Исраил Сапарбай: "Әйел - біздің тағдырымыз"
2018 ж. 06 сәуір
8237
1
– Мен бір күні үйдегі үстелдің үстінде Абайдың бір томдығымен қатар жататын Жұмекеннің кітабын ашып қалдым. Ашқан бетте мынадай сөздер бар екен: «Бір шырағдан жанды түнде. Көлеңкелер, дір-дір қақ!» Көлеңке жайлы аз жазылған жоқ, бірақ, мынадай тіркесті бірінші көруім. Бұл шынында да тек ұлы, ойшыл ақынның ғана қаламынан туатын дүние. Ойшыл болу үшін туабітті таланттан бөлек адамның өзі де көбірек оқуы тиіс қой. Мысалы, мен сіздің өзіңіз барыңызбан көзге ұрып сыртқа шығара бермейтін әдетіңіз бар екенін білем, сөйтіп жүрсеңіз де сіздің көп ақыннан білімді екеніңізді, көп оқитыныңызды, білім көкжиегіңіздің кең екенін байқаймын.
– Біздің Жұмекенге тісіміз батпайтыны содан ғой. Сол ағалардай біз де, бізден кейінгілер де көп оқуымыз керек. Білім сол сәтте атып сыртқа шықпауы мүмкін, кейде олай болуы керек те емес шығар, бірақ, адамның миы оқылған білімді қорытпай тұра алмайды. Сондықтан, ол сені байытады, ол сенің өзіңнің микроәлеміңді жасауға мүмкіндік береді, және сен керек еткен бір күні сыртқа теуіп шығады. Сені дара адам етеді. Алпыс жылдығыма орай «Менің өз әлемім бар» деген мақала жазғанмын. Не көрсем де мен өз әлемімнің ішіне кіріп, сонда бәрін қорытып отырамын. Мені құтқаратын – білімге деген ұмтылыс. Мысалы, ана бір жылы Нақышбандиды оқып отырсам, ол: «Адам баласы Алланың берген жасын жасауы тиіс. Ал, Яссауи болса, мен пайғамбар жасынан артық жасағым келмейді» деп, жердің астына, қылуетке кіріп кетеді. Неге ол Құдайдың бұйрығына қарсы шығады? Нағыз күнәхар – Яссауи!» деп жазады. «Ойбуй, Яссауиіміз күнәхар болып шықты ма?» деп қайтадан «Хикметке» отырамын. Абайды қайталап оқыған сияқты ғой. Сөйтсем, «Хикметтің» әлгі айыптауға қарсы уәжі бар екен: «Мен адамдармен көбірек араласқан сайын адамдарды емес, күнәларды көремін. Ал, оларды күнәкар етпеу, оларды түзеу – менің қолымнан келмейді. Сондықтан, мен адамды емес, күнәні көрмейін деп жер астына түстім дейді...
Ал, діни тұлғаларды айтпағанның өзінде жай білімдар адамдардың, жалпы, елдің еркелері мен серкелері саналатын азаматтардың да қасында сүйген жарлары бар... Жастау кезімде бірде Қадыр ағамыздың үйіне жаңадан шыққан кітабының сигналдық нұсқасын алып бардым. «Жазушы» баспасының поэзия бөлімін басқарамын ол кезде. Ағам риза болып қалды. «Жеңгең үйде жоқ, бірақ, суық сорпа бар» деп, оны өзі ысытты. Түбінде 50 грамдайы қалған коньяктің бутылкасын әкелді. Екі рюмкаға бөліп құйып, енді ала бергенімізде жеңгей келді. Орысшалап: «Даю пять минут – освободите кухню!» деді. Қадыр аға «осылай еркелейді бұл» деп жуып-шайып жатыр, ал, менің тамағымнан ас өтпей қалды... Сөйтсем, жеңгеміздің ондай мінезіне ағай үйреніп кеткен екен...
«Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүрген кезім. Бір күні бас редакторымыз Шерхан Мұртаза мені шақырып алды. «Исраил, өзің білесің, басқалар да, біз де Мұқағалидың туған күніне орай жыл сайын шығармаларын беріп жатамыз. Биыл тағы да сол тапталған сүрлеумен жүру деген ой маған ұнап тұрған жоқ. Мен осы мәселенің шешімін табуды саған тапсырайын, сен жаңа бір жолын тапшы», деді. Ол кісіге оңай, тапсырма берді-дағы кетіп қалды, ал, мен істеуім керек? Әрі ойландым, бері ойландым, басым ауырып кетті. Ақырында, «Мұқағалидың үйіндегі Лашын жеңгеймен сөйлесу керек» деген ойға тоқтадым. Қоңырау шалдым. «Апай, Мұқаңның туған күні келе жатыр, соған арнап жылдағыдай ол кісінің өлеңдерін бере салуға болар еді, бірақ, соны биыл өзгешелеу етсек деп отырмыз. Бұл – тікелей Шерхан Мұртазаның тапсырмасы. Мен сізбен жолықсам деп едім. Жолыққанда қоятын үш қана сұрағым бар. Бірақ, оларды, әрине, телефонмен емес, барған соң айтамын» дедім. «Кел, қарағым, кел!» деді. Барсам ет асып қойған екен, екеуміз ет жедік. Ол кісі үстелге арақ әкеліп еді, «апай, мен ішпейтін едім» бас тарттым. «Ішпейтінің жақсы екен!» деп жатыр. Шай үстінде ананы-мынаны айтып дегендей, аз-кем әңгімелестік. Апай: «Мұқаң сені, Иран-Ғайыпты айтып мақтап отыратын, сен екеуіңді білемін, жазғандарыңды да оқығанмын» деді. Ішім жылып қалды. «Ал, қарағым, қоятын сұрағыңа көше бер» деді шай ішіліп біткен соң. «Апай, бірінші сұрағым, Мұқаң, Мұқағали ағамыз өлеңді қалай, қашан, қай жерде жазатын еді! Күй таңдайтын ба еді?
Екінші сұрағым, ол кісі үй ішінде, отбасында ақын емес жай пенде ретінде қандай адам еді? Өзіңізге, бала-шағаға қандай еді?
Үшінші сұрағым, оны қоймасыма болмайды, себебі, елдің аузына сіз ол кісіні «бірнеше рет ішіңкіреп келген кезінде үйге қондырмай қойған екен» деген әңгіме тарап кеткен. Осының шын-өтірігін өз аузыңыздан естісек деп едім».
«Мұқағали денесі еңгезердей дәу болғанмен, бала дегенде жаны қалмайтын, өте балашыл еді» деп бастады сөзін апай. «Мен – түйемін!» деп Жұлдыз, Майгүлден бастап бәрін өзінің үстіне мінгізіп алып, үйдің ішін айналып жүретін. Майгүл өлгенде оған арнап қаншама өлең шығарды!..
Ал, енді өлеңді қалай жазатын еді дегенге келсек, ол өлеңді күн сайын жазбайтын. Жүреді, жүреді, Жазушылар одағына барса ішіп қайтады... Содан бір күні моншаға барады, қырынады, жуынады, сосын маған қарап: «Бәйбіше, кеттім мен Қарасазыма!» дейтін. Мен неге, не үшін деп сұрамаймын... Себебі, ол қаланың ішінде жаза алмайтын. Он күн, он бес күн, бір ай жоғалып кетеді сол кеткеннен. Ешқандай хабар-ошар болмайды. Бір күні арып-ашып өзі оралады. Сақалы өсіп кеткен, жағы суалған, көзі щүңірейген... «Көжең бар ма?» дейді. Сусынға ашытпа көже ішкенді жақсы көретін. Соны сіміріп алады да, үйге де аялдамайды, «бәйбіше, менің көкірегім қуыс, мен сол қуысты толтыруым керек. Одаққа кеттім!..» дейді. «Одаққа бармасай...» деп айтып үлгермеймін. Барғасын ішіп келеді...
