АЛТАЙ – АСПАН һәм АЙ
2026 ж. 10 қыркүйек
32
0
«...көңіліңнің көзі бар, жүрекке ой тастайсың...»
Көбен ақын
Көгілжім Көктің жиегіне көмілген Өр Алтайдың көгілдір тауларының көк мұнарлы балағында балалық дәурені өткен баһадүр Асқар Татанайұлының (1906-1996) баласы Көбен аға (Көпжасар) туралы толғау жазуға бұйырыпты.
Хош! Қолымызда екі дүркін жарық көрген – «Жыр махаббат» (2021), «Алқа» (2023) деген екі жинақ тұр. Өткен бір ғасырдың өтпелі шағы, тағылымды дәуренде Қытайдағы қазақтардың тағдыр талайын таңбалап, тамырымен қозғаған тауыриһатшы, шежіреші қаламгер Асқар Татанайдың ізбасары Көбен ағаның назым жырларын көзден көшіріп отырмыз.
Сұлу табиғаттың аясында өскен ақынның құсни сазды жырлары тым нәзік. Жылнама бойынша 1950 жылардан басталған өлеңдерінің өрімі ұқыпты өрілген. Тап-таза ақық жырлардың арасынан Алтайдың бұла табиғатының сүгіреттері анық көрінеді. Жас та жалынды бозбаланың барлық көктемінен өрімделген өзгеше жолдардың өңі мен өлең сұбасы сұрапыл. Өзі зау биікте өскен елдің өршіл де сыршыл келетіні табиғи заңды сықылды. Сайын дала деп, сағалы өзен деп өзінің өскен өңірінің сұлу сүгіретін сыза берген кезі еді. Аспанға биікке шырқап барып-барып маңқұмға сіңетін өзеннің өртенген жиегі, кең даладағы құстардың қаңқыл дауысы қандай құбыл т.т.
Оғылан аға: «...мейлі қар жерді қымтасын, жел соқсын мейлі, бұрқасын!..» деп бұрқыратып келеді де: «Бұлақтың үні – ұлы әнім...» дейді де: «...өмірдің құлшыныстары – күште, бірлікте...» деп толғатып толғай береді. Өзі айтқандай: «...ыстық жүрек еркімен, сайрап-сайрап алады...». Ол не десе де ыстық жүрегінің үнімен аққан асау өзен, айдын судың бетіне өрнек сызады.

Ертеңін биікпен өлшеген...
Ертеден биікті ғана аңсаған жас бозбаланың үні! «...Мен міне шықтым биік шың басына, Ай арқамда, жұлдыздар тұр қасымда...» (1957) – деп толғайды да: «Уақытты – арманға, ертеңін – биікке...» санайды!? Өр Алтайдың Асқарының асқары, ананың ақ сүті, арманның жетегіндегі күндерін көбінде анасы мен туған жерін аялайды. Айдынның толқынын ару қыздың нәзік ерінімен сүйеді! Жұлдыздың көлге шомылып, алтын шапақтың ақыры сөніп бара жатқан сәттегі пейзажды да – «...таусылып шыдамы, алаулап Ай батты...». 1957 жылы тамаша ишаралы лепесімен сурет сызған. Қар менен мұз жамылған «Алтай»-ды 1959 жылы 21 жасында жазыпты!
Осынау 1950-1960 жылдары жиырманың алаулы шағында жазған жалынды лирикалық жырлары ғасыр ширегінен кейін де тамаша сезіледі екен білгенге. Сол кездегі өлеңдерінің дені бүгінге шейін ән мәтініне сұранып тұр. «Сағынған шағымда» керемет әні де хит болған кезеңі өткен ХХ ғасырда, шет елде.
Балладаның бағбаны
Махаббат балладаларын, бұның ішінде – «Ғашықтық балладасы» тағы да «Махаббат жасын», «Балбала», «Көктем қыз» да (1978), «Мәңгілік бақыт балладасы» (1980) әлі де көп зерттесек керек секілді. Осы балладаларды оқығанда: Өр Алтай өңірінде өскен жас ақындардың руһани көшбасындағылардың көбісі осынау поэзияның микро сюжетке айрандай ұйып, кілегейі тұныған лирикалық сипаттағы ballade жанрына тым үйірсек болғанын байқаймыз. Көбен ақынның балладалары мөлдір сезімге толы әрі шымыр көрінеді.
Ода емес – орасан одалар
Осынау арнау жырларының әлқиссасы алғашында қазақтың атақты дүлдүл ақыны Қасым Аманжоловқа (1960) арнады. Ұлы ақынның дүниеден өткеніне 5 жыл болған бір жылымық сәтте Көбен ағаның көкірегі өлеңмен иіп кетсе керек-ті. Бұдан кейін осы «ода» деген тақырыпқа арнайы барған һәм бармағаны туралы айта алмаспыз.
