалғасы)
2012 ж. 10 ақпан
2643
1
21. Саясаттың бағытын анықтаушы Президенттен емтихан алынады, сол саясатты жүргізуші Премьерден, министрлерден, Бас прокурордан, Конституциялық кеңес төрағасынан, Парламент спикерлерінен емтихан алынбайды. Оларға неге Президенттен артықша құқық берілген? Өзге елдерде ондай практика жоқ, өйткені оларда мемлекеттік тілді білмей мемлекеттік қызметке келу деген де ұғым жоқ. Қытайдың өзі қытай тілінде ғана сөйледі бірақ ірі-ірі деген тоғыз диалектісі бар соның ішіндегі ресми мойындалған диалект Бейжің диалектісін, яғни Путун-хуаны білмегендерді мемлекеттік қызметке алмайды.
22. 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып келе жатқан Кәрім Мәсімов Патрис Лумумба атындағы Университетті, Қазақ мемлекеттік басқару университетін, Пекин институтын, Ухань университетін бітірген және Колумбий университетінде сынақ мерзімінен өткен. Ғылым докторы, ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген. Бірақ өзі басқарып отырған елдің тілінде қағаздан ежелеп оқиды. 1-сыныптың баласы минутына 60 сөзден кем оқыса, төмен баға қоямыз, бірнеше оқу орынын бітірген, бірнеше тілді меңгерген, ғылым докторы 60 сөз оқи алмаса – мемлекетімізге бірнеше жылға Премьер-Министрі етіп қоямыз. Парадокс.
23. Қазақстан Республикасында 2007 жылдан бастап құмар ойындарын арнайы екі қаладан басқа жерде ойнауға тиым салынып, арнайы заңдар қабылданды. Осының алдында ғана 2006 ж. Президент теледидардан журналисттерге сұхбат беріп, құмар ойындарының елде жаппай болуына тиым салынатындығын айтқан болатын. Осы жақсы бастаманың ойына қалай келгенін Президент былайша түсіндірген еді: журналисттің «Қандай кітап оқып жүрсіз?»- деген сұрағына бірнеше кітапты атап, оның ішінде Оноре де Бальзактың «Шагреневая кожа» шығармасы да бар екенін айта келіп, «Как ярко там сказано еще тогда, к чему приводит азарт – к гибели. И когда я эту книгу читал, и один человек, давний мой знакомый, напротив его офиса казино, говорит: вечером ухожу с работы, машина стоит, прихожу на работу уже утром, опять эта машина стоит. И вдруг выходит из казино хозяин, нотариус, и оформляют эту машину, проигранную машину, этот парень поплелся пешком домой. И несколько историй мне рассказали в Алматы и в Астане, когда молодая семья, молодой парень все проиграл, квартиру свою, дом, мебель, и вынужден был покончить с собой. Таких примеров очень много. И как раз “Шагреневая кожа” описывает такие азартные игры». Бұдан мынандай сұрақ туындайды: сонда біздің елде ол мыңболғыр кітапты Алланың қалауымен Президент оқымаса және әлгі мыңжасағыр танысымен сұхбаттаспаса, біздің жас және жасамыс ұрпақ уланып жүре беретін бе еді, Президенттен басқа қоғамның даму бағыты мен өрістеуіне жауап беретін ондаған мемлекеттік орган бар емес пе?!! Бұдан шығатын қорытынды – не аталған органдардың ешқайсысы жұмыс істемейді, не біздің елде барлық ұсақ-түйек мәселелерге дейін Президент шешеді.
24. Кез келген Қазақстан азаматы Парламент Мәжілісін сайлағанда бір ғана дауысқа ие, ал Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері екі дауысқа ие. Олар ҚР азаматы ретінде тоқсан сегіз депутатқа бір дауыс береді, содан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесінің құрамынан сайланатын Мәжілістің (тоғыз) депутатына кандидаттарға тағы бір мәрте дауыс береді. Сайланатын орган біреу-ақ болса да олардың екі дауысқа ие болатындай несі артық?
