«КӨРШІНІҢ ҚЫЗЫ» ЕМЕС, КӨРНЕКТІ АҚЫН КЕРЕМЕТ ЕДІ…

«КӨРШІНІҢ ҚЫЗЫ» ЕМЕС, КӨРНЕКТІ АҚЫН КЕРЕМЕТ ЕДІ…

Беу, жалған дүние-ай! Бекжан бауырым да кетті ме?! Алла алдынан жарылқасын! Пейіште рухы шалқи бергей!

Торғай даласында жүріп, кеше кешкілік естіген суық хабар төбемізден жай түскендей қабырғамызды қайыстырып кетт. Өмірден Бекжан ақын бауырымыз өтіпті... Иә, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Әшірбай дүниеден озыпты…

Қаралы хабарды жеткізген белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі әдеттегідей шырылдап тұр. Бірден Ислам Әбіш, Қасымхан Бегманов ағаларыма хабарластым. Әлібек Шегебай ауылда жүр екен. Асқар Дүйсенбі бауырым Бекжанның үйіне барған жерден хабарласып, қаралы хабарды растап, Бекжанды елге алып кетуге ауылдан анасы, туыстары шыққанын хабарлады…

Алла артының қайырын берсін…

Бекжан атына сай бек болмысты, бекзат бітімді ақын еді. Асықпайтын, саспайтын, артық қадам баспайтын. Байдың баласындай балпаң басып, жылы жымиып қойып, асықпай жүретін Бекжан бауырымыз бұлай аяқ астынан ғарышқа самғап ұшып кетеді деп кім ойлаған?! Жалған дүние деген осы да!

Ол жаңа өрнекті, терең поэзиясы бар парасатты ақын еді… Бірақ көпшілікке айтыскер ретінде тез танылды… Астары терең, теңеуі ерен кестелі сөз, кесек ой, көркем тіркестерін көрермен түсінемін дегенше айтыс бітіп кететін… Көрермен түгілі айтыскерлердің өздері, айтыскерлер түгілі айтыстың бас қазысы Жүрсін Ерманның өзі де түсіне бермейтін. Ол бұл туралы Бекжан інісіне арнаған өлеңінде «Сенің сенбіде айтқан сөзіңді біз сәрсенбіде зорға түсініп жатамыз» деп тура тауып жазды…

Жалпы Бекжанның әр айтысындағы тереңнен маржан тергендей асыл афоризмдері туралы артынан ерген ақберен ақын інісі Мейірбек Сұлтанхан кеше қабырғасы қайысқан қазанамасында моншақтай тізіп келтіріпті… 

Тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңді суреттеген:

«Октябряттар орнына 

Ақпақұлақтар келді ғой.  

Пионерлер орнына

Зиян ерлер келді ғой. 

Комсомолдар орнына

Нансоғарлар келді ғой.

Коммунистер орнына

Коррупистер келді ғой!»

деген шымыр шумағы жабайы нарықтың жалпы көрінісін тура бейнелеген сөзі сол заманның дәл диагнозы еді…

Бекжан Әшірбай 2007 жылы менің шақыруыммен Республикалық «Жас Қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары болып істеді. Сонда көрдім оның нағыз сауатты да, жауапты редактор екенін.  

Бүгінде жарық көргеніне ширек ғасырдан асқан «Қазақ үні» газетінде мен өзім қарамай нөмірді шығара беруіне сеніп тапсырған газеттің санаулы ғана саңлақ басшылары болды. Солардың бірегейі Бекжан бауырым еді. Ол тіпті мамандығы суретші өзім секілді дизайннан да хабары бар еді, қатырып жасайтын. 

“Қазақ үні” газетіне келген дарынды жастар өсіп кететін. Бекжан да біздің газеттен Қазақстан Жазушылар Одағына қарасты республикалық «Қазақ әдебиетi» газетi бас редакторының бiрiншi орынбасары болып өсіп кетті.

