САТИРАҒА «САТЫЛЫП» КЕТКЕН ЖАЙЫМ БАР
2026 ж. 01 қазан
61
0
Халық жазушысы Ғаббас Қабышұлының әңгімесі
1. Қысқаша өмірдерегіңіз?
– Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы Ұранхай ауылында 1935 жылғы көкек айының 9-ыншы күні осы дүниеге келіппін (не үшін екенін онда білген жоқпын). Уақтылы: пионер, комсомол, коммунист болғандардың бірімін. Қазақ Мемлекеттік университеті журналистер факультетінде оқып, диплом дегенді алғандардың да бірімін. Қазақ сатирасының жанашыры, жоқшысы, ұстазым, диплом қорғауда жетекшім болған профессор Темірбек Қожакеев барда университеттің жиын-жиналысына, әзіл-сықақшылардың (арасында өзімнің де) туған күндерін атап өтуге шақырылып, ай сайын бас қосып, мәре-сәре болып жүрген едік, Темкең фәниге аттанып кеткеннен кейін (2003 жылы) «Темірбек Қожакеев оқуларына бір-екі жыл қатыстық. Содан соң университетті мен ұмытпасам да, университеттің ректор, проректор деп аталатын жаңа иелері мені ұмытты. Тым құрыса: «Сен де осында оқыпсың-ау!» деп, мысалы, осыдан он жылдай бұрын жасым сексенге толғанда жымырулы еріндерін жыбыр еткізбей қалды. Қайтсін-ай, тәулігіне жиырма төрт сағаттың орнына жиырма бес-жиырма алты сағат істеп, сорпалары шығып жүрген болар!
2. Отбасыңыз жайында айта отырсаңыз.
– Төрт баланың (есепке түзу екі ұл, екі қыз) әкесімін, оннан аса немеренің атасымын, жеті-сегіз шөберенің бабасымын. Балам саны өспейтінін білем ғой, ал немере-шөберелерімнің әлі де болатынын сезіп, бәйбішем, дәрігер Зада Мүкәрәмқызы екеуіміз Құдайдың бергеніне де, береріне де шүкіршілікпен қуанып жүрміз.
3. Балалық шақтан есіңізде қалған қызықты жағдай.
– «Қызыл Ту» колхозында оның бастығы Райымхан ағамен көрші тұрдық. Ол аудандық, облыстық бәйгелерде бірінші-екінші орын алып жүрген атақты Кератты өзі баптайды, таңертең ауылдан жоғары бір шақырым жердегі Көкбастауға өзі жетектеп апарып суарып әкеледі. Бір күні: «Аға, мен суарып келейінші!» деп жалындым. Керат өте әдемі, қатты қызығып жүремін, екінші класта оқитын кезім. Рахаң алай деп, былай деп, біразға дейін жолатпас болды да, ақырында: «Жарайды, бірақ аяңдатып қана барып кел. Желдіруші болма. Желдірсең, шаба жөнеледі де, басы қатты, сені бір жерде топ еткізіп түсіріп кетеді, мертігіп қаласың, ұқтың ба?» деп, мені жайдақ мінгізіп жіберді. Иә, аяңдатып барып суардым. Көкбастаудан ауыл көрінбейді, ал арғы жағы жазық иен дала. Қызығып кеттім де, аттың ауыздығын салып, басын далаға бұрып, тақымымды қысып қалып едім, ат лып етіп ала жөнелді. Біраз айнала шапқаннан кейін ат ауылға қарай зымырады. Тоқтатайын, аяңдатайын деп тізгінді қос қолдап тартып едім, бой бермеді. Менде жалынан ұстап жабысқаннан басқа лаж қалмады. Ауылда бір ғана көше бар, ат сонымен төмен қарай зымырады. Төмен жақтағы жылқы қораға қарай тартқанын ұқтым да, орта тұстағы үйіміздің жанынан өте бергенімді аңғарып: «Апа! Апа!» деп айғайлап, бақырып жылап та жібердім. Керат қораға кіріп бір-ақ тоқтады, ал мен ыршып түсіп, қорадан ытқып шығып, үйге қарай бездім. Үйге жақындағанымда жүгіре басып келе жатқан апамды көрдім. Мен «апалап» жылап, апам «балапанымаулап» табыстық. Е, қайран балалық шақта сан қызық-шыжық болды ғой!
4. Еңбек жолыңыздан қысқаша мағлұмат берсеңіз.
– «Тарғын» орта мектебінен кейін облыстық «Алтай большевигі» (кейінгі «Дидар») газетінің редакциясына корректордың көмекшісі болып орналастым. Шәкірт жылдарымда өлеңдерім шықты, хат-хабар жазып тұрдым. Редакцияның жауапты хатшысы («жауапсыз хатшы» да болды ма екен?!) Мұқан Әбуғалиевке барып едім, ол: «Ә, Ғаббас Қабышев деген авторымыз сен екенсің ғой?!» деп дереу редакторға (Бейсек Исабековке) жетектеп алып барып, жұмысқа алуға бұйрық жазылды. Үш айдан кейін корректор, төрт айдан кейін әдеби қызметкер, бір жылдан соң бөлім меңгерушісі, екі жылдан соң «жаухатшының» орынбасары, үш жылдан кейін «жаухатшы» болдым. Сөйтіп, 1966 жылы көкек айында Бас редактор, жазушы Нығмет Ғабдуллиннің ықыласымен «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына әдеби қызметкерлікке қабылдандым. Алматыға келуіме жазушы Кәкімжан Қазыбаев себепші болса, ол шақырған облыстық «Жетісу» газетінен бетімді «Қазақ әдебиетіне» дос-жолдастарым ақын Жұмекен Нәжімеденев пен композитор Шәмші Қалдаяқов бұрып жіберді. Онда бөлім меңгерушісі, «жаухатшының» орынбасары болып, жиыны сегіз жыл, одан кейінгі жылдары Жазушылар одағы құзырындағы Әдеби қорда директор, Көркем аударма алқасында төраға, одақ басқармасының екінші хатшысы болып, арасында төрт-бес жыл «Ара-Шмель» журналын басқаруға «барып-келіп», содан 1996 жылы зейнетке шықтым. Яғни Жазушылар одағымызда отыз жыл қызмет істедім. Одан беріде – бәйбішемнің орынбасарымын, қазіргі қоғамымыздағы «мода» бойынша, әлгі «жалақысыз» демалысқа шығарылғандардың бірімін.
5. Сатира жанрын неге таңдадыңыз?
– «Әдеби сауатымды» өлеңмен ашқанымды айттым ғой, ал сатираны «таңдауыма» Бейсек Исабековтен кейінгі редакторымыз Бейсенғали Тәйкімановтың әмірі себепші болды. Редакциядағы жолдастарымыздың бірі Қырықбайдың келіншегі балпанақтай ұл тауып, шілдеханаға жиналдық. Сәбиге ат қою «сыбағасы» маған бұйырып, ырымдап «Мұхтар» дедім. Мен «жаухатшының» орынбасары едім. Ертеңге шығып жатқан газетке кезекші де болатынмын. Соған асығып, рұхсат алып, баспаханаға жөнелдім. Ертеңінде жұмысқа сәл кешігіңкіреп барып едім, хатшы-машинкашы қыз редактордың мені іздеттіргенін айтты. Барып, сәлем беріп, үйреншікті орныма беттедім. «Ғаббас, сені Құдай сақтапты. Кеше шілдехананың аяғына дейін отырсаң, сенің де шыбының шырылдайды екен» деп редакторымыз қыжыртқан үнмен күлді. Тойға барған жолдастарыма көз тастасам: бірінің көзі көгеріп қалыпты, бірінің ұрты ісіңкі, бірінің шекесі бұлтиып тұр. «Не болды?» дедім шілдехана иесі жолдасымызға иек қағып. Ол ұзын бойлы, қалқаңқұлақ еді. Оның құлағына «ен салыныпты». «Өй, әлгі қайнағам пәле болған жоқ па?! «Баланың атын мен қоям, Алтай қоям!» деп, сен шыққан соң-ақ айқайға басып, ақырында төбелесіп... ол пәле, пәле ол, боксер ол, разряды бар!» деді.
– Жә, осы жетер, – деді редактор, үнін қатайтып, түсін суытып. – Мен сендерді жақсы білемін. Сендерде кінә жоқ. Ал анау «боксерді» жазалатуымыз керек, сұмдықты шығарған сол ғой! КГБ-ның капитаны болмақ тұрғай генералы болса да, оны көріп алайын! Мүмкін погонын көтере алмай жүрген шығар?! Сен, Ғаббас, осы оқиға туралы фельетон жаз, мен көмектесемін, удай қылып жаз! – Оң қолының жұдырығымен үстелін нығарлай құшырланып қойды. – Жарайды, тараңдар. Рамазан мен Ғаббас, екеуің қала тұрыңдар, – деді содан соң.
– Беке, фельетон жазып қайтеміз, қажеті не? – деді «жаухатшы» Рамазан Сағымбеков.
– Солай ма? Таяқтың бір ұшы өздеріңе тиеді, ә? Жарайды, бастығына айтып, басына шерткізіп-шерткізіп қояйын. Бірақ үнсіз қалдыруға болмайды. Сен, Ғаббас, шартты фельетон жаз.
– Фельетон жазып көрген жоқпын ғой! – деп безектедім.
– Ештеңе қиындығы жоқ, жазасың. Икемің барын сезіп жүрмін, – деді редактор.
Сөйтіп, әзіл-сықаққа алғаш қалам тарттым. Шартты фельетон болған соң кейіпкер атаулының аты-жөні өзгертілді. Оқиға сол қалпында суреттелді. «Жануар тойы» деген тақырыппен жарияланды. Жолдастарыма, оқырмандарға, өзіме де ұнады. Содан соң сатираға «сатылып», өлеңнің «көңілін қалдырып» кеттім. Санымды соққан күнім жоқ.
6. Бүгінгі күннің сатирасына көңіліңіз тола ма?
– Сатира жер ауып кеткен жоқ және әрқашанғысынша қуатты. Бір ғана мысал: шымкенттік Мұхтар Шерім – республикамызда балалап жатқан әзіл-сықақ театр саны бүгінде нешеу болса, соның бәрін қазақы күлкімен жарылқай алатын сатирик. Театр қожалары оны жақсы біледі, бірақ көпшілігі Мұхтарға да, басқамызға да жолай бермейді, өздерінің аттарын тек өздері шығаруды көксеп, шикілі-пісілі «күлкілерімен» әзіл-сықақты үшінші-төртінші «сортты» етіп тынды. Көрермен-тыңдарман жұрттың оны сатириктерден көріп, сырттай «тон пішіп» жүргендері сондықтан. Ал бүгінде сатираға «саптыаяқпен ас беріп, сабына қарауыл қойған» ерекше «қамқоршымыз» – биліктің жер-жердегі «құлақтары мен көздері». Солардың «арқасында» сатираның зеңбірегі – фельетон «списать» етілді. Үлкен-кіші газет беттері одан «тазартылғалы» ширек ғасырдан асты. Біздің қоғамда фельетондық оқиға «жоқ», табылып жазыла қалса, автордың «бағы жанады», – оған мысал аз емес, өздерің де куә шығарсыңдар.
7. Зейнетке шыққаннан беріде басыңыздан өткен бір қызықты оқиғаны айтып берсеңіз?
– «Қызық» тоса тұрсын, «шыжықты» айтып берейін. Жасым жетпіске толардан екі жыл бұрын, 2008 жылы, баспаларды бауырына басқан министрлігіміздің егесіне хат жазып, бес-он том деп шошындырмай, әзіл-сықақ әңгімелерімнің екі томын шығарып беруді өтіндім. Құп алмады. Менің «оппозицияда екендігімнен» хабар-ошарлары бар болса керек, ат-тонын ала қашты. Жасым сексенге толардан бір жарым жыл бұрын, жоғары мәртебелі екі мырзаға: Мәдениет және спорт министріміз Арыстан Мұхамедиұлы мен Жазушылар одағымыздың төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалинге хат жолдап, Әзиз Несиннен аудармаларымның екі томын шығарып беруді өтіндім. Әзекеңнің туғанына 100 жыл толарын да естеріне салдым. «2014 жылы реті болмас. 2015 жылы шығарып береміз» деген жауап келіп, тұщына бір тамсандым. Содан кейін 2015 жылдың наурызында «қара қағаз» келді. Министрге, сірә, спортшы болмағаным ұнамаған шығар, ал екі сөйлеген сенаторға неге ұнамағанымды өзі біліп жүре берсін деп күлдім де қойдым. Алайда, маған Құдайдың көзі түзу екен, тәубә, арада екі апта өте бере сол кездегі ТҮРІКСОЙ ұйымының басшысы Дүйсен Қасейінов мырзаның атынан орынбасары Мәлік Отарбаев мырза Түркияның астанасы –Анкарадан телефон шалып, сексен жылдығыма екі томдығымды шығарып беруге әзір екендерін айтты. Екі том аудармамның қолжазбасы жатқан сол кездегі «Ан-Арыс» баспасының директоры Кәдірбек Құныпияұлы мырза хабарласқан екен. «Ұзын сөздің қысқасы» – Астана азар да безер болса да, Анкара ағынан жарыла қол ұшын созды, екітомдығымды шығарып әкеліп, тұсаукесерін де өздері жасап, төбемді көкке жеткізді. Әжем жарықтық айтушы еді: «Адамның оң иығында періште отырады, сол иығында сайтан отырады. Періште қолтығыңнан демейді, сайтан аяғыңнан шалады» деп. Мен періштемнің үстем екеніне қуандым.
8. Жақсы көретін анекдотыңыз?
– Зымырап келе жатқан бір қоянды екінші қоян тоқтатып:
– Не болды, әй, осынша зытып?! Қайда кетіп барасың? – дейді.
– Арыстан түйелердің бәрін тағалауға бұйрық берді!
– Сен түйе емессің ғой?
– Бет-аузыңа қарамай бас салып тағалап тастаған соң түйе емесіңді дәлелдеп көр!
9. Өз қоржыныңыздағы әзілдермен таныстыра отырсаңыз.
– Жо-жоқ, таныстырмаймын, ренжи көрме. Өйтсем, өздеріңе кейін менің жолдауым мүмкін, сендердің жариялауларың мүмкін әзіл әңгімелерім арзандап қалар. Бүгінде алдындағы тамағы, үстіндегі киімі есінеп езуін жиып алғанша қымбаттап, шала ұйқы болып жүрген, «пәлен мен түглен арзандады» дегенді ұмытқан көпшілікке біз де қымбат күлкіні кесектей көлденең тартуға тырысалық!
10. Сіз үшін өмірде басты нәрсе не?
– Фәниге Адам болып келген соң, бақиға Адам болып аттану. Ол – Отбасыңа, Халқыңа, Отаныңа адал болу!
Әңгімелескен Фатима САҒЫМБЕКОВА