25. Қазақстанда Парламент Мәжілісі бірнеше мәрте тарады, соның бірнешеуінде депутаттар өздері сұранады. Ең қызығы сол «тарайықшы, қоғамға тежегіш болмайықшы, дағдарыспен біз күресе алмаймыз» деп сұранған депуттар Мәжілістің келесі құрамында жарқ ете қалады. Бұл саяси көріністер маған кеңес дәуіріндегі ет комбинаттарын еске түсіреді. Әр ет комбинатында «провокатор» серкелер не ешкілер болатын. Өліп бара жатса да айдағанға көніп ет комбинатының қасапханасына кірмейтін қойдың отарын осы «провокатор» бастап барады, ол бастаған соң қаннен қаперсіз қойлар да ішке қояды, тек жаңағы серке не ешкі қасапхананың аяқтан іліп әкететін жеріне келгенде өзі ешкімге байқатпай секіріп түседі де, келесі отарды күтеді. Ондай ешкілерді ет комбинатының қасапшылары ерекше жақсы көріп, жақсы тамақтандыратын.
26. Аспирант кезімде «Заң газетінің» 1999 ж. 3 ақпанындағы нөміріне қатардағы ортаңқол мақала жарияладым, ешкім бәлендей пікір айта қойған жоқ болатын. Екі жылдан соң сол кездегі кандидат, кейін заң ғылымдарының докторы болған бір ағамыз сол мақаланы қаз қалпында Қазақ әдебиеті газетінің 2001 ж. желтоқсандағы санында ұрлап көшіріп жазды, сол мақаланы бір айдан соң бір заңгер-академик ағамыз Заң газетінің 2002 ж. қаңтардағы санында мақтады. Сонда ойға қалдым: Қазақстанның ғылымын аспиранттар көтеріп жүр ме екен?-деп.
27. «Сізден кейін Сіздей кемеңгер Ұлы ұл тумас, сірә» деп еміреніп жүрген «зиялы» ағаларымыз бір жағынан жағымпаздықтың соқпағын нығарласа, екінші жағынан өз ұлтының генофондын, болашақ потенциалын тәрк етіп тұр, яғни қазақ халқының ұлыларды туғызу мүмкіндігі Сізден кейін тоқтады, халық «бедеулікке» ұшырады деп тұр. Н.Назарбаевтың есімі Қазақстанның тарихында қазақ елімен бірге ғұмыр бойы қалатыны анық. Басқа еңбектерін есепке алмағанның өзінде, Қазақ елінің тұңғыш президенті екені – қазақ тарихына жолдама. Десек те, зиялы ағалар жағынудың шегіне шыққаны соншалық, өз аттарынан емес, Жаратушы Алланың атынан да сөйлеп кетті (Мысалға, Д.Досжанның шығармасы). Президенттің қасында амал достардың жүруі – «заңды» құбылыс, оның қасында есімін бес мың адам ғана білетін совхоз директорларының қасында да жарамсақтар жүрді. Ең бір өкініштісі – өзіміз білетін аға-апаларымыздың арасынан Президентке қараламай, табаламай, жылатып айтар дос көре алмай жүрміз.
28. Біз аузына қарайтын ағалардың азаматтық позициясы бар ма өзі, жоқ па? Мысалға, Махамбеттер: «Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға. Қас үлектен туған қатепті, Қайыспас қара нар керек… Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек»,- деп өз азаматтық позициясын өмір бойы ұстап өтті. Біздің ағалар «Өмір бойы іздегенім Сенсің, сүйем де күйем» деп өлең-ән шығарады, айтады, шығармасына арқау етеді, бірақ өздері төрт қатын алады. Сүннет жолымен емес, бала-шағасымен бірін жіберіп бірін алады. «Отаным сен үшін жүрегімді жұлып беруге дайынмын» деп лапылдап тұрған өлең жазады, айтады, шығарма жазады, бірақ жеме-жемге келгенде ұлттың қамын жеген өзі қол қойған хаттан әп сәтте бас тартады.