Айтпақшы, мен Бекжанды биыл да «Қазақ үні» газетiнің бас редакторы болуға шақырдым. Денсаулығын айтып, сыпайы бас тартып еді. Қашанда кез келген істің шешімін табуға тырысатын әдетімен ол бас тартып қана қоя салған жоқ, бас редакторлыққа «Дәл қазір жұмыссыз жүрген бір ініңіз бар. Өте сауатты да, жауапты, талантты журналист. Жазуы күшті!» деп қазіргі “Қазақ үні” газетінің бас редакторы Оразәлі Баймұратты ұсынған еді… 

Қайран, ақкөңіл, адал, ақын бауырым-ай! 

Бекжан екі жыл бұрын: «Елуге келіп жатырмын, осы уақытқа дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алмаған екенмін, биыл ұсынылып жатырмын” дегесін, Парламенттегі бір ақын ағасы, бір айтыскер інісі болып, Ринат Зайыт екеуміз депутаттардың қолын жинап, қолдау жасап едік, Құдайға шүкір, жолы болды. 

Бекжан заңға жүйрік еді. «Заң газетін» басқарды бірер жыл. Саясатқа да сауатты болды.  

Кезінде қазақтың белгілі ақындары Нұрлан Әбдібек бастап, Бекжан Әшірбай қостап, біраз қаламгерлер «Ақ жол» партиясының мүшелігіне өткен болатын… Анау бір жылы Республика сарайында Бекжанның әндерінің концерті өтті. Сонда «Ақ жол» партиясы қолдау жасады. 

Бекжан Әшірбай 2023 жылы Алаш арысы, ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арналған «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырған, ҚР Жазушылар одағы мен ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының қолдауымен өткен халықаралық мүшәйрада Әлихан Бөкейхан атындағы Бірінші орынды жеңіп алды.

Айтпақшы, әндері демекші, Бекжанның “Көршінің қызы” деген керемет әнін білмейтін, шырқамаған қазақ жоқ. Былдырлаған баладан бастап, данаға дейін айтты. Иә, ол әсем ән Тоқтар Серіктің шырқауында әйгілі болған соң көбісі бұл әннің авторы Бекжан екенін біле бермейді, Тоқтардың әні деп ойлайды.

«Көршінің қызы керемет еді,

Әкесі де оның жақсы адам. 

Ауылдан біздің неге кетеді, 

Ауа-райы ма жақпаған?..» 

Осы әнді естігенде немесе өздері шырқап отырғанда әркімнің есіне көршісінің қызы түсетіні анық… Немесе, осы әннен кейін талай бозбала көрші үйдің қызына көңіл аударып, көз сала бастағаны анық…

Көршінің қызының бәрі керемет болмауы мүмкін… бірақ осы әсем ән мен әдемі жырды жазған көрнекті ақын, сазгер Бекжан бауырымыз керемет еді…

Айтпақшы, ол менің де бір-екі өлеңіме ән жазып, ол әнді Бекжанның үйіндегі келін менің Алматыда өткен 50 жасқа толған шығармашылық кешімде шырқаған еді…

Бекжан осыдан бір жарым айдай бұрын маған Астанаға арналған мүшәйрада екінші жүлде алған жырын жіберіпті. 

Енді көріп отырмын… Ақпараттар ағынынан байқамай қалғаныма, жауап қайтара алмай қалғаныма, телефон соғып құттықтап, сөйлеспегеніме енді өкініп отырмын…

Бекжанмен телефон арқылы болса да, сөйлесудің өзі бір керім. Асықпай, баппен, әңгімені нәшіне келтіріп, қатырып айтады. 

Анау бір жылдары Алаштың арқалы ақыны Қасымхан Бегманов ағамыз басқарған «Мұстафа Шоқай жолымен» Санкт-Петербургке барған сапарымызда бірге болдық. Сонда әбден әңгіменің көрігін қыздырған едік.

