Әбдуәлі Мейрамбек: Аспанды сүй, пендеге тән күйбең жер

Әбдуәлі Мейрамбек: Аспанды сүй, пендеге тән күйбең жер

Ақ бата

Жыр кітабының әдемі атына заты сай бола бергей

Менің бір өлеңімде “Шардара барған шайырмын демес бұл күнде” деген өлең жолдарым босқа жазылмаған екен. Оған дәлел міне, Түркістан облысы, Шардара қаласындағы Абай мәдениет үйінде жас ақын Мейрамбек Әбдуәлінің "Сырлы әлем сыңғыры" атты тұңғыш өлеңдер жинағы тұсауы кесілуде. Осыған байланысты біз “Қазақ үні” ұлттық порталы мен газетінде ақынның бір топ өлеңдерін байғазы ретінде ұсындық.

Жас ақын Мейрамбек Әбдуәлінің тұңғыш өлеңдер жинағының "Сырлы әлем сыңғыры" деген аты әдемі екен. Заты да жақсы деуге болады.

Өлеңдеріңде жылт етіп, жүрекке жылы тиер жолдар аз емес.

“Суат жаққа жылқылар асығады,

Арттарынан аппақ шаң көтеріліп.”

Осындай бірден көзге көрініп, көңілде қалатын әдемі суреттерді көп жазу керек.

Жинақтағы алғаш көзіме түскен “Аэрация”, “Түннен туған жыр”, “Таңғы пейзаж”, “Уа, құстар” атты қатар тұрған төрт елең де төрт аяғын тең басқан әдемі жырлар екен. Өзгеше ырғақты. Осындай ырғақ, осы форманы үздік дамыту керек шолақ таймен шоқытып шаба бермей…

Жалпы, жыр жазуға талпынған талапкерлерге айтарым, ұйқас деген өлеңнің әліппесі! Ол балталаса бұзылмайтындай, арасына сына кірмейтіндей сұлу да, қиюы күшті болуы керек!

Қазіргі 21 ғасырда 20 ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін ілесіп келген соңғы бір-екі буындық шала ұйқас еш жерге де жарамайды.

Шардараны талай шарлап, шабыты тасып жыр жазған ұлы ақын Төлеген Айбергеновтың:

“Ақын болу оңай деймісің қарағым,

Аузында болу бұл өзі, сыздаған барлық жараның” деп ақындық асқақ мақсатты айқындап берген. Сондықтан өлеңдерінде сезім сыңғыры мен жүрек дүрсілі көп естілсін деп тілеймін.

Жыр әлеміне қадам басқан Мейрамбекке алдыңнан әрдайым Ақ жол ашылсын дейміз.

Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.

***

Әбдуәлі Мейрамбек Қайратұлы 2000 жылдың 23 наурызында Оңтүстік Қазақстан өңірінде, қазіргі Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Көксу ауылында дүниеге келген. 

Ақынның "Сырлы әлем сыңғыры" атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Түркістан облысы Шардара қаласындағы Абай мәдениет үйінде 2026 жылдың 12 маусымында аталмыш жыр жинағының тұсаукесері өтеді. Осыған байланысты оқырман қауымға ақынның бір топ өлеңдерін ұсынамыз. 

ШАРДАРАМ

Көк теңізбен тербеп өткен, Шардарам,

Толқындарың күй боп жеткен жанға ән.

Үнсіз сені тыңдап жатыр бар ғалам,

Сұлулықты іздеп әбден шарлаған.

Тыныштықты шағалалар әр заман,

Бұзып қояр, үнін қосып дүзетіп.

Теңізді де, жағасында, әр қадам,

Өздерінше қызғанады күзетіп.

Күміс суың күнге шағып сәулесін,

Жаға бойлап қайық тартып әлдесін.

Қызыл құмды шомылдырып әуресін,

Таза нұрға малындырған көл төсін.

Жағалауда самал есіп, жел ойнап,

Құмды дала күміс көлге дем оймақ.

Балықшылар торы толып, ел тойлап,

Ақындарың өлең жазды сені ойлап.

Қызыл құмың төрт түлікті тұр жайғап,

Әжелердің қазанында құрт қайнап.

Адырыңда егістігің тұр жайнап,

Ырызығын теріп жеп жүр жұрт жайлап.

Жасыл белде гүлдеп жатыр әр көктем,

Құшағың кең, тарихың бар нар өткел.

Дәл осылай биіктей бер әр өткел,

Берекеңнен айырылма, Шардарам!

АЭРАЦИЯ

Айтарым көп еді…

Бірақ

сөз келмеді.

Ішімде әлі тұр,

ой өзгермеді.