29. Енді Аяз билердің шығуы екіталай, себебі сол дәуірдің ханы «Сен наубайшының баласысың» деп шындықты айтқаны үшін, өз тағын ұсынып еді, қазіргі әлемдегі екіжүзге тақау елдердің басшыларына «Наубашының баласысың» десең түрмеде шірисің. Аяз билер туар, бірақ жарқ етіп шықпас, оны халықтың қойған атынан да көруге болады Бұрынғы Аяз би сияқты билерді «Абыз» деп атаса, Асандарды «Қайғы» десе, Бұқарларды «Көмекей жырау» десе, қазір – «Бұлбұл» деп атайтын болыпты.
30. Сыйласу, сыйлау, құрметтеу – өсер елдің азамттарының ісі емес пе?! Бірақ оны жағымпаздықпен, жағымпаздықты дипломатиямен шатастырмау ләзім іс. Ахмет Байтұрсынов 1920 ж. В.И.Ульянов (Ленин) жолдастың 50 жылдың мерейтойымен құттықтап көлемді мақала жазды, бірақ бұл жағыну ма еді? Жоқ. Бұл халық игілігі үшін жасалған дипломатия. Есесіне өзі бастап барған зиялылар В.И.Ленинмен сөйлесіп, Алашорда мүшелеріне кешірім алды, Қазақ автономиясына қол жеткізді (кейін Одақтас Республикаға айналды), аздап бұмаланса да қазақ елінің территориясы нақтыланды. Сол сияқты, біреулер жағыну деп бағалаған «Назарбаев Университетін» ашуға ой тастаған адамға мың да бір рахмет, өйткені осы арқылы білім сапасына қатаң талап қойылады. Қисық жері болса, әңгіменің бір ұшы кімге тиетінін білетін қызметкер де аянып қалмайды. Президенттің маңында ой тастап жүрген марқасқа ағалар жеке мүдделерін ғана емес, халық мүддесімен қабыстыра отырып бастама көтерсе игі еді. Бес миллион дауыс жинауға мұрындық болып, кішігірім университеттен үлкен университетке ректор болуды ғана көздемей халықтың нақ керек ісін қозғаса, өзі діттеген адамы да, халқы да риза болмас па еді. Мысалы, дәл қазіргі күні Қазақстандағы диаспораларға Президенттің сіңірген еңбегін ескере отырып, көптен бері дау болып келе жатқан Павлодар мен Петропавл атауларын өзгертуді шешу. Менің ойымша, егер де біріне Н.Назарбаевтың, екіншісіне Д.Қонаевтың атын береміз десе, әрі екі қала туралы шешімді бір күнде қабылдаса, бір де бір орыс қыңқ демеуге тиісті. Қазір жер-су атауларымызды қазақшалап алсақ, болашақ ұрпақ қалғанын өзі шешер.
31. Конституциядан орыс тіліне қатысты тармағын алып тастауға қатысты 138-дің хатынан бірер адам бас тартты. Олардың қол қоюы да, бас тартуы да өз құқықтары. Оны ол кісілердің азаматтығына сын деп қояйық, бірақ бас тартқандардың бірі өзіміз қарапайымдылығы мен алтын даусы үшін жақсы көретін, құрметтейтін апамыз Б.Төлегенова аталған хатқа қатысты емес қазақ тіліне қаратып жағымсыз сөздер айтқаны қынжылтты. Ол кісі :«Сам язык еще не адаптирован. Вот вы мне переведите: “Снижение цен на 50 процентов”. Правильно, “50 пайыз жеңiлдiк”. Я читаю – мне стыдно. Что такое “жеңiлдiк”? “Облегчение”. Когда человек получает облегчение? Вот вы смеетесь, а я каждый раз говорю: вам не стыдно такие вещи писать?» деген еді. Бұлайша бір тілді басқа тілдің жетегімен өлшеу – қателік. Ондайдың бәрі өрескел болса, одан да сорақы сөздерді орыс тілінен де табуға болады. Мысалға, «Возбуждение гражданского дела» (азаматтық істі қозғау). Ал «Возбуждениені» бала да біледі. Не болмаса, кез келген спортзалы бар мекемеде «Киім ілетін бөлмелер» болады. Осы тақтайшада орысшасы да жазылып тұрады «Раздевалка». Осы сөзді тура мағынасында орыс тілінің грамматикасына дәл лайықтап тәржімаласаң «Шешінгіш әйел» болып шығады. Сонда, «Баламның тойын абыроймен өткізіп, бір жеңілдеп қалдым» деп масаттанып отырған дала мен қаланың қазағы да осы апамыз айтқандай жеңілдеген боп шыға ма?
