Қостанайда Сәбит Досановтың «Ақбас бүркіт» спектаклі сахналанды

Өткен аптаның қос күні күллі қостанайлық ұлтжанды да өздерінің адал перзенттерін ардақ тұтатын ағайындар үшін нағыз өнер мен мәдениеттің мерекесі болды деп нық сеніммен айтар едік.

Өйткені, қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Михаил Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, даңқты жерлесіміз Сәбит Досановтың «Ақбас бүркіт» деп аталатын драмалық шығармасы қостанайлықтардың назарына ұсынылды.

Әрине, әлемге танымал қаламгердің бұл драматург ретіндегі алғашқы шығармасы емес. Басқа жақты айтпағанның өзінде, көршілес қырғыз ағайындар оның оншақты спектакльдерін қойып, ондағы көрермендердің тарапынан өзінің лайықты бағасын алды.

Сәбит Аймұханұлы тақырыпты таба білетін, өзінің суреткерлігімен ТМД елдеріндегі барша қаламдастарын тәнті етіп келе жатқан аса танымал сөз зергері.

Оның жазған көркем туындылары барша ұлт жанашырларына бұрыннан таныс. «Жиырмасыншы ғасыр», «Қылбұрау», «Ұйық», «Тұйық» секілді романдары мен «Дүние жалған», «Жусан иісі» деп аталатын повестері және әңгімелер жинағы оқырмандар көңілінен шыққан.

Одан бұрын «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар адамдар», «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» сияқты шығармалары да жұртшылық тарапынан лайықты бағасын алған еді.

Оның тағы бір қыры – драматургтігі. Көрнекті қаламгердің «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозақ шеңбері» секілді пьессалары да республикалық және облыстық театрлар сахнасына қойылып, табыспен өтіп жатқандығы белгілі.

Өзінің аса дарынды шағырмалары үшін кезінде яғни 2012 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті азаматы.

Бұл әрине, бір азамат үшін аз абырой емес. Әрине, ол мансап, атақ үшін жүрген жазушы емес. Ол үшін ең бастысы - туған елі мен жерінің амандығы, оның жарқын болашағы.