Көңіл көгінде
2018 ж. 16 ақпан
6822
1
Көрнекті қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлының кезекті кітабы осылай аталады. Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында осынау эсселер жинағының түрік тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті.
Кешті жүргізген белгілі ақын Кәдірбек Құныпияұлы айтқанындай, «Көңіл көгінде» еңбегі түрік тіліне мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған. Сондай-ақ, кітаптың тәржімалануына Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Еуразия Жазушылар қауымдастығы мұрындық болған.
Іс-шараға Анкарадан арнайы келген дипломат, жазушы Мәлік Отарбаев Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының құттықтауын оқып берді. Елдегі рухани дүбірлі оқиғалар қатарында аталған кешке көптеген зиялы қауым өкілдері қатысып, шынайы лебіздерін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, республикалық «Қазақ Әдебиеті» газетінің Бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан:
– Біздің қоғамдағы болып жатқан әр түрлі ахуалдарға, күнгейлі-теріскейлі жағдайларға дер кезінде үн қатып отыратын, қоғамға жаны ашып, шын сөзін айтатын, тіл үшін де, діл үшін де, ұлттың рухы үшін де жаны күйіп жүрген сирек ақсақалдарымыздың бірі – біздің осы Ғаббас ағамыз. Ғабаңның «Көңіл көгінде» жинағы – қазақтың біртуар қайраткерлеріне лайықты баға бере білген еңбек. Ал оның Түркия төрінде түрік тілінде жарық көруі – еліміз үшін тарихи оқиға деп білеміз.
Халықаралық ПЕН клуб президенті, белгілі қаламгер Бигелді Ғабдуллин:
– Қазіргі заманда біздің елде шындықты айтатын ақсақалдар көп емес. Ал әлі күнге дейін жасының ұлғайғанына қарамастан, халыққа, жастарға қоғамның шындығын айтып, жүрек сөзін жеткізіп жүрген бірегей ақсақалдардың бірі осы Ғаббас Қабышұлы. Кітапты мұқият оқып шықтым. Мұнда, мәселен, сонау алыптар тобының өкілдері – екі Ғабеңді... Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинның шынайы келбеттерімен танысамыз. Кезінде о кісілерді біз де көргенбіз. Оларды біршама білеміз деп ойлайтынбыз. Бірақ білмейтініміз көп екен. Осынау тұлғаларды Адам, Азамат ретінде терең тани қоймайды екенбіз. Оған осы кітап арқылы көз жеткізе түстік. Жазушы «Көңіл көгінде» еңбегінде өзге де көптеген тұлғаларымыздың портреттерін айшықтайды. Сәбит Мұқанов, Әнуар Әлімжанов, Бауыржан Момышұлы сынды адамдардың бейнелерін кестелейді. Бұл кітап, былай қарасаңыз, кәдімгі энциклопедия. Сондықтан мұндай құнды еңбекті, халыққа қажетті бағалы дүниені мыңдаған таралыммен шығаруымыз керек.
Жазушы Кәдірбек Сегізбаев:
– Әділін айтқан кісінің әкесіне де жақпай қалатыны әлімсақтан белгілі. Бірақ біздің Ғабаң әуелден әділдікті, шындықты айтады. Ақиқатпен сөйлейді. Бүгінде қалталы адамдар туралы кітап жазу «дәстүрге» айналғаны да мәлім. Ал бұл кісі әлдеқашан о дүниелік болып кеткен, өзіне материалдық жағынан бір тиын пайдасы тимейтін марқұмдар туралы жазады. Анау Әуезовтен бастап Әнуар Әлімжанов, Михайл Есенәлиевке дейін танымдық мәні зор мақалалар дайындайды. Мұның бәрі айналып келгенде, рухани қазынамыз. Бұндай еңбекті Ғаббас Қабышұлының үлкен ерлігі деп білемін. Тағы бір тоқталатын жәйт, кейінде мен қатарлыларды былай қойып, менің көптеген інілеріме дейін, жап-жас жігіттерге дейін үш-төрт орденнен алып жіберді. Ал Ғабаң, Құдайға тәубе, ондайдан аман. Атақ-даңққа ешбір қызықпайды. Алуға емес, еліне беруге жаратылған осындай ағаларымыз ұзақ жасасын...
Іс-шарада сөз алған өзге де қаламгерлер, түрлі ұйым жетекшілері Уақап Қыдырханұлы, Мыңбай Рәш, Ахметжан Ашири, Әлібек Асқаров, Көпен Әмір-Бек, Талғат Айтбайұлы, Қайрат Дүйсен, т.б. жаңа кітап туралы, оның авторы жөніндегі лебіздерін ортаға салды.
«Көңіл көгінде» жинағында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқмағамбетов, Ілияс Есенберлин, Мариям Хакімжанова Қасым Қайсенов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Ғафу Қайырбеков, Балғабек Қыдырбекұлы, Әнуар Әлімжанов, Мұқағали Мақатаев Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Әнуарбек Дүйсенбиев, Сәкен Жүнісовтер бастаған тоқсаннан аса замандасы туралы естеліктер қамтылған.
Кітаптың Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының қолдауымен, жазушы Якуб Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Бенгу» баспасынан жарық көргенін, сонымен қатар эсселер жинағын түрік тіліне аударған Эльмира Қалжанова, редакторы Азизе Кая екенін атап айтқанымыз ләзім.
Кеш иесі Ғаббас Қабышұлы жиналған қауымға зор ризалығын білдіре келе, іс-шараны:
– «Көңіл көгінде» кітабымның түрік тілінде жарық көргені маған ерекше қуаныш сыйлады. Қолыма қалам ұстаған 60 жылдың ішінде аралас-құралас, дәмдес, сапарлас болған 91 адам туралы эссе жаздым. Оның – 75-і жазушылар. Өкінішке қарай, ол адамдар қазір арамызда жоқ, тым ерте кетіп қалды. Нені көрдім, не айтқым келді, барлығын бұрмаламай, тек шындықты жазуға тырыстым. Алыптардың сөзіне, мінезіне артық ештеңе алып-қоспадым. Кезінде көп ағаларымның жақсылығын көрдім. Менің кітабым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрмегелі отыз жылдан асты. Астанадан шықпаған жинағымды Анкарадан шығарып жатқаны үшін елшілікке айрықша алғыс айтамын, – деп түйіндеді.
qazaquni.kz