Қас қағым,

бұ ғасыр мұрын шиырып,

ақымақ шимайды,

көзге ілмеді.

Тұншықтым, тұмшалап жатқан соң бәрі,

Мені іштей өсірді батпан сор зәрі.

Көрсетем бір күні, күтіңдер түгел,

Жоғалтқан менімді тапқан соң әлі.

ТҮННЕН ТУҒАН ЖЫР

Маған түн ұнайды.

Селт етпейтін сәттері,

Жеткені де әттеңі.

Бәрі сонда — болашақ та, өткенің,

Тағдырыңның ашылады дәптері.

Түн ғана біледі,

Түйілген ойдың түбін де.

Ай көрпесін жамылып ап бүгін де,

Жүрек айтпай қалған сырдың түгелін

Жазып алам жалғыздықтың үнінде.

Жүрек сыры таң атқанша шырқалар,

Кей жолдары жанды уатар, бір — балар.

Түн түндігін түсіргенше жынданам,

Әр таң маған түннен туған жыр қалар.

Сол тәтті түн —

Менің ең бір жақыным,

Сол қараңғы — жан жарығым, бақ, үнім.

Күн мұнарлап көкжиектен шыққанда

Жоқ амалы, жоғалады ақының.

ШАРДАРАНЫҢ ТАҢЫ КӨРІНІСІ

Таң белгісі — көкте қызыл шұғыла,

Көк теңізді өз реңіне бояды.

Қайғы санап көтерердей жұмыла,

Самал соғып қояды.

Ақ толқындар жарды құшып қойынға,

Шағалалар шаңқылдатар көмейді.

Жарды соғу — айналса да ойынға,

Көптен бері сол жоталар бөгейді.

Бірі жеңіп, қоймас бірі ұтыла,

Ойнап жүріп түбі әлсізін жояды.

Тұрсадағы табиғаты құбыла,

Қалай көзің тояды?!

Пайда болып албырт сезім бойыңда,

Көрсең мұны қанар сонда шөлейті.

Таңда жүрсең көк теңіздің қойнында,

Ғажап күйге бөлейді.

Көтерілер шыдап тұрмас күн артық,

Күтіп жатыр күннің нұрын кең дала.

Секілді бұл көрініске құмартып,

Қарап тұрған мен ғана…

УА, ҚҰСТАР!

Уа, құстар, біздің әуен, зіл әуен,

Ұшып қонып, ән шырқаңдар, билеңдер.

Аспан жақта тап-таза әлем, тірі әлем,

Қасіретті қара жерді сүймеңдер.

Біздің әлем сырты ұқсас, кір әлем,

Аспанды сүй, пендеге тән күйбең жер.

Ғашықпын-ау мұңдарыңа, сірә, мен,

Ұлы аспанға өкпе назды үймеңдер.

Ұяңды сал, бұлтқа барып бір әсем,

Уайымдап жерге қайтып келмеңдер.

Сағынышқа шыдап жүрсек біз әрең,

Сырласуға арасында келсең, кел!

ШАБЫТ МЕКЕНІ

Тастүлектей кетсем де қанат қағып,

Көңіл шіркін тұрмайды, тағат тауып.

Сағыныштан сарғайып өлең жазам,

Қарбаластан бара алмай сағат тауып.

Қәдірлісің кішкентай, қараша үй,

Күндер өткен бозбала, бала, сәби.

Қартайған қабырғаңнан тарих көрем,

Ата-әжемнің ізі қалған тамаша үй.

Басталғанда ақ пенделік, көктем ғұмыр,

Жыр салыпсың кеудеме өктем тұғыр.

Терезеңнен ай-жұлдыз жымыңдатып,

Шабыт сұрап берер ең көктен жұмыр.

Қарабайыр күн кешіп жетпей жүріп,

Көршісімен бөліскен кетпей бұрып.

Аз болса да ризығы қолы ашық

Ауыл халқы жүретін бектей күліп.

Жүректегі орның биік, аласа үй,

Жасалмай ақ ерекше, жаңаша күй.

Ен даладан енші алған үй болсаң да,

Кең қаладан артықсың, қараша үй!

АҚЫЛДЫҢ СОТЫ

Ақын болу — сый емес,

Ардың алдында күнде жауап беру.

Сезімге мендік қанық жан,

Болса да келдің жабықсам.

Сен маған ғашық болғанда,

Сезбестей кейіп танытқам.

Өзімшіл, мен-мен ақынмын,

Қадірін білмес жақынның.

Жанымды қинап, жаралап,

Ырқына көндім ақылдың.

Құрышы қанып құлақтың,

Сұлу сөздерге құлаттым.

Өлеңдеріме ғашық қып,

Сұлуды талай жылаттым.

Музаға айналу мұрат-т(ұғ)ын,

Иесі болып пырақтың.

Арманда кеткен қыздарға

Арнайы өлең құраттым.

Жақындамадым, бірақ тым,

Құдайсыздардан жырақпын.

Тұтқасын ұстап жүрсіңдер,

Бәрің де бір-бір шырақтың.

Некесін Құдай құп алып,

Келіншегімді ұнаттым.

Қызым бар менің бұл күнде,

Кеш болса-дағы жұбаттым.

ЖАН КЕРІЛГЕН СӘТ!

Жаныштаса көңілді, жаңқаласа,

Дертке шипа таппадым терме жырдай.

Қуат берем мір оқтай анталаса,

Қыл садаққа керілген керме қылдай.

Талпынса да өлеңге жан тамаша,

Шабыт қалды бүгінде қысыр тудай.

Жанталаса беремін жан қаласа,

Құм сағатта сырғыған қышыр құмдай.

АПАТИЯ

Қанат қақпай, қаңыраған бар тыныс,

Жүрек тілсіз, ақыл үнсіз әр жыныс.

Қуаныш жоқ, мұңым да жоқ, бірақ та,

Таба алмай тұр бәрібір де жан тыныш.

Тырыссам да жасай алмай жарқыл іс,

Өз-өзіме байқалғандай сарқылыс.

Селқос қарап сезімдерге бейтарап,

Өзектегі жоғалғандай тартылыс.

Шабыт семіп, өлең дейтін өлкенің,

Алыстадым ауылынан — шөлдедім.

Тәнім тірі тұрғанынан не пайда,

Ішімдегі ақын өлсе — өлгенім?

ТҰЛПАР ЖЫР

Қолыма әбзел ұстап алғам бар мұрат,

Көздегенім асау жүйрік арғымақ.

Тер теңселтіп тұлпар мінсек желдіріп,

Абыздардай кешегі өткен жарқырап.

Ер салдырмай, мінгізбей жүр сәйгүлік,

Ренжімеймін — ол өзіне сай қылық.

Өңкіп-өңкіп атып ұрып өтсе де,

Қайта барып жармасамын жай күліп.

Қайтара алмай меселімді тұлпар жыр,

Кезі келсе бас шұлғытар бұлғар бір.

Тізгіндеймін мен түбінде қалайда

Арпалысқан кеткені жоқ жылдар құр.

Берер едім ғұмыр жалғыз таратып,

Өнер берді Құдай көпті қаратып.

Әбзел - қалам, тұлпар - жырым шу асау

Талай бәйге шаптырармын жаратып.

МЕЛАНХОНИЯ

Қалса кейде уақыт, шіркін, тұралап,

Сағатыңның реттегішін бұрап ап.

Ең бақытты сәттеріңді ғаламат

Қарап тұрсаң бір бұрыштан сығалап.

Ақтарылды санамдағы мұрағат,

Өз-өзіме пендемін, ау, сірә жат.

Өткен ізге көзді тастап қоятын

Сәт жетті ау, мойынымды бұра жақ.

Пендешілік тыным таппас, ұдай жан,

Сана кезген сайтан уәсуәс шық ойдай.

Дұға еткен түн, сұрағаным есімде

Жан шағылып, жалбарынып Құдайдан.

АҚЫННЫҢ ӨЗ ҮКІМІ

Мен сүйіппін өлеңді бір кісідей,

Шама-шарық, түріме қарамастан.

Шақта өткен күн-көріс кірісіндей

Ойламайтын артығын қара бастан.

Таңдай тұрған сәт жетті, іске жарап

Өлең, өмір тек бірін, қаламастан.

Алай-дүлей күшімді іште қарақ

Құрбан қылдым амалсыз бала жастан.

Қызыққанбыз ортаға бізде қарап,

Күйінгенмін сан мың рет бара алмастан.

Өкінбеймін өткенге ізге қарап

Өкінгенмен қайтадан жаралмас жан.

Мен өзімше сендерді дос тұтамын,

Сырларыңды өлеңнен оқып алып.

Сәйгүліктей көтерген қос құлағын,

Шабыттанып кетемін оқыранып.

Орындаңдар болса, тілек естеріңде,

Емессіңдер меніңше соқыр, сұмдар.

Мен бармаған поэзия кештерінде

Мен жазған қара өлеңді оқырсыңдар.

Сынақ беру жалғанның үрдісіндей,

Ақ пен қара, жақсы-жаман араласқан.

Айналамның барлығы жүр түсінбей,

Міне, осындай пендемін қара басқан.