Бекжан кейінгі кезде өлеңді өндіртіп жазып жүрді. Ол бұл жалған дүние, өткінші ғұмыр туралы да толғап кетіп еді…

«Аяқтың ғана ізі қап,

Аяқталмасын ғұмырың…»

«Көйлекті таңдап киіп алайық,

Кебінде болар бір-ақ түс…» 

Бекжан көптен бері туып-өскен өңірінде, Жетісайдағы стадионда ән-жыр кешін өткізгелі жүретін… “Қазаға, өзіңіз бастап барасыз ғой” дейтін. Сөйтіп жүргенде хабарсыз кетті… Инсульт алған екен. Ол кейін тағы қайталаныпты… Кейінгі кезде тәуір болғандай еді…

 Енді, міне, естіп отырмыз, Бекжан ақынды анасы, туыстары бүгін кешке елге, Түркістан облысы Мақтарал ауданына алып кетіпті… Алдында «17 тамыз күні Жазушылар одағынан шығарады, 18-іне ауылында жаназасы болады” деп хабарланған соң үлгеріп қаламыз деп отыр едік… Қайнаған ыстық күнде көп ұстауға болмайды деп, анасы мен туыстары бүгін кешке алып кеткенін қазір түнде ғана Торғай даласында жүріп естідік…

Жетісайда жыр кешін өткіземін деп жүрген Бекжан ақын Жетісай жаққа кетті… Мырзашөлдің мырза шайыры Мырзакентке мәңгілік жайғасуға аттанып кетті…

Өзің армандаған Жетісайдың стадионында да жырың оқылатын кездер де келер алда… Астаналардың асқақ сарайларында да оқылар… Елің оқиды… Өйткені кешелі бері бүкіл жырсүйер қауым жоқтап жатыр өзіңді…

Әлеуметтік желі сен туралы естеліктерге толып кетті…

Биыл 21 сәуірде дәуіріміздің ұлы ақыны Мұқтар Шаханұлының қазасына арнаған: 

«Ұшып кетсе ақын жаны,

Ел іздейді артындағы.

Оған жалғыз қайғырмайды

Отбасы мен жақындары» деген «Қоштасу сөзіңде» жазғаныңдай, өзіңді де артыңдағы елің енді іздеп жатыр…

Бір кезде Алматыны армандап келген арыны бөлек, дарыны ерек Әмірхан Балқыбек ақынды да ауылға кілемге орап шығарып салып едік… Енді міне, Бекжан ақын кетті Алматыны тастап ауылға…

Аяулы анаң Ұлбике жеңгемізге, артыңда қалған асыл жарың мен алтын асықтай балаларыңа, туған-туыстарыңа, ағайынға көңіл айтамыз!

Қазақ руханиятына, қалың қазаққа көңіл айтамыз!..

Қош, бауырым! Алыста жүріп, қоштасып қала алмайтын, топырақ сала алмайтын болып тұрмын…

Бақұл бол, бауырым! Пейіште рухың шалқи бергей!

Қазыбек ИСА

15 тамыз, 2026 жыл

ҚАЙРАН, ӨМІР...

Бекжан Әшірбаевтың рухына тағзым!

Таныстықтың үкілеп ілкі іздерін,

Ажырар ма алыстап, ара мұндай.

Бүгін бар жан, ертең жоқ, күнтізбенің,

Кеше жыртып тастаған парағындай.

Мең-зең күйге түстім ғой, мұң арылмай,

Айғызданды-ау айтқысыз айна көңіл.

Қатар жүрген қасымда сыңарымдай

Қимасымнан бөлдің бе, қайран өмір?

Тастап бара жатырсың маған тосын,

Тіршіліктің баянын сірә, мұңды.

Жылы шуақ жай сұрап саған, досым,

Жырымды арнап, үзбеймін құранымды.

О, бастан-ақ осал ғып жаратты Аллам,

Шарасы бар өзге не, құба құлдың?

Еріндерім күбірлеп – Жаратқаннан,

Саусақтарым дірілдеп, дұға қылдым.

Қабырғама батты ғой алаңдар мұң,

Ешкім ұғып көрген жоқ хәлімді әлі.

Құраныма қосатын адамдардың

Бір кісіге тізімі қалыңдады.