Демек, шеттегі қазақтың қайран екі алып ақыны тағдырлы қос марқасқасына Көбен ағадан ода арналыпты. «...Тарих – шындық айдыны мөлдіреген, мөлдіреген айдында сол бір өлең...» деп «маңдайын Күнге ұрған...» атақты Мағаз Рәздәнұлына жыр арнайды (1994). «...Шырылдап жатып өмір есігін ашқаннан, Менің ғұмырым еңбектеуменен басталған...» (1998) деген сұмдық теңеуі осы заманауи Қытай дағы қазақ әдебиетінің атақты шедеврі Омарғазы Айтанұлына арнайды.
Тағы да «Елі үшін, еңіреген ері үшін, тартты Шәкең тың ойлардың желісін...» (2001) деп баяғы «Қайқая шапқан қарагер» романының ақиесі Шайсұлтан Қызырұлына аламан да алағай отты жырын арнаған. Бұл енді Көбен ағаның көкірегінің кеңістігі кеңге жайылған аңқыл – алпыстың маңдайы тұсындағы атақты жырлары еді. Осы арнауларды оқыған сәтте: «...Естігендей нала-мұң, күйші қобыздарынан, әуендерін даланың...» деп өзі айтып өткендей біртүрлі ғажайып «Аққу ғұмыр»-ы елестейді ақынның.
Ой-һой дәурен-ай дейік!? «...айғыз-айғыз әжімдері жүздері, темір өкше жылдарымның іздері...»!?
Расында мынау тағы да бірегей «Өз әнім» деген өлеңінде: «Басқаның жырын жырлар мен емеспін!» (1992) деп тура қайыра салады. Ал, енді ақынның «Ағайша» аңыз-дастаны туралы әдебиет танушылар алдағы кезеңдерде аналитикалық мақалалар жазатынына сенеміз.

Сұмдайырық – қанды су...
Көбен аға бұл өлеңді ақ өлең үлгісімен зерлеген. Поэзия! Күңгірт күлгін сүгірет... «Ұлы ән» (1993) деп аталады. Әрине еу жасында ерекше түлеген ақынның еңселі тұсында сызған жырларының ерекшесі де осы өлеңі. Бұл поэтикалық жырдан Ұлы Шәкәрім Құдайбердіұлының уақапты ұлағаты сезіледі. Дүниенің бүткіл салмағы тек адамдықтың жүрегіне келіп тірелгенде: ең соңғы шөлін басуға кеберсіген ерінімен бір нәрді іздейді. Сұмдайырықтың қанды суынан құнығып ұрттап тұрып бүткіл жанды дүниеге тамсанады. Зәудеғалам көзін кеше ғана ашқан жас күшіктей әппақ әлемге сұқтана қарайтынджай іш құпия шумақтардың түренін көресіз. Ішке жасырған сырыңа сырттан әлде біреулер аңдып, бақылап қарап тұрғандай кері әсермен таңданып қаласың!?
Жаятастың жаңғырығы
Ақын 1990 жылдары қатты өзгергені байқалады. Сол кезден Қорқыттың қобызының үніне Өр Алтай қазақ ақыны қоңыр үнін қоса жыр тербеді. Бұл ақынның өзі айтқандай «Заңдылық» (1989) еді. Сол елеңді кезеңде ақын тағы да «Жаятас» (1991) өлеңін жазды.
Биіктермен бой таласқан,
Жел дауылмен тай-таласқан.
Ақша бұлтты мойнына орап,
Аспан төсін айқара ашқан.
Тұрсың ба сен, Жаятасым,
Мұңлықтарға сая тасым.
Сөз маржанын жиып-теріп,
Тебірентіп оятасың...
Ақынның қатты назы ма, әлде мұңы ма, әйтеуір шын серпілгені байқалады. Өзі көк бөрінің үнімен Көк тәңірге қарап бүлкіл үн шығарып, биік құзардың бұлт бүркеген иығына өрмелеп, әлде бір алыстағы арманы туралы астарлап жаза бастаған-ды.
Ай астында жыр жазған...
Ақынның Ай туралы, аспан, айдын көлдің толқынындай өлеңдері өте көп. Әрине жас шағының белгісі ретінде жазған саф жырларының бәрі түгел бір келкі болмаса да аракідік ғажап айшықты шумақтарын оқи аласыз. Мінеки: «Төмендеп бұлтты аласа жер бауырлап, көміліп көз жасына келді ауырлап....». Қалай десек те арда қазақтың ақыны табиғи таза да дарқан көңілінің нұрлы реңіндей назымы бар:
Нұр дидарың тайдырғанда көлден Ай,
Үмітімнің ғайып бола бергені-ай!?
Аспандағы айымды да тасалап,
Әй, таулар-ай, таулар-ай!?
