Қытай әдебиетінің ортақол өкілі Мо Янь қазақтарға не берді?
2026 ж. 23 маусым
78
0
Алматыға Болат Үсенбаевтың құрдасы Мо Янь деген жазушы келіпті. Қытай. Қазақстан Жазушылар одағынан шақырту алдым. Алайда аяқ астынан бір шаруа шыға келіп, баруға мүмкіндік таба алмадым. Оқасы жоқ. Болат Үсенбаев та Қытайда дүниеге келген. Мо Яньнің Болаттан айырмашылығы Нобель сыйлығының лауреаты екен. Болат та Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған. Мәселе – пешенеге жазылған бақта (сосын ақшада). Сыйлық біреуге бұйырады, бұйырса – ақшалы боласың; біреуге бұйырмайды, «бұйырмаған б...тан да кетеді». Айтпақшы, Нобель сыйлығын алған қаламгерлердің саны да сонау француз жазушысы Сюлли-Прюдомнан бастап есептесек, жүзден асып жығылады. Арасында Уинстон Черчилль де бар. 1953 жылы алған.
Нобель сыйлығы бірнеше сала (физика, химия, әдебиет, экономика, бейбітшілік, медицина) бойынша беріледі. Бірақ бұл сыйлықты кім алмады? Михаил Сергеевич Горбачев та алған. Тіпті Назарбаев пен Трамптың да дәмесі болды! Ол – басқа әңгіме.
Мо Яньнің шын аты-жөні Гуань Мойе екен. Мо Янь деген лақап есім «үндемес» деген мағына беретін көрінеді. Ол қазақ әдебиеті жөнінде жұмған аузын ашпапты. (Тіпті қытай халықтарының әдебиеті жөнінде де ләм-мим демепті). Яғни үндемепті. Өйткені Мо Янь Болат Үсенбаев ішек қырындысына дейін білетін қазақ жазушыларының бір кітабын да оқымаған екен. Бірақ әлеуметтік желіде Мо Яньмен кездесуге бара алмағанына өкінгендер көп. Ал әжептәуір абыройы бар қазақ қаламгерлерінің бірі: «Бүгін менің өмірімде ең ұлы оқиға болды. Бір көруді армандап жүрген қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен жүздесіп қана қоймай, дастархандас болып, тағылымды әңгімесін тыңдадым. Қолтаңба алдым», – деп қатты қуанып жатты. Ол қаламгердің әкесі бізге Мо Яньнан он есе қадірлі еді. Бақыт деген осылай аспаннан түседі екен ғой!
Мо Янь Нобель сыйлығын халық ертегілері мен қазіргі заманды үйлестіретін таңқаларлық реализмі үшін иеленіпті. Осындай шығарма қазақ әдебиетінде де бұрыннан бар еді. Жазушы Дулат Исабековтің «Ертегі елінде немесе Қоштасу вальсі» атты туындысында да қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері заманауи оқиғалармен шебер ұштастырылған.
Мо Яньнің жас кезіндегі тағдыры қиын болыпты. Мал бағыпты. Сиыр жайыпты. Біздің Сұлтанәлі Балғабаев ағамыз да қой баққан. Тіпті Мо Янь шығармаларын қазақ тіліне аударған Тұрсынбек Байжұмаұлы деген бауырымыз да атамекеніне келіп қой бағып жүр екен. Осы да жаңалық па?
Қысқасы, миллионнан астам жазушысы бар қытай әдебиетінің ортақол өкілі Мо Янь бізге – қазақтарға не берді? Қазақ әдебиетіне қандай үлгі көрсетті? Біз Мо Яньнан не үйренуіміз керек? «Үндеместікті» ме? Қашанғы «алтынның қолда барда қадірі жоқ» деп, өз қадірімізді білмей жүре береміз?
Байбота Қошым-Ноғай,
Фейсбук парақшасынан