Қалауымша атымды тақап, бұрып,

Қал сұрасар құшақтап асыл ек қой.

Енді сенің атыңды атап тұрып,

Көрмейтінім жүзіңді – қасірет қой.

Сөз – қиылды, көз – тұман, тіл – кесілді,

Өмір, қандай пайда бар кеңдігіңнен?

Білгенімді бөлісіп, білмесімді

Емен-жарқын сұраймын енді кімнен?! 

Арағайын болуға ділің асыл,

Десе біреу қыр қабақ, араз едім.

Сен – бауырмал, достыққа ымырашыл,

Намысқа – тас, ақылға таразы едің. 

Таңмен бірге қалықтап ән қанатың,

Жамалыңды жүрсінші мақтап арай.

Бәріміз де ерте, кеш «дәм тататын»,

Кеткенің бе, оралмас жаққа қарай? 

Сен қалдырған сақтаймын ерлікті ерше,

Түсіме еніп, қағарсың бұла қанат.

Сенің артқан сенімің дем біткенше,

Маған жеңіл болмайды бұл аманат!

Асқар ДҮЙСЕНБІ

«ӘШІРБАЕВ АТЫНДАҒЫ САҒЫНЫШ...»

Ақын, композитор, ғалым-ұстаз Бекжан Әшірбаев туралы үзік сыр

1991 жылы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне оқуға түскенде курстас Бекжан Әшірбаевпен танысып, тіл табысып кеттік. Ол тез танылды. Танымал еткен айтыстағы орамды ойлары мен «Көршінің қызы» әні. Бекең студент кезінен өнімді еңбек етті. Айтыста есімі ерте белгілі болғанымен, қос қанаты – ақындық пен сазгерлікті жанына жақын серік етті. Екі тарапта да талмай, шаршамай өмірінің соңына дейін бос сенделіп жүруді сырып қойып, денсаулығына да қарамастан ертелі кеш жазу үстелінде отырды.

Тұңғыш поэзиялық жинағы «Қоңыр әуеннен» бастап, 2026 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Айбергенов атындағы сағыныш» кітабы сынды бірнеше жыр жинақтары оқырман қолында тозды. Баспа бетін көрмеген жауһар жырлары қолжазба күйінде қалғаны да анық. Себебі, Бекең әлеуметтік желіде күн құрғатпай өлеңдерін жариялап жатқанын көзіқарақты қауым жақсы біледі.  

Қазақ және Шалқар радиоларының «Алтын қорында» Бекеңнің 37 әні бар. Аз ғана ғұмырында осынша шығарма қалдырған ақын-композитор Бекжан Әшірбаев «Көршінің қызымен» ән әлеміне дүркірей келген. Атынан ат үркетін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Бекеңнің әнін орындауға құштар болды. Жақсы ән іздегендер өнердегі жаңа есімнің тың туындыларын репертуарларына алуға құмартты. Дегенмен табиғатында сырбаз Бекең әнге қатаң талап пен жоғары талғам тұрғысынан қарады. Нәтижесінде орындаушысын да тапқан, тыңдарманын да тәнті еткен әндер дүниеге келіп жатты. 

Жұбаныш Жексенұлы «Көктөбеге шақыру», Саят Медеуов «Мұңайма, қалқам», Жанболат пен Жазира дуэті «Сен жүрген көшелер шамсыз да жарық», Досымжан Таңатаров «Алқызыл гүлім», Ақылбек Жеменей «Нәзігім», Асхат Тарғын «Бөле алмаймыз ғой бақты үшке», Роза Әлқожа «Мақтааралым – мақпал әнім», Сырым Исабаев «Сырдария ағысы» секілді Әшірбаевтың авторлық әндерін орындайды. Бұдан да басқа туындылары белгілі әншілердің репертуарынан орын алған. Бекеңнің ғажап 37 әні күнделікті республикалық радиолардан беріліп тұрады. Осылайша өлмейтұған артына ән қалдырды.

1998 жылдың аяғында Журналистика факультетінің аға оқытушысы, есімі елге белгілі болған ақын, комозитор Бекжан досым отау құратынын айтты. Ғашығы Гүлмира үшеуіміз Бекең «Мақтаралым, мақпал әнім» деп, әсем әнге айналдырған туған жеріне тарттық. Шымкентте қарындасы мен күйеу баласы күтіп алып, бір қауым ел болып, Мақтаралға келдік. Бекжанның ата-анасы мәре-сәре болып, қатты қуанды. 

Оның шығармашылық адамы болып қалыптасуына Ұлбике анасының ықпалы көп болғанын сол кезде білдім. Бекеңе талант ана сүтімен келген. Ұлбике апай да ҚазҰУ-дың Журналистика факультетін бітіріп, Мақтарал аудандық газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып қызмет еткен.

Сан қырлы талант иесі, айтыскер ақын Бекжан Әшірбаев аталған өнерге өз жаңалығын ала келді. Бекең айтыскер ақын ретінде сахнада көп жүрмеуінің өзіндік сыры бар. Оның айтыскерлік айтқыштығын көрермен ғана емес, әділ қазылардың өзі сол сәтте жете түсіне қоймады. Соны тіркес, кесек ойлар ағынын сәтінде қабылдай алмады. Алайда жеңіл әзіл, арзан әжуамен қауымды өзіне қаратып, ұпай жинаудан Бекең бойын аулақ ұстады. Айтыстан машина мінейін деп жанықпады. «Үнемі бас жүлде алу мен оны алмаудың сезімі бірдей» дейтіні содан болса керек. 

Журналист Бекжан Әшірбаев өзінің төл мамандығы бойынша баспасөз саласында да өнімді еңбек етті. Газет шығару ісінде ысылды, кәнігі кәсіби маманы болды. Бірқатар басылымға басшылық жасады. «Қазақ университеті» газетінде бас редактор, «Азамат kz» газетінде бас редактордың орынбасары, «Ел мен жер» газетінде бас редактор, «Жас қазақ үні» газетінде Бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде Бас редактордың орынбасары және «Заң газетінің» Бас редакторы қызметтерін атқарды.   

Концерт ұйымдастырушы - продюсер деген және бір қыры бар Бекжан Әшірбаев әріптесі Төлжанбек Жақсыбаев екеуі «Жеті нота» атты жобаның авторлары. Алматыдағы Республика сарайында бірнеше рет концерт өткізді. Мақсат – ақын-композитор-орындаушы үштігін тең насихаттау. Көбіне әннің орындаушысы ғана дәріптеліп, марапатталып жатады. Тасада ақын мен композитор қалып кетеді. Осы олқылықтың орнын толтырудағы қадам да сәтті болғанын айтуымыз керек. Бұл Бекеңнің және бір қыры. 

Ғалым, ұстаз Бекжан Әшірбаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірген 1996 жылдан бері аталған оқу орнында аға оқытушы қызметін атқарып келді. Бекеңнің тәрбиесін алған талай шәкірттері бүгінде еліміздің түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеп жүр. 

Ал Бекеңнің ғалымдық қырына келсек, қызмет бабымен жүріп, жасы егде тартса да Журналистика факультетінің PhD доктарантурасына оқуға түсіп, тамамадап шықты. Осы күзде «Қазақстандағы сөз бостандығының құқықтық негіздері мен әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбында докторлығын әне-міне қорғағалы жатыр еді....

Бекеңнің денсаулығы бар кезде ешкімге өтініш те, өкпе де артқанын көрмеппін. Шығармашылығы толысқан қырықтың қырқасында Алматыдағы ең үлкен – Респубика сарайы мен Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында дүркіретіп екі мәрте шығармашылық кешін өз күшімен өткізді. Ән мен поэзия тоғысқан керемет әсерлі концерттер талантқа қанат бітіргені анық. 

«Айбергенов атындағы сағынышы» бар ақын Бекжан Әшірбаев 2024 жылы елуге толды. «Бөке, аудан басшылығымен келістім, елу жылдығымды аудан өткізетін болды. Мақтаралға барамыз» - деді. Алайда талантты ақынның мерейтойы атаусыз қалды. Туған жерін «Мақтааралым – мақпал әнім», «Сырдария ағысы» деп әнге қосып, аталған туындыларды танымал әндерге айналдырған Бекеңнің еңбегі ескерусіз қалды. Күні кеше дімкәс жүрегі кенеттен тоқтап, «Көктөбеге шақыру», «Сен жүрген көшелер шамсыз да жарық» деп әнге қосқан аяулы Алматысынан да елеусіз туған жеріне аттанғаны жанға батты.Талантты бағалуда үнемі кеш қалып жүретініміз несі?

Иә, соңғы жылдары Бекжан Әшірбаевтың денсаулығы сыр берді. Жүрегі мазалаған ақын оған дес берген жоқ. Күнделікті ғажап жырларын оқырман назарына ұсынып отырды. Жанкешті еңбек етті десем де артық емес еді. Өстіп жүргенде денсаулығының мазалауын ұмытып та кетті-ау деймін. Ақын жүрек 52 жасқа толар шағында кенеттен тоқтап қалды. 

Бекеңді 5 маусымда «Шалқар» радиосына шақырғанда «Ақын қоғамға үн қосып отыруы керек» деп, соңғы рет сұхбат берген екен. Енді бүгін «Әшірбаев атындағы сағынышқа» айналған Ақпарат және Мәдениет саласының үздігі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының, «Қазақ авторлары қоғамының» мүшесі, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», талантты ақын-композитор, мықты журналист, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз, адал дос, алтын әріптес hәм аяулы азамат Бекжан Әшірбаевтың нұры пейіште шалқығай! 

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН 

АЙБЕРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ САҒЫНЫШ

Ақын аты – ар-ұяты әр ұлттың,

Бәдiк сөздiң өтiмi аз баяғы.

Тынымсыз боп кетерi бар шабыттың,

Жас баладай ендi шыққан аяғы.

Берместi алар бәйгеден кеп баппенен,

Тақым толар тай мiнуге жарармын.

Жырларымда рухы жатыр ақберен,

Кете берер кеңдiгi бар даламның!

Кiмге бедел жаза беру өнiмдi,

Бейпұл емес, болса дейсiң сөз үнем.

Нашар өлең оқығанда өзiмдi,

Тойдан қалып қойған жандай сезiнем.

Жұтаң тартса өлеңдегi келiсiм,

Атын бiлмей шақырғаның ұятты.

Қайталану –жалған әсер мен үшiн,

Мультфильмнiң табиғаты сияқты.

Тарлық бiтiп, тас атпадым тасадан, 

Ақ парақпен алысу бұл – әдiл iс.

Бiр анығы, менен ақын жасаған,

Айбергенов атындағы сағыныш!  

Бекжан ӘШІРБАЕВ

(Бұл өлеңді Болатбек Төлепбергеннің мақаласының ішіне ойып салса, нұр үстіне нұр болады!!!)  

БЕКЗАТ БОЛМЫС ИЕСІ БОЛАТЫН 

Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы, келісті өрнегі бар ақын Бекжан Әшірбаевты мектеп қабырғасынан, тоғызыншы сыныптан, яғни оқушы кезінен бері білемін.

1989 жылдың күзінде Шымкент (қазіргі Түркістан) облысы Жетісай аудандық партия комитетінің ұйғарымымен бөлім басшысы Бейсенбек Дүйсеев екеуміз өңіріміздің өнерпаздарын бастап, Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданының орталығы – Темірланға бардық. Онда белгілі айтыскер ақын Көпбай Омаровтың 60 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысы, термешілер байқауы өткізілді. 

Оған қатысқандар арасында Жетісайға көршілес Мақтаарал ауданынан келген мектеп оқушысы Бекжан Әшірбаев та бар еді. Ол өзінің қатарластары Бекарыс Шойбеков, Жәкен Омаровтармен айтысып, көзге түсті. Жүлделі орын иеленді. Кейін (1990 жылы) Ленин ұшымшарының 60 жылдығына арналған айтысқа да қатысып, сол кездегі айтулы ақындар Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Темірхан Әліханов, Бөрібай Оразымбетовтермен сөз қағыстырды. 