Жүдеп-жадап келгенде мен оның құр қол келмейтінінін, шығармашылық шабыты денесін буып, бабына келген кезде ғана кететінін білемін. Ол Қарасазға барғанда далада жаза ма, үйде отырып жаза ма, күні-түні бұрқыратып өлең жазатын. Шығармаларының бәрін сол жақтан жазып әкелетін. Кеудесі қуыс болып, босап келетіні содан оның. Қаладағылар болса бұл дүниелердің сол ішіп жүрген күндерден кейін туғанын көргеннен кейін «Ой, Мұқағали, арақ ішпесе жаза алмайды!» деп өсек тарататын. Ал, Мұқағали бір де бір өлеңін арақ ішіп алғаннан кейін жазған емес! Бір де біреуін!
– Қисыны келеді, Исраил аға. Себебі, «сен неге осы жазғандарыңды өзгелер секілді ешқашан өңдемейсің? Өңдей берген сайын өлең деген жұмырланып, жұтынып, одан сайын құлпыра түсетінін білмейді емес, білесің ғой, неге олай етпейсің?» деп қоймаған жолдастарына бірде: «мен өлеңді өзім жазбаймын, менің құлағыма өлеңді сыбырлап тұрады, мен оны тек қағазға түсіремін!» деп жауап берген екен. Сонда жоғарыдан келетін өнер болса, оның арақ ішіп тойып алған адамға келе қоюы қиындау ғой, шынында...
– Ал, енді үшінші сұрағыңа келетін болсақ... Несін жасырайын, үш рет кіргізбей қойғаным рас. Мұқаң жасы аралығы алшақ болса да сөзі жарасып, бірге көп жүрген Тоқаш Бердияровпен болсын, басқалармен болсын, елді аралап кетіп қалып жүрген кезде үйі бар екенін, әйел-бала-шағасы бар екенін ойламайтын. Кейде тіпті қара су мен наннан басқа ішерге тамақ таппай қалатын шақтарымыз да болды. Балалар жылайды шырылдап... Мұқағали болса үйге мас болып келеді. Балаларға деп те ешнәрсе алмай келеді. Содан «осылай істесем есін жияр ма екен, мен бар екенім, үш-төрт баласы бар екені есіне түсер ме екен» деп, бір күні түн жарымында келгенінде үйге кіргізбей қойдым... «Көрейінші» дедім... Жұрт айтса айта берсін. Ондағы мақсат жаңағы болатын. Осы тірлікті мен әр кезде бір емес үш рет істедім. Бірақ, одан өзгерген, ертесіне маған ұрысқан, мені сабаған Мұқағали болған жоқ! Түк болмағандай жүре беретін. Демек, менің ол әдісім ешқандай нәтиже бермеді...
Бір күні науқас меңдеп, бауыры іріп-шіріп жатқан Мұқағалиға ауруханаға ол өзі өте жақсы көретін түшпара алып бардым. Ол терлеп-тепшіп тамақ ішіп отырғанда мен үстелдің үстінде жатқан, жаңадан өлең жазылған бір парақ қағазды көріп қалдым. Төбесіне «Тағдырыма тура келген серігім!» деп тақырып қойыпты. Жүрегім дір ете қалды. Мынау тура бір қоштасу хат секілді сезілді маған. Мұқағали: «Сенің көзің де көрмейтін нәрсені көргіш-ау. Мен бұл өлеңді осы бүгін таңертең ғана жазып едім. Бәлкім, бұл менің соңғы өлеңім де болуы мүмкін. Оқы!» деді. Оқыдым да ебіл-дебіл болып жыладым. «Тағдырым менің осындай болды, саған да еш жақсылық көрсете алмадым-ау» деген сипатта жазылыпты. Мұқағали жұбатып жатыр: «Қой, жылама, кәзір палатаға біреу кіріп қалса ұят қой» дейді...»