Мейлі тағдыр жоқ пен барды теңшесін,
Мейлі әулием артық-кемді өлшесін.
Аспанда Айды қорғалатқан бауырына,
Таулардың кім түсіре алған еңсесін.
Таулар, таулар бәрін бекер етердей,
Қарағайдың қадірі жоқ шетендей.
Аспанда Айым, сені көрмей кетермін,
Өз тауымның шаңырағын көтермей...
Өр Алтайдың ішіктей өңірін бүркеніп, ұшып-қонып жүрген жас шағында –қаламұшының ізінен төгілген сұлу сүмбіл шумақтарын жинап, аққу құстың көлеңкесіне жағызып, өз ұлтының шаңырағын көтеріп, іргесін қымтаған әкесінің құнды еңбектерін құрастырған ақын, шежіреші, балалар әдебиетінің жаршысы Көбен аға да 90 жасқа қарай таяп қалды.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, шетелдегі қазақ ақыны, Моңғолия Мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер, «Алтын жұлдыз» орденінің иегері.
АСҚАР АЛТАЙДЫ ЖЫРЛАҒАН АҚЫН
Өлең деген ғажайып әлемге қадам басқан әрбір ақын өзінің ішкі жан дүниесі мен тілдеседі. Онсыз бұл тылсым дүниеден табан тіреп, өз орныңды белгілеу қиын.
Өлең – ақынның сыры, өмірі.
Қытай Халық Республикасындағы қазақтар ішінде қара өлеңнің қадірін арттырып жүрген қабырғалы ақындар аз емес. Солардың бірі – ақын, зерттеуші Көбен Асқар.
Асқар Алтайда туып, арғы бетте тұрғанмен ақын Көбен Асқар жырларымен Қазақ еліндегі жырсүйер қауым да таныс. Ол «Ақ жол» партиясы ұйымдастырған 2011 жылы Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына арналған, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған және 2017 жылы Алаштың 100 жылдығына арналған Халықаралық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Көбен Асқардың «ЖЫР-МАХАББАТ» атты кітабын парақтап отырсақ, жырлағаны барлық ақындар жырлаған ел мен жер, отан мен махаббат сияқты ортақ тақырып. Солай болғанмен, ақынның бұл құбылыстарға деген көзқарасы мен ойы өзіндік айқын ерекшелікке ие. Мұны, мысалы, елін, жерін қорғау үшін атқа мінген ата-бабаларымызға арнаған мына өлеңінен айқын байқауға болады.
Сонда кімдер қорғап еді бұл жерді,
Қорғап кетті деп танимын кімдерді?
Батырларым, қиыпсың-ау жаныңды,
Бірақ, сенен қалмағаны-ай бір белгі, –
дейді «Киесісің, осы жердің пірісің» атты жырында.
Я, ұшы-қиыры жоқ кең даланы кім қорғады?!.
Біз әлі білмей келе жатқан қаншама қырғын соғыс бар, қанша батырдың жанқиярлық ерлігі хатталмай қалды.
Боздақтарым!
Қайда қаның құйылды,
Қай жылғадан саған орын бұйырды?
Қорғап жүріп қай шет, қай бір қиырды,
Шыбын жаның қыршынынан қиылды?! –
деп толғанады ақын.
Я, мынау кең даланың қай пұшпағын қорғаймын деп қаншама арыстай азаматтар ерлікпен қыршын кеткенін осы даланың өзі ғана білер. Сол белгісіз болып қалған азаматтардың мың дастанға жүк боларлық, бізге мәңгі жұмбақ болып кететін ерліктерін қалай ұмытамыз?!
Менің білуімше, батырлық жеңіспен өлшенбейді, мына біз оқып отырған өлең тақырыбындағы батырлық! Ол – ел мен жер үшін өз өміріне төнген қаупті біле тұрса да, жаумен саналы түрде шайқасқа шыққан ер.
Иә, қырғын шайқаста мерт болған, туғанынан бір уыс топырақ бұйырмаған, қыршын кеткен, ат-атақсыз кеткен арыстарымыз көп. Өйткені, біздің тарих солай. Өлең осы батырларымызға бір ескерткіш болып тұрғандай.
Болмыс пен құбылысқа басқаша көзбен қарау, оқырманға тың ой салып, басқа бір әлемге жетелеу – бұл ақынның міндеті. Осы жағынан Көбен ағамызды ұтқыр ойдың иесі деп айтуға болады.
Бұған дәлел ретінде «Бұлт» деген өлеңін оқып көрейік:
Кейбіреулер мекенсіз деп сындайды,
Расында оның көші тынбайды.
Одан мәңгі арылмайды мұң-қайғы,
Бұлт жырласа, жылап тұрып жырлайды.
