ҚАЖЫҒҰМАР ШАБДАНҰЛЫ: БІЗ АЛТАЙДЫҢ ШАЛДАРЫНА ҚАРЫЗДАРМЫЗ

Қажығұмар тағдыры Зуқа тағдырының жалғасы

Қажығұмар Шабданұлы(1925-2011) туралы білмейтін қазақ кем де кем. 86 жылдық ғұмырының 40 жылдан астамын түрмеде өткізген асыл азаматтың әр ісі мен әр сөзі «Пана», «Қылмыс» романдары арқылы аңыз болып қалды. Күрескер жазушы, Алаштың ардагер азаматы Қажғұмырдың қилы тағдыры Кеңес Одағының қуғын-сүргіні мен Сталин заманыныдағы қолдан жасалған қатыгез «Ашаршылыққа», кейін Қытай үкіметіндегі «Үш аймақтағы ұлт азаттық көтерілісі»,  «Солшылдық» пен соғыс жылдарына тура келді.

1916-1917 жылдардағы Ақ патша мен Кеңестік коммунистердің арасындағы қянкескі соғыс та қазаққа және татар бастаған туысқан ұлттарға оңай тиген жоқ.  Осылайша соғыстан қашқан, ашаршылықтан қашқан, әскерден қашқан азаматтар топ-тобымен Қазіргі Қытай еліне қарасты Алтай, Тарбағатай және Іле мен Еренқабырға өңірлеріне асты. Ол кезде Шынжаңды Қытайдың Гоминдаң үкіметі басқарып тұрған болатын. Онсыз да үкімет пен халық арасындағы  ушығып тұрған бұл кез Қажығұмар Шабданұлының «ПАНА» ромынында көрініс тапты. Романның бас кейіпкері Зуқа қажы Сәбитұлы Нұрмұхамбет абыз немересі.

Шығыс Қазақстанның Зайсан, Аякөз өңірлерінде қатар көшіп қонған туыстас-ағайын ауылдардың тағдырлары да ұқсап кетті. Зуқа Алтайға ауса, оның соңғы кезі Қажығұмардың бала кезіне тура келді. Ол да қытайға ауды. Зуқаның өмірі 1870-1930 жылдардағы қазақ халқының басындағы аласапыран тағдырды көрсетсе, Қажығұмар өмірі сол 1930 жылдан бастап қазірге дейінгі қазақ басындағы тағдырдың бір бөлігін көрсетті. Рухтас, тетелес, жалғас болды.

Зуқа батыр деген атпен танымал Зуқа Сәбитұлы(1866-1928 ) ата жолын қуып діни тәрбие алған, бала оқытып, медресе ашқан ғұлама кісі. Зуқаның атасы НҰРМҰХАМБЕТ  орта жүздің діни қайраткері, Абыз дәрежесіне дейін көтерілген тұлға. Нұрмұханбет абыз  Бухара, Уфа қалаларында білім алып кейін Шығыс Қазақстан өңірінде медресе салып, бала оқытқан. Зуқаның әкесі де 40 жыл бала тәрбиелеп «Дамолла» аталған ұстаз.

Әкеден жастай жетім қалған Зуқа сол аумалы-төкпелі заманның қиындығын көрді. 1883 жылы  туып-өскен Зайсан өңірінен Қытайдағы Алтайға асқан болатын.  Абыз ұрпақтарының Алтайға келуін Алтай елі қуана қарсы алды. Зуқа осылайша медресе ашып, бала оқыта бастады. Кейін түрлі заңсыздықтар мен қорлық көрген жетім-жесірлердің, қуғын-сүргін көріп босқан қазақтың күнін көрген соң,  саясат пен билікке араласа бастады. Тіптен, Алтайда алғаш рет әскер ұстап, қорғаныс құрды. 1924-1926 жылдары Қытайдың 5 реткі шабуылын тойтарып, үлкен әскери күшке айналды. Осылайша Алтай ұлықтары мен Қытай үкіметі үшін ең қауіпті тұлғаға айналды. Тіптен, Ресей Ақ патшасының Қызыл үкімет армиясынан қашқан Атаман Бакишевтің  армиясын Зуқа сарбаздары Өр Алтайға жібермей, екі рет соғыс арқылы тойтарғаны да романда көрніс тапқан болатын.

«Біз Алтайдың шалдарына қарыздармыз»

Жазушы, этнограф Баяхмет Жұмабайұлы Қажығұмарды қалай көргенін былай еске алды:

  • Қажығұмар атамыз 1982 жылдары қытай түрмесінен шығып, «Шұғыла» журналында жұмыс істеп жүрген кезі еді. Кезекті бір бас қосуға Үрімжідегі Шынжаң университетінің Әдебиет факультетінде оқитын жігіттер де келеді. Әрине, аты аңызға айналған тұлғаларды көріп, олардың тәлімін алу кімге болса да қуаныш ғой. Жиналыста Қытайдың Тарым Еңбекпен Өзгерту алаңын тоздырған Ғаппар Біләл, Оразанбай Егеубай қатарлы біраз  тұлғалар болды. Бір үзілісте Қажекең зыр жүгіріп, қызмет көрсетіп жүрген мені шақырып алды, – деп есіне алды Баяхмет аға. – Ұзын бойлы, тіп-тік жүретін, әппақ, шашын қайқайта тарған Қажекең бәрінен сәлиқалы көрінетін.
  • Жігіттер қайдан баласыңдар?
  • Шынжаң Университетінің Тіл-әдебиетіненбіз.
  • Қай ауылдансың?
  • Алтайдан.
  • Е, Алтайдың шалдарына өтей алмай жүрген қарызым бар еді. Көп қазаққа қорған боп, көп адамның жанына араша болды –,деді де күрсінді.

