ДАРҚАН ОЙ, ДҮЛДҮЛ ЖЫР
2026 ж. 04 тамыз
42
0
(«Құланиек, құба таң» жыр жинағындағы туған жер тақырыбындағы жырлар хақында сөз)
Халық даналығында айтылатын «бой жетпегенге ой жетеді», «қыран жетпегенге қиял жетеді» дейтін қырқ қабатты һәм салмағы ауыр толғамнан терең мән іздеуге болады. Осындағы ой, қиял деген барлық ғылымның тапқырлық табалдырығы деп алсақ, ал ақындық үшін сарабдал жол, тіпті қуатты күш десек қателеспейміз. Олай болатыны ақын қаламының бармайтын жері, баспайтын тауы, көтермейтін жүгі, кешпейтін суы, араламайтын нуы, ішпейтін уы жоқ. Қағида мен қасиет атаулы араласып, бірін-бірі толықтап, оның сыртында бүйрек майы мен шарбы майдай ішке жиналып, кеше мен бүгін, ертеңге дейін ақынның қыран шабытында бірге қыдырады. Қыдырып демекші, ол әлдебір той-думан, мерейлі жас, туылған күн секілді даңсалы бас қосуларға емес, эстетикалық сұлулық түс алған, армандары нақты, кемел образ арқылы күпі киген әлемге жол алады. Қай заман болса сол заман секілді көрсетіп, сымбатты етіп қамқа тон кигізіп тіпті де салтанатты ете түседі.
Түрлі құбылыс (жаратылыстық, қоғамдық) атаулылардың шебіне шеру тартып, тамырын ұстап диагноз қояды. Ақыл мен естің иесі болған адамнан бастап, тұтас он сегіз мың ғаламның қақпасын ашып, жүрек лүпілін тыңдап, көңіл көрмесін кезіп, пәни дүниенің пәрменін түйсініп, бақи дүниенің бойына үңіліп, кейбірін ырқына көндіріп, енді біреудің сорасын ағызып сотқа тартып, ар алдында адалдық салтанат құруын қалап, шетсіз-шексіз еркіндік өрісінде биікке көтеріледі. Турасын айтқанда «тура биде туған жоқ» дейтін философияға толы халық даналығын бойына тұмар, жанына жаһұт етеді. Ақ жалын шырағын тәнге емес, жанға жағып күндей шуағын төгеді. Ақындық қуаттың ең бір құдіретті көрінісі осы. Осы өлшеммен, осы қасиетті еншіні дарыны мен қарымы жолында қызмет еттіріп жүргендер саусақпен санарлық. Солардың бірі, бірі болғанда бірегейі – қазақтың аса көрнекті ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары, Түркістан, Кентау қаласы мен Сауран ауданының Құрметті азаматы Қасымхан Бегманов.
Қара шалдың қайғысын еміп ер жеткен Қасымхан поэзясы ақындықтың қыран шабытын қыдыртуда бөгенайы бөлек жол, соны сүлеу, сан салалы соқпақта өзіне тән із қалдырумен ерекшеленеді. Өмір аталатын күрес жолының қыры мен сырына, болмысы мен бітіміне, күнгейі мен теріскейіне азат көзбен үңілуді қасаң қағидаға айналдырған. Күнделікті пендешілдік құр күйбең мен қара бастың қамына бойдағы барын сарқып төгіп, келте өмірден сыдырта желіп өте шығу оған жат. Халықтың зіл батпан жүгін, бабаның аманатын, ұрпақтың болашағын арқалаған ақынның өмір жолы мән-мағынасыз істермен емес, ылғи да үделі істермен айшықталған. Тіршілік дейтін қысы мен жазы ауысып тұратын кең өріс, бел-белестің өзі сынақ секілді. Кең өрісте салқын, саялы ну орман, тандыры кепкен құмды шөл, бірде рахат, бірде қиындық, бірде түп-түзу даңғыл жол, бірде өткел бермес өзен, жол бермес асудан асасың. Осының бәрінде Қасымхан өз болмысын ел мен жерді жырлаудан, қызмет етуден айнытқан емес. Түпсіз тажал тірліктің табанына тарпылып, ақпанына үсіп, қақпанына түсіп қалған жоқ, Оның бәріне өршіл, рухты, нәзік те сұлу жырларымен жауап қайтарып отырды. Содан да сан-салалы Қасымхан поэзиясы хақында сөз айту, тіпті бірнеше мақалаға сыйғызып бір иірімін, бір бағытын талдап шығудың өзі қиынның қиыны. Көлемді ғылыми еңбек қана аталған үдеден шығуы бек мүмікін. Оның өзінде толық қамтылады деу қиындау. Содан да біз ақынның 2023 жылы оқырманға жол тартқан, көлемі 30 баспа табақ (480 бет) тұратын «Құланиек, құба таң» атты жыр жинағындағы туған жер тақырыбындағы рухты өлеңдері хақында, қағаз жүзінде ғана жырлап тастамай, тіпті азамат ретінде атқарған кейбір өнегелі істеріне тоқталуды жөн санап отырмыз. Атаулы жинақта жалпы саны 206 өлең, 2 толғау («Тұяқ серпу», «Ескі жұрт»), 1 поэма («Алашорда аманаты»)), 1 дастан («Шерлі Түркістан»), 1 тарихи монодрама («Менің Мұстафам»), 1 поэтикалық драма («Ер төстік») топтастырылған. Енді осы жырлардың ішінде «Бесқала мен бабайқорған арасын», «Ескі үйде», «Саясатта қитұрқы жол, айла көп», «Бала кезгі асқақ қиял, қайда арман», «Неткен қайғы, неткен мұң», «Жолдар», «Құрдастарға», «Сәби кезде есейсем деп ойлайсың», «Өмірдің мынау әр сәті ғажап шуақты», «Төрт қақпалы Түркістанға тағызым», «Мен өзімнен бөле алмадым Тұранды», «Жауғанда жаңбыр жердің бетіне бір күні», «Туған ауылда», «Ескі жұрттағы ой», «Аңызақта аярлықты білместен», «Біздің ауыл», «Бабайқорған баурайында қорым бар», «Ана бейітінде», «Хантағыға тағызым», «Хантағы», «Көктем, Кентау», «Сыр жасырды Тұрымбеттен қалған бау», «Ана жон жан ұшырып қасқыр қашқан», «Түсіме енді, ескі ауыл ержеткен», «Жолаушы боп өтіп барам қасыңнан», «Ана белең, мына сай, қыраттарды», «Алдымнан менің керілген жұмбақ жол күтті-ау», «Білемін сіздер өшсіздер», «Оңтүстікте бір қала бар – гүл қала», «Көк туы көк аспанда желбіреген», «Қара шалдың қайғысын еміп ержеттім» қатарлы т.б өлеңдер мен «Ескі жұрт» толғауы ел мен жер, туған өлке құдіретін таныта білген дарқан ойдың дүлділ жырлары екеніне талас жоқ.
Қазақ поэзиясында талантынан дара сүрлеу салған, асқан дарын, дауылға иілмес емен ағашындай туған ел жүрегінде терең тамыр тартып, өркен жайып өсе білген, артына аңыз етерлік айшықты із қалдыра білген санаулы саңлақтардың бірі Қасымхан Бегманов екені талас тудырмайды. Ал ақынды оқып көрейік:
...Түркістан ием, тарихы түпсіз тереңім,
Айдындарыңа аққулар қонған ел едің.
Он сегіздерге қанат бітірер ертеңгі,
Өзіңде алғаш өріліп еді өлеңім.
Тұрысың ғажап, көз салып өткен-кеткенге,
Сәлем де бізден біз көре алмайтын көктемге.
Алыстан арып ақ ниетіменен Аллалап,
Ат мінгізесің ақ таяқ ұстап жеткенге.
Ғазалдарыммен тербесем деумен ғаламды,
Асқақ рухың сиқырлап алған санамды.
Киесі ғажап, иесі қазақ, Түркістан,
Топырағыңа тапсырғам ғазиз анамды.
Заңдары қатал өтпелі мынау өмірдің,
Уақыт, сен де көне шаһардан жеңілдің.
Хақназар ханның ұрпағы түгіл кешегі,
Ғаламатым ғой көзіндей Ақсақ Темірдің.
Оқыдық құран тізерлеп мұңлы молаға,
Жасаурап жанар қарадық Ұлы Далаға.
Керіле түсіп алдымнан қашты қара жол,
Хан Кене кірген Наурызбайды ертіп қалаға.
Қаруды білген ұсталар соққан затынан,
Аруды білген ақ кептер берген хатынан.
Әз Тәуке ханның Жеті Жарғысы сөйлейді,
Келмеске кеткен заманалардың атынан.
Алашым менің, айбарым, сұстым, асқағым,
Бал дәурен заман... өтті де кетті, қас қағым...
Шіркіндер қалай сезімдерменен ойнайды,
Тұран даламның сөйлетіп асыл тастарын.
Caп түзеп тұрып, Саураннан кірпіш алдырған,
Далалық ұлы махаббатпенен салдырған.
Көктасты қашап, аспан астында Алашқа,
Бабалар біздің шежіре жазып қалдырған («Төрт қақпалы Түркістанға тағзым» өлеңінен) ... - деп емірене жырға қосады туған жер топырағын. Бұл жерде мәңгілік образ Түркістанды (ақынның туған өлкесі) «Түркістан ием» деп тіпті де объектив етіп көрсетеді де, ақын сезімі мен ерекше құрметін жая салады. Ол ақынның ғана емес, тұтас ұлттың құрметінен туған шынайы сезім екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Тұтас ақын өлеңдерін парақтап отырсаңыз туған жерді жырлауда шынайы, мінсіз, терең сағыныш, алуан-алуан сезім, адалдық бәрі-бәрі табылып жатады. Жоғарыдағы өлеңнің «тарихы түпсіз тереңім, Айдындарыңа аққулар қонған ел едің» дейтін тармақтарында бір халықтың, анығы бір ұлттың тұтас тарихы жатыр. Ақынның иесі – Түркістан, енді тарихты тереңге жасырған тұлғаға айналды. Көз алдыңызға айдынында аққулар қонған көлі бар, шежіре мен тарихты тереңге жасырып жатқан қарияға ұқсайтын бейне келері даусыз. Енді осы шежіреге толы құтты қоныс, борықты жұртқа қарата «Он сегіздерге қанат бітірер ертеңгі, Өзіңде алғаш өріліп еді өлеңім» деп ақындық әлемінің бастауы осы жерден бастау алғанын, алғаш балаң жырларын жазған туған өлкесі екенін бір тіл жетпес сағынышпен бейнелеп өтеді. Аталған сағыныштың өзі бейнелі түрде «он сегізде» жатқанын, сол бір шақты аңсамас, сағынбас жан жоқ екенін түсінсек ләзім. Ары қарай өлеңді оқи берсеңіз ақындық өнер психологиясы мен сөз құдіреттің ымдасып, қарт мекеннің шежіресін, тарихын суреттеп көз алдыңызға алып келгенін терең сезінесіз. Талас жоқ. Олай болатыны ақын - суреткер, өлең – сөздің ең құдіреттісі. Ақын жырлап отырған қарт Түркістан, ондағы тарих оқырман үшінде бөтен емес. Содан да ақынның тарихтың қалың қатпарына бойлап, тереңнен толғанып, рух бере жырлайтын өткірлігі жүрекке жақын.
Қасымхан поэзиясында Түркістан - мәңгілік тақырып. Ол жай тарихтың шежіресін жырлап қана қоймай, бүгінмен, ертеңмен қабыстырып, шендестіріп жырлайды. Сол жырларының көркемдігі, өзге аспектілері, философиялық қатпары, психологиялық иірімдері өлеңге жан бітіріп тұрғандай. Бір қарағанда рухты жырға ұқсағанымен, енді бір қатпарында алапат ой-толғамдар, тамыры тереңге бойлаған құпия сезімдер, жан елітер өзгеде факторлар молынан кездеседі. Ақын өлеңіндегі «Керіле түсіп алдымнан қашты қара жол» деген ұғым оқырман көңілінің көзіне сан алуан ой салатындай. Керіліп жатқан жол жаңа жол ма, әлде ескі жол ма? Жолдың керіліп жатуының өзінде мән жатыр. Таным қисынды-ақ. Ол үшін ақын жырына арқау болған кәдімгі туған жер және қарт Түркістан хақында айта кетейікші.
Ең алғашқысы туған жер туралы көп дүние, терең ой, түпсіз сағыныш, тіпті басқа да қыруар дүние айтуға болады. Былай ғой қызылды-жасылды дүниенің жұмақ есіп тұратын маусымы бар-ды. Аталған маусымның туада сүтпен сүйекке біткен, қанға сіңісті болған болмысы бар. Болмыс атаулының төресі һам ханы ұлттық болмыс. Даңқты ұлттық болмысымызда туған жер, туған ел деген ұғым бар. Бұл қарабайыр сөз емес жүрек түбіне терең үялаған ұғым. Тереңдігі соншама «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді халық даналығы. Туған ел, туған жер, сұлтан, ұлтан сөздеріне бір сәт үңіліп көрейікші. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Туған ел [жер] – туып өскен жер, өз елі; Сұлтан 1. Шығыс елдеріндегі жергілікті билеушілердің лауазымы. 2. Ауыспа мағынасы. Ең жақсы, ең тәуір; Ұлтан 1. Аяқ киімнің табанына салатын қалың, қатты зат (былғары т.б). 2. Ауыспа мағынасы. Өзеннің, сайдың, көлдің, жыраның т.б табаны», - деп анықтама берілген. Ұғым мағынасы тұрғысынан бұл анықтамалар түсінікті. Үлкен ой тұрғысынан бір-біріне үндесіп тұр-ақ. Бірін-бірі толықтырған үстіне толықтырып тұр. Туып өскен жері, өз елінің құдіретті екені соншама билеуші болудан баз кешіп, өз елінің қайыршысы болуға да риза боларлық ерлік жігерге алып барады. Міне, бұл туған жер құдіреті емей немене?! Ақай жоқ, тоқай жоқ кер замандар ағысынан небір естемелер қалмады десейші. Алпыс алапан, тоқсан торала деп ғұмыр кешкен қазақ тағдыры зар мен запыранға толы болды. Тарихы сонау түрік қағанатынан бастау алатын ел тағдыры таразы басында талқыға түскен замандар ағысын кешіп өтті. Бір дәуірде қақырғаны қайма алтын, түкіргені түйме алтын болған қаймана қазақ бодандық қамытында киді. Бір терінің ішінде неше арып, неше семірді. Анығы туған елі, туған жері үшін аймүйіз ерлер қашанда аянып қалмады. Ұлтының бағына туды. Осы жолда жан берісіп, жан алысты. Осы бір ерлік рухты тұмар етіп, осы жолды көтере білген, терең түйсіне, сезіне білген Қасымхан Бегманов ақын ретінде бабалар ерлігін туған жер құдіретімен шендестіре жырлауды, әрбір тасын, топырағын, қорымын, батырын, тарихын, кеше және бүгінін емірене жырлауды, сағынышын көрсете жырлауды азаматтық парызы санады.
Бабайқорған баурайында қорым бар,
Сол зиратта парызым бар орындар.
Анам, әкем, әпкем жатыр бұл жерде,
Адамдар-ай сендер аман болыңдар.
Қара жолға бәлкім көзін тікті бел,
Жаназаға келер-ау деп күтті ме ел.
Мынау жеңгем, анау ағам, бауырым,
Қайран ауыл көшіп апты-ау түп -түгел.
Бабайқорған қыратында ардақтым,
Төмпешік боп жатыр маған жалғап мұң.
Шырт ұйқымнан оятатын жүрекке,
Түскенін-ай түскенін-ай салмақтың... («Бабайқорған баурайында қорым бар» өлеңінен).
Қараңызшы, қандай сағыныш! Ешқандай сөзбен бейнелеп жеткізе алмасымыз айдан анық. Бұл тылсым сағынышта туған жер құдіреті жатыр. Табиғат қойнындағы бір төбе, бір қорымға деген сағыныш арқылы, онда жерленген ең қымбат адамдарды айтады, осы сәтте жүрегіңіз қарс айырылып, кебін киіп келмеске кеткен қимас жандардың кейінгілерді күрсіндіріп күйікте қалдырған, қасірет жұттырып, қайғымен дем алдырған, мәңгі сағынышқа айналған асыл бейнесі еріксіз есіңізге оралады. Ондағы күйді, сезімді ешбір сөзбен дөп басып айту мүмкін емес. Ақындық қуаттың құдіреті осында, жаныңыз күрсініп, жүрегіңіз қан жылап, әрбір сөз үшін, әрбір тармақ үшін алай-дүлей күй кешесіз де, қабырға-қолыңыз сөгіліп, көз жасыңыз төгіліп, жаныңызды мұң кеміріп жегідей жесе, пенденің түгел тұрмайтын, түгесіп кететін түсінігін саналы пенде ретінде ақыры қайғыны қайратқа жеңдіріп, өмірдің балы мен зарын тата жүріп, тек мәңгілік сағынышқа жол бересіз. Мәңгілік сағыныш жаныңыздың мәңгілік алданышына айналады. Қимас адамдарыңыз сол туған жер топырағымен бірге жаныңды қарып, жазыңды тамұқ, қаліңді ғарып күйге бөлеп қала береді. Осы сарында туған жерге сағынышын, махаббатын жыр еткен өлеңдер легі жетерлік. Сағынышының өзі ғажап һәм бөлекше, еріксіз жаныңызды мұңға бөлеп отырады.
Аққала ғып ақша қарды үйген жер,
Табанымыз топыраққа күйген жер.
Көп құпия көкірекке түйген жер,
Туған жерді шын аңсайды сүйгендер, - деген ақын қағидасы немесе:
Бесқала мен Бабайқорған арасын,
Түркістан мен Қоңыраттың қаласын.
Өзім емдеп жүрегімнің жарасын,
Қағып тастап жауларымның жаласын.
Он сегіз мың жарық дүние, ұлы әлем,
Қай қиырға алып кетіп барасың.
Хантағы мен Кентау жақтың қыратын,
Сауранымның саздарында мұратым.
Қарашығым қарындас қой қуатым,
Әлсін-әлсін жаңбырымен жуатын.
Ақын болып қалғым келген кездер-ай,
Бес ғасырда бір-ақ рет туатын, - деп түйдек-түйдек буырқанып «Меннің» күллі танымын туған жерден бастауы қандай ғаламат. Осы арқылы туған жерді сүю азаматтық парыз деген аксиоманы ұғындырып отыр ғой. Болмаса туған жерін бір кісідей мәңгілік сағынышқа айналдырған һәм осы тақырыпта құйрық жалы өрілген, төгіліп тұрған сағыныш өлеңдерін тудырған ақын:
Бар қайғысын сол мұңды бөліп қырдың,
Қасқа жолмен көшеңе келіп кірдім.
Жүз жылдық сағыныштың сазыменен,
Туған ауыл, оралып келіп тұрмын.
Бұрқыратып отырып сағынады. Сағыныштың салмақты болғаны соншалық, туған ауылға жүз жылдық сағыныштың сазымен келген ақын заманауи тас жолмен емес, кәдімгі «қасқа жолмен» келіп кіреді. Осындағы «қасқа жол» тарихтың қатпармен қабысып, ата-баба ізімен жүрген, кешегі әке-шеше, туыс-туғанының ізі қалған жолды басып, соларға деген сағынышын, құрметін тіпті де биік етіп көрсетіп тұр. «Қасқа жолды» таңдап алуының өзіндік мәні жатыр. Қазақы ұғым тұрғысынан «қасқа» деген сөздің түп мағынасы, әсіресе, жылқы жануарының маңдайында туада бітетін айрықша белгі ақ теңбілді көрсетеді де, «Қара қасқа ат», «Торы қасқа дөнен» деген секілді ерекше атаулар беріп, тіпті айбынды етіп көрсетіп тұрады. Осы ой желісінде «қасқа жолдың» мағынасы байлыққа, бақыт пен жақсылыққа, тура жолға бастау дегенді білдіріп тұрғаны бар-ды. Енді осы ұстанымды ту еткен ақын туған жерге сағына, аңсап барғанда жақсылықпен, бақытқа толы сәтке куә болып барғанын ырымдап осы бір образды жасауы өлең құдіретін көрсетіп, алғыр түйсігін ақылына қамшы етіп тұрғандай күйге бөлейді. Ақын өлеңдері тақырыптық жағынан туған жер ұғымын тамыры терең сарабдал танымға жетелейді. Одан әрі тағы оқып көрейікші:
Ұршықты иіріп, жүн түткен,
Шешемнің шуағы шашылған.
Сəулесі түсетін түндіктен,
Сырт көзден мұңдарын жасырған, - дейді ақын жүрегі. Осыдан артық туған жерді сүюдің өлшемі бар ма? Меніңше, бұл жеткілікті. Ақын үшін бұл сеңгірдің сеңгірі. Құздың құзы. Шыңның шыңы. Жарылыс жасап мүлтіксіз жеткізіп тұр. Ұршығын иіріп, жүнін түтіп отырған қарт ананың образы сіз бен біздің жанымызға жақын. Ақынның бейнелеген ана бейнесі туған жердің де типтік образы екені талас тудырмайды. Жырдың құдіретті болғаны сонша сағыныш толқытып шыққан шынайы жыр. Әлгі ана бейнесі жүрегіңізді шымыр етіп сағынышқа бойлата жөнеледі де, қанатын қағып шексіз аспан әлемінде кезіп бара жатқан сағыныштың байланар қазығы туған жерге жетелейді. Туған жерді өлермендей сүюдің өнегесі осы өлең!
Ақын өлеңдерінің рухани қазығы, өлмес бір парасы, ымырасыз келісімі, рух тазалығы, философиялық пайым түйілісі, ерекше образы бәрі-бәрі ақиқат түрінде шынайы өмір құбылысы арқылы өріліп, шынайы кейіпкер образы арқылы жан бітіп, жан-тәнімен жырланып, туған жер тақырыбында өріліп, сол арқылы рухани биіктікке көтеріледі. Ақын жырының өміршең болу құпиясы осында. Оқырманының жан-дүниесінде аласапыран тудырып, алай-дүлей күйге бөлеп, астары қат-қабат мағына туғызып, күллі алпыс екі тамырға бойлап, ғаламат күйге жетелейді. Осындай ғажайып сезім тудырып, өлмес жырға арқау болған ақынның туған жері Кентау қаласы. Дегенмен өсіп-жетіліп, балалық дәурені, бал шақтары өткен жер, қасиетті қара шаңырағы қоныс тепкен жер Бабайқорған. Осы бір қастерлі жұрт, құтты қоныстан әдебиет әлеміміздің талай аты әйгілі, атақтылары дәм татпады дейсің. Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Бабайқорған елді мекені қасиетті қарт Қаратаудың сілемінде жатқан борықты жұрт. Осы қастерлі мекен жайында ақынның атақты өлеңдері жетіп артылады, кейбірін жоғарыда мысалға келтірдік. Енді бір ғаламат дүние ақынның «Алданыш» атты естелік-эссесі дер едім. Аталған эссе жариялана салысымен оқырман қауым тамсанып, таңғала, таңдай қағып оқыған еді. Түркістан облысы құрылғаннан кейін маңындағы ауылдарды бөліп, жаңа орталық ретінде Шорнақ ауылын белгілеп Сауран ауданы құрылды. Сол жылдары аудандық «Сауран» газеті өмірге келді. Осы бір газетке ақынның эссесін өзінен сұрап айқара бетке бергенім есімде. Бір айта кететіні көптеген оқырман «Қасымхан ақынның Бабайқорған туралы өлеңдерін жанымыз сүйіп оқушы едік, енді мына эссесі тіпті де қанат бітіріп, осы өлкенің қарапайым адамдарын елімізге таныта түскендей» деп пікір білдірген еді. Сол сәтте ойыма «Бақытты ақын» деген ұғым осы Қасымхан ағаға қаратылып айтылып тұрғандай көрініп еді. Тағы бір куә болған оқиғам студент кезімде ақынның шығармашылық шеберханасы туралы «Келбет» бағдарламасы түсіріліп, ең негізгі, маңызды сюжеттер қара шаңырақта арнаулы түсірілгені маған үлкен ой салып, ақынның туған жеріне құрметіне сүйсінген едім. Қолымыздан келгенше туған жерін, туған елін сүюдің қырларына тоқталдық. Онда белгіленген нақты бір қасаң қағида, жол-жоралғы немесе формула атаулы жоқ. «Туған жердің түйе жейтін жапырағы да, түйе аунайтын шаңдақ топырағы да дәрі» дейтін халық үшін ең биік, ең асқақ дүниенің не екені түсінікті болары бар ғой. Анығы туған жерге кіндігі байланған ақынның өнегелі өмір өрнектерін сөз еттік. Осы сара жолдың жол бастар шырақшы екеніне дау жоқ. Бір ақиқаты туған жерді алтын бесік деп о баста бабаларымыздың бабалары сүйіп келді. Қасымхан ақында сол жолмен келеді. Болашақта сол жолмен жүреді, жүре береді. Осы тақырыпқа түйін ретінде Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылында «Қасымхан Бегманов атындағы жекеменшік мектеп-гимназиясының» ашылу салтанатына арналған жиында: «Атақоныс Түркістан топырағына небір сапарлар болды. Ілия Жақанов, Дулат Исабековтер әкеміздің қарашаңырағына келіп жататын. Екеуі де еңбек ері болды қазір. Сондай замандар, уақыттар өтті» деп толқып, тебірене сөйлеген сөзін беруді жөн көріп отырмын. Бұл сөз ақынның 65 жылдық мерейтойында сөйленген сөзі еді. Шынында Қасымхан туған жерді қадірлеу, қастерлеу, даңқын шығару һәм шын сүюдің үздік үлгісін ақындық қуатымен де, азаматтық іс-әрекетімен де көрсете білген ақын екеніне талас болмаса керек!
Келесі Қасымхан ақынмен бірге айтылатын тақырып жоғарыда талдап бастаған, ақын тілімен айтқанда «Түркістан иесі», яғни кәдімгі қарт Түркістан шаһары. Ақын поэзиясына арқау болған Түркістан жайында мына дүниелерді айта кету ләзім. Ақын жырын оқып көрейік:
Аласапыран жылдарды, басыңнан талай кешірдің,
Қаншама шаңды жорықты, санадан сызып өшірдің.
Түркістан ием, біз үшін, Тәңірмен бірдей есімің,
Алаштың алтын бесігі-ай, мұндасы жетім-жесірдің.
Куәсі болған көнем-ай, керуен де керуен көшімнің,
Орыста қалған қалалар, борышта қалған далалар,
Бейжінге тартар күрең жол, шолтиып қалай кесілдің...
Еңіреп туған талай ер, елеусіз ғана қап қойды-ау,
Қасқа жолында Қасымның, ескі жолында Есімнің, - деп жырға қосып, тарихи шаһардың ұлттық тарихымыздағы орнын, маңызын көз алдыңызға көлденең тартады. Шындап келгенде «Замана соққан жел» дейтін аталы сөздің мағынасы арыда жатқандай. Тіпті әр адам баласын тұманды да ауыр-ауыр ой әлеміне жетелеп тұрғандай. Түркістан бір кездері басына бақ қонып, сән-салтанаты тасып күллі түрік жұртына борықты қоныс болған қасиетті орда. «Қайран біздің төрт қақпалы Түркістан» (Қасымхан) деген сол бір дәуірлер көкжиегінде атына қызыға да, қызғана да қараған көшпелілердің арманы болған бақ мекен. Енді бір кездері отарлықтың отына күйіп, өлместің күнін кешкен шерлі жұрт. Шындап келгенде киелі шаһар жайлы сөз бастау оңай дүние болмасы анық. Ол тарихы тамырлы, рухы асқақ киелі өлке. Қасиеттің ордасы болған қастерлі аймақ. Күллі Орталық Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала дейтін атағы тағы бар. Заманында екі жүз жылға жуық уақыт Қазақ хандығының астанасы болғаны тарихтан белгілі. Енді бір сөзбен айтқанда, ұлт тағдырының ұлы шешімдері осында жасалып, ел келешегі сан мәрте талқыланған құтты топырақ.
Көрген ол қаспаханадай, Отырарымның ойранын,
Баһадүрлерім өткізген, байрақты алтын тойларын.
Көқне кітаптар қастерлі, заманалардан ап қашқан,
Құл Қожа Ахметтің, сәулелі сұлу ойларын.
Алақанында Тұранды аялап ұстап уыспен,
Қазағым үшін кетіскен, жатырлас туған-туыспен.
Бал татып тұрған зәмзәмдай, суы бар сырлы құдықтан,
Атынан түсіп аңыздай, Абылай хан да су ішкен, - деп қарт мекеннің абыройын асқақтатады. Ақиқаты, барша түркі халықтарының ата қонысы саналатын шаһарда рухани ілімнің бабасы болған Қожа Ахмет Ясауи жатыр. Сонау бабалар тарихынан сыр шертіп, мұқалмас жігер сыйлайтын құдірет бар онда. Содан да жеті ғасыр ілгері Ақсақ темір бас болып салдырған күмбезі көк тіреген кесене бізді өрлікке жетелейтіндей. Қазақтың даңқты хандары, батырлары, билерінен 130-дан астамы жатыр. Олардың 21-і хандар. Қазақ жұртына түкіргені түйме алтын, қақырғаны қайма алтын болған тұлғалар. Ел іргесін жаудан қорғап, халқының амандығы үшін маңдай терін сарп еткендер. Осылай айта берсек сөз жалғаса бермек. Түркістанның маңызы мен шежіресі де ақтарыла бермек. Өр рухпен айтылған ізгі арман, игі тілектің күндердің бір күнінде іске асып, шындыққа айналуы ғажап емес дегендей ақыры сол сөз шындыққа айналды. 2018 жылдың 19 маусымы шаһар үшін тарихи күн. Жаңа ғасырдағы даму мен гүлденуге жол ашылған шақ. Дәл осы күні Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болып жаңа дамуға бет алды. Одан кейін тез түрленіп, жаңаша түс алған жаңа шаһар, жаңа экономикалық орталыққа, тіпті тұтас түркі жұртының рухани астанасы болып өркендеп жатыр. Бір анық дүние ақын өлеңдерінде Түркістан бейнесі, шежіресі қашанда биік суреттеліп, тереңге тамыр тартып тұрады. Жүрегі от, қаламы құт ақынның Түркістанды жырға қосуы тегіннен тегін емес. Ең әуелгісі қастерлі мекеннің маңызы тұрғысынан ұлт ақыны ретінде Түркістанды жетесіне жеткізе жырлауы шарт болса, өлкенің тумасы ретінде сағынышпен, тарихымен бөгенайлап әсерлі бейнелеуі аңсаған аппақ арман мен ақындық шабытының құдіреті болса керек. Екінші жағынан ақын осы өлкенің тумасы ретінде ел мен жерге, осы шаһардың өркендеуі жолында бірталай еңбек етіп, тер төккенін айта кеткен жөн. Ол туралы ақын:
«Бабайқорғаннан бала кезімде кеттім. Кейін айналып келіп Түркістанның мәдениет бөлімінде басшылық қызмет атқардым. Осы тұста қазақтың асыл қазынасы болған тайқазан қайтарылды. Саттар Ерубаевтың музейін Нұрекеңе кіріп, өтініш айтып жөндеттім. Анығы күрделі жөндеуден өткізіп, күллі құжатын дұрыстап жігіттерге тапсырып кеттім. Үшінші нәрсе тарап кеткен «Яссы» оркестрі болды. Кейін жоғары дәрежелі басшыларға кіріп, мәселе көтердім. Түркістан көне астана, неге шетелге адам жібермеске деген ұстанымда болдым. Ақыры сол кездегі қолдаулардың арқасында Түркістан қаласынан 30 адамды бастап Кубаға концерттік бағдарламамен алып бардым. Мәскеудің, Алматының алдында үлкен қорғаулар болды. Соның бәрінен өтіп таңғалдыра білдік. Сенсеңіздер мұндай оқиға Түркістан мәдениетінде болған емес. Ал, енді тайқазанды қайтарғанда жоғарыдан бірде-бір шенеунік келген жоқ. Атаулы іс-шараның барлық жұмысы, тіпті қызыл кілемнен бастап маған тапсырылды. Сонымен академик Зейнолла Қабдоловты алдырып, екі жағына Оңтүстіктің екі ақсақалын қойып, үш жүздің ақсақалдары сол қазанды орнына қойды. Осы бір үделі істердің барлығы көппен бірге жасалынды. Оның баршасы бір адамның, екі адамның қолынан келмейтін дүниелер. Ақиқаты халыққа, ұлтқа қызмет ету деген үлкен жауапкершілікті жүктейтін ауыр міндет», - деп ағынан жарылған болатын. Демек, ақын Түркістанды өлеңмен шегіне жеткізе жырлап қана қойған жоқ, шаһардың өркендеу мен түлеуіне өз үлесін қосты. Дұрысы Түркістан үшін аса дарынды ақын бола білді, сосын ұлтқа қызмет еткен азамат та бола білді. Көп ақындардан бөлек, биік болып тұрған жері осы құпиялықпен тығыз байланыста жатса керек. Содан да Түркістан топырағы өзінің адал, өр перезентін қашан да мақтан етіп, мәпелеп келеді. Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған халықаралық жыр мүшәйрасында топ жаруының өзі ақындық қарымына көрсетілген құрмет, нағыз баға екенін жоққа шығара алмаймыз.
Ақындық пен азаматтығы Түркістан үшін бірдей қызмет етті дедік. Турасы Қасымхан Бегманов өмірде өзі жырлаған тақырыптың, жүрегімен сезінген тақырыптың ешбіріне бейжай қарай алмайды. Ақындық қуатына қанат бітіріп, шабытын қиырға шарлатып ақиқаттың шұғыласын маңайына шашып жарқырап тұрады.
Дүние кызыл-жасылды,
Сан ұрпақ саған бас ұрды.
Толқын да толқын қазақтың
Топырақ жүзін жасырды.
Өткізіп қилы ғасырды,
Ырысым жатқа шашылды.
Тау менен тасқа соқтым мен,
Халқым деп ғазиз басымды.
Ноғайлы болып аңырадым,
Отырар болып қаңырадым.
Ақтабан болып шұбырып,
Далада қалды сандағым.
Семей де болып сенделдім,
Ертіс те болып емделдім.
Қасіретіңмен қайысып,
Қызығыңды кем көрдім.
Нарын да болып ұлыдым,
Арал да болып құрыдым.
Желтоқсан болып борадым,
Лақтырып тағдыр құрығын, - деп көркем де, қисынды, ақиқат биігінде толғануы, арман, мұраты өзгеше, ойлануы да өзгеше шайыр екенін, әсіресе, нағыз таланттар көшінде қадау-қадау көрінетін ірі тұлға қатарына қарай көтеріліп кеткенін аңдау қиын болмаса керек. Шығармашылық шеберханасының мұраты мен ұстанымы тұрғысынан «Қазақ деп мұңға баттым мен, Қазақ деп жылап жаттым мен» (Қасымхан) қағидасын бойтұмар еткен ақынның айтып отырғаны тағы сол шындық.
Парасат пайымы орасан, ақиқаттың алмас қанжары, дарқан ойдың дүлдүлі Қасымхан Бегмановтің шығармашылық кеңістігі кең, мазмұны сан алуан, рухани иірімі терең, тақырып табуға шебер ақын. Әр тақырыбына жанын салып, жанын беріп, жүзден шыққан жүйріктей, мыңнан озған тұлпардай көсіле шабатын дара талант. Содан да біз ақынның тек туған жер құдіретіне арналған өлеңдері мен елеулі еңбектері жайында азды-кем тоқталдық. Айтылуы керек ақын келбеті жетіп артылады. Мұстафа жолы, Жағда Бабалық ізі, «Дәстүр» жүгі т.б деп бірнен кейін бірі тізбектеле берері даусыз.
Өлеңі де, өмірі де парасаттан тұратын дарқан ой, дүлдүл жыр иесі – Қасымхан Бегманов поэзиясы, өмір жолы, өнегелі ғұмыры, ұлт жолындағы қызметтері хақында іргелі зерттеулер жасалып, патша көңіл оқырман шын сөзін айтары, әділ баға берері күмән тудырмайды. Солардың ішінде ақын поэзиясы Мемлекеттік сыйлықта топ жарып, тізгінін ұстатса - ең биік баға әрі шынайы баға болады десек қателеспейміз.
Талғам таразысы бөлек шабытты ақынның рухты, отты жырлары - әбілхаят суындай менмұндалайды. Өнегелі ғұмырына, өр рухына, шалқар шабытына мың тағзым! Ақын туғызған өлең көзінің әбілхаят суына шөліркеп, шөлдеп барып бас қою өз қолымызда. Сәт-сапар болсын, қымбатты оқырман!
Үмітбек Бағдат,
Журналист-жазушы