ҚАРТ ҚАРАТАУДА ТУЫП, АҚБАС АЛАТАУДА МЕКЕНІН ТАПТЫ
2026 ж. 10 маусым
220
0
Ақын Нұртай Ерназар туралы сөз
Әуелі мынаның басын ашып алайық: бүгіндері туғанына 70 жыл толып отырған ақын Нұртай Ерназардың азан шақырып қойған аты Нұртай болғанымен, елдің бәрі оны Карл дейтін. Себебі, ол да коммунизм ілімінің негізін қалаған Карл Маркс дүниеге келген 5 мамыр күні туыпты. Кеңес заманындағы идеологияның санаға сіңіп кеткені сонша, ауылдастары оны Карл деп атап кетіпті. Ал, Нұртай есімін ол беріде, еліміз тәуелсіздігін алып, жұрт есім-сойларын ұлттық негізге сәйкестендіре бастағанда қайта алды.
Карлмен біз алғаш 1975 жылдың күзінде, ҚазМУ-дың (КазГУ) дайындық курсына түскенде таныстық. Филология факультетінде оқығанымыз, ұлағатты ұстаздардың алдын көріп, тәрбие мен білім нәрін бойға сіңірген, қиялға қанат бітіп, қияға самғауға талпынған жылдар, қызығы мен қызуы бойды кернеген кездер өте шығып, енді естелік боп сонау алыста қалды.
Қасиетті Қаратаудың етегінде, шежірелі Созақ жерінде дүниеге келіп, туған топырағының мың қатпарлы сырларына қанығып өскен Карл студент кезінен-ақ әдебиетке бейім екенін танытты. Жастайынан сайын даланың төсінде мал бағып, көнекөз қариялардың әңгімесін құлағына құйған ол шешендік, ақын-жыраулық өнерге бұрыннан-ақ құмар еді және сол қасиеттерін өлеңмен өрнектеді.
1981 жылы оқуды тәмамдаған соң ҚазМУ-дың аспирантурасына түсті. Студент кезінен зерттеп жүрген дүниелерін одан әрі тереңдетіп, кандидаттық диссертациясына тақырып етіп бекітті. Ғылыми жетекшісі – әйгілі ғалым-ұстаз Рымғали Нұрғалиев. Ақындық асау болмыс пен тапжылмай отырып кітап кеміруді қажет ететін ғылыми ізденістің бір-біріне кереғар келгенінен бе әлде диссертация қорғау жолындағы мың сан талаптың мезі қылғанынан ба, әйтеуір, ғылыми жұмысы аяқсыз қалды. Бірақ ғылыми атағы болмаса да, келе-келе әдебиет майданына қызу араласқан ақын, білімдар сыншы, көркемсөз шеберіне айналды.
Карл «Өнер» баспасында редактор бола жүріп, алғашқы «Қарлығаш», «Тобылғы күзде гүлдейді» жыр жинақтарын шығарды. Оқырмандар жылы қабылдап, мерзімдік баспасөз беттерінде жақсы баға алған еңбектері ақынға қанат бітіріп, ол шығармашылықтың жаңа белесіне ұмтылды. Бастапқыда лирикалық өлеңдерінде сезім мен ұшқыр қиялдың өрнектері көбірек өрілсе, кейінгі жылдары жарыққа шыққан «Үзілмейтін ән», «Тоқсан толғау» жыр жинақтарында ақынның азаматтық үні, дүние жаратылысына үңілген философиялық ойлары басым бола түсті. Әдебиетімізде 90-шы жылдар шамасында ақындар жыраулық дәстүрге бет бұрып, ежелгі дәстүрді жаңғыртып, бабалар үнімен жыр жаза бастады. Карл да осы үдерістен тыс қала алмады. Әсіресе, «Тоқсан толғау» атты кітабына түгел жыраулық сарындағы жырлары, шешендік сөздер, дәстүрлі беташар, арнау, қара өлеңдер енді.
Өзі айтқандай, Карлға тәтесі Тоғжан: «Саған ақындық Абылайға нөкер болған арғы атаң Байтуғаннан қонған» деп отырады екен. Бабадан тараған ақындық қасиет олардың тұқымында еш үзілмеген. Өзіміз көзіміз көрген, елге аса қадірлі, көпті көрген әкесі Тоқмырза да сөзге шешен, суырып салып айта беретін кісі болды. Ал, Карл ата-бабаларынан жұққан қасиетті сөз өнерін талант-талғамы, терең білімі арқасында одан әрі биікке көтере білді.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары қоғамда түбірлі өзгерістер басталып, еліміз тәуелсіздігін алды. Кеудеге орнаған қуаныш пен қиыншылықтар да қатар жүрді. Карл да таза шығармашылықтан шегініп, өзіне жаңа бір бағыттар іздей бастады. Ол енді руханият саласына ден қойып, жеке өзі дін тақырыбына арналған «Шапағат-Нұр» журналын шығаруды қолға алды. Адам өміріндегі діннің орны, оның қоғам дамуына әсері, исламның артықшылықтары мен ізгі мұраттары туралы алуан түрлі тақырыптарды қозғаған бұл журналды көпшілік қуана қабылдап, іздеп жүріп оқыды. «Тел Арна» баспасын ашып, тек діни тақырыпта емес, көпшілікке арналған басқа да басылымдар, әдеби кітаптарды шығарды.
Оның осы кезде өлеңнен қол үзіп кеткендей болғаны оқырмандарын ойландырып тастады. «Неге жазбай кеттің? Өлең кітаптарың қашан шығады?» дегендерге ол «қазір өлең оқылмайтын болды, жазғаным кімге керек» деп жауап қататын. Бірақ ақын көңілі тыныш жатпайтыны, жыр шабыты қалғымайтыны анық. Карл да жазғандарын жарыққа шығаруға асықпағанымен, оның да кезегі келетінін білді.
Сергек көңіл сан қияға самғайды, оның ақындық, жазушылық қасиеттерінен де өзге өнері мол еді. Әсіресе, домбырашы, күйші, сазгерлік қырлары қандай! Қарт Қаратауда өткен атақты Сүгір, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды күй шеберлерінің мұрасынан сусындап, өзі де шертпе күйдің шеберіне айналды. Соған қоса артында біршама тамаша әндер қалдырды. Сөзі мен сазын өзі жазған «Әкеме», «Келіншектау», «Қайран өмір» атты және тағы басқа туындылары әр-әр жерде той кештерінде орындалып жүр. «Әкемені» елге белгілі әнші Өмірқұл Айниязов айтады.
Карл Ерназар денсаулығы сыр беріп, сәтсіз отаның салдарынан ескі ауруы асқынып, 2023 жылдың күзінде дүниеден көшті.
Сүйікті жары Феруза екеуі дүниеге әкелген ұл-қыздарын білімді де ибалы етіп тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырды. Ақынның артына қалдырған рухани мұрасын ұрпағы көздің қарашығындай сақтап, бұрын жарияланбаған жырларын жақында «Жетінші дауыс» деген атпен кітап етіп шығарды. Мұнан өзге әртүрлі баспасөзде, әлемдік желілерде жарияланған, әлі де бірнеше кітапқа жүк боларлық дүниелері өз кезегін күтіп жатыр. Жас ұрпаққа зор рухани азық боларлық, халқының қажеттілігіне қызмет ететін ақын еңбегіне шынайы баға берілетін күн болашақтың еншісінде деп білеміз.
Қайран дос, үлкен жүрек иесі, аяулы азамат қарт Қаратауда туып, ақбас Алатаудың етегінде осылайша мәңгілік мекенін тапты!
Бекзақ ОМАР, журналист