Міне бұл Баяхмет ағамыздың Қажығұмарды еске алуы еді. Менің нағашы атам Ожаубай Аухади  Қажекеңмен Тарым түрмесінде 7 жыл бір бөлмеде, қатар төсекте жатты. «Көп қылмыскерлердің ішінде 3 қана қазақ болдық. Қалған қазақтар басқа жақта болды» - деп еске алды атамыз. Атамыз 2014 жылы Астанаға келгенде ол кісі туралы:

  • Қажығұмар- адамның бұлбұлы еді. Оның жазған шығармаларын ешкім де оқи алмайтын. Тек бірнеше белгімен жазған шығармасын өзі ұзын сонар етіп оқып беретін,  – деп еске алды. Мен де нағашы атамнан Қажығұмар туралы көп деректер сұрадым(алда жазатын боламын). Астанада жайылған дастарханда Баяхмет ағадан бастап, Үзбен Құрманбай, Ерғожа Тілепберді сынды біраз тұлғалар болды. Бір сұрағымды Қажығұмардың «біз Алтайдың шалдарына қарыздармыз» дегенді қалай айтқанын сұрадым.

Ожекең: «Алтай сәбеттен(Кеңес Одағы) қашқандарға,  қуғын-сүргінде жүрген, ашаршылықтан босқандарға пана болды. Тіптен Тарым түрмесінде де Алтайдың тарымдағы әскердің малын жаятын шалдары көп көмектесті. Олар даланың академиктері ғой», –деді.

  • Шалдар көрсетпей сойған малдың етін пісіріп, Тарымнан ағып жатқан судың жағасын сәл үңгіп көміп кететін, біз оларды белгі бойынша тауып алып, жейтінбіз. Су жиегіне көмілген тамақ бұзылмайтын.  Одан сырт қаншама науқастарды қазақы емдеу жолымен емдеп аман алып қалды, – деп әңгіме өрбітті.

«Пана» - Қажығұмардың Алтайдың шалдарына қойған мәңгілік ескерткіші

Қажығұмар 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады деген айыптаулармен, шетел жансызы деген желеумен 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кесіледі. Қажығұмар 40 жылдан астам өмірін түрмеде өткізді. Оның соңғы 13 жылында үрімжідегі №1  түрмеде болды.

Қытай өкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде адам құқығын қорғау жөніндегі «Халықаралық рақымшылық» (Амнести интернешнл) ұйымы оны «ар-ождан тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен.

Қажекең сол №1 түрмесінде жатқанда «Пана» романын жазыпты. «Пана» романында сол замандағы Алтай мен Шинжаңдағы саяси-тарихи оқиғалар діни және қоғам қайраткері, Алашшыл асыл азамат, батыр – Зуқа Сәбитұлының тағдыры мен өмрі арқылы көрніс тапты. Алтайдағы азаткер шалдардың ұрпақ пен ұлт үшін күресі бейнеленді. Жоқ-жітікке, жетім-жесірге, босқын елге пана болған Зуқа рудың емес, ұлттың тұлғасына айналды. Туысқан татар, ноғай азаматтары, орыс патшасынан қашқандар мен әскерден қашқандар, кеңестің қызыл үкіметінен қашқандар Зуқаны паналады. Тіптен мұңғұл, орыс, қытай, дүңгендер, ұйғұрлар да паналапты. Осылайша саналы ғұмырын халық үшін жұмсаған аяулы тұлға өзінен пана тапқан дүңген жігітінің сатқындығы себебінен Қытай әскерінің қолында қаза болды. Марқұмның басын елге сес көрсету үшін  Сарсүмбе (Алтайдың әкімшілік орталығы, қазіргі Алтай қаласы) қаласындағы көпірде жеті күн іліп қойған. Кейін халықтың райынан қорқып қайтып берген.  Осылайша тарихта Кенесары хан, Бөке батырдан кейін үшінші қазақтың басы жау тарапынан кесілген.Зуқаның басын үкімет қайтарғаннан кейін денесіне қосып жерленді. Ал, Бөкенің денесі анау Тибетте қалса, басы Алтайға қойылды. Кенесары ханның басы әлі еліне қайтпай отыр.

Қажығұмар атамыз Алтайдың ұлы тұлғасының бейнесін «Пана» романы арқылы мәңілік етіп қашап жазып кетті. Бұл атамыздың Алтай шалдарына қайтарған қарызы болса керек. Роман 2004 жыл Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбайұлы ағамыздың көмегімен  Қазақстанда басылып шықты. 2009 жылы тағы да Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің себепші болуымен  оның жалғасы іспетті «Қылмыс» романының 6 томы басылды.

2015 жылы Қажығұмар Шабданұлы атамыздың туылғанының 90 жылдығы. Ал, 2016 жылы Алаш қайраткері Зуқа батырдың туылғанының 150 жылдығы. Өзара жалғанысқан екі тұлғаның өмірі 150 жылды артқа тастады. «Пана» романына жалғас жазылған 6 томдық атақты «Қылмыс» романы сол 150 жылдық қазақ өмірінің бейнесі, тарихы мен тағдыры.

Бәрімізді аруақты аталарымыздың аруағы жебей жүрсін. Аталарымыздың жаны жәнатта, топырақтары торқа болсын. Тілек-ниеттері қабыл болып, Тәуелсіз Қазақ елі мәңгілік болсын!

Бейсен Ахметұлы Бұқарбай,

http:qamshy.kz