Бекжанның атасы Жамал Әшірбаев соғыс, еңбек ардагері, ардақты ақсақал еді. Ол кісі өз әулетіндегі тойларға мені асабалыққа жиі шақырып жүретін. 

Бекжан 1991 жылы мектеп бітіре салып, арман қуып Алматыға аттанды. Жоғары оқуға түсті. Студент кезінде айтыс ақыны ретінде кеңінен танылды. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң өз мамандығы мен сол саладағы ұстаздықты қатар алып жүрді. Республикалық газеттерде басшылық қызметтер атқарды. Сөйте жүріп, студент кезінде бастаған ән шығару өнерін де жалғастырумен болды.   

Мен 2013 жылы Бекжанның өзі оқыған ҚазҰУ қалашығында орналасқан Студенттер сарайында өткен шығармашылық кешіне аудан атынан қатысып, сөз сөйлеген едім. Сонда жазушы Дулат Исабеков, ақындар Темірхан Мелдебек, Жүрсін Ерман риза болып, қолымды қысқан. Ауданымыздың 80-90 жылдық тойларына Бекжан Әшірбаев бастап, Сәкен Сыбанбай, Сәуле Әбілдаханқызы, Бақыт Шадаева, Гаухар Әлімбекова, Роза Әлқожалар белсене қатысып, ән-жырларын арнады.

Жоғарыда композиторлық өнері барын айттық. Бекжан халқымызға кең тараған «Көршінің қызы», «Сырдария ағысы», «Мақтааралым – мақпал әнім» сияқты көптеген әндердің сөзін де, әнін де жазған сан қырлы талант иесі еді. Бүгінде қарап отырсақ, елуден аса ән жазыпты. 

Ол қайбір жылдары Мақтааралда өнер жұлдыздарының қатысуымен шығармашылық кешін өткізуге ниет қылып, әкімдердің алдына барды. Бірақ сондағы уәде құрғақ, жауап шығарып салма болып шықты. Тіпті мүлдем қолдау таппаған кездері де болды. Сөйтіп, туған өлкемді ән-жырға бөлесем деген асыл арманы орындалмай қалды. Айрықша талант иесі, ақын, сазгер, ғалым бауырымызға арқа сүйер ауданы тірісінде «Құрметті азамат» атағын да қимады. Енді, ең болмаса, келмеске кеткенінде мектеп, көше, кітапханаларға есімін беруді ұмытпасақ игі. 

Жалпы, біздер неге самарқаумыз? Ел мойындаған, ел бағалаған таланатты ұл- қыздарымызды тірісінде алақанға салмаймыз, қолдамаймыз. 

Ақын жүрегі нәзік болады. Менің басыма іс түскенде, әділдік үшін ұйқысы шала болып, үн қосып, шырылдап қалам ұстаған қауымды қозғап еді Бекжан. 

Артында өлмес мұра – өршіл өлеңдер, әдемі әндер, ғылыми мақалалар қалдырған, қара өлеңнің қара жырғасы, топырағымыздың тумасы Бекжан Әшірбаевтың қазасы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырды. Бүкіл әлеуметтік желіде бекзат ақынын жоқтаған жандардың лебіздері желдей есіп тұр. 

Ақын ініміздің, іріміздің әкесі Төребек пен аяулы анасы Ұлбикенің орны толмас қайғысына ортақпыз. Бауырларына, перзенттеріне сабыр берсін. 

Бекзат болмысты, парасат пайымның пырағы Бекжан Әшірбаевтың бейнесі, шығармалары қазақ халқының жүрегінде жаңғыра береді.

Шымқаладан барып жаназасына қатысып, қаралы жиынды жүргіздік. Бейіт басында топырақ салдық. Топырағы торқа болсын!  

Пердеш ЕСЕНБЕКҰЛЫ, 

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі