«ЕЛІМ-АЙДЫҢ» АВТОРЫНА ХАЛЫҚТЫҢ ҚҰРМЕТІ ҰЛҒАЯ ТҮСЕТІНІ ХАҚ

«ЕЛІМ-АЙДЫҢ» АВТОРЫНА ХАЛЫҚТЫҢ ҚҰРМЕТІ ҰЛҒАЯ ТҮСЕТІНІ ХАҚ

Әлеуметтік желіге қосылып, қандай да болсын өз ойларын бөлісіп отырған ағайындарға еш өкпе айтудың реті жоқ. Бұрынғылардың сөзімен айтсақ, «әр кәлләда бір қиял». Біреу біліп сөйлейді, біреу іліп сөйлейді, біреу күліп сөйлейді, біреу тіліп сөйлейді. Кім қайтіп сөйлесе де, әркім өз деңгейін танытады. Өйткені әрбір ауыздан шыққан сөз иесінің кім екенін көрсетіп отырады. Абай атамыз сондықтан «Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» деп өсиет қалдырған.

Ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймыз ғой, бірақ менің айтқым келіп отырғаны мынау: Фейсбук бетінде «Шындықтан қаша алмайсың» деген топтың модераторы Асылхан Бөрібай деген бауырымыз қазақтың көрнекті жазушысы Софы Сматаевтың «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан үзінді жариялапты. Сұхбатты жүргізген журналистің аты-жөні айтылмайды. Асылы, тілшінің анау былай деді, мынау былай деді дейтін «күлдібадамы» журналистика емес. Айтылған пікірді талдау керек. Журналист өзі сұхбатқа шақырған адамын алдын ала зерттеп, ол айтқан деректерді тексеріп, ақылға салып, өз сынынан өткізіп алған соң ғана жариялауға тиіс еді ғой! Оқырман қауымды шатастырып отырған баспасөздің қандай қадірі болмақ?!. Оның үстіне әлеуметтік желіге жарияланған жазбаны лайкқұмарлар бірінен бірі көшіріп алып, таратып жатыр. Сұхбатта Дархан Мыңбай, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мереке Құлкенов секілді кісі аттары аталып, реніш білдіріледі. Комментарийлерде бұл кісілердің аттарына ауыр сөздер айтылып жатыр. Ешкімге де адвокат болғалы отырған жоқпын. Әркімнің өз айтары болса керек. 

Қадірменді Софы ағамызда бес бересі, алты аласымыз жоқ. Туындыларын бозбала күнімізден оқып өстік. Әңгіме, хикаяттарын, өлең-дастандарын, драмалық шығармалары мен аудармаларын айтпаған күннің өзінде «Елім-ай» трилогиясы қазақ әдебиетінің төрінен әлдеқашан лайықты орнын иеленген шығарма ретінде бағаланған қаламгер. 

Ал енді жазушы ағамыздың тілшінің арандата қойған сұрақтарына берген асығыс жауаптарына келейік.

Софы ағамыз бір сөзінде: «19 жылдан бері Сматаевты әдебиет те, мәдениет те, биліктегілер де тізімнен шығарып тастаған. Мені анадайдан көрсе, өре түрегеліп, ешқайсысы жақтырмайды. Бір сөзбен айтқанда, қазір «тірі өлік» қатарындамын. 19 жылдан бері бір парақ алғыс хат, бір орден, бір медаль да алған емеспін», – депті. Тұра тұрыңыз... Ағамыз аздап шау тарта бастаған сияқты... 

Софекең жастайынан қызметке араласып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитететінде жұмыс істеген кісі. Сонау Кеңес дәуірінде-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған. Омырауын безендірген медальдары да жеткілікті. Еліміз тәуелсіздік алған соң отандық әдебиет пен мәдениетті дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. 2000 жылы ел әдебиеті мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен, 2007 жылы отандық сөз өнеріне қосқан елеулі еңбегі үшін «Парасат» орденімен, 2026 жылы (85 жасқа толған мерейтойы қарсаңында) Мемлекет басшысының Жарлығымен отандық әдебиетті дамытуға қосқан қомақты үлесі мен әлеуметтік-мәдени саладағы жетістіктері үшін «Отан» орденімен марапатталды. Соңғы орденін омырауына таққалы әлі жыл өткен жоқ. 

Бұлардан тыс Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық Абай клубы сыйлығының лауреаты атанған. Туған жері Софы Сматаевты төбесіне хан көтерді. Қарағанды облысының және осы өңірдегі біршама аудандар (Шет ауданы, Қарқаралы ауданы, Жаңарқа ауданы) мен қалалардың (Жезқазған, Балқаш) Құрметті азаматы атанған. Бұдан бірер жыл бұрын, яғни 2023 жылы қаламгерге Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілді. Мұның бәрі «19 жылдан бері бір парақ алғыс хат, бір орден, бір медаль да алған емеспін» деген сөзді жоққа шығарады ғой! 

Ол аздай: «45 жылдан бері мемлекет бір кітабымды шығарып бермеді, яғни бір теңге қаламақы алмадым», – дейтіні тағы бар. Бір кітабы несі? Софекең шығарған кітаптардың өзі толайым бір кітапхана болады. Оның үстіне Алматы қаласының әкімдігі 25 томдық шығармалар жинағының әр томын мың дана таралыммен шығарып беріп еді ғой! Мұндай құрметті соңында 50 том мұра қалдырған Мұхтар Әуезов те тірі кезінде көрген жоқ.

Әбден қажыған ақсақал: «85-ке толған жасымда тым болмаса «Қазақ әдебиеті» газеті бірдеңе беретін шығар деп ойлағам. Әншейінде жазушылардың мерейтойында бет-бет мақала беретін газет маған келгенде аянып қалыпты. Осы ма, жазушыға көрсеткен құрметі?» – деп қынжылады. Софекең мерзімді басылымдарды оқымайтын шығар... Міне, алдымызда «Қазақ әдебиеті» газетінің 2026 жылғы шілденің 3-і күні жарық көрген №26 саны жатыр. Газеттің бірінші бетінде «Қазақстанның халық жазушысы Софы Сматаев 85 жаста» деп айқайлатқан тақырыппен Софекеңнің жалындап жүрген жас кезінде түскен әдемі фотосы берілген, Газетті ары қарай парақтай беріңіз. 5-бетінде ақын Абзал Бөкеннің «Жағасы алтын, жеңі жез» атты мақаласы, 6-7-беттерде мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтан бастап, жазушы Қуандық Түменбайға дейін 43 кісінің қаламгерге арналған лебіздері мен ақын Қорғанбек Аманжолдың арнау өлеңі берілген. 

Жазушы Софы Сматаевтың 85 жылдық мерейтойы Алматыдағы Ұлттық кітапханада, Абай атындағы Опера және балет театрында дүркіреп өтті. 

85 деген оңай жас емес, ағайын! «Адам қартайғанда – бір бала» дейтін қазақ мәтелі де тегін айтылмаған. Қарт кісілер жасы ұлғайған сайын сәби сияқты аңғалдана түсіп, айналасындағы адамдардың ерекше қамқорлығына зәру болатыны бар. Бұл кезеңде олар барынша мейірімділік пен жанашырлықты қажет етеді. Ағамыздың сондай көңіл күйде бала сияқты аңғалдықпен артық айтқан сөздерінен ілік іздеп, әлдекімдерді кінәлай жөнелмей, сабырлылық танытқанымыз абзал.

Софы ағамыз 90-ға да келер. Тағы бір мүшел ғұмыр бұйырса, 100-ден де асып, ғасыр жасайды. Ал «Елім-айдың» авторына халықтың құрметі ұлғая түсетіні хақ. Біз қаламгер қарияға мықты денсаулық және амандық тілейміз!

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ,

Фейсбук парақшасынан