32. Бір әнді 20 күн тыңдасаң мәз боласың, 20 ай тыңдасаң мезі боласың, 20 жыл тыңдасаң – мәңгі (зомби) болады екенсің. Қазақ халқы әуел бастап толерентты еді, оны Патша үкіметі мен Кеңес үкіметі көнбістікке ұластырды, қазіргі қазақтар «толеранттылықты» «мойынға отырғызу» деп түсініп жүр.
33. 1986 ж. желтоқсан оқиғасында балалар үйінде тәрбиеленіп, мейірім көрмей өсірілген, арнайы тәрбиеден өткен сырттан әкелінген әскери жасақтың халықтың арасына қоян-қолтық араласып, тек сапер күрекпен ұрып түсіріп, өрт сөндіргіш сумен ғана ықтыруға дәті жеткені, ал Жаңаөзендегі оқиғада негізінен сол Маңғыстау аумағынан шыққан, сырттан әкелінбеген, мейірім көріп өскен, әке-шеше тәрбиесін көрген полиция қызметкерлерінің өз халқын су шашпай-ақ, түтін салмай-ақ оқ атып жер жастандыруы ақылға сиымсыз парадокс. Және осындай ең маңызды шараға ешкімнің бұйрық бермегені де парадокс.
34. Үш жүз мың доллардан айлық алатын бастықтарды Президенттің тұрғызып қойып сыбайтын 2006 жылғы 2 маусымдағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысы есіңізде болар. Сол күні Президент: «В городе Актау незаконно был приватизирован Детский дом и реконструирован для руководителей государственных органов. Квартиры по льготной цене в этом детском доме получили: прокурор области Адильхан, начальник ДКНБ Ошанбаев, начальник финансовой полиции Алауханов, Ташев, начальник ГУВД Шахманов, председатель межрайонного экономического суда Аскаров, руководитель областного маслихата Карин, заместитель начальника УВД Жумабаев. Те, кого я сейчас называю, в течение следующей недели все должны быть освобождены от своих должностей. И не просто освобождены, надо дальше вести расседование их причастности к преступлениям тех, которые мы сейчас расследуем. Доложите мне по исполнению. Это по моему поручению специальная группа работников КНБ проводила работу несколько лет. В результате все это выявлено. Чтобы никто из задержанных не ушел от наказания, а тот, кто будет лоббировать их, немедленно будет снят с должности, из какого кабинета он бы не звонил»,- деген болатын. Аты аталған тұлғалардың бәрі мамандығым бойынша әріптес болғандықтан бір-екеуін сыртынан танитынмын. Бір таң қалатыным, пендешілік емес, заңгер ретінде таң қалатыным – әлгі мен танитындар жауапқа тартылмақ түгілі, Нұротан партиясының саяси кеңесінің белді өкілі болып шыға келді (сөзіме сенгіңіз келсе, фамилияларын интернеттен іздеп көріңіздер).
35. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (ҚІЖК) қазақша нұсқасында 326-бабы 2-бөлігінен «сот отырысының хатшысы» деген сөз, 327-бабы 5-бөлігінен «прокурор» деген сөз, 7-бабы 38-тармағынан «органдарының» деген сөз атымен түсіп қалған. «Свидетельді» – ҚІЖК 82-бабы «Куә» дейді, 286-бабының 3-бөлігі «куәгер» дейді, ал «Понятойды» – ҚІЖК 86-бабы «куәгер» дейді, 222-бабының 5-бөлігі «куә» дейді. Сонда қайсысы «понятой», қайсысы «свидетель»? Бұл атақты «алик-малик» ойынын еске түсіреді.
36. Студенттер мен магистранттарға: «Жұмыссыз қалу үшін жұмыс істейтін екі мамандық иесі бар, біреу біз – қылмыстық құқықтық саладағы заңгерлер және дәрігерлер. Қылмыс пен сырқат атымен жойылса, жұмыс жоқ»,- деп қалжыңдайтынмын, бірақ осы әзілді биік мінбердегі әріптестерім тура мағынасында түсінетін сияқты. Кейбір қылмыс түрлерін тұқыртып жіберу биліктің өз қолында.
37. Әр халықтың мінезі қонаққа барса да, билікке барса да қалмайды екен. «Француздар қонақтан ешкіммен қоштаспай, байқатпай шығып кетсе, Ағылшындар қоштасып барып, шығып кетеді дейді, ал Қазақтар қоштасады, бірақ кетпейді» деген.
38. Бай қазақтың үйіне барсаң да, жәй қазақтың үйіне барсаң да Фен-шуйдің теңге тістеген үш аяқты құрбақасы мен қоңырауы, қызыл матамен тізбектелген тұмарлары тұрады (Фен-шуй – адам мен қоршаған ортаның арасында үйлесімділік таба отырып, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қытай ғылымы). Түптеп келсең, оның айтатынын атам қазақтың өзі де, шариғат та айтып өткен. Бір ғана мысал: Фен шуй – «Адамдардың жаман энергиясын жұқтырып алма» десе, атам қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады немесе жігітті жолдасынан таны» дейді, ал Американдық психологиялық әдебиеттер «Жолы болмайтындарды көрсең, қаш» дейді, ал хадис-шариф «Жақсы дос пен жаман достың айырмасы иіс май сатушы мен киіз басушының айырмасындай, иіс май сатушыға барсаң иіс май сатып аласың, не болмаса сеуіп аласың, тіпті ештеңе істемегеннің өзінде бойыңа жақсы иіс сіңеді, ал киіз босушыға барсаң (осыған ұқсас кәсіп болуы да мүмкін, дәл атын ұмыттым), киіміңді күйдіресің, не бүлдіресің, тіпті ештеңе істемегеннің өзінде бойыңа жағымсыз иіс сіңіп қалады» демей ме? Қолға алған ісінің түбіне бойламай, қытайдың рухани экспансиясын малданып, Құдай бермегенді құрбақа береді деп жүрген қазақтарға не дейсің!!!
39. Айтқан сөзін тыңдамай жатса, әділеттілік таба алмай жүрсе, сотқа емес, Президентке жата қап хат жазу біздің елде ғана бар. Оның себебі де бар екен. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жапондықтар күйреп жеңілген соң, тек ғылыммен, технологиямен, экономикамен ғана әлемді жаулаймыз деген қағиданы ұстанды да экономика үшін, монополист компанияларды күштеп бөліп, бәсекелес етіп, «нағыз патриот жапон тек өз елінен шыққан тауарды ғана тұтынады» деген принципті кеңінен дәріптеді, импорт тауарлар тіпті сапасы артық болса да алмады. Біздің елде, неше жылдан бері Өскеменде, Қостанайда жеңіл автокөлік шығарады, бірақ ешқандай шенеунік оны мінбейді. Тек биылғы, 2012 жылғы Президент жолдауынан кейін ғана зордың күшімен алмаққа ниет етіп отыр. Сонда, Президент айтпаса, олардың өздерінің патриоттық сезімі мазаламай ма?
40. Сол жапондықтар әр елден ғалымдарды «сатып» әкелді, «не айтсаңдар да ләппәй дедік, тек бір нәрсемізге тиісулеріңе болмайды» деді. Ол – «отбасындағы ұрпақ тәрбиесі». Нәтижесінде даму деңгейі бойынша алғашқы жетілікке кіретін Жапон қанша асқақтаса да, үлкеннің алдында еңкейіп тұрып сәлем береді. Біз болсақ, әжесіне үйленген М.Галкин мен А.Пугачеваны үлгі тұтып, ал орамал таққан қыздарды жау тұтып жүрміз. Парадокс…
АЛМАС ЖҰМАҒАЛИ,
заң ғылымдарының кандидаты
Намыс.кз