Мен газетке берген мақаланың тақырыбына Мұқағалидың осы сөзін шығардым. Тіпті, сол өлеңнің өзін де бердім ғой деймін. Үш сұраққа да берген жауабы шынайы. Шерхан аға риза! Жұрт жан-жақтан қоңырау шалып жатыр: «Мынау бір өте құнды дүние болып шығыпты. Ақиқатты жазған екенсің, біз білмейтін нәрсе көп екен...» Сол күні кешке Жұмекеннің жесірі Несіп жеңгей телефон соқты. «Айналайын, Исраил, мен мына жазғандарыңды жылап отырып оқып отырмын. Сен маған келсең, Жұмекен жайлы да осындай мақала жазсаң... Келсең мен де саған бәрін айтар едім. Келші, айналайын!» «Ойбай-ау, сіз шақырсаңыз мен неге бармаймын?» Бір аптадан кейін бардым. Бір пәпкі толы қағаз берді: «Осының ішінде Жұмекен жайлы жазылған нәрсенің бәрі бар!»
Бірақ, бұл мақалам өткендегі мақаланы қайталамау керек, оны берудің жаңа жолын қарастыруға тиіспін. Ол жолғы үш сұрақ пен Мұқағалидың соңғы өлеңі сәйкес келіп, әдемі кетті. Бұл жолы не істеймін?.. Оның үстіне Мұқағали басқа-дағы, Жұмекен басқа ақын! Жұмекендей философ ақын жоқ. Абайдан басқа. Жұмекеннің өлеңдерін түгел оқып шықтым. Сөйтіп, мақаланың кілтін әлі таба алмай жүрген күндерімнің бірінде Несіп апай хабарласты: «Жұмекен жайлы телеарна хабар түсіріп жатыр еді, кәзір баламды жіберейін, әнеукүнгі пәпкіні бере тұршы». Жарайды, беріп жібердім. Пәпкі сол бойы қайтып оралмады маған...
– Жұмекен жайлы мақала жазылмады ма?
– Жазылмады... Өзім сұрауға ыңғайсыздандым. Апай қайтарып бергенде мен оның кілтін қалайда тапқан болар едім...
АЛАТАУ МҰҚАҒАЛИҒА АЙНАЛЫП КЕТТІ
– Исраил аға, әңгімемізді білім жайлы айтып бастап едік. Мен сіздің сыртқа шығармағанмен, (Абай атамыз айтқандай, «өзіңде бармен көзге ұруға» тырыспайтындығыңыз да тамаша), көп оқитыныңызды айтып едім. Санның ертелі-кеш сапаға айналмай тұрмайтыны секілді, меніңше, білім де кейін кеудеден өлең болып құйылуға алып келеді-ау деп ойлаймын. Және жай ғана құйылуға емес, тұтас, әбден жетілген күйінде, ешқандай өңдеу-оңдауды керек етпейтін болып құйма алтын секілді құйыла салады-ау. Және сол құйылып түсе қалған өлеңдер әдетте қарапайым болып келеді. Сіз «махаббат – мәңгі ертегі» дейсіз. Оп-оңай жол. «Көңілдің күйін шертеді» дейсіз. Оп-оңай ғой, Құдай-ау! Дәл осылай мен де жаза аламын ғой! Деп ойлаймыз көбіміз. Бірақ... Жаза алмаймыз. Ешкім жаза алмайды. Осындай қарапайым тіркестер Мұқағалида да көп. «Батырлар дүрілдеп өткен жер. Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер». «Ұлылық – қарапайымдылықта деген осы болар, сірә. – Мен Мұқағали жайлы түс көргенмін. Ол түсті «Тәңіртау» деген атпен поэма етіп жаздым. Бұл өзі бір бөлек, мөлтек әңгіме... Бір күні түсіме Алатау кірді. Таудың басында – бұлт, аспан – ашық, ауа – мөп-мөлдір, тап-таза бір керемет көрініс. Сол көрініске қызыға қарап тұр едім, тауға жан бітіп, қалаға қарай жылжи бастады. Тау қалаға төніп келе жатыр!.. Жұрт тым-тырақай қаша бастады. Біреу жаяу жүгіріп барады, біреу машинамен. Біреу аузы ашылып не істерін білмей, өз көзіне өзі сене алмай, тауға қарап аңқиып тұр. Нағыз хаос басталды. Жаны жоқ тауға жан бітіп, үстіңе төніп келе жатқан ғаламатты кім көрді дейсің... – Сіз қайдасыз? – Мен соның бәрін сырттан, бер жақтағы басқа бір биіктен қарап, көріп тұрмын. Сол кезде тау мұнарланғандай болды-дағы, оның орнына Мұқағали пайда болды. Тау Мұқағалиға айналды! Ол болса төмендегі құмырсқадай бытырып жан-жаққа қашып бара жатқан халыққа қарап тұрып сөйлей бастады: «Ой, қызталақтар-ай, сендерге не болған? Мен өз қаламды, өз Алматымды шынымен басып, таптап кетеді деп ойладыңдар ма? Қызталақтар-ай, ұсақталып кетіпсіңдер ғой, майдаланып кетіпсіңдер ғой! Бұл болмайды! Бұл болмайды, қызталақтар!» Мұқағали-Алатау осылай басын шайқап, «болмайды, болмайды!» деп біраз тұрды-дағы, кейін қарай шегінді. Шегініп барып адам қайтадан тауға айналды, тауды тағы да мұнар басты... Мен ояндым. Бірақ, «осы мен не көрдім өзі? Бұл не, түс пе, басқа ма?» деп, есеңгіреп қалдым. Дәл сол кезде жаңылыспасам Мұқағалидың 80-жылдығы тойланайын деп жатқан болатын. Бірақ, мен ол тойға қатыса алмадым, Қарасазға бара алмадым. Себебі, анау түстен кейін ауырып қалдым. Жанарбек Әшімжан бастаған ақындардың бәрі кетті, ал, менің оларға «маған Мұқағалидың тойынан ұмытпай сарқыт ала келіңдерші» деп өтініш жасауға ғана шамам келді. Бірақ, сарқыт әкелуді құнттаған ешкім болған жоқ... Сарқытты айтасыз, тойда өткен мүшайраға мен өзім бара алмасам да жаңа ғана жазылған «Тәңіртауымды» қосып едім, ол ешнәрсеге ілікпеді. Тіпті, менің назарланғаным, аты да аталмады... Сол жатқанннан бес жарым ай ауырдым. Тәнім емес, жаным ауырды... Бұл да бөлек әңгіме, кейін арнайы айтармын. – Мен білім жайына қайта-қайта оралудан жалықпаймын. Себебі, менің өзім шығарған «ақыл – Алладан, білім – өзіңнен» деген мақалым бар. Оған «білім ақымақты ақылды етеді, ақылдыны данышпан етеді» деген қосымша мақалым тағы бар. Өйткені, адам баласы мың-миллион жерден тырысқанымен мыйының құрылымын, оның қыртыстарының санын көбейте алмайды, ол тек Құдайдың құзырындағы нәрсе. Ал, білім сол ақылдың орнын толтырады, білімді болсаңыз ел сізді ақылды адам екен деп ойлайды. Сіз осы жерде өзіңіздің шығыс шайырларын зерттегеніңіз жайлы азырақ айта кетіңізші. – Шығыстың шайырларын оқыған сайын оқи бергім келеді, өйткені мен сол арқылы байимын. Менің байлығым – менің өлеңдерім. Менің әндерім. Мен – ақынмын. Ән жазатын сазгерлігім тағы бар. Драматургияға саналы түрде бардым. Жазғым келеді. Жазу үшін өзің айтқан ақыл мен талант-дарыннан бөлек білім керек. Сол үшін мен көп оқимын, оқығанымды қорыта беремін, мыйыма тоқи беремін, ішіме жия беремін. Ол байлық – рухани байлық. Ол неғұрлым көбірек жиналған сайын сенің кеудең нұр сәулеге тола түседі. Сонда сен Абай айтқандай боқ көтерген боқтың қабы болмайсың... Мен Әмір-Темірді зерттедім, кәзір Шыңғыс-ханды зерттеп жүрмін. Менде тыным жоқ. Осының бәрі өзің айтып отырған ақылдық кемелдікке