ҚҰЛАБЫЗ АҚЫН
2026 ж. 04 тамыз
111
0
Маралтай Райымбекұлы ағамыздың өмірі бала күнімізде естіген ертегі секілді. Ертегі қаһарманы қиындықты көріп келіп, бақуатқа жететін еді. Ал оғанға дейін небір сұмды, небір қиындықты бастан кешеді… “Кеңсайда түнеген Маралтай…” “Маралтай бәлен жыр кешін шулатып кетіпті…”, “Маралтай келе жатыр…” “Маралтай бандиттермен бірге жүреді екен…” Біздің бозбала кезде естіген ертегіміз осы еді. Ол сонысымен де бізді өзіне тартатын. Ол бізге еркіндіктің, басы асау арғымақтың символындай болды. Соңынан аңыз ертетін ақындар екіге бөлінеді. Біреуі айтқыштығымен халық есінде қалса, екіншісі ісімен. Маралтай ағамыз соңғысы. Доспамбет, Ақтамберді, Махамбет, Қасым секілді ақындардың сойынан. Басына құрық тимеген асаудың образы.
Маралтай ағаның үріккен аттай мінезіне бой үйрету мүмкін емес. Қазір жаныңда толқыны жағаны жалп-жалп ұрған теңіздей еркін тыныстап отырған ақын бір сәттен кейін Айвозовскидің “тоғыз баллдық шторымына” айналып шыға келуі мүмкін. Мінезі жібектей Исраил Сапарбай ағамыз “арақты қой” деп өлең арнап, ағалық қылады. Маралтай ағамыз “қоймаймын” деп өлеңмен жауап жазып, Қазақ әдебиеті кеңістігінде осының өзі үлкен дүмпу туғызады. Осыдан кейін жұмыс орнына қазақтың қаһарман батыры Қасым Қайсенов атамыз іздеп келіпті. Таяғы тық-тық етіп, “Маралтай деген қайсың?” дейді. “Мен” дейді батырға. “Мынау менің зейнетақым. Осыған іш” дейді де батыр бір сыбап шығып кетеді. Әңгіменің осы жеріне келгенде үрпиіп отырған жастар “а, арақты осы кезде қойған екенсіз ғой, ә?” дейміз ентелеп. Самарқау ғана “қайдағы, ол ақшаға да ішіп алдық” деген жауап алып, ішек-сілеміз қатады. Ағаларына осынша еркелеген адам бар ма? Бірде мүшәйра өтіп жатады. Қазылар құрамында қазақтың классик ақыны Есенғали, Ұлықбек ағаларымыз бар. Есіктен кіріп келген Маралтай ағаларымызға бұрқыратып өлең оқи жөнеледі де, екі ағасына қарап, “мен ұлы ақынмын ғой, айтыңдаршы” дейді. Жастық максимализм бәрімізде болды ғой. Бірақ әлі күнге классик ақындарды көргенде тіземіз дірілдейді. Ал тарпаң мінезді тарлан ақын әдебиеттің маңайын былай қойып, әуелде батыр болып туған, заманы “бандит”, “рекет” атандырған қазақтың марқасқа жігіттеріне де еркелеп баққан ғой. Баяғыда Өтежан Нұрғалиев атамыз “Бөгенбай, Қабанбай, Райымбек деген жігіттерге қалмақ дейтін жау табылып жақсы болды ғой. Әйтпесе, қазаққа проблема туғызатын жігіттер ғой” депті. Сол айтқандай бейбіт заманда тентек атанғанмен тумысы батыр жігіттер ғой бұлар. Сол жігіттер тоқсаныншы жылдары Маралтай ағаны алақанға салды. “Маралтайдың бір тал шашы түсер болса біз жауап береміз” дегенін естіп, қайран қалғанбыз. Өзі де ақындардың тентегі, тентектердің ақыны. Мұстафа Өзтүрік қара белбеуін сыйлап, тарпаң ақынға талай жерде аға болса керек. Осыған қарап осы бір бұла ақынды ел болып алқап, ел болып еркелетір, бүгінгі күнге аман жеткізгендей көрінеді. “Тоқсаныншы жылдары Алматыны мен ұстадым” деп Маралтай емес, басқа біреу айтса басы баяғыда-ақ иықтан домалап кетер еді. Қылмыс әлемінің серкелері де өлең түсініп, ақынды аялай алады. Орыстың Шансон айтатын Кругі орыс әлемінің бандиттеріне қалай қадірлі болса, Тарпаң ақын да қазақтың батыр ұлдарына осынша қадірлі. Ол кейбір ақын ағаларымыз құсап Айға арзу айтып, сызылтып өлең жазған жоқ. Махамбетше келді. Қасымша шайқады. “Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі
Келеді деп…
Келген ақын — сол, Менмін!” деп дүйім жұртты жалт қаратты. Қазақ поэзиясының көгіне тоқсаныншы жылдары-ақ жұлдызын жағып, есімін жазып қойған...
Баяғыда Македонский күнге қыздырынып жатқан Диогенге келіп, “қандай көмегім керек?” дейді ғой. Сөйтсе, патшаның күнді көлегейлегенін жақтырмаған Диоген “күннен былай кетсең болды” депті. Өзіне “күннен былай кет” деген ақынға таң қалған Македонский “егер патша болмасам Диоген болар едім” деген екен. Кім Маралтай болғысы келмейді? Бәріміздің де ағамызға еліктеп еркінсігіміз келеді. Исаак Ньютонның «Егер мен басқалардан алысырақ көре алсам, ол алыптардың иығында тұрғанымның арқасы.» дегеніндей Маралтай ағаның от пен суға түсіп кетпей, тентек мінезімен бәлеге ұрынбай жүруінде сол асқар тау ағалардың, аяулы жеңгелердің еңбегі бар.
Құс қайтқанда құсты құлабыз бастап ұшады. Ең басында жүреді. Темірхан Медетбек ағамыз “Алтын көпірліктер” деп ат қойған тоқырау жылғы әдебиеттің құлабызы Маралтай ағамыз еді. Құладүзді бетке алған құлабыз. Міне, сол ұшқан топ елуден асып, алпысқа бет түзепті. Маралтай ағамыз “Абай” атындағы Мемлекеттік сыйлыққа маңдай тіреп тұр екен. Маралтай ақын қанша тентек десе де ол ешқашан жолынан жығылып, жөнінен жеріген емес. Ағаларын күтті. Енді кезек өзіне келді. Мемлекеттік сыйлықтың комиссиясы Тұрсын Жұртбай ағамызды құлатты. Бұл Тұрсын ағаның ғана емес, Алашорда арыстарының құлауы деп түсіндім. Енді Маралтай ағаның жолына арқан кермесе, ор қазбаса екен дейміз.
ТАРПАҢ!
Маралтай ағаға!
Көкжиектен қылаң беріп атар таң,
Қыл мойыннан түскен кезде от арқан,
Ер Мұхаммед айтқан ақын менмін деп,
Кіріп келдің, уа, ТАРПАҢ!
Тамырыңды тағдыркөзге тебендеп,
Әр адымың – алақұйын, төбең – көк!
Алматыға аңыз болып келдің СЕН,
Бұйра шашың боздап жатқан өлең боп!
Тасыр кезге тап болдың-ау, тарпаңым,
Қаламыңнан өксіп шықты қалқа мұң.
Сенің жырың зарындай –
Жатта қалған Жайықтың,
Тама көшкен Арқаның!
Кеудең сенің сыясауыт,
Қаламың –
Қауырсындай ақ селеуі даланың.
Өліарада Алтын көпір болғансың,
Көкті төбең, жерді тіреп табаның!
Көкжиектен қылаң беріп атар таң,
Қыл мойыннан түскен кезде от арқан,
Кеңсай кезіп, түн тамағын таң талап,
Әруақтардың аманатын арқалап,
Кіріп келдің, уа, ТАРПАҢ!
Елдің бәрі бізден Махамбет жасағысы келеді. Бірақ өздері Исатай болғысы келмейді. Поляктар бір көтеріліс болып жатқанда Шопенге “сен елден кете тұр. Сен аман қалуың керексің” деп елден шығарып жіберіпті. Себебі, Шопеннің миссиясы нәзік музыка арқылы Польша жұртын ұлықтау болатын. Қазақ та өзінің ардақтыларын көзінің қарашығындай сақтап үйрену керек. Маралтай ақын өз миссиясын толық атқарды. Алтын көпір болып, ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырды жалғады. Қазақ әдебиетінің алдында борышы жоқ.
Маралтай Райымбекұлының поэзиясында қазақтың өткені мен кеткені, жоғалтқаны мен жеткені бәрі бар. Кең тынысты ақын екеніне ешкім дау айтпас. Маралтай ағамыз поэма жазады дегенге сену қандай қиын? “Аруанасын” оқыған кезде көз алдымды көк мұнар көміп кетті. Алтын ордаға тап болғандай әсер алдық. Маралтай ақын әлі бір түлейтін, қазақ әдебиетіне әлі де тосын сый жасайтын потенциялы зор ақын. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған “Ақ батпырауығы” қазақ көгінде әлі талай ғасыр қалықтап тұрары анық. Іші толған шаһқар жыр. Абай атындағы сыйлыққа Тарпаң ақын Маралтай Райымбекұлы әбден лайықты.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,
Қазақ үні