АБАЙ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС КЕРЕК!
2026 ж. 01 қараша
147
0
Иә, аламанда арғымақтарымызды сүріндірмеу үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа түбегейлі өзгеріс керек!
Қазақ жырының серкесі Серік Тұрғынбекұлының биылғы ел тойлап жатқан сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойы мемлекеттік сыйлықтың берілуімен сәтті түйінделер сәтін күтіп отырған халық көп еді…
Өкінішке орай биыл бұл сыйлық әдебиетте ешкімге берілмейтін болыпты. Мемлекеттік сыйлық комиссиясының шешімі солай.
✅ Бүгін 2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның соңғы шешімі жөнінде комиссия төрағасы ҚР Вице-президенті Ерлан Қарин айқын түсініктеме берді.
Біріншіден, конкурсқа түскен үміткерлердің барлығын құрметтейтінін, олардың төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі тұлғалар екенін айтқан Ерлан Қарин “Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды.”-деп атап өтті.
“Екіншіден, бәріміз тәртіпке бағынуымыз қажет. Ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынды. Бірақ дауыс беру қорытындысы бойынша бірде-бір жұмыс Комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алған жоқ. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болды. Мысалы, 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстардың жоқтығына байланысты берілген жоқ. Сондықтан конкурс болғасын оның нәтижесі де әртүрлі болуы мүмкін, оны дұрыс қабылдау керек.”-деп ашығын айтты.
“Үшіншіден, отырыстың соңында Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа тұтастай реформа керек екені айтылды. Бұл пікірді кешелі бері желі қолданушылары да қолдап жазуда. Шынында да, мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі қазіргі кезеңнің талаптарына сәйкес келмейді. Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі. Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгіземіз. – деп жазды.
✅ Иә, Вице-президент айтқандай, Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа тұтастай реформа керек. Бұны көпшілік те қолдап жазуда.
✅ Басынан дау арылмаған, жыры көп мемлекеттік сыйлық туралы айтқанда, 2020 жылы мемлекеттік сыйлық комиссиясы бәйгедегі ең дүлдүл жазушымыз Тынымбай Нұрмағамбетті құлатқанда “МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА БІР АДАМ ЛАЙЫҚТЫ БОЛСА - ТІРІ КЛАССИК ТЫНЫМБАЙ ЕДІ... Абай жылында Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтан Абайдың ізбасарлары құлады...”-деп жазып, ол қоғамдық резонансқа ұласқан еді…
Ақыры, халық үнін есіткен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың шешімімен комиссия тізімінде 7-ші боп тұрған Тынымбай Нұрмағамбетке мемлекеттік сыйлық беріліп, ел ерекше қуанып, бір серпіліп қалды. Тынымбайдың арқасында оның алдында тұрған алты қаламгер де, барлығы 7 қаламгер мемлекеттік сыйлыққа ие болып, аяқ асты жолдары бола кетті. Әйтпесе, әдетте ақтық сынға өткен қаламгерлерден 1-2 ғана, ары кетсе 3 жазушы ғана сыйлыққа әупірімдеп ие болатын. Кезінде тіпті, бір де бір қаламгерге мемлекеттік сыйлық бұйырмаған кез де болған!
“Егер биыл Тынымбай Мемлекеттік сыйлық ала алмаса, Мемлекеттік сыйлықтың біткені болар еді...
Осы абыройсыздықтан, әдебиетті жерлеуден Мемлекеттік сыйлықты лайықты тұлғаларға берген Мемлекет басшысы құтқарып қалды! Президент - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев - Қаламгердің ұлы Қаламгерлер рухын көтеріп жіберді.”-деп, разылығымызды жазған едік.
✅ Дәл сондай жағдай биыл тағы да қайталанды.
Бәйгедегі белгілі үш жүйрігіміз Серік Тұрғынбекұлы, Қасымхан Бегманов, Маралтай Райымбекұлының ешқайсысы да комиссия мүшелерінің басым дауысын ала алмаған дейді.
Сонымен биылғы Тәуелсіздіктің 35 жылдығында Тәуелсіздік рухын жырлап келе жатқан қазақ әдебиеті бәйгесіз қалды!?.
Үшеуіне бірдей беруге болмаса, ең болмаса, қазақ жырының қас тарланы, Азаттық рухын асқақ жырлап келе жатқан серке ақынымыз Серік Тұрғынбекұлына беріліп жатса, бәйгеге қатар шауып келген екі інісі өкпелей қоймас еді, халық та бір серпіліп қалар еді ғой деп ойлағанбыз.
Бірақ, комиссия төрағасы атап айтқандай, заңға, бекітілген ережеге бағыну керек - еш ақынның шығармасы басым дауыс ала алмағаны өкінішті.
✅ Бұл жерде көкейге қонатыны - Мемлекеттік комиссияның шығармаларды бағалау, дауыс беру ережесіне өзгеріс енгізу керек деген ұсынысына бек қосыламыз. Өйткені, осыдан 6 жыл бұрын да осылай жазған екенбіз, келтіре кетейін:
“Бұл жерде Мемлекеттік сыйлық беру комиссиясының дауыс беру ережесін қайта қарамаса, мұндай әділетсіздік әлі талай қайталана береді. Қазіргі ереже бойынша шығармаға дауыс бергенде әр саланың өз секциялары емес, жалпы 55-тей комиссия мүшесінің бәрі бірдей дауыс береді. Мысалы, Тынымбай Нұрмағамбетовтей қалыптасқан өз мектебі бар дарабоз жазушының бір кітабын да оқымақ түгілі, оның атын біле ме екен өзге тілді балетмейстер, немесе дизайнер, сәулеткерлер! Немесе дарынды суретші Алпысбай Қазығұловтың картинасының бағасын суретшілерден өзге кімдер бере алады? Сондықтан ақын-жазушыларға Жазушылар секциясы, суретші, мүсіншілерге Суретшілер секциясы, театр мен фильмдерге Театр одағы мен Киногерлер дауыс беруі тиіс. Яғни, Мемлекеттік сыйлыққа лайықты туындыларды әр сала өздері шешуі керек!”-деп ұсыныс жасаппыз.
Ал сол қазақтың дарынды суретшісі Алпысбай Қазығұл да кеше тағы да мемлекеттік сыйлық берілмей қалды...
✅ Ал енді қазір тағы да тұйыққа тірелу болғанына көз жеткіздік. Бұл жолы жалпы әдебиет пен өнерден 7 үміткер сыйлықсыз қалды...
Үш ақын да комиссияның 18 мүшесінің дауысын пышақпен кескендей тең бөліп алыпты - үшеуі де 6 дауыстан иеленген. Не деген бірдей берілген сиқырлы сандар десеңізші?!. (Дауыс берудің бұндай сан түрлі сиқырларына бұдан екі жыл бұрын біз де душар болғанбыз… Сонда “Әдебиетте де сайлау сияқты дауыс ұрланады екен” деп сұхбат бергенбіз...)
Ал бәйге алу үшін дауыс саны комиссия мүшелерінің 50 пайыз дауысынан асу керек - яғни 10 дауыс жинау керек екен.
Мүмкін, енді бұдан кейін осындай жағдай қайталанып, тұйыққа тіреле қалғанда, комиссия төрағасына комиссия мүшелерінің қолдауына сүйене отырып, түбегейлі шешім қабылдай алу құқы берілуі тиіс шығар?!.
Сонымен бірге ең маңыздысы, дауыс беруде "әдебиеттің әзәзілдерінің" араласып кетіп, дауыс санын бұрмалауына жол бермеу.
✅ Алты жыл бұрынғы мақаламыздан тағы бір үзінді:
“Сонымен бірге "Қазақстанның Халық жазушысы" атағын қайта қалпына келтіру керек. Өйткені бізбен туыс көрші Қырғызстан, Өзбектанда да, Түрікменстан мен Тәжікстан елдерінде де, Әзірбайжан ағайындарда да бұл атақ сол күйі сақталып қалған.
Қазір біздің Қазақстанның “Халық жазушысы” атағы бар қаламгеріміздің ең жасының өзі, ақиық ақынымыз Мұқтар Шаханов 80-ге жетіп қалды, алды абыз жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов тура бүгін 22-ші қазанда толағай 96-ға толып отыр...
Ал енді қазір халықтың қайнаған тіршілігіне араласып ортасында жүрген Халық жазушылары да болуы керек емес пе? Мысалы, Қырғыздың көрнекті ақыны Марқабай Аамат Ел ақыны атағын 60 жасында алды.
Ал "Қазақстанның Халық жазушысы" атағын қайта қалпына келтірсе, ең бірінші Тынымбай Нұрмағамбетовке беру керек! Әйтпесе, Мемлекеттік сыйлық алу үшін жалған дауыс беретін мынандай комиссиядан ешқандай үміт жоқ!”-деп жазыппыз.
✅ Енді кеше мемлекеттік сыйлықтың қорытындысын естіген соң, осы алты жыл бұрынғы ұсынысты қайталауға тура келіп тұр.
Қандай сыйлыққа, қандай атаққа да тұлғасы да, туындысы да лайық Серік Тұрғынбекұлын енді дау-дамайы мен шуы көп мемсыйлыққа түсіріп шаршатпай,
"Қазақстанның Халық жазушысы" атағын беріліп жатса, ел қуанар еді!
✅ Енді осы 2020 жылы көтерген ұсыныстарымыздың қорытындысын айта кетейік.
1.Тынымбай Нұрмағамбетов Президенттің шешімімен мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
2.”Қазақстанның Халық жазушысы” және “Қазақстанның халық әртісі” құрметті атақтары қайта қалпына келді. Оны Парламент Мәжілісі депутаты кезімізде өз қолымызбен заңға енгіздік. Біз кезінде “Қазақстанның халық суретшісі” атағын да қайта қалпына келтіруді ұсынғанбыз. Қазір ол “Қазақстаннңы еңбек сіңірген суретшісі” атағы болып енгізілуде.
3.Енді биылғы Мемлекеттік сыйлық беру комиссиясы ережеге өзгеріс енгізбекші болып отыр екен, онда “әр саланың секциясы тек өз саласына ғана дауыс беруі керек!”-деген бұл үшінші ұсынысымыз да іске асып қалар?!.
✅ Тура бүгін, осыдан он жыл бұрын 1-ші қарашада қазақтың көрнекті ақыны
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлының Астанадағы "Тәуелсіздікке тағзым!" атты шығармашылық жыр кешіне мен Алматыдан ұшып келе жатып аспанда “Арғымақ” атты жыр жазып, жерге түскесін Конгресс-холл сарайында дүрілдетіп оқып беріп едім. Бүгін де ұшақта мемлекеттік сыйлық туралы ойларымды жазып, жерге қонғанда, сол “Қазақ үні” ұлттық порталындағы жырымды он жылдығына орай әлеуметтік желі еске салып тұр екен.
Аламан бәйгеде ағып келе жатқанда сүріндірген арғымақ ағама Алла қуат берсін, шабысың талмай, шабытың шалқи бергей, асыл жырдың бағасын білер Алаш жұрты аман болсын деп, осы шын жүректен шыққан жырымды тағы да ұсынып отырмын.
Иә, аламанда арғымақтарымызды сүріндірмеу үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа түбегейлі өзгеріс керек!
Қазыбек ИСА
Шымкент-Алматы ұшағы
01.11.2026 жыл
АРҒЫМАҚ
Серік Тұрғынбекұлына
Даналарын даланың дара мүлдем,
Туа танып, тағылым ала білген,
Ережеге сыймайтын мінезіңнен,
Еркіндікті көргендей боламын мен...
Ұлтым деген жаныңды ұғынамын,
Жұртың қолдап, қосуда жырыңа әнін.
Қаламыңнан құйылып қара маржан,
Ұлы дала жырладың ұлыларын...
Ақ алмастай жырыңды сезіп елің,
Таға алмастай бұл күнде сөзіңе мін...
Ақаннан соң, ақындық батылдықпен,
Ер Кейкіні жоқтаған өзің едің!..
Өрнектедің өлеңмен асыл елді,
Қазағым деп жүргендер қасыңа ерді.
Мерейжаста мерейің тасыр енді –
Азаттық деп айқасқан жүз жылдан соң,
Ер Кейкінің еліне басы келді!
Қаным бүгін тасып тұр неге менің?!.
Бассыз қалай төрде отыр төрелерім?!.
Кенесары жайлы бір жазшы, ақыным,
Көп ұзамай басы да келеді оның!..
Батырлардың басымен рух келер,
Үрку кетіп, еліме үміт берер.
Қалды заман бұлағай бұлт төнер...
Ширек ғасыр Азаттық!- Ұғып көр, Ел!
Ұлт мүддесін біз қашан ұлықтаймыз,
Ұлты талап еткенде ұлық көнер...
Қияларға самғайтын әр қыраны,
Тарландарды ел торғайлық ән қылады.
Шапқан сайын шабытың шалқи берсін,
Арқадағы Алаштың арғымағы!
Қазыбек ИСА
Алматы-Астана ұшағы
01.11. 2016.
ҚАЗАҚ ҮНІ