алып келеді, ақындыққа алып келеді. Төрт-бес кітап шығара салып «керемет ақын екенмін мен» демеймін, өзіме әрқашан сын көзбен қараймын. Биік талғаммен қараймын. Шығыстың жеті шайырының, Гетенің талғамының тұрғысынан қараймын. Сол себепті менің білімім, ішкі байлығым өскен сайын өлеңімнің көркемдігі де өсіп келе жатыр. Лирикалық стилім де айшықтала түсуде. Кейде өзімді өзгелермен салыстырамын. «Барлық нәрсе салыстырған кезде байқалады» деген сөз бар, мен де салыстырмасам болмайды ғой, кімнен төмен, кімнен жоғары екенімді білмесем, енді қай өреге қол жеткізуім керектігін анықтап алмасам қалай өсемін мен? Өзімді Қадыр ағаммен салыстырамын, Тұмағаңмен салыстырамын, Мұқағалимен салыстырамын. Бір жеріме қарамай... Кейде «мына жағынан оздым-ау» деген ой да келеді. Негізі, адам абайламаса, «оздым-ау» деген тоқмейілдік қауіпті нәрсе. Осыдан үш жыл бұрын сол «оздым-ау» деймін деп, мені Құдай ұрып қала жаздаған... – Міне, міне, соны айтыңызшы! Адам баласы, оның ішінде ақындар үшін осы мәселе аса маңызды болса керек. Көкейге күпірлік кірген деген жаман ғой... – Бір күні өзімше ойланып, өзгелермен салыстырып отырғанмын. Ана кітабым шығып жатыр, мына кітабым шығып жатыр. Мендегі тіл – таза поэзиялық тіл. Менде көркемдік басым. «Деп», «боп» деген сөздер жоқ менің тілімде. Шығыстың шайырларынан үйренгенім көп. Жиырма шақты шығыстық сөзді өлеңдеріме қосу арқылы поэзиямызды толықтырдым. Айтайын деп отырғаным, шығыстық сөз, шығыстық саз шайырлардың сөзіне ерекше әр береді, байытады. Лирика деген өте нәзік, өте жұмсақ, өте кірпияз дүние. Сыныққа жамау жасауың оған жүрмейді... Содан бір күні маған ой келді. Жұмекен – басқа, мен – басқа. Тұмағаңды жұмыртқаның қабығын аршығанда жарқырап шығатын ақ уызы десек, Сағиды, Сағи Жиенбаевты мен жұмыртқаның ортасындағы сары мәйегіне теңейтінмін. «Осы жасымда сол екеуінен де асып түстім-ау» деп ойладым. Бірақ, оны ешкімге айтпаймын, не де болса өз пікірім өзімнің ішімде. Аяңдап Мұқағалиға ауыстым. Елдің бәрінің аузында – Мұқағали. Ана өлеңіне де ән жазылып жатыр, мына өлеңіне де ән жазылып жатыр... «Кеңдік жағынан қайдам, ал, көркемдік жағынан сол кісіге жеттім-ау. Жетіп қана қойған жоқпын, сірә, оздым да-ау» деген пендешілік ой келді. Сөйтіп, көңілім марқайып жүрген кезімде бір апта өтер-өтпесте «Түркістан» газетінде марқұм жазушы Жәлел Кеттебек ағамыздың «Мұқағали Мақатаевтың бұлтты аспаны» деген тұтас бір бетті алып тұрған естелігін оқыдым. Сен ол кісіні танитын ба едің? – Танығанда қандай! Керемет жазушы еді ғой! Бірақ, әлі өзінің нақты, шынайы бағасын оқырмандардан да, сыншылардан да ала алмай келе жатқан жазушы. Мен 2004 жылы «Жалын» журналының жауапты хатшысы едім, ағайдың «О дүниеден оралған адам» деген повесін жариялап, бұл тамаша дүниесінің баспасөзде тұңғыш рет жарық көруіне жәрдемдескенімді осы күні мақтан тұтамын. – Жәкең Николай Гоголь секілді қолжазбаларын өртеп жіберген адам ғой... Сонымен, ағайдың әңгімесін отыра қалып оқып шықтым. Оқыдым-дағы тәубеме келдім. «Жаздым, жаңылдым, Алла-Тағала, күпірлігімді кешіре көр!» дедім. Өзімше Мұқағалидан аспақшы болып жүрген жан едім ғой... Мен Мұқағалиды мүлдем басқа жағынан таныдым. – Ол әңгімені мен де оқығанмын. Оны оқығаннан кейін Мұқағалиды мүлдем басқа жағынан таныған жалғыз сіз болмассыз деп ойлаймын. – Солай да шығар... Жәкең Мәскеуге екі жылдық Әдебиет курсына оқуға барған кезінде сол жерде өзінен бұрын Мұқағалидың да келіп оқып жатқанын естиді. Бір жатақханада тұрады. Кірейін десе бата алмайды. Содан бір күні бар «күш-қайратын бойына жиып» алып, қолына ішетіні мен тіске басатынын ұстап Мұқаңның бөлмесіне кіреді ғой. Кірсе Мұқаң: «Ей, Жәлел, сен бе? Кір, кір! Мені танымайсың ба, неге баяғыдан бері келмей жүрсің? Немене, менен қорқасың ба?» – деп жарқылдап қарсы алады. Сөйтсе, Жәлелді сыртынан көрген екен, қашан келер екен деп күтіп жүріпті. Содан екеуі арасынан қыл өтпес дос болып кетеді. Бір күні Мұқағали таңғы бесте келіп Жәлелді оятады. «Тұр. Жәлел, кеттік! Екеуміз Мәскеудің батыс шетіне шығып қайтайық!» дейді. «Таксимен бе?» «Е, жоға, жаяу барамыз!» «Жаяу-у?» (Мәскеудің диаметрі шамамен алпыс шақырым, есептей бер, шетіне дейін қанша жер екен...). «Е, несі бар? Жүр, ер маған!» Мұқағали алып денелі адам, ол бір аттаса Жәкең екі аттайды. Томпаңдап ереді де отырады. Мұқаң шашын сілкіп қойып, маңдай терін сүртіп қойып сол аршындаған қалпынан таймайды. Кемі 4-5 сағат жүрсе керек, әйтеуір бір уақытта қаланың шетіне шығады ғой екеуі. «Сол кезде екі жақтан екі қап-қара қою бұлт келіп, біздің төбемізде түйісті, аспан жарылып кетердей шатырлап күн күркіреп, нажағай ойнап, жаңбыр селдетіп құйды» деп жазады Кеттебек. «Мұқаң жаңбырға көкірегін ашып, екі қолын көкке қарай көтеріп: «О, Құдырет, осы еді ғой менің күткенім! Далам-ау, мен сені сағындым ғой!» деп өзімен-өзі сөйлесіп кетті. Ол тіпті менің бар-жоғымды да ұмытып кетті. Жаңбыр құйып жатыр, құйып жатыр. Әйтпесе, мұншама жауын жауатындай ауа-райы емес еді, мына қап-қара бұлттар түйіліп қайдан шыға келді? Адам ба мынау менің қасымдағы, жоқ, әлде жын ба, пері ме, кім бұл? Мен кімнің қасында жүрмін? Мен есімнен танып қалдым. Жаңбыр жауатынын қайдан білді? Неге осынша жер жаяу келдік? Мен аң-таңмын. Жарты сағаттай өтті. Мұқаң селдеткен жаңбырдың астында тұрып сағынышын басты, сосын екеуміз сол келген жолымызбен артқа қайттық...» Жәкеңнің жазбасын оқыған мен «райымнан» қайттым. Сұмдық әсер етті маған. «Кіммен өзімді салыстырып жүрмін? Феномен ғой бұл Мұқағали! Мен кіммін Мұқағалидың қасында? Құдайдың өзімен сөйлесіп тұр ғой ол! Ал, менің қолымнан не келеді, құдай-ау?» Астамшылық деген жаман ғой. Өзімнен өзім тәубеге келдім. Сол әңгімені оқымағанда мен де мақтаншақтың біреуі болып кетер ме едім... Өзім тектестерге ішімнен күліп қарайтын болдым. Жазғандарына мақтанады... ((Жалғасы бар)Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz