Әлемдік кеңістіктегі Әшірбаев поэзиясы

Әлемдік кеңістіктегі Әшірбаев поэзиясы

Кешір, Бекжан Аға! Өмірден тым ерте кететініңізді мүлдеееемм білмей қалдық. Өлеңдеріңізді талдап, парақшама салып, артынша өшіргеніме аздап ренжідіңіз. Бірақ маған сенім арттыңыз. "Гүлсара, сен әлем әдебиеті жайлы биік-биік мінберлерде сөйлейсің әлі, мен айтты дейсің" деп сеніміме қанат бітірдіңіз. "Ой, Аға, маған ешнәрсе керек емес. Атақ та даңқ та. Мен өте шыншыл адаммын, шыншылдық біздің қоғамға жақпайды. Мен атақ-даңқ үшін ешкімге, тірі жанға жағымпазданбаймын! Мен — Ер Баукеңнің туған қарындасымын!" дедім Момышұлы туған ағам болмаса да. "Атақ-даңқты сен қуаламасаң да, атақ-даңқ сені өзі-ақ қуалап жетіп алады" деген еді, қайран, Бекжан ағам! Кешіріңіз, Қазақтың Бекжаны! Жаныңыз жәннаттық екеніне 100 пайыз сенімдімін! Жаныңызды бір Аллаға АМАНАТ еттім, Ағаууу! Төменде сол Бекжан ағам тірі кезде фейсбук парақшама салып, артынша өшіріп тастаған жазбам... 

Әлемдік кеңістіктегі ӘШІРБАЕВ поэзиясы 

Әр ұлттың өз әдебиеті, өз шекарасы бар. Бірақ шыншыл өнердің адамзаттық өлшемі ортақ. Бүгінгі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Бекжан Әшірбаевтың шығармашылығын тек отандық әдеби процесс аясында ғана емес, әлемдік классикалық үлгілермен салыстыра қарағанда оның поэтикалық қуаты мен философиялық тереңдігі айқын көрінеді.. Мен бұрын қазақ ақындарының поэзиясынан тек — Махамбеттің, Мағжанның, Төлегеннің т.б. ақындардың ғана сарынын іздеп келіппін. Бірақ соңғы кездері мені "Біздің қазақ қаламгерлерінің әлем әдебиеті үздіктерінен несі кем?" деген сауал мазалап жүр. Сондықтан кітапханаға бара қалсам дүниежүзі әдебиетінің алыптарын іздеумен бас қатырып жүрмін. Мәселен Әшірбаев поэзиясындағы урбанизация қасіреті, әлеуметтік экспрессия сарындары әлем әдебиетінің алыптары — С.Есенин, Ш.Бодлер, Б.Брехт шығармаларындағы концепциялармен таңғаларлық деңгейде үйлесе алады. Мысалы, Бекжан Әшірбаевтың "Оралу" туындысындағы қала мен ауылдың текетіресі — қазақ ауылының әлі де тірі екенін және оның рухани емделу мен тазарудың белсенді мекені екенінің дәлелі болса, Есенинде ол мүлдем басқаша. Яғни

Сергей Есениннің «Последний поэт деревни» өлеңіндегі ауыл тағдыры — Есенин шығармашылығындағы ең мұңды әрі символдық туындылардың бірі. Бұл өлеңде ақын жеке тағдырын ғана емес, тұтас орыс ауылының, дәстүрлі шаруалар мәдениетінің болашағына алаңдаушылығын білдіреді.

Өлеңдегі «железный гость» (темір қонақ) – жай ғана трактор емес, индустриялану мен техникалық өркениеттің символы. Ал ағаштан салынған ауыл, егін, ат, халық әндері – табиғи тіршіліктің, ұлттық рухтың белгісі. Есениннің ойынша, жаңа заманның қарқынды дамуы дәстүрлі ауыл өмірін біртіндеп ығыстырып, оның орнына мүлде басқа қоғамдық кеңістік қалыптастырады.

Ақын техникалық прогреске түбегейлі қарсы шықпайды. Алайда ол өркениетпен бірге ауылдың рухани болмысы, халықтық салт-дәстүрі, табиғатпен етене байланысқан өмір салты жоғалып кетпесе екен деп алаңдайды. Сондықтан өзін «соңғы ауыл ақыны» деп атауы – ескі дүниемен қоштасқан ақынның жанайқайы.

Бұл туынды бүгін де өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда урбанизацияның күшеюі, жастардың ауылдан қалаға көшуі, ауыл мәдениетінің өзгеруі Есенин көтерген мәселенің әлі де маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан ақынның «Последний поэт деревни» өлеңі – өткенді аңсау ғана емес, ұлттық тамыр мен рухани құндылықтарды сақтауға үндейтін философиялық шығарма.

Ал біздің Әшірбаевтың "Оралу" туындысы — қаланы бір мезгілге "сұрғылт тас" суықтығы мен "уақыт сатқан" тіршілігін адам жанының түрмесі" ретінде суреттеп, одан қашып шығып, өзін Сыр бойының рухани бұлағынан сусындатып құтқарып қалады. Яғни, біздің ақын үшін ауыл — алтын табалдырық!

Ал, енді ақынның «Қайшылық немесе саясат алаңындағы соңғы би» және «Джунгли заңы» атты өлеңдерін оқысаңыз әлеуметтік теңсіздік пен саяси астар ХХ ғасырдағы неміс әдебиетінің реформаторы, драматург әрі ақын Бертольт Брехттің "Шындыққа ұмтылу" мен "Төменнен қарағандағы соғыс" өлеңдерімен үндес. 

Әшірбаевтың «Жұдырығы жуанның тигіш тілі» немесе «Жас тоқалдай бұзылмаған бәдені, қимаймыз ғой билік деген бәлені» деген жолдарындағы өткір ирония мен қоғамдық дертті ашық айту әдісі — классикалық Батыс Еуропа сатиралық мектебінің заңды жалғасы іспетті. Ақын билік пен байлық буына мастанған тобырды Брехтше аяусыз мінейді-ақ.

Тағы бір бақырайтып тұрып айтуға тұрарлық нәрсе — Әшірбаевтың ​«Ана тіліне араша» өлеңіндегі тіл тағдырын ұлттың өмір сүруімен теңестіру концепциясы — әлемдік әдебиеттің ең өзекті тақырыбы. Бұл тұрғыда Әшірбаевтың жан айқайы атақты кениялық жазушы әрі ойшыл Нгуги ва Тхионгоның «Ақыл-ойды отарсыздандыру» теориясымен толық үйлеседі. Нгуги ва Тхионго ана тілін жоғалтуды «рухани құлдық» пен «ұлттық өлім» деп есептесе, Бекжан Әшірбаев оны поэтикалық деңгейде шегелеп жеткізеді:

​«Өз жеріңде өз тіліңде сөйлемеу,

Өз-өзіңе қол салумен бірдей ғой!..»

​Бұл жолдардағы азаматтық рух латынамерикалық бостандық жыршысы Пабло Неруданың немесе дағыстандық ұлы ақын Расул Ғамзатовтың («Егер ертең тілім өлсе, мен бүгін өлуге дайынмын») концептуалды ойларымен тамырлас. Әшірбаев тіл мәселесін лингвистикалық шеңберден шығарып, оны "ұлттық қауіпсіздік" деңгейіне көтере білген ерекше дарын иесі ғой, шіркін! 

​Ал, ​Ақынның «Өлең — менің конституциям!» атты бағдарламалық өлеңіндегі поэзияны математикамен, терапиямен және заңмен салыстыруы — әлемдік модернистік және интеллектуалдық әдебиеттің ерекше белгісі.

​ Аргентиналық жазушы Хорхе Луис Борхес «Әлемді алып Кітапхана, ал өнерді күрделі математикалық лабиринт» деп қарастырса, Әшірбаев: «Поэзия – бұл математика: Екі жердегі екің онда бес болар» — деп, өнердің өзіндік қисынсыз логикасын, метафизикалық заңдылығын ұсынады.

​Ал, өлеңді мемлекеттік негізгі заң — Конституциямен теңестіру, поэзия тілімен бұйрық беру тәсілі Владимир Маяковскийдің «Поэзия туралы бұйрық» (Приказ по армии искусств) өлеңіндегі футуристік, өршіл екпінді еске түсіреді. Бірақ Маяковский өнерді революцияның құралы қылса, Әшірбаев өлеңді адам жанының бостандық хартиясы (декларациясы) ретінде жариялайды.

​Сондай-ақ, ​Бекжан Әшірбаевтың философиялық лирикасындағы «Мейірім алгоритмі», «Ой тамшылары», «Ақжүрек жанда арман көп» туындылары адамзатқа деген аяныш пен шексіз махаббат сезімі шығыстық сопылық поэзиямен (Жәләлиддин Руми) қатар, батыстың ұлы гуманисі Уолт Уитменнің («Шөп жапырақтары» философиясымен сабақтасады.

​Уитмен әлемдегі әрбір тіршілік иесін, тіпті кішкентай шөпті де «құдайлық жаратылыс» ретінде сүйсе, Әшірбаев та: «Мұхиттағы балықтардың бәріне бар құрметім, Себебі онда жүзеді ғой жарқын мінез дельфиндер» — деп, әлемнің үйлесімділігін жырлайды. Ақынның: «Жолдағы тасты алып қойдың ба, Сүрініп біреу кетпесінші деп?!» — деген жолдарында христиандық және исламдық терең гуманизмнің, яғни Лев Толстой мен Антуан де Сент-Экзюперидің «жақыныңа жауапты болу» этикасының поэтикалық формуласы жатыр.

​Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Бекжан Әшірбаев поэзиясы — тамыры қазақтың Сыр бойындағы қоңыр ауылы мен жыраулық дәстүрінен бастау алып, бұтағы әлемдік әдебиеттің биік кеңістігіне жайылған зәулім ағаш іспетті. Ол Есенинше сағына алады, Брехтше қоғамды мінейді, Борхесше ой өреді және Уитменше бүкіл адамзатты бауырына басады.

​Ақынның басты ерекшелігі — әлемдік трендтерді соқыр еліктеумен емес, өзінің ұлттық ділі, қазақы болмысы мен бірегей қолтаңбасы арқылы қорытып, жаңа сапалы дүние ұсына алуында. Сондықтан да оның жырлары халықаралық деңгейдегі интеллектуалды оқырманның талғамынан шыға алатын жоғары деңгейдегі көркемдік құбылыс болып табылады.

Америка Уолт УИТМЕНді мойындамаса құрысын, оны Әлем әдебиеті мойындады. Бізге де Бекжан ӘШІРБАЕВты мойындайтын кез келді. 

Гүлсара Байданова,

Фейсбук парақшасынан