Желдің ығымен кететін бұлттың қандай мұңы бар деген ойға қаласың... Автор бұлттың осы физикалық қасиетін өз ойын жеткізуге жақсы пайдаланады. Қарапайым ғана жаңбырдың жауып, нажағай жарқылдағанын экологиялық ортаның бұзылуымен жақсы шендестіріп, адамдардың қоршаған ортаға жасап жатқан орны толмас зиянын топ еткізіп тастай салады.
Жанып жатқан ормандарға төгіліп,
Күйіп жатқан шөлді көріп егіліп,
Жас бұлаған жалын атып жанары,
Қайыса ма, қабырғасы сөгіліп?!
Міне, бұлтпен бірге Жер анаға жаны ашып, сол адамның «ақылдылығынан» келген экологиялық зардаптың орнын толтыру үшін бұлт болып егіліп, жаңбыр болып төгіліп кеткісі келіп тұрған жаны нәзік ақын.
...Жерді айналып бұлттар көшіп барады,
Жазам дей ме адам салған жараны.
Ал, адамдар бұлттарды ойласа,
Мекенсіз деп жабады оған жаланы.
Шеберлікте шек жоқ. Кімді қалай сөйлету автордың өз қолында. Тек ойды осылай «...жұп-жұмыр, тегіс» қылып ортаға салуда. Ең бастысы өзің ғана емес, оқырманың түсінуі керек екенін ұмытпасаң болды.
Табиғаты әсем асқар Алтайдың перзенті Көбен Асқардың табиғат жырлары тамылжып тұр. Айшықты өлеңдерінен Алтайдың бояуы аңқып шыға келеді.
Бір ғана «Көктем келді» жырын оқып көрейік.
Көктем келді еркелеп,
Құлпыртты да қырқаны.
Тағы құстар ертелеп,
Таңның әнін шырқады.
Көкжиекте мұнартып,
Көкшіл сағым күндізгі
Жер ананы қуантып,
Бұлақтарын күлгізді.
Дала гүлі ашылып,
Сыр ұрласып қарады.
Самал жүзін жасырып,
Сыбырласып барады.
Әдемі өрілген жырдан арайы төгілген әсем табиғат көз алдыңа келе қалады.
Ақын жырларына тағы да көз жіберейік.
Мынау өмір бұрқыраған бір құйын,
Құйын өмір оң – солыңнан борайды.
Өмір сүрем,
Өмір сұру тым қиын.
Зар илетті, зар илетті талайды.
...
Ал, айтыңдар!
Айтыңдаршы, кім мықты?
Мықты атаулы тілге алған ба, шындықты?
Өтіріктің көтеріліп жалауы,
Шындық қанша шынжырында ширықты?!.
Ақын Көбен Асқар жырлары шынайылығымен, айтар ойының айқындығымен ерекшеленеді. Ақынның құлашы кең, айтары терең. Толғанған ақынның толқынды жырлары оқырманды өзінің тереңіне тарта береді.
Ертістің бойында туып, толқындарға сыр айтып өскен ақын асау өзенді жырламауы мүмкін бе?
Ыстық па едің бір маған,
Асау Ертіс дауылдым.
Толқыныңның тынбаған,
Айбарлы үнін сағындым.
Сырлы үніңмен ғаламға,
Жатырсың ба, тіл қатып?
Жас ақынды жағаңда,
Отырсың ба жырлатып?
Көк бұлтты үйірген,
Әлде асау жел бұрқай ма?
Әлде анау қиырдан,
Жылқышы әнін шырқай ма?
Жүрегімде жыр – әнің,
Күркіреген сарылың.
Естимін де тұрамын,
Сол әніңнің сарынын, –
деп толғайды ақын.
Көбен Асқар ақынның осыдан 70 жыл бұрын 18 жасында жазған жыры қатты ұнады. Алғы сөзімізді осы бұла сезімі бұлқынған жырмен түйіндегіміз келеді.
Есігін жастық шақтың жырмен ашып,
Шабыт толы келемін күйге басып.
Жазғы таңның арайлы шұғыласында,
Бұлбұл болғым келеді гүлге ғашық.
Ел бақыты көргенім, тыңдағаным,
Айналамның бәрі шат тынбаған үн.
Өмірде көзбен көріп, қолмен ұстап,
Келе жатқан ғұмырым – жырлағаным.
Қамығып қайғы ойламан күн өткенге,
Жанымды жақсы күнім жүдеткен бе?
Күнде ылғи алға озуға ұмтылам да,
Үдеп күнде келемін, үдеп күнде.
Шын саңлақ жырға қуат бере білген,
Бәйгеден жүйткіп ағып келемін мен.
Тарта алмас тізгінімнен ешкім келіп,
Бөле алмас жан серігім өлеңімнен.
Жыр әлеміне жол тартқан жан серік өлеңдеріңіздің оқырманы көп болсын деп, Ақ жол тілейміз.
Қазыбек ИСА, ақын, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